Қазақтың XX ғасыр басындағы жаңа әдебиеті 1905-1907 жылдардан басталады. Абай қазақтың жазба әдебиетін қалыптасу жолына салып, ұлттық сөз өнерінің даму мүмкіндіктерін ашып беріп кетті. Кемеңгер суреткерден соңғы әдебиет оның дәстүрінде болды дегенімізбен, бұл жаңаша сипаттағы сөз өнері болатын. Жаңа ғасыр басында қазақ оқығандарының үлкен шоғыры қалыптаса бастады, отаршылдық қысым көрсетіп отырған Ресейдің өзінде бостандық, еркіндік ұрандарын көтерген толқулар пайда болды. Кітап шығару ісі жанданды. Халықтың көңіл-күйін, елдің тұрмысын көрсететін баспасөз құралдары шыға бастады. Осылардың баршасы жазба әдебиетінің дамуына ықпал етті. Ғасыр басында ең көп жарық көрген көркем шығармалар діни тақырыпта еді. Бұл бір жағынан қоғамға имандылық, ізгілік қасиеттерін сіңірсе, діни әдебиеттің өрістеуі жазба әдебиеттің қалыптасыуына үлкен тірек болды. Өмірдің көркем шындығы реализм әдебиетінен жан-жақтан көрініс табатындығы мәлім. Реалистік әдебиет Абай тұсында көрініс беріп, әсіресе, сыншылдық сапада байқалған болатын. Міне осы бағыт, осы бет XX ғасыр басында жалғасын тауып жатты. Қоғамның сын айнасына түскен суреттері А.Байтұрсынұлының, М.Дулатұлының 1902-1909 жылдары жазылған өлеңдерінен көрінеді. Сыншылдық, ағартушылық реализм ауқымында дүниеге келген бұл туындыларды оқшау атап отырғанымыз – олардың бойында ұлт-азаттық идеялар жатқан еді. Әйтпесе, ағартушылық, сыншылдық бағыттағы туындыларды Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім, Спандияр Көбеев, Сәбит Дөнентаев, Нарманбет Орманбетұлы тағы да басқалардың поэзиясынан көруге болар еді. Ахметтің «Қырық мысал», «Маса», Міржақыптың «Оян, қазақ!», «Азамат» жинақтарына енген өлеңдері жоғарыда аталған кезеңде жазылып, ендігі жерде қазақ әдебиеті ұлт-азаттық сарындарға баратындығын байқатты. Әдебиетіміздегі ұлт-азаттық сарындары жырауларда да одан берідегі Махамбет, Дулат, Мұрат өлең-толғауларында бар еді. Бірақ, бұлардағы осы сарынның үш айырмасы бар. Біріншіден, олар белгілі бір тарихи оқиғаға арналған жырлар; екіншіден, ондай поэзиялық шығармаларда торығу басым; үшіншіден, олардың ешқайсысы ағартушылықпен байланыстырылған емес. Осы үш ерекшелік халықты ояту, ұлтты ұйыстыру, еркіндікке үндеу сияқты іргелі мәселеге алып келді.
Айталық, Ахаңның:
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың?
Ұйқтайтын бар не сиқың?!
Міржақыптың:
Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты.
дегендері бұрын-соңды айтылмаған, ұранға ұласар дәуірдің ең кезек сөздері еді. Осы сөз, осы ұран қазақ әдебиетінің әлі жиырма жылға жуық жүрер жолын айқындап берді. Осы замана шындығынан шыққан реалистік ойлар бірде романтикалық, бірде сентеминталистік, енді бірде символистік бағытта болғанымен ұлт-азаттық мазмұнын сақтап, Жүсіпбектің «Ақбілегіне», Мұхтардың «Қилы заманына» дейін іштей кернеген азаттық рухын сақтап келді. Бойында осындай рух бар реалистік әдебиет Сұлтанмахмұтта толық көрінсе, оның көрнекті үлгілері Мағжанның «Шолпан» жинағында, Берниязда, Сәкен мен Бейімбеттің алғашқы өлеңдерінде, Ахмет Мәметов, Сәбит Дөнентаевтардың кейбір шығармаларында көркемдік көрінісін тапты. Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім шығармаларында жалпыадамзаттық адамгершілік, имандылық, ізгілік, мейірбандық, адалдық сияқты мәселелер көтеріліп, бұл тақырыптар олардың діндарлығынан өрістеп жатты. Реалистік астар, реалистік орта мен уақыт алғашқы қазақ романдары делініп жүрген «Бақытсыз Жамал», «Қалың мал» сияқты туындыларда көрінді. Бірақ, бұлардың идеялық шешімінде, әсіресе, әйелдер образын жасауда сентиментализм қабаты да мол еді.
