Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Оспанхан Әубәкіровтың әзіл әңгімелері...

04.05.2016 4490

Оспанхан Әубәкіровтың әзіл әңгімелері

Оспанхан Әубәкіровтың әзіл әңгімелері - adebiportal.kz

 d36fd3d300d230ea36c7d4d3c71f8887.jpg

АССАЛАУМАҒАЛЕЙКҮМ, АТА!


 

 

(әзіл әңгіме)


 

 

Бір ауылға таяп қалғанда қасымда отырған Еркін:

– Қаны сорғалаған ақиқат әңгіме естігің келе ме, жоқ әлде ағыл-тегіл, асып-төгіліп жатқан өтірік әңгіме естігің келе ме? – деп сұрады.


 

– Шындай қып шымырлатып, өтірігін шынға бергісіз қып шімірікпей айтса, сол өтірікке қарай беттелік, – дей салдым.


 

– Олай болса, Әдібайдікіне тарт! – деп бұйырды Еркін шоферіне.


 

Аулада кемінде он шақты ит жүр. Иттігін білдіріп соның біреуі қыңқ деп үрген жоқ. Машинадан түсе қалғанда дәп бір сексеуілдің арасына кіріп кеткендей болдық. Өйткені, ошақтың басына, қол жуғыштың қасына, есіктің маңдайшасына, қақпаның екі басына арбитып-арбитып арқардың мүйізін қаға беріпті.


 

Біз шаң-пұңымызды қағып, беті-басымызды сүртіп, өзімізше дабырласып жатқанда, үйден шашын ақ шалған мұртты кісі жүгіріп шығып, өлең айтқандай айқайлап кеп амандасты. Жас шамасына қарағанда, сол елудің есігінде жүрген адам, өңі майлаған бидайдай күреңіте жылтырап, тоқтық байқатады. Жүріс-тұрысында сахнаның, бидің қимылы бар, тым ширақ. Өзі де сорғалап тұрған сөз екен, алты ауыз амандық айтудың арасында біраз жерге ағып барып келді.


 

Қауқылдасып үйге кірдік. Киімдерімізді қоянның терісін сыпырғандай жалма-жан шешіп алып, ауызғы бөлмедегі шаңырақтай арқар мүйізіне ілді. Содан бұлың-бұлтың біраз бөлмелердің бәрін басып өтіп, тұп-тура төргі үйге ертіп келді де, оң жақтағы төсектің жамылғысын түріп жіберіп:

– Сен, айналайын, қонақ шығарсың, мына Алатау аюының үстіне отыр, – деп маған төрдің төбесіне аю терісінен жасалған есіктің еніндей көрпе төседі. – Ал, Еркін, сен қасқыр болмасаң да, қасқырдай жігітсің, мына Жоңғардың аңына мін, – деп Еркінге қасқыр терісімен тысталған көрпе тастады. – Ал, сен, шопыр бала, бойың қарыстай болса да, барыстай баласың, Балқаштың барысына қонжи, – деп оған барыс көрпе салды. Жапырылып жата қалдық.


 

– Ал, енді мен бес минуттай ұшты-күйлі жоғалып кетем, алаңдамай, қарындарыңды сипап, әңгіме соғып жата тұрыңдар, – деп Әдібай далаға шығып кетті.


 

Үш жыртқыштың үстінде үшеуміз жап-жалпақ, жап-жалпақ боп сұлап жатырмыз.


 

– Ал, қасқыр бала, әңгіме айт, – дедім Еркінге бұрылып.


 

– Әңгімені жаңағы арқардың өзі айтады. Бұ аңшылардың үйінде адамның шын әңгімесі қиыспай, қиюы кетеді. Ал өзі бүлк етпей отырып, астыңдағы аюды алты күн әңгімелеп береді, – деді ол.


 

– «Түлкінің қызылы өзінің соры» дегендей, анау түлкіні көрдіңіз бе, жаңа ғана қарға аунап тұрғандай құлпырып тұр. Сорлы соншама көздің жауын аларлық қағына қызыл болмаса ғой, бір жерде нанын тауып, күнін көріп жүрер еді, міне, енді Әдібайдың жаман төсегінің тұсында сойған түлкідей ырсиып тұр. Әй, бірақ, Әдекең тышқанға да түсе береді, – деп барыстың үстіндегі қарыс өзінше философия соғып жатыр.


 

Осы кезде «Ассалаумағалейкүм!» деп, үріккен танадай бір бала кіріп келді. Жаңағы «арқардың» баласы екендігін түрі айтып тұр, амандастық. Ізінше әкесі келіп:


 

– «Ассалаумағалейкүм» демекші, менің бір қызығым бар. Оны енді насыбай атып алып айтпасам, айта алмаймын, – деп шақшасынан сол қолының алақанына насыбайдың бытырадай он шақты түйірін төкті де, саусағымен шымшып алып барып астыңғы ернінің үстіне мытып жіберді. Сосын шақпақ шаққандай алақанын шарт еткізіп бір соқты да:


 

– «Болар бала боғынан белгілі» дегендей, мен қырқымнан шықпай жатып осы аңшылыққа құмар болдым. Содан бертін келе ауылдағы атышулы аңшыларға жалынып-жалбарынып жүріп, бір күні солармен бірге аңға шықтым. Тау асып, тас басып, көп жүрдік. Содан тентіреп, осы біздің үйдің биіктігіндей жартастың түбіне келгенде, жігіттер:


 

– Сен, бала, тап осы жерде тапжылмай, мына жартастың басын көздеп отыр. Біз арғы беттен бір топ арқарды алдымызға салып алып, тура сенің мылтығыңның аузына қарай айдаймыз. Соның бәрі осы жартастың үстінен артыңдағы жартасқа секіріп өтеді. Сол аптобозға мінгендей асып-сасып үстіңнен секіріп жатқанда, бір көзіңді қысып алып шытырлатып құлата бер. Бірақ бәрін шетінен қыра бермей, жілігі татитын сорпалығы бар бітеу бүйендерін ат, – деп кетіп қалды.


 

Оқтаудай он алтыншы мылтыққа ортан жіліктей бір оқты сығып салып, тоқ ішектей сұқ саусағыммен шүріппені сипап қойып, жартастың басына қадала қарап отырмын. Тырс етсе, тарс еткізер түрім бар. Дымымды ішімнен алып, кірпік қақпай қадалуым сонша, шекемнен шып-шып етіп суық тер шығып, таңдайым құрғап кетті. Осы отырысыммен бір шай қайнатымдай қыбыр етпедім, жыбыр еткен арқар болмады. Ет асымдай отырдым, баяғы жартас – бір жартас, арқар жоқ. Көп отырып қалдым. Әлгіндегі кірдің суындай бұлыңғыр күн қарауыта түсіп, жота-жотаның үстімен қаңғып бара жатқан бұлттар көріне бастады. Бұ жарықтық таулы жерде бұлт деген бұтыңның арасында жүреді емес пе, дәп самайымның астынан түтілген түбіттей шүйде-шүйде боп өтіп жатыр, арқар жоқ.


 

Арқарды күте-күте жалықсам керек, бір кезде аузымнан суым ағып, балбырап қалғып кетіппін. Сөйтіп жырғап ұйықтап отырғанымда бірдеме дәл төбемнен тасыр ете қалды. Көзімді ашып алсам, жартастың үстінде сақалы сапсиып арса-арса болған бір шал тұр. Ұялғанымнан «Ассалаумағалейкүм, ата!» деп едім, әлгі екі дүниеде көгермегір қақпас тасыр-тұсыр еткізіп үстімнен бір-ақ қарғыды да, тұяғынан от шығып, дүбірлетіп ала жөнелді. Ұйқылы көзіммен байқамаппын, сөйтсем, әлгі сұмпайым шал емес, арқардың дәл өзі екен. Ізінше жартасқа жүгіріп шығып қарасам, әлгі «шалым» мүйіздері арбадай боп көз жетер жерде сабап барады екен. Мен көздегенше көзден ғайып болды. Әкем қаңғытып тастап кеткендей қатты ыза боп келіп орныма отырдым.


 

Бір кезде алқынып-аптығып жігіттерім жетіп келді. Бірі тұрып:


 

– Өй, қарабасқыр-ау, неге атпадың жаңағы арқарды? – деді.


 

– Шал екен деп қалдым. Ауылда шалдар сәлем бермесең, жер-жебіріңе жетіп ұрсады. Қарасам, Әупік ақсақалдан аумайтын бір шал тұр... «Ассалаумағалейкүм, ата!» деп едім...


 

– Әй, ит-ау, шалың не? Тіпті әкең болса да атпадың ба?


 

– Өй, шошқа-ау, шалда соншама мүйіз бола ма?


 

– Өй, құдай төбеңнен ұрғыр-ау, шал сонадан сонаға секіре ме?


 

– Өй, ақымақ-ау, шалдың төрт аяғы бола ма?! Иттің ғана баласы! Міне, көбігі қалқылмаған бір қазан ет басыңнан аттады да кетті. «Кедейдің ауызы – кер ауыз» деген. Өй, езуіңді...


 

Әлгілер осылай жаңағы арқарға кәдімгідей күйінді. Беттеріне қарасам, мені жеп қойғалы тұр. Өздері де телім-телім боп әбден шаршаса керек. Біреуінің арқасында бір құшақ тікен жүр. Қалпақтарын жерге ұрып, жаныма отыра қалып еді, бастарынан бу бұрқ-бұрқ етеді. Жаным ашып кетті. Енді ғана басылып, етек-жеңіндегі тікендерін тазалай бастап еді, мен қарап отырмай:


 

– Өй, әлгінде өздерің семіздеуін ат демедіңдер ме? Жаңағы шалдың қай жерін жейсіңдер, көк шандыр, – деп бұлтарған болып едім, біреуі күйіп кетті білем:


 

– О, шалыңмен қосып әкеңнің дәп!.. – деп қатты боқтады...


 

Сондағы жігіттер қазір сол арқардай арса-арса болып қартайды. Осы күнге дейін кездесіп қалса, ұстап алып, бір сағаттай ұрсады, – деп тоқтады Әдекең.


 


 

 

 

КІЛТ


 


 

(әзіл әңгіме)


 

Газ деген – жалқау жұртқа таптырмайтын тамаша отын болды. Қара сіріңкені қарнынан тартып жіберіп, тақай қойсаң болғаны, спиртше жанады. Сосын қазаның пышақ қайрағандай қайнайды. Көбігін қалқып кел де, жата бер.


 

Еңбектеп жүрген баланың бұтына анда-санда бір үңіліп қоймаса, әзілқой иіс шығарып қоятыны секілді, газ пешке де мұрын айтақтап жүрмесе, бөгде иіс шығарып қояды екен.


 

Біздің қазақы мұрын сорпаның иісін сонадайдан сезеді ғой. Біздің үйдегі бала-шаға бір күні сорпаға қоса қапталдасып жүрген бір иісті ұстапты. Бірақ ненің иісі екенін ешқайсысы білмейді. Көмекке менің мұрнымды шақырды. Мен де жүгіріп келіп, мұрнымды ілгері-кейін пысылдатып көріп едім, шынында бөгде иіс жүр. Бірақ бұл иттің иісі ме, әлде идің иісі ме, біздің үйдің мұрыны ажырата алмады.


 

Не де болса осы газдың өзінен келген пәле болар деп тұспал жасадық та, ертесіне осы газ мекемесіне телефон жүгірттік.


