Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Латын америкасындағы роман туралы диалог (1968 ж.)...

27.09.2016 2482

Латын америкасындағы роман туралы диалог (1968 ж.)

Латын америкасындағы роман туралы диалог (1968 ж.) - adebiportal.kz


Латын Америкалық даңқы әлемге танымал екі жазушы – Гарсиа Маркес пен Варгас Льоса арасындағы бұл сұхбат “Жүз жылдық жалғыздық” романының дәуірлеп тұрған шағында өткенін біреу білсе, біреу білмес. Кейіннен екі жазушы да Нобель сыйлығына ие болды. Мұнда оқырман Г. Г. Маркестің шығармашылық әлемімен ғана емес, бүкіл әдебиет, әдеби орта ықпалы, эстетикалық талғам туралы кеңінен мәлімет береті. Жас ақын, аудармашы Еділбек Дүйсеновтің тәржімасымен осы кең құлашты сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.


Марио Варгас Льоса: Менің пайымдауымша, қарапайым инженер мен сәулетшілер кешпейтін дүниелер кәдімгі қалам ұстаған жазушылардың басынан өтіп жатады. Кейде адамдар өздерінен «жазушылар не үшін керек?» деп сұрайтын болар. Себебі, барлығы архитектордың, инженердің, тіпті дәрігердің де не үшін керегін біледі. Әңгіме жазушыға кеп тірелгенде, тіл ұшына түрлі шүбәлі ойлар келеді. Түрлі адамдар (ішінде мен де бармын) жазушының біздің қоғамға керек екендігін ұғынсақ та, бірақ дәл не үшін керек екендігін біле бермейміз. Сондықтан, Габриэльге қояр алғашқы сұрағым: қалай ойлайсың, жазушылар не үшін керек?


11562565558.jpg

Габриэль Гарсиа Маркес: Мен өмірде өзге ештеңеге де жарамайтынымды түсінгеннен соң, жазушы болдым. Әкемнің жеке дәріханасы болды. Шын мәнінде, ол менің фармацевт болғанымды қалады және ол қалауын уақыт өте келе ауыстырды. Ал менде мүлде бөлек арман болды: менің адвокат болғым келді. Өйткені адвокаттар киноларда әрқашан жеңіп жүреді, қандай қиын жағдайларда да судьяларды ұтып отырады. Ал кейін… университетке түсіп, сонда оқып жүріп, түрлі қиындықтармен бетпе-бет келген соң, адвокаттыққа да жарамайтынымды түсіндім.


Содан соң, оның не үшін керек екендігін нақты ұғынбасам да, әңгімелер жаза бастадым. Алғашында, маған «жазу» деген дүние ұнайтын, өйткені мен түрлі ақпарат құралдарында жариялана бастадым. Содан соң, достарым мен таныстарыма ұнау үшін жазып жүргенімді түсіндім. Расында, нағыз шындығы осы еді. Кейін, өзімнің және өзге де қаламгерлердің жазушылық өнері туралы ойлай келе, күмәнсіз, жақсы романдардың нағыз әдебиет алдында өзіндік өзгеше қызметі мен атқаратын міндеті бар екендігін ұғындым.


Бір нәрсе ақиқат: жазушылық – бас тарта алмайтын қасиет, айналып өте алмайтын қасірет. Ол қасиет кімге қонды, демек, сол адам жазуға тиіс. Өйткені, бас ауру мен нашар ас қорытуды тек жазу ғана жеңе алады. Ол қасіреттен жазып қана құтыла алады.


Егер мен кітап жазуға отырсам, демек мен қандайда бір тарихты баяндағым келгені. Оқырманға ұнайтын тарихты. Мәселе, менің де ой-пікір дайындығында болуымда; ой- пікір дайындығы жазушы атаулының (егер ол тиянақты болса) барлығында болуға тиіс. Жазушы өз тарихын баяндар сәтінде әділ болуы тиіс, мысалы: қызыл телпек немесе партизан туралы повесті алайық; ал егер жазушы бұзылмайтын қамал сынды мықты көзқараста болса, бұл көзқарас әлбетте, баяндағалы отырған тарихқа әсер етеді, яки өз сәулесін түсіреді. Әрине, бұл – шарасыздық, шарасыздық алдын ала ойланбағандықтан туындайды.


– Демек, таза тиімді факторлар әдеби өнерде басым бола алмайды. Ендеше, қандай факторлар басымдыққа ие? Әдеби шығарманың сапасын анықтайтын қандай элементтер?


– Жазу үстелі үстінде мені толғандыратын бір ғана нәрсе, мен көлденең тартып отырған тарих ойлы оқырманға ұнай ма, жоқ па және сол тарихпен жеке өз басым келісемін бе? Мен тек қана жеке тәжірибеге негізделген тарихты жаза алмас едім. Мысалы үшін, мен қазір диктатор туралы тарихты жазып жатырмын деп алып қарайық, яғни шамамен латынамерикалық диктаторды. Бұл диктаторлықтың арғы тегіне жүз сексен екі жыл болған және осы уақыт бойына ол билікте, тіпті өзіне биліктің қашан келгендігін де есінен шығарған; аталмыш диктатор сиырлар қыдырыстайтындай залы бар үлкен сарайда шын мәнінде жападан- жалғыз. Ал енді қызығы мынау: мен баяндап отырған бұл тарих белгілі бір жағынан менің жеке тәжірибем негізінде жазылып отыр. Яғни, өзіндік поэтикалық өңдеу тәжірибем менің шексіз биліктегі жалғыздықты айшықты бейнелеуіме септігін тигізеді. Менің ойымша, биліктегі жалғыздықты беру үшін, прототипін латынамерикалық диктатордан гөрі, біздің дәуірдегі қиялға сай құбыжық қылып көрсеткен жөн секілді.


– Дәл осы орайда, өзіңе қояр жеке сұрағыма көшсем. Сен жалғыздық туралы сөз қозғағанда, сенің бүкіл кітаптарыңның ойы осы турасында болар деп ойладым. Сенің кітаптарыңда қатысушы кейіпкерлер саны әлдеқайда көп, жай ғана адамдарға лық толылығына қарамастан, бір қызығы, «Жүзжылдық жалғыздық» атты кітабыңның да бар екендігі; бірақ сол кітаптарыңдағы кейбір көркем бейнелердің аса қадірлі сезімінің де жалғыздық екендігін айта кеткеннің артықтығы болмас. Менің назарымды аударғаны, сен көп сұхбаттарыңда, бала кезіңде саған әртүрлі тарихты көп айтып берген бір туысыңды еске алып отыратының. Есіңде болса, осы туысыңның өлімі (ол кезде сен он сегізде болатынсың) өміріңдегі маңызды оқиғалардың соңғысы болғандығын айтқан едің. Осынау адамның саған айтатын әңгімелері сенің ынталануыңа себін тигізді ме? Оның кей әңгімелерін өз кітаптарыңа «шикізат көзі» ретінде қолдана алдың ба? Ең әуелі, бұл адам кім еді?


– Әріден баяндайын. Мен, өзін белгілі бір дәрежеде немесе одан да өзгеше жалғыз сезінген бірде-бір адамды білмейді екенмін. Міне, мені қызықтырып тұратын жалғыздық ұғымы осы. Менің айтарым, сіздердің ойларыңызға толықтай қарама-қайшы келе ме деп немесе сіздерге түсініксіз естіле ме деп қорықсам да, мен адам әрқашан да жалғыз болады деп ойлаймын.


– Сенің ойыңша, әркімнің жеке жалғыздығы бар ма?


– Мен, бұл – адам табиғатының маңызды бір бөлшегі деп қарастырамын.


– Париждің бір журналында жарияланған өте бір ұзақ мақаладан сенің «Жүзжылдық жалғыздық» романың және бұдан да бұрынғы кітаптарыңдағы негізгі мазмұн «Америка тұрғындарының өзіндік ерекшелігі – сол баяғы жалғыздық» дегенді оқығаным бар. Онда, сенің Америка адамының ортаға деген қатты жатсынушылығы мен адамдар арасындағы бір-біріне деген түсіністік сезімінің жоқтығын көрсететінің айтылған. Ол адам – әртүрлі қиындық көрген, түрлі сөздерге шыдап баққан, шындық үшін түрлі жанжалға да барған жан. Және осының барлығы да өзін жолы болмайтын жарымжан, жалғыздықта қалған дуанадай сезінуіне себеп болған. Бұл турасында сен не ойлайсың?


– Білмеймін. Мұның барлығы менде болмаған дүние. Оның үстіне, мен әрбір аяқ басқанымда, өзіме нағыз жалғыздықты түсіндіруге және оны өз шығармашылығымда өрнектеу үшін әр нәрседен оның әртүрлі көрінісін іздеп табуға тырысамын. Бұл процесс менде саналы түрде болған күні, мұның барлығы қайдан шығатынын білетініме мен сенімдімін, әрі бұл тақырыпқа барлық қызығушылығымды жоғалтатынымды анық білемін.


Мысалға, Колумбияда менің кітаптарым турасында толық жазған сыншы бар. Ол өзінің бақылағаны бойынша былай деп жазады: менің суреттеуімдегі әйелдер – үміт бейнесінде, бұл дұрыс мағынасында; олар отбасының тірегі болады, реттеушілері ретінде шаңырақты ұстап отырады, ал бұл уақытта еркек атаулылар күшін есепке алмастан әрекеттің түр-түрін іске асырады: соғысқа кетеді, барлауға қатысады, қыстақ құрады және бүкіл әрекеті сәтсіздікке ұрынып, өзін орға әкеп жығады. Және сол, көнеден келе жатырған құндылықтар мен салт-дәстүрді сақтап жай ғана үйде отырған әйелдердің арқасында ғана еркектер соғысты жүргізіп, қыстақтың негізін сала алады, сөйтіп Американың ұлы отаршылдық мақсатын жүзеге асырады.


Мен осыны оқығаннан соң бұрынғы кітаптарымды ақтара келе, шын мәнінде де дәл солай екенін түсіндім. Бірақ бұл сыншы маған өте үлкен зардабын тигізді деп ойлаймын, өйткені ол өзінің жаңалығын мен «Жүзжылдық жалғыздық» романымды жазғанда ашты, ал романдағы апофеоз (бұл жерде соңғы шымылдық, түйін мағынасында – ауд.) сыншының айтқанындай болып шықты. Романда Урсула есімді жүз жетпіс жыл өмір сүретін кейіпкер бар, ол шындығында бүкіл романның жүгін бір өзі көтеріп тұр. Мен оның образымен жұмыс жасау үстінде, алдын ала түгелдей ойластырылған жоспар бойынша жасаймын ба, әлде, менің сыншымның ойын болжаймын ба деумен, тіпті не істерімді біле алмай қалдым. Менде енді жалғыздық тақырыбында да осы қайталана ма деп қорқамын. Егер мен мұны да түсіндіріп бере алсам, сонда не болмақ? Ендеше, бұл әбден тиімді, әбден саналы түрде болмақ және тіптен мені қызықтыруды қояды.


Сен жаңа ғана мені үрейлендіріп жүрген ойға итердің. Мен «жалғыздық деген – адам табиғатындағы жалпыға ортақ қасиет» деп ойлайтын едім, бірақ қазір ойлап отырсам, мүмкін, бұл латынамерикалық адамның жатсынуының көрсеткен қорытындысы шығар. Бұл жағдайда мен әлеуметтік, тіпті саяси көзқарасымды, ойлағанымнан да биік дәрежеге қоямын. Егер бұл рас болса, мен әр қадамын сақ басатын ондай метафизик (метафизикалық көзқарастарды жақтаушы – ауд.) емеспін. Мен кез келген нәрсеге адал болғым келді және менің жалғыздық туралы ойым өзгелерге әлсіздік болып көрінуі мүмкін ғой деп қорқамын.


– Жақсы, егер бұл «қорқынышты» тақырып болса, ендеше жалғыздық турасында сөз қозғамай-ақ қоялық. Бірақ мені, әр сұхбатыңда айтып отыратын, өзіңді қарыздар санайтын туысқаның қызықтырады.


– Бұл – менің атам. Есіңізде болсын, мен кейіннен бұл кісіні өз романымда көрсеттім. Кезінде, жас кезінде… ол адам өлтіруге мәжбүр болған екен. Шамасы, бүкіл қыстақ атамның жағында болған болу керек: өлген адамның бір ағасы тіпті түнді атамның табалдырығының алдында өткізетін болған, әрине бұл марқұмның отбасының кек алу үшін жасаған әрекеттерінің бірі болар. Бірақ атам күнделікті қоқан-лоқыға шыдай алмай, ол қыстақтан кетіп тынды. Бірақ, жай ғана басқа қыстаққа қоныс аудармай, отбасымен алыс жаққа кетіп, сонда жаңа қыстақ құрып алды.


– Бұл оқиға «Жүзжылдық жалғыздық» романының басталуын еске салады: онда алғаш Хосе Аркадио адам өлтіреді, оның ары тыным таптырмай, кеудесіне өте ауыр жүк арқалаттырады. Ол мұның үйін тастап, тау асып, аңыздағыдай Макондо қыстағының негізін қалауына әкеліп соқтырады.


– Иә, ол кетіп, қыстақ құрады және менің көбірек есімде қалғаны, атам: «Сен мәйіттің салмағының қаншалықты ауыр тартатынын елестете де алмассың» деп қайталап отыратын. Оның үстіне, маған жазушы ретінде тікелей қатысты, ешқашан да ұмыта алмайтын бір нәрсе бар. Бірде атам мені циркке апарды, біз сонда аруананы көріп, үйге келген соң, ол сөздікті ашып отырып: «Бұл – аруана түйе, оның пілден немесе екіөркешті түйеден не айырмашылығы бар?» деп, хайуанаттар зерттейтін ғылымнан бүкіл бір сабақ оқытып шықты. Мен алғаш сөздікпен жұмыс жасауды осылай үйрендім.


– Бұл адам саған ықпал етті, қай жағынан да алып қарағанда оның драмасы сенің романыңа ішінара көшіп отырды. Алайда, менің білгім келгені, атаң айтқан әңгімелерді сен дәл қай уақытта әдеби тарихқа айналдыруды ойладың, қай сәтте осы естеліктерді жеке тәжірибе арқылы әңгіме, романдарды жазып шығару туралы ой келді?


– Бар-жоғы екі немесе үш кітап жазғаннан кейін мен осы тәжірибені қолданып жүргенімді түсіндім. Шынын айту керек, мен тек атамды ғана есіме түсіріп қойғаным жоқ, осы атам негізін салған қыстақтағы расында да талай құпия жасырынған өзіміздің үйді де еске түсірдім. Үйде Петра апам қайтыс болған бос бөлме болатын. Үйде немере ағам Ласаро қайтыс болған бос бөлме болатын. Түнде бұл үйде жүруге болмайтын, себебі мұнда тірілерден гөрі өлілер көп болатын. Сағат кешкі алтыда мені бұрышқа отырғызып қойып: «Мына жерден жүрме, егер сен осы жерден шықсаң, өз бөлмелерінен Петра апаң мен Ласаро ағаң шыға келеді», – дейтін. Соған мен отыратынмын да қоятынмын. Менің «Үзілген жапырақ» атты алғашқы кітабымда бір кейіпкер бар: жеті жастағы бала, ұзына бойына орындықта отыратыны суреттелетін. Енді түсінсем, бойын үрей билеп үйде орындықта отыратын бұл бала – бір жағынан өзім. Есімде, романда үйдің ішкі ахуалын беретін тағы бір оқиға бар. Менің апам болды…


– Әңгімеңді үзіп жіберсем, кешір… бұл қыстақтағы болған оқиғалар, ал сен Аракатакада туылдың ғой?


– Иә, Аракатакада, осы оқиғалардың барлығы өткен Макондомен біріктіріп жіберген қыстақта дүниеге келдім. Менің апам болды, «Жүзжылдық жалғыздықты» оқыған адам бірден танып ала қояды. Ол кісі өте жігерлі болатын, күні бойы үйде бірдеңе істейтін де жүретін. Ал бірде оның кебін тоқып отырғанын көрдім. Одан: «Не үшін кебін тоқисың?» – деп сұрағанымда, «Өйткені, мен жақында өлемін, ұлым», – деп жауап берді. Расында, көп ұзамай қайтыс болды. Оны өзі тоқыған осы кебінімен алып кетті.


Ол бір ғажайып әйел болатын. Ол енді өзге бір оғаш тарихтың басты қаһарманы ғой. Бірде ол кесте тігіп отырғанда бір қыз өте бір өзгеше, беріш боп қатып қалған тауықтың жұмыртқасын алып кірді. Неге екенін білмеймін, қыстақтағы осы үй іші құпиялау дейік пе, қорқынышты дейік пе, әйтеуір осындай бір біртүрлі істерге ақыл-кеңес сұрап келетін. Және не болмасын, қай уақытта да сұрап келген ақыл-кеңесіне апам бір жауап табатын. Ол осыған ұқсас мәселелерді шешкендегі мені сондай бір өзіндік табиғилығы таңғалдыратын. Апам келген қыздың қасына жақындағанда, қыз: «Қараңызшы, неге мына жұмыртқа сондай қатты?» – деп сұрай бастады. Сонда апам: «Өйткені, бұл – тропиктік кесірткенің жұмыртқасы. Аулада от жағыңдар», – деді. Олар от жағып, жұмыртқаны өртеп жіберді. Ойлап отырсам, осы табиғилық маған «Жүзжылдық жалғыздық» романымның шешуші кілтін сыйлады. Ол роман сондықтан да, апам кесірткенің жұмыртқасын өртеп жіберуге бұйрық еткендегідей тас келбетпен аса жан түршігерлік, таңғаларлық нәрселер айтқанда, тіпті өзін басқадан жоғары ұстай алмайтын түр танытады.


Жалғасы бар.


Аударған Еділбек Дүйсенов

dalanews.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар