Адамзат қоғамы дамуының жылдамдығы дегеннің өзін ақпараттар алмасу жылдамдығының артуы десек болатындай.
Өнер-білім бар жұрттар,
Айшылық алыс жерлерден,
Көзді ашып жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, -
деп сонау ХІХ ғасырда солардан қалмауды аманттаған ұлт ұстазының бүгінгі ұрпағы өнер-білімі бар жұрттардың ойлап тапқан байланыс құралдарының құлағында ойнап үйренгелі қашан!
Тағатыңды тауыстырып жететін тілдей телегармма мен желімі жымдастыра жәшікке салатын конверттің, тұтқасын қолға аялай көтеріп, тегершігін бұрайтын телефон, тіпті кеше ғана жаңалық болып енген пейджер дегендеріңіздің кейбіреуі қолданыстан шығып үлгерді.
Заманауи сандық технологиялардың арқасында ақпарат беру үрдісінің бас айналдырар жылдамдық алуы біздің ақпараттарды сақтау мен қабыладуымызға да өз әсерін тигізгіп-ақ жатыр. Арғы бабалар тасқа, ағашқа, қышқа, теріге, темірге, қағазға жазып, күні кешегіге дейін қалың-қалың кітаптарға адамзат ақыл-ойының қазынасын сақтап, өзара алмасу жасап келген болсақ, жаңа ғасырда тіпті мұның бәрі қажет болмауға айналғандай.
Әлем елдеріндегі бірнеше ғасыр бойы шығып келген беделді газеттер бірінен соң бірі қағаз түріндегі шығарылымымен қош айтысып жатыр. Кірпіш-кірпіш кітаптар, олардағы ащы ішектей шұбалған романдар, ұзақ-сонар эпикалық поэзия дәуірі өтіп бара жатыр ма дейсің! Себебі, уақыт зымырап өтіп барады. Кең алқапқа жайыла, жайбырақат аққан ұлы дарияның суы бұрылыс-сарқырамалы тар шатқалмен зымырай жөңкілгені сияқты. Мұндайда қандай алаңсыздық болсын. Демек, қазіргі дәуір – орыс классигі А.Чехов айтпақшы: «қысқа-нұсқалық – таланттың қарындасы» деген қағиданы игергендердің заманы.
Теңізден жаңа ауланған өнімді көзіңіздің алдында әп-сәтте қуырып, пісіріп, бұрыштап-тұздықтап, тәбетіңізді тартатындай етіп безендіріп алдыңызға тартады емес пе? Қазіргі ақпарат алмасу жылдамдығы артуы да әдеби тұтыныс қажеттілігіңізді дәл осылай өтеуіңізге қол жеткізіп отыр. Яғни ғаламтор желісіндегі зияткер тұлғаның саусағынан шыққан (қаламынан туған емес!) рухани өнім дереу тұтынушының көз алдында болуына көзіміз үйреніп те үлгеріпті. Тұтынып қана қоймай, аталған өнім жайлы әсерімізді де әп-сәтте бөліскендігіміз соншама, авторды «бір қуантып, бір қуартып», біріміз көңілін аспанда қаздай қалықтатып, келесіміз жүнін жұлған тауықтай сүмпитіп алуға әбден машықтанған жоқпыз ба! Осы бір тегін сын арқылы қаншама ақын-жазушыларды «тәрбиелеп» өсіріп алдық емес пе, сіз болып біз болып. Рас, кейбірі «жұлдыз тұмауын» жұқтырып барқындап қалса, кейбірі шынымен де талғам мен талаптың биігіне көтеріліп кетті емес пе!
Кеше ғана кітапханадан ине шаншар орын таппай, қат кітапты қолға түсіру үшін кітапханашының көңілін аулаудың кілтін іздеген ағайынның жасамысы мен солардың кітапханаға баруы сирек жас буынын ештеңе оқымайды деп айта алмаймыз. Қағаз, электронды түрдегі кітаптармен қатар, көбіміз жоғарыда атап өткен, жазбалары қызықты авторлардың «свежий» өнімдерін тұтынуды әбден әдетке айналдырып алғанымыз рас қой. Баяғыда түйесі жоқ өңірдің бір қазағы ботаны көріп: «түйеге ұқсайды, бірақ тым кішкене екен ә!», - депті ғой. Сол айтпақшы, жинақталып баспаханадан шықпады демесеңіз, бұл да кітап. Қаламгердің (блогердің десек те болады) бақыты – өз жазбаларының, ондағы өмірден көріп білген, ойға түйген пікір-тұжырымдарының әлеуметтік желі ақтарған, кітап парақтаған оқырманның игілігіне жарап, ризашылық білдіріп, үн қосып жатуы емес пе!
Дегенмен, ғаламтор бетінде жарияланған дүниелердің бір осал тұсы – айшықты ойларыңыз бен ұтымды ұсыныстарыңыз, тапқыр әзілдеріңіз, соны жаңалықтарыңыз, құнды мәліметтеріңіз әп сәтте қолды болып, «жиендік жасаған» өзгенің меншігіне айналуы оп-оңайлығында және мұны дәлелдеп еш марқадам таппайтындығыңызда.
Сондықтан да «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан», қаншама алтын уақытыңызды сарп етіп, қырнап-жонған зияткерлік меншігіңіздің көлденең көк аттының қанжығасында кетпеуі үшін арнайы «айсбиендетіп», баспадан жұтындырып шығартып алу – өте дұрыс қадам болары анық.
Біздің дәл осы тұсқа дейінгі жазғандарымызды фейсбук әлеміндегі қазақ тілді оқырмандардың көбіне етене таныс жазушы, кәсіби журналист Бейбіт Сарыбай шығармашылығына қатысты өрдік деп санаймыз («өрген болып табыламыз» емес). Бұған да себеп бар. Бейбіт Сарыбайдың желіде жазылған мына постын оқығанымыз бар: «Фейсбуктағы осыған дейінгі жазған посттарды жинадым. Үш жүз бетке жуық екен. Жүз бетін «құртқанның» өзінде екі жүз бет қалды. Сол екі жүз беттің тағы қырық бетін жойдым. Жүз алпыс бет қалды. 10 баспа табақ бір кітап. Атын не деп қоярымды білмедім. Күшті-күшті тақырыптар бар екен. Бірақ, маған «Мен романтик емеспін..» деген ат ұнады. Сол аттас посттың өзі онша емес, бірақ кітаптың атына келіп тұр. Жалпы табиғатына. Сіздерде вариант бар ма? Болса, айта отырыңыздар.
Спонсор болса, кітаптың сатылған ақшасының қызығын Ырысбек досым құсап өзім көрсем деп ем ғой. Олай болмады. Спонсор жоқ. Кризис. Ощым, шықса болды ғой. Дайындық үстіндемін. Жазбаларымнан хабары бар достарым, кітаптың атына үн қоса отырыңдар».
Ақыры, «іздеген жетер мұратқа» демекші, автордың мұраты орындалып, кезекті жинағы дайын болғанға ұқсайды. Бейбіт бауырымызға шығармашылық шабыт, «Мен романтик емеспін» жинағының ертеңгі өтетін тұсукесеріне сәттілік тілейміз!
Тұсаукесер рәсімі 22 желтоқсан күні 12 сағатта Жазушылар одағы ғимаратында өтеді.
adebiportal.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.