 

– Әлөу, горгаз ба?


 

– Иә, горгаз.


 

– Ендеше мәселе де – сол газ...


 

– Иіс шыға ма?


 

– Иә, иіс шығады.


 

– Ненің иісіне ұқсайды?


 

– Оны өзіңіз келіп иіскеп көрмесеңіз, күлімсі деуге болмайды, жылымшы деуге болмайды, әйтеуір бір естімеген иіс.


 

– Түсінікті, адресіңізді айта қойыңыз.


 

Тақпақ айтқандай тақылдатып айтып салдым.


 

– Ертең кісі жібереміз, қаңғып кетпей үйде біреулеріңіз болыңыз.


 

– Апыр-ай, бәріміз жұмыстағы жұрт едік...


 

– Ендеше кілтіңізді кісісі бар көршілеріңіздің біріне қалдырып кетіңіз. Кемпір-шалы бар үй бар ма еді?


 

– Бар ғой, бірақ... Иіс іздеймін деп келген кісіңіз иесіз үйде басқа бірдеме іздеп жүрмей ме?


 

– Үйіңізде алтын шашылып жатыр ма еді?


 

– Апыр-ау, енді алтын-күміс домалап жатпаса да, қашып-пұсып жүріп жинаған көр-жер бар ғой.


 

– Сіздің көр-жеріңіз кімге керек?


 

Бұларға керегі алтын екен. Ондай алтын бізде жоқ. Ал көр-жерге тимесе, кілтті қалдырайық деп келістік.


 

– Әлөу, ендеше кілтті қарсымызда тұратын қара шалдың мойнына кигізіп кетеміз.


 

– Құп!


 

– Құп болса, құп!


 

Горгазбен құптасып болған соң, балалардың басына бір ой келді:


 

– Папа, телевизор Москву ловит, а Алмату не ловит. Давай, телевизордың да кісісін шақырайық, – деген мұң айтты.


 

Ойлап қарасақ, бұл да ақыл екен. Үйді ақыры иесіз қалдырған соң, бір адам шақыр, он адам шақыр – бәрібір.


 

Үйде ақаусыз дүние жоқ. Анау су келетін кран таң атқанша мыңқылдап тамады да тұрады. Радиоқабылдағыштың ішінде біреу май шыжғырып жатқандай, таза дыбыс жоқ, әкеңді әңгіртіп жібереді. Осы «көкжөтелдердің» бәріне үшкіріп дем сап кетсін деп тағы үш адам шақырдық. Бұларға да кілттің қара шалдың мойнында екенін ескерттік те, жөн-жөнімізге жөнелдік.


 

Кешке қарай сүріне жығылып үйге келсем, абыр-дабыр болып жатыр.


 

Қалтаңдап қарсы шыққан біреу:


 

– Хозяйн жоқ, – дейді.


 

– Мен хозяйн, – деймін.


 

– Ә, сәлеметсіз бе, жоғары шығыңыз... Біз сіздерді күтіп... кішкене...


 

– Как это кішкене? – деп мен аң-таңмын.


 

Қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан ас үйге бұрылсам, әлгіндей қалтаңдаған жігіттің тағы талыстай үшеуі отыр. Жаса!


 

Түпкі үйде біреу сөйлеп отырғандай болған соң, көңілсіз бұрылып солай барсам, көптен көрмей кеткен Ләскер інішегім қыздай боп өзіміздің Алматыдан сөйлеп отыр. Жаса!!


 

Кабинетімде біреулер жүрген секілді. Есігімді ашып қалсам, өмірбақи май шыжғырып жататын «Жайдарман» деген радиоқабылдағышым мен білмейтін бір елдің тілінде төпеп жатыр. Жаса!!!


 

Көңілім орнына түсіп, ас үйге келсем, әлгі көп жасағыр жайсаңдарым абыр-дабырды доғарып, соңғы қызыл шишасын тең бөлісіп жатыр екен.


 

– Кешіріңіз, мана кетіп қалатын едік, кілтіңізді осында қайда қойғанымызды білмей, жоғалтып алып, үйіңізді иесіз тастап кетуге болмады. Сосын қарап отырғанша деп мынадай... Ептеген газ шығады екен, соны бітеп... Мыналар да ақау-сақаудың бәрін дүзеп... – деп шұбыртқан соң, рақметімді айттым да:


 

– Ал енді, жігіттер, «өтірік айтқан жерде көп жүрме» деген, қазір әйел келу керек... – деп ескерттім.


 

Бұл ескертуді «жау келді» деп түсінгендей төрт жігіт есікке бет алды. Таудан тас домалатқандай төртінші этаждан құлдилаған төртеу бүкіл үйді дүбірлетіп барады.


 

Ал «жоғалтып алдық» деп жүрген кілті бауы салбырап есіктің сыртында тұр. Жаса!


 

 

ОРЫНБАСАР ОРНЫНДА ОТЫРЫП ҚАЛЫПТЫ


 

 


 

Мен өзім жұмыс десе жыным бардай, алдыма келген істі Алласына тілін келтіртпей жан алқымнан алып, аударып тастап отырамын.


 

«Емшек сұрап» жатқан тағы қандай жұмыс бар еді деп, суырмаларымды үйректің өңешін суырғандай суырып алып қараймын. Не ауы бітпей, не бауы бітпей бөгеліп жатқан шаруа жоқ.


 

Ал енді алты қырдың астындағы сонау алтыға дейін атамның басына барып Құран оқытып келмесем, басқа тірлік қазан болғандай әлдеқашан байыған. Кешігіп келе жатқан поезді күткендей амалсыз алтыны күтесің. Осындай бос уақыттарыңда кірпіш құйып, үй салыңдар десе, мен жалғыз өзім баяғыдан бері Қожа Ахмет Яссауи бабамның мавзолейіндей ғаламаттың төртеуін тұрғызар едім.


 

Қайран алақанда еріген мұздай, көз алдымда ұлардай шулап көшіп бара жатқан алтын уақыттарым-ай!


 

Бір күні, сағат алтыға үш минут қалғанда, қалпағымды қойныма, бәтеңкемді мойныма іліп, тәуекелдің қыл көпірінен шығып кетіп едім, «күндестерім» көріп қалыпты. Сол сол-ақ екен, айттап жүргендей жиналыстан жиналыс. Сөздің басы да, аяғы да – мен. Ә дегенде менің атымды атап алмай сөз сөйлеу жоқ.


 

Үш минут үшін үш жыл әңгіме болар жәйім жоқ, басымда шашым, маңдайымда көзім ағарғанша тырп етпей, әлгі секундыңнан таяқ жегір алтыға дейін отыруды жөн көрдім. Тоғыз жолдың торабында тұратын есігімді әдейі ашып тастап, бүкіл қағаздарымды қобыратып столдың үстіне түгел шығарып, тері жайғандай жайып қойдым. Көрсін!


 

Үркер жерге түскендей аспаннан алты түскенде, сағаттың тілін бағып отырған біздің төзімтал қызметкерлер кинодан шыққандай тарай бастайды. Саудасы жаңа қызған саудагердей Құдайымды ұмытып, шұқшиып отыратын мен.


 

– Оу, ағайын, алты болды, таста. Базар тарқады, тапсыр таразыңды, – дейді бірі.


 

– Ертеңгі істейтін ісімді бүгін бітірмей кетпеймін, – деп бір папканың үстіне бір папканы бырс-бырс ұрып, одан бетер қадала түсемін.


 

– Бұл қағаз әлі сенің балаңның баласына кетеді. Жеті болмай жеңгеме жетіп ал, – дейді енді бірі.


 

– Алтыдан басқа мерекелерің жоқ. Алты десе аспаннан алтын жауғандай аттан саласыңдар. «Нан тауып жүрген мекемем еді, бір күн қалып, іркіліп жатқан іркіттерімді реттеп тастайын» демейсіңдер. Ниеттерің жаман, – деп аузымнан түспейтін тұтам темекімді түтінін қисаңдатып бір езуге сырғытып қоямын.


 

Ескі-құсқы бықи-тықиды жаңа жылға қалдырмай, жалақы жеп жүрген столымызды тазалап кетейін деп, кеңсемде жалғыз қалғанмын. Алтыны күтеміз деп түк бітірмейді екенбіз. Талабы телеграммамен жүретін көптеген асығыс қағаздар көгеріп жатыпты. Осындай шағым қағаздарды ақтарып отырғанда, телефоным шыр ете қалды. Әлгі оқып отырған шағымымның иесі келіп қалғандай селк ете қалдым.


 

– Әлө, – деймін.


 

– Әлөні қайтесің, Бөденбісің?


 

– Бөденмін, әрине.


 

– Әрине, Бөденнің өзі болсаң, жақсы болды.


 

Орынбасарымыздың даусы. Шынымен алтыдан асқанша отыра ма екен деп тексермек болған ғой. Қуанып қалдым.


 

– Әй, Бөден, сенің бүгін кеңседе қалғаның есте қалар іс болды. Мен қамалып қалыппын, есігімді ашып жіберші, – дейді өмірі түстен кейін орнынан таптырмайтын орынбасарымыз.


 

– Есігі несі, жеңгеміз қайда? – деймін. Түкке түсінсем бұйырмасын.


 

– Жеңгесі несі мына жетесіздің? Мен саған кеңседегі есігімді ашып бер деп тұрмын ғой.


 

Кеңсенің есігін аш дегені сасқаны ма? Кеңсе дегені кабинеті болар. Бастықтың бас сұққызбайтын кабинетін ашуға қандай хақым бар? Абайлап тыңдасам, дауыс бастықтікі, бұйрық мастікі секілді. Төбемнен тамшы аққандай қауашағыма жаман ой келе бастады. Ел соңында қалып жұмыс істеп жүргенімді біреуге ор қазып жүрген оңбаған-ау деп ойлаған болар. Удың бетін у қайтарады демекші, бәлесіне қарсы бәле тауып, дайын отыру керек. Есігін ашқызып алып, ертең сотқа сүйремек шығар. Осылай ой келгенде, аш ішегім алқымыма тығылып, трубканы тарс ұрдым.


 

Қағаздарымды қарбалас жинап, киініп жатқанымда, телефон тағы зарлап қоя берді.


 

– Әлөу.


 

– Өй, әлөуің құрысын, есігімді ашып бер, қамалып отырмын дедім ғой.


 

– Кеңсе бұзар кеңкелес емеспіз, басеке, ертең келіп өзіңіз ашып аларсыз.


 

– Өй, мынау жынды ма, мен кеңсенің ішінде отырсам, ертең келіп қалай ашамын?!


 

– Есік бұзған сейф бұзғанмен бірдей, кеңседе келесі жылға дейін жатсаңыз да шаруам жоқ. «Сақаудың тілін шешесі біледі» дегендей, есігіңіздің тілін өзіңіз білерсіз.


 

Жүре түймеленіп, есігімді екі бұрап жаптым. Кілтін аузында қалдырдым. Өйткені, үй сыпырушы апайға есікті кілтімен қалдыру керек.


 

Орынбасардың есігінде де кілт салбырап тұр.


 

Әрбір бөлменің телефондары әртүрлі дауыспен кезек-кезек шырылдайды. Кеңседе менен басқа жан жоқ. Мына зырылдап жатқан менікі. «Аш бәледен қаш бәле» деген, грузин биін билеп бара жатқандай, өкшем жерге тимей бездім.


 

* * *


 

Кеңсеге сағат тоғыз болмай келіп, соңғы хабар тыңдайтын өзімнің меншікті әдетім еді. Есігімді ашқаным да сол еді, телефоным жылан көрген торғайдай шырылдады.


 

– Әлө.


 

– Өй, әлөңді ұрайын, кеңсеге түнеттің ғой адамды! Келші өзің бері!


 

Мен, шамасы, жынданған шығармын. Кешегі бастық, кешегі әңгіме, кешегі жауап, кешегі телефон, кешегі есік, кешегі кеңсе.


 

Кешегі жаман ой тамшы аққандай тағы тамшылай бастады. Есі дұрыс адам жалғыздан жалғыз түнемейді, демек, қасында шыға алмай отырған тағы біреуі бар. Ол біреудің маған қас екенін, дос екенін бал ашып білетін әулие емеспін.


 

Әлгі жаман ой енді ақ жауында түңліктен дегбірсіз тамған тамшыдай төбемді тесіп барады. Телефонды тастап, далаға шықтым. Орынбасардың есігінде кілті сол қалпы салбырап тұр. Бөлмемде телефоным жағы сембей «Жетім бала» күйін тартып жатыр. Тоғыздан бес минут асып барады. Мені көрсе дереу жиналыс ашатын пысықтардың қарасы көрінбейді. Солар келгенде төрт көзіміз түгел тұрып, бірімізге біріміз куә болып беттесіп, төс қағысып, қол алысып барып ашсақ дейді жаман ойым.


 

Осы кезде тарс-тұрс етіп, әлгі салбырап тұрған кілт еденге етбетінен түсті. «Өгей жеңгеммен төбелесіп жатыр. Жағадан алысып, жамандасар күн туса, осы мың жылдық дауыңа азық болады» дейді жаман ойым.


 

Ал тәуекел. Жүгіріп келіп кілтті жұлып алдым да, ақырын тығып, екі бұрап қалдым. Ар жағынан ағамыз арқырап шықты.


 

– Ақымақ!


 

Осыдан басқа сөз таба алмай қалшылдады да қалды.


 

– Сіз шақырып жатыр дегенде, денем түршігіп әзер кіретін есігім осы еді. Оның ар жағында қабат-қабат қос есік. Бір есікті ашты деген сөз бақандай үш есікті ашып шықты деген сөз. Қойшының таяғына сүйенетін қағынып жүрген ешкің мен емеспін...


 

Орынбасар «б-б» деп тұтығып тұрғанда, кезек бермей әлгіндей бірдемелерді шұбырта бердім.


 

Осы кезде «Біздің есікті кім ашқан?» деп секретарь келіншек келді. Мен жайыма қалдым.


 

– Шырағым-ау, не деген көкми көкек едің? Қамап кеткенің сасқаның ба?!


 

Келіншек не дерін білмей кекештеніп қалды. Дегенмен, дереу ес жиып, қабағын қозғалақтатып:


 

– Түстен кейін кеңседе отырмайсыз, қайдан білейін, – деді бастығының ерте кетіп жүргеніне дәп бір өкпесі бардай. Осы сөзінде «Қаңғымасын деп әдейі қамадым» деген әзіл сығалап тұрған секілді.


 

Әйелдің қылығы деген қылғындыра салатын қылбұраудың сыпайы түрі секілді сойқан ғой. Әлгіндегі айдаһардай ақырып тұрған ағамыз тойған қозыдай монтиды да қалды. Егер секретарь келіншектің орнында өзіміз секілді арбиған еркек біреу істесе, мына мәселе төбелеспен тынар еді де, қазір төрт-бес милиционер акті жазып жатар еді.


 

Күн көріп жүрген мекемеңде бірлі-жарым әйел тұқымының болғаны жақсы екен.


 

Оспанхан Әубәкіров

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар