Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Мен – Хай Зы Көк пен Жердің арасында......

26.03.2019 4129

Мен – Хай Зы Көк пен Жердің арасында...

Мен – Хай Зы Көк пен Жердің арасында... - adebiportal.kz

Хай Зының даңқын жарты әлемге жайған ғажайып өлеңдері емес, өлімі.

1964 жылы туған ол 15 жасында үздік нәтижемен Қытайдағы маңдай алды Бейжың университетіне оқуға түсті. 1989 жылы туған күніне дәл екі күн толған 26 наурызда пойыздың табанына түсіп өледі. Қойнынан «Інжіл» қатарлы төрт кітап шыққан. Заң дәрігерлері психологиялық ауытқуға ұшырап, өзін мерт қылған деп шешкен. Көргендердің айтысынша аса өңсіз емес көрінеді. Бірақ тым жұқалау, әлсіз жігіт болған сыңайлы. Бәлкім рухани күйреуіктігінің бір себебі осы әлсіздігінен бе екен? Немесе тумысынан әлжуаз болған шығар?.. Шығармашылық жұмыс қаншама күш-қуат сарып ететін жапалы еңбек екені түсінікті, сондықтан да жасампаздықпен айналысатын адамның денсаулығы мықты болғаны жөн. Бұл ойды қалай пайымдасақта парадоксқа тірелетін сияқтымыз. Әйтпесе діңі сонша берік, тарихи санасы терең Әмірхан өлімін қалай түсіндірер едік?.. Хай Зы өмірінің соңғы жылдарында чи гүңге (Қытай дәстүрінде кең таралған тыныс алуды, дене әрекетін, ерік-жігерді теңшеу арқылы күтімделу, тәндегі ауруды аластау, адам бойындағы жасырын қуаттардың көзін ашу әдісі) әуестенгені де қызық. Осы ілімнің бақсылары құлағына сыбырлайтынын, бір елестердің мазалайтынын айтып, жазатайым өліп кетсем, өзім жұмыс істейтін Қытай Саяси-заң университетіндегі қызыметтесімнен сұраңдар деген сияқты тылсым өсиеттер қалдырған. Дантені, Гетені жалпы әлем ақындарын, Ницшенің философиясын терең байыптағаны байқалады. Ауыр рухани күйзелістен арыла алмаса да өлеңдерінің кейбір тармақтарынан жауынгерлік рух пен киелі тылсым хәлді аңғаруға болады.

Оқырманға Хай Зыны терең тануға көмектесер деп көзі тірісіндегі екі досы, Қытайдың осы заманғы әйгілі ақындары Ло Ихы мен Ши Чуанның Хай Зы туралы естеліктерінен бірер пікірін ұсынуды жөн көрдік. Хай Зы өз өлеңдерінің қолжазбасын Ло Ихыға тапсыруды өсиеттеген. Ло Ихы оның қолжазбаларымен өте қарқынды және жапалы жұмыс жасап, шығармаларын түгендеп, ретке келтіріп «Хай Зының өмірі» дейтін әйгілі мақаласын жазған. Хай Зының қайтқанына 49 күн толғанда, миына қан құйылып (инсульт) ауруханаға түседі де, 1989 жылдың 31 мамырында 28 жасында бақиға аттанады. Енді Ло Ихының естелігіне жүгінейік. «Ол – трагедия ғана емес, бір түрлі ауан... Айналасы 5 жылда аса биік деңгейдегі 200 дей өлең мен 7 поэма қалдырды. Ши Чуан айтпақшы Хай Зы өз мүмкіндігінің шегіне жан ұшыра ұмтылды. Чын Дұңдұңның: «Ол бүгінгі күнге, болашаққа, тіпті өткенге де терең ықпал жасайды» деген сөзі бар. Сол рас сөз. «Салыстырмалық теориясында» ұлы әлем кеңестігінің заңдылығына қатысты айрықша поэзиялық мәнге ие мынадай сөз бар: «Жарық тығыз массалы денеге жолыққанда, майысады...». Хай Зы ауыр парыз арқалап соншама ұзақ жүрді... Өлеңнің шексіз мүмкіндігі (жарық) мен адам тәнінің шектемелігіне (тығыз массалы дене) өте ұзақ уақыт ұшырады...». Осы соңғы пікірде айтылғандай, мүмкіндігінің шегіне жан ұшыра ұмтылған нұрлы жан ең соңында тәннен озды. Ақын өлсе де артында қалған сөзі асқақ абыроймен басын қайта көтерді.