Реализм әдебиетінің кеңінен қанат жаюы – жаңа жанрлық түрлерді қалыптастырды. Балаларға арналған қарапайым әңгімелердің орнына повестер келе бастады. Драма жанрының алғашқы үлгілері туды. Дидактикалық поэма ғибратшылдық сарыннан шығып, саяси, тарихи, махаббат тақырыптарына бет бұрды да, олардың мазмұнына орай пішініне де өзгерістер ене бастады. Әдеби дамудың өскелеңдігін көрсететін сын жанры өмірге келді.
Қазақ прозасының жаңа сатыға көтерілуі – әлеуметтік өмірдің кең қамтылуына, образдар жүйесінің күрделенуіне, тілдік стильдік жаңалықтарға алып келді. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлт - азаттық қозғалысы поэзиядағы басты тақырыпқа айналғанымен, ол тақырып прозада жетекші орынға шыға алмады. Біздің ойымызша, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, повесть жанры қай елдің әдебиетінде болмасын махаббат тақырыбымен байланысты туады. Және оның көркемдік тәсілінде реализм мен сентиментализм астасып жатады. Еуропа, орыс әдебиеттеріндегі әңгіме мен романның ортасындағы аралық жанрдың табиғаты осындай. Міне, осындай заңдылық «Бақытсыз Жамал» мен «Қалың малдан», «Қамар сұлу» мен «Шұғаның белгісінен» байқалды. Өз теңіне қосыла алмаған қыз, махаббаттан бақыт таппаған жан, жағымды, жағымсыз кейіпкерлердің бітіспес қайшылығы, сезім қанағаттанбаған жандардың күйзелісті халі, өмірдің басты мәні – махаббат ретінде асыра бейнелену – осылардың барлығы сентименталистік бояудың қалың екендігін айғақтайды. Аталған шығармалардағы реалистік шындықтың сентименталистік – сезімшілдік тұрғыдан суреттелуі – әдебиетіміздегі жаңалық еді. Көркемдік тұрғыдан алғанда мұндай жаңалық қазақ реализімінің біржақтылықтан шығып, тараулана бастағандығын да көрсетті.
Әдебиетімізде болған бірақ әдебиеттануымызда арнайы айтылмай жүрген әдеби ағымның бірі – сентиментализм. Жалпы, романтизм әдебиетінің тарихына зер салатын болсақ, бұл әдеби бағыттың әдеби-эстетикалық негіздерінің бірі – сентиментализм екендігін аңғарар едік. Қазақ әдебиетіндегі сентиментализм ағымының көрнекті өкілдерінің бірі – Мағжан. Ағартушылық реализм, сентиментализм, романтизм, символизм, реализм – міне, негізінен алғанда ақын поэзиясындағы көркемдіку әдістердің өзгеру жүйесі. Кейде романтизм кезеңі тұсында сентименталистік, реализм тұсындағы романтикалық шығармалары да кездеседі, дегенмен жоғарыдағыдай ауысу тәртібі мейлінше берік те жүйелі сақталған. Енді әдеби дамудың классикалық жолынан өткен, ағылшын, француз, неміс, орыс әдебиеттеріне зер салайық. Мерзімі жөнінен кейбір ауытқулар болғанымен классицизмнен соңғы бұл елдердің әдебиетіне ағартушылық дәуір, көркемдік тәсілі – ағартушылық реализм, оның артын ала сентиментализм, одан соң романтизм келеді екен. Аңдасақ, Мағжандағы көркемдік тәсілдердің ауысу тәртібі дәл осындай. Осы арада қазақ ақыны сыншыл реализмге барса керек еді, бәлкім барар ма еді де, төңкеріс дауылы көркемөнер тұрмақ туған халқының өмір сүру жағдайын, саяси-әлеуметтік эволюциясын бұзып жіберді. Кеңестік диктатура қазақ ақынының шығармашылығына пессимистік сарындағы символизмді әкелді. Логикалық жағынан ақталатын жағдай. Сентиментализмге оралайық. Бұл бағыт қазақ әдебиетіндегі Мағжанның ойлап тапқаны, я болмаса өзге ұлт ақындарынан алғаны емес және бір Мағжан поэзиясында ғана ұшырасқан біздің сол кездегі әдебиетіміз үшін шетін жайт емес. Қазақ қызының, қазақ кедейінің ауыр тағдыры мен тұрмысына елжіреп, аяушылық білдіру, яғни сентименталистік нышан алғашқы романдарға да тән. Жалпы халық өміріне қатысты саяси-қоғамдық ірі мәселелерді емес жеке адамның сезімін жоғары бағалау, кейіпкерлерді сезімшіл, кейде тіпті күйректік жоспарда алып бейнелеу – С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романынан өзге, «Шал алған қызға», «Түсімде көрген бір аяныш хал» т.б. өлеңдеріне және кейбір поэмаларына тән. Мүндай өлендер XX ғасыр басындағы бірқатар ақындарда кездеседі. Бізде әйел теңсіздігін айтуды тек сыншыл реализммен ғана байланыстыру орын алған. Сентиментализм өмір шындығынан алыс кететін бейнелеу әдісі емес. Сентиментализм де өмірде болған ақиқат болмысты суреттеп береді, өзге әдеби бағыттардан ерекшелігі – бұл әдіс жеке адамның сезімін биік қояды да, әрі адамның өзге қасиеттерінен гөрі соны алдыңғы қатарға шығарады. Өмірлік мақсат, адамның бақытты, я бақытсыз болуы сезім күшіне телінеді. Содан барып, кейіпкер сезімі өмірдің толқынына жолығып беті қайтқанда ол бақытсыздыққа душар болады. Сезімі қанағаттанбаған соң, өмірдің өзге қызығын мансұқ етеді. Тегінде, мұндай сентименталист кейіпкерлерде күрескерлік рух төмендеу болып, күйректікке салынады. Қоғамдық міндеттерден гөрі жеке бастың арман-мүддесіне құлай берілуден, сезімге ғана доминанттық мән беруден, өмірді біржақты бейнелеуге де салынып кетуден аулақ тұрмайды. Сондай-ақ сентиментализм адамның ішкі жан-дүниесінің сезім қырларын көрсетуде әдебиетке ілгерінді ықпал еткендігін атап өту ләзім.
Қазақ сөз өнеріндегі сентиментализмінің дені – қазақ қызының, қазақ әйелінің теңсіздік жағдайымен байланысты. Әйел теңсіздігі мәселесі, біздің төңкеріске дейінгі әдебиетімізден кең орын алатыны мәлім. Осы арада сыншыл реализм мен сентименталистік бейнелеу тәсілінің өзіндік айырым-белгілерін ажыратуға тиіспіз. Алғашқысында суреттейтін объектісінен тысырақ тұру, аяушылықтан, кейіпкер сезіміне елітуден гөрі сын асып түсіп жатады. Ал соңғысында кейіпкерінің ауыр халіне қоса берілу, тікелей субъективті қатынасты білдіру айрықша байқалады. Бұған және қосарымыз, әйелдің аянышты жағдайын бейнелеу сентиментализмде жалпы қоғамдық көрініс ретінде емес, тек сол берілген кейіпкердің жеке басымен шектеледі, яғни мұнда жинақтау мен типтендіруден де даралау басым келеді. Өмірлік фактілерді жинақтаушылық, типтендіру жағы сентиментализмге жете бермейді. Осы жағынан келгенде романтикалық бейнелеу тәсілі де сентиментализмге өте жақын түр. Өмірден теперіш көрген жанға адами мейіріммен, аса бір сезімшіл жанашырлықпен қарау, өзгенің мұңына деген ортақтастық арқылы сентиментализм әдебиетке демократтық, халықтық элементтер үстемеледі. Жеке адамға деген осындай ықылас романтизмге де етене жақын. Жүрек күйін, сезім сырын айшықтаудағы сентиментализм жетістіктері өзінен соңғы романтизмге де дарыды. Міне, сентиментализмнің осындай негізгі қырлары романтизм эстетикасын әзірлеген алғышарттардың бастысы болды. Романтизм, реализм лирикасына тән сыршыл әуез, суреттеу объектісіне тікелей эмоционалдық қатынасын білдіру сентиментализм тұсында ұлғая түскен. Батыс Еуропа әдебиетіндегі бұл бағыт классицизмнің қатал нормаларына күрес ашса, оның біздің сөз өнерімізге де сіңірген еңбегі баршылық. Француз, ағылшын, неміс, орыс сентиментализмдері сынды ірі реформаторлық рөлі бола қоймағанмен, сезімшілдік мазмұн романтизм және реализммен бірге әдебиетімізді канондық, дидактикалық үлгілерден, оның жалпылық, абстрактілік жақтарынан жеке адамның өміріне жақындатты, яғни өмірдің суреті нақтылана түсті. Өзінің, әсіре сезімшілдігімен бейнелеп отырған кейіпкердің ішкі жан-дүниесін шынайы түрде көрсете алды. Бұл аз табыс емес еді.
Ұлт-азаттық кезеңіндегі ағартушылық реализмнің Ыбырай, Абай, Мәшһүр-Жүсіп, Шәкәрім ағартушылықтарынан түбірлі айырмасы – олардың ұлттық тәуелсіздікті аңсаған идеяларымен тікелей байланысты екендігіне тағы да мән бере отырып, олардың ағартушылығы «ісшілдіктен» (М. Әуезов) туғандығына назар саламыз. Ағартушылық реализм идеялары «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің өмірге келуімен де арналана түсті.
Реализмнің таза сыншылдық пен ағартушылыққа түсуі, сол бетте жүре беруі, ұлт әдебиетінің өсуіне тарлық етер еді. М. Әуезов романтизм әдебиеті туралы айта келіп: «Кейінгі ақындардың тағы бір міні – сыршыл еместігі. Һәркімнің жүрегінде бір жасырын сыр бар, жасырын тіл бар, жасырын күй бар. Ақынның ақындығы сол жасырын сырды тауып, жүректі тербетіп, қуантып, мұңайтып, жасырын күйдің шегін шертіп, һәрбір пернесіне тап басу. Ондай өлеңді оқығанда оқушының шері қозғалып, ой-көзі жүрегіне үңілетін бір әсер пайда болады» - дейді/1,92/. Мұқаң бұл тұста тікелей айтпағанымен, реализмнің жадағай тұстарының ішкі сырға айналу керектігін меңзеп отыр. Адамның ішкі сырын бейнелеу, өмір шындығын субьективті ыңғайда беру белгілі бір көркемдікке жеткізерін кемеңгер қаламгер біледі һәм сезеді. Мұқаң қажет еткен бұл әдеби бағыттың басында кейінірек өзі ерекше бағалаған тұлға тұрды.
Әдебиетке тән шарттылық, қиял, болашақты аңсау, жаңаның кейпін сомдау сияқты көркемөнер үшін өрісті даму жолына беттеу үшін бұл әдебиетке романтика мен романтизм керек еді. Жаңалық жаспен емес, жастан келмек. Жаңа дәуірдің жаңа бетін Мағжан сияқты жас дарын ашты. Оның «Шолпан» жинағы ағартушылық, сыншылдық реализм жолында болғанымен, көп ұзамай Мағжан Абай салған бұл әдебиеттердің жолынан шығып, дара соқпақ бастады. Оның «Есімде... тек таң атсын» өлеңі мен «Батыр Баян» поэмасы аралығындағы шығармашылығының 8-9 жылы романтизм туы астында өтті. Бұл ұлы ақынның қазақ әдебиетіне аса көркем олжа салған кезеңі еді. Бұл кезеңді Мұхтар Әуезов жаңалық ретінде бағалап: «Ол жаңалық – жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі. Бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан реализм сарыны көбінесе құрғақ ой, жадағай сөз (рассуждение) күйі осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйінде айналып келеді... Бұдан басқа сезім жағына көбірек көз салған бірен-саран пьесаларда, соңғы жылдардың кішілеу әңгімелерінде бар. Жаңа басталып келе жатқан әдебиет дәуірінің бұл сияқты жұрнақтарында, көбінесе, құлаққа ілінетін күй – сезім күйі. Бұлардың ішінде тіршіліктің суреті, әңгімесі аз болса да, ішкі өмірдің сыры көп, адамды өз ішіне үңілетін мұң мен шердің сарыны бар», - деп жазады. Қандай да болмасын қозғалыстың романтикасы болмақ. Өйткені, қозғалыстың түпкі мақсаты – идеяны жүзеге асыру. Осы идеяның қасында сенім, сенімнен туған күрес, үміт, үміттен туған қиял бірге жүреді. Сондай-ақ, қозғалыстың өзін өмірге келтірген – бүгінгі қанағаттанбаудан туған ертеңге деген нық сенім мен үкілі үміт.
Азат күнге асығу, бүгінгі шындықпен үзілді-кесілді келіспеу, бірбеткейлік, идеяға берілу – романтизмнің басты белгілерінің бірі. Алаш қайраткерлерінің бас болуымен өткізілген Бірінші, Екінші жалпықазақ сиездері «Алаш» автономиясы, «Алаш» партиясы құрылған тарихи жылды ерекше пафоспен жырлау тұсында қазақ поэзиясында романтикалық сарын ерекше байқалды. «Алаш» партиясының, Алашорда үкіметінің құрылуына байланысты, оны құттықтаған, ұлт тәуелсіздігіне үлкен сенім артқан бірқатар өлеңдер шамамен бір мезгілде жарық көрді. С. Торайғыровтың «Алаш ұраны», Ғ.Қарашұлының «Алашқа», «Алаштың азаматтарына», С.Дөнентаевтың «Азаттық күні», Н. Наушабаетың «Алашордаға», Ә.Мәметовтың «Алашқа сәлем», Ж. Аймауытовтың «Әскер марсельезасы», «Ұран», Н. Наушабаетың «Алашордаға», Б. Майлиннің «Бұл дәуірді күн бар екен көретұғын...» деп басталатын өлеңдердің барлығына романтика тән. Қазақ романтизмінің бір үлгісі Бернияз Күлеев өлеңдері мен поэмаларынан айқын аңғарылады. Әсіресе, оның «Жорық» поэмасында романтизмнің басты қырларының бірқатары көрініс тапты. Романтизм қазақ әдебиетіне алуан образдар әкелді.
ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде француз әдебиетінде көрінген символизм ғасыр соңында және жаңа жүзжылдық басында орыс поэзиясында кең қанат жайғаны мәлім. А.Блок, К.Бальмонт, В.Брюсов секілді символист ақындар шығармаларын тәп-тәуір білетін Мағжан символистік поэзияның көркемдік әдісін шығармашылықпен қазақ өлеңінің табиғатына шебер енгізді. Мағжанның символизмі, әсіресе, өлеңінің сыртқы түр саласымен мейлінше тығыз байланысты. Оның лирикасындағы ерекше әуезділікті, әдемі үнге толы саздылықты, келісті түр сұлулығын сөз еткенде, оларға ақын символизмінің де игі ықпалы болғандығын айтуымыз орынды болмақ. Символизмді реализм, романтизм бағыттары сияқты әдебиетке ірі-ірі өзгерістер әкелді деп олармен тең қоюға немесе бір жақты мадақтауға, әрине бола қоймас. Кезінде кейбір кеңес әдебиеттанушы ғалымдары түкке алғысыз еткен бұл бағыттың шын болмысы солар айтқандай болатын болса, А.Рембо, П.Верлен, С.Малларме секілді француз жұртының ірі ақындары әлем әдебиетінің тарихынан көрнекті орын ала алмас еді немесе А.Блок, В.Брюсов, К.Бальмонт шығармаларын әлдеқашан ешкім оқымас еді. Олардың символистік мазмұндағы рухани мұрасының өміршеңдігі – бұл бағыттың бойындағы көркемдік қуатты білдірсе керек. Символизм әкелген оң ізденістер – бейнелілік, суреттілік, мазмұн берудегі астарлылық пен көп мағыналылық, адамның рухани бостандығын аңсаушылық, әлбетте, әдебиет үшін аз олжа болған жоқ. Мағжанның символизмі өзінен соңғы әдебиетте жалғасын тауып жатты. Оның көрнекті мысалы Бернияз Күлеев поэзиясындағы символизм.
Шамамен алғанда, Алаш қозғалысының екінші кезеңінің басы болған 1911-13 жылдардан бастап қазақ әдебиетінде романтизм сарындары күшейе түсті де, ол кеңес үкіметінің орнауымен бәсеңдей бастады. Қазақ әдебиетінде бастапқы, негізгі орында тұрған поэзия жанры шамамен 1920 жылдардан бастап жетекшілік орнын прозаға бере бастады. Бейімбет Майлиннің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Әуезовтың, Сәкен Сейфулиннің, Қошке Кемеңгерұлының, Смағұл Сәдуақасұлының әңгімелері, повестері, романдары ендігі жерде қазақ сөз өнерінде прозалық жанрға кең жол ашылғандығын айғақтады. Прозаның осы даму қарқынын 1930-40 жылдары дүниеге келген Мұхтар Әуезовтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтың романдары айғақтай түсті.
1920 жылдардағы прозалық еңбектерді біз, негізінен алғанда, реализм туындылары деп жүргенімізбен олардың бірқатары натуралистік еңбектер болатын. Әдеби дамудың логикасы бойынша әсіре сезімшілдікке, жоғары пафосқа құрылған сентименталистік, романтикалық, символистік шығармалардан соң аралық ағым ретінде натуралистік шығармалар тумақ. Мұхтар Әуезовтың «Қыр суреттері», «Кешкі дөң басында», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», Жүсіпбек Аймауытовтың «Тұмарбай мен қатыны», «Боранды болжаған әулие», «Қара бақсы», «Жидебайдың баяндамасы», «Жапырақтар», «Кеп қолағашта...», «Көк өгіз», «Нағима», Қошке Кемеңгерұлының «Отаршылдық ұсқындары», «Қазақ әйелдері», Смағұл Сәдуақасұлының «Өркен», «Салмақбай, Мақамбет» әңгімелерінде, сондай-ақ, Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесі мен «Қартқожа» романында, Сәкен Сейфулиннің «Жер қазғандар», «Айша» повестерінде натуралистік қабат қалың. Өмір шындығын мейлінше тура, дәл суреттеу, кейіпкерлердің ішкі әлемінен гөрі тысқы әрекеттерін көрсетуге бейім тұру, сатиралық бояудың қалыңдығы – натурализм әдебиетіне тән. Бұл жоғарыда аталған шығармаларды реалистік тұғырдан түсіру емес, қайта сол шығармалардың шынайы болмысын көрсету. Ол шығармалар натуралистік болғаннан бағалары кеміп қалмайды. Бұл артықшылық та емес, кемшілік те емес, ерекшелік. Натурализм әдебиеті кез келген халықтың сөз өнерінде болған, сөйтіп, әдеби дамудың белгілі бір кезеңінде өзінің тарихи-әдеби миссиясын атқарған, тіпті ол көркем реализмнің тууына да жол ашқан, әрбірден соң өмірді нағыз реалистік тұрғыдан бейнелеуге келгенде, көркем реализм сияқты ірі де іргелі бейнелеу тәсілін дайындаған. Оның француз әдебиетіндегі көрнекті үлгісі – әйгілі Эмиль Золя романдары, орыс әдебиетіндегі жарқын мысалы – Николай Гоголь шығармалары. Қазақ әдебиетіндегі натуралистік ағым жөнінде арнайы пікір айтылатын уақыт келер, сол заманда 1920-30 жылдары қазақ прозасы натурализм жолынан өткендігі толық әрі шынайы түрде айтыларына сеніміміз мол.
Бұл шағын еңбек көлемінде біз қазақтың жазба әдебиетінің қалыптасу шағындағы көркемдік әдістер жөнінде аз-кем айтып өттік. Ширек ғасырдай уақытта қалыптасу кезеңінен даму фазасына өткен қазақтың жазба әдебиеті идеялық-тақырыптық, жанрлық, көркемдік-тілдік тұрғыдан ғана емес, көркемдік әдіс жағынан да саралануы тиіс деп ойлаймыз. Өйткені, көркемдік әдіс категориясы әдеби шығарманы тануға, сонымен бірге әдеби дамудың табиғаты мен заңдылықтарын жақсы ұғынауға кеңінен жол ашпақ, жөн сілтемек.
Әдебиет
1. Әуезов М. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 2 том. Алматы: Ғылым, 1998.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.