Ши Чуан Хай Зы туралы «Өмірінің соңғы екі жылында ол бір жас шоқжұлдыз сияқты әрбір секуд, минутты бос жібермей лапылдап жанды. Ақыры аяқ астынан жарылыс жасады» деп түйіндейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Фариза Оңғарсынова: Біреуге еліктеу – басыңды жоғалту

Ақын қысқа ғұмырында бәріне басқаша қарай білген. Жанқиярлықпен еңбек еткен. 25 жасында өмірден озған адамға артында баға жетпес бір томдық еңбек қалдыру оңай ерлік емес. Бұндай отқа жүгірген өрен жүйріктің тағдыры қашанда шорт кесіліп отырған сынды. Тарихтың мыңжылдық батпан жүрісінен оқыс озып кетіп, материя үстемдік құра бастаған дүниеде ұзақ жүруді жүйкесі көтермеді ме екен? 1986 жылдың 18 қарашасында жазған күнделігінде «Мен өзімді өлтіріп қоя жаздадым... бірақ басқа бір «мен», басқа бір мүдде... мен оның тіршілігін талай рет ақырластырған едім. Деседе өзім аман қалдым... Өзгеше тазалықтың ішінде өмір сүрудемін...» деген жолдар кезігеді. Ши Чуанның атаулы естелігінде «Мен ең соңғы рет оның Чаңпиңдағы тұрағына артында қалған дүниелерін жинастырып алуға бардым, сонда өз жүрегімнің дүрсілі өзіме естіліп тұрды. Бұл үйдің маған таныс иесі бақилық болсада, екі бөлменің кез келген жерінен үй иесінің өзгеше мінезі менмұндалап көрініп тұрды... Хай Зы бидай атызын, жайлауды, қыздарды, жұмақты және барлық мәңгілікке тәуелді қашықтағы нәрселерді армандады. Ол қолжеткісіз аулақтағы ауашалықта ғұмыр кешті, қазір тіпті де солай» деп жазды. Оны қазақ оқырмандарының жылы қабылдайтынының бір сыры осында болса керек.

«Махаббаттың төлеуі – махаббат» (Абай).

Бағың да, сорың да өзің құлай берілген,

махаббатпен аңсаған иллахи дүниеден болмақ.

Өлеңдегі жол қасиетті сезімдер мен парыздарға бағытталуы тиіс.

Сонда қысқа ғұмырдың өзі айрықша мәнге ие болады,

адам рухының мерейі өседі. Хай Зы да солай...

ҰҚСАС МАҚАЛА: Гүлге «көмілген» гений

Қыркүйек

Пірлер өткен жайлау-ұшпақ,

Гүлдер өскен жабайы...

Бағзыдан да бағзыдан

Желпіп жатқан жел ары!..

Перне бойын өксік өртеп,

Парлап берсін көз жасың,

Ертегілік жерұйықты

Көріп тұрып жап-жасыл!

Қолымдағы ат бас ағаш*,

Аттың қылы тағылған

Күңіренген пірлі ырғақпен

Жаратқанға жалынған!..

Ықылымның ізін бойлап

Өлім жатыр гүл өскен,

Ғасырларды шуақтайды

Күзеттегі Ай түнектен.

Жаратқанға жалбарынып

Өлеңменен дұғалы,

Атты сарбаз – ақындардың

Сөзсіз бір күн ұзары ...

1986 жыл

*Ат бас ағаш – бұл жерде моңғолдардың атбас қобызы меңзеліп тұр.

Күнделік

Әпеке, Делыхида* – мына түнде

Тұрмын мен құлан жортпас құба түзде.

Тереңі түндей түпсіз құлазу бар,

Бірақ түк жоқ жаныма дауа қылар.

Әпеке-ау, құба түзде басым нала,

Делыхи – жаңбыр көмген жетім қала.

Бұл елдің тұрғынымен жүрген басқа

Жүргінші атаулыдан мүлдем басқа.

Ее-е-ң соңғы сырды ағытам сендей жанға

Бүгін түн мен е-е-ең соңғы хан жайлауда.

Тастарда тас боп аулақ қалсын бүгін,

Жеңгіштер, тәлейлерің жансын бүгін.

Бүгін түн бәрі жалғыз мұңданады,

Жалғыздық жалғыздықта ұлғаяды.

Серік боп маған сайын далам қалды,

Қара түн қара үңгірдей қараңдайды.

Әпеке-ау, адамзатты қоя тұрып,

Бауырың, бүгін жалғыз сені ойлайды.

1988 жыл 25 шілде

Поез Делыхидан өтті

*Делыхи – жер аты, моңғолша «Алтын әлем» деген мағынада.

Сен неге шөлде өмір сүрмегенсің

Сен неге шөлде өмір сүрмегенсің,

Қайғылы қаһарманның сырлы жары?

Қайдасың? Шарап жұтам, темекімнің

Түтіні бұрқақтаған –

Жыр бұлағы...

Асқақтап барған сайын менің бейнем,

Билейді сендік жанның патшалығын.

Жалғыздық панасы ғой жалғыз ғана

Көміліп көкіректе жатқан үннің.

Үмітсіз – шайтан ісі, үмітсіздік,

Отырсың мұнда неге, шөлге кетпей?

Қайраулы наркескенмін, басылмаспын

Шөлдерден үмітімді ап көлге жетпей!

Мен –

Хай Зы Көк пен Жердің арасында

Жүземін бұлтқа айналып (нанасың да).

Ақындық саған қалсын, арлы баурым!

Махаббат, қарындаста қаласың да.

Қасірет маған қалсын, тап осында!..

1987 жыл 27 мамыр

Түнгі хат

Отан немесе арманды ат қып міну

Мен – Мәңгіліктің опалы ұлымын,

Және бес күндік жолдасымын жалғанның.

Барлық арманды ат қып мінген ақындар сияқты

Әртістер мен «қаһармандар» қатар сапар шегетін жолдамын.

Сан мың топалаң тобыр бар өшескен отқа,

Сол отты қос қолыммен көкке көтердім.

От бұл –

Жарығы менің отанымда көпке жететін.

Барлық арманды ат қып мінген ақындар сияқты,

Қап-қара түнді сол отпен көктеп өтемін!

Бұл отпен менің елімнің тілі көркейіп,

Даламнан қалың қалалар қаулап өседі.

Арманшыл Дұнхуаң*, талғамшыл жаным

Тамызда тоңса суықтан –

Тауда мекені!

Барлық арманды ат қып мінген ақындар сияқты,

Қолымдағы отты қамаудан қорғап өтемін.

Көркейтесіңдер тілімді, қылышым жүзін сүйіп тек!

Мен бәрін бастан бастауға бармын байтақ үмітпен,

Күллі арманды ат қып мінген ақындар сияқты,

Тірлікке тұтқын боламын сол үшін!

Жаратылғандардың ішінде ең тез өлетіні де – менмін,

Ешкім бере алмайды сонда қол ұшын.

Тәңірдің ыризығы мен махаббатынан

Туған жер қойыны ұл менен қызға толады

Барлық арманды ат қып мінген ақындар сияқты,

Асыл сүйегім апай төс шыңда қалады –

Күзетіп жатам жерімді – қасиетімді.

Күндерім үшін өлеңсіз өзен-көлдерден

Ғафу сұраймын, ғұмырлық қасіретім бұл.

Барлық қиялды ат қып мінген ақындар сияқты,

Күн туар кетер аспанға арман–пырағым...

Мыңжылдан кейін мен тағы өмірге келем,

Тағы осы елде жайқалған бауда туамын,

Қалған өлкеде тұлпардан, Жоу Тиянзылардан**

Мойнымда бір-ақ мәңгілік парыз болатын,

Ол парыз – Күнге айналу (Тәңірге жақын)!

Мен Күннен туғам, жалғаннан нұр боп өтемін,

Барлық арманды ат қып мінген ақындар сияқты,

Ақындарға еріп ақшамда Күнге кетемін!

Атым – Күн, сүрдім және Күннің өмірін,

Күннің еліне жерлеймін жырдың өлігін.

Самұрықпенен ұшсам да,

Ат мініп «айдаһар» дейтін,

Керек болады менің де бір күн өлуім,

Өлмейді бірақ Күн – өлең, Жылқы – көңілім!

1987 жыл

*Дұнхуаң – Дұнхуаң-Могау үңгірлері тұрған жер. Үңгір қабырғаларына мың қанша жылдың алдындағы буддалық діни аңыздар мен сол кездегі халықтар тұрмысынан хабар беретін құнды суреттер кескінделген. Жазушы Тұрсын Жұртбай 2013 жылдары сонда болып, ондағы сызбаларда көшпенді өркениеттің ізі де мол екенін айтқан еді.

** Жоу Тиянзы – ежелгі Қытай тарихындағы ең әйгілі билеуші.

Өлеңді аударып, алғы сөзін жазған Тізімбек Анашұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар