Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Роза Мұқанова: Сөйлемді құрау – жанның үні, жүрект...

22.06.2016 4305

Роза Мұқанова: Сөйлемді құрау – жанның үні, жүректің лүпілі

Роза Мұқанова: Сөйлемді құрау – жанның үні, жүректің лүпілі - adebiportal.kz

26614c85ea84a5338f429437e40b528c.jpg

Ол жан еркіндігін бәрінен жоғары қояды. Өз затына маман деп емес, әйел деп қарайтындарға суреткердің күш-қуаты тек жазған шығармасы, жасаған образдарынан ғана көрінетінін әлдеқашан дәлелдеген. Қаламгер әдебиетте, өнерде жүрген нәзікжандылардың жауапкершілікті мойынға қамыт етіп киетінін мойындайды. Алайда ол өзін қамыт киіп жүрмін деп емес, алқа тағып жүрмін деп есептейді. Өйткені өмірін жазусыз елестетіп көрмеген. Шығармашылықтың азабынан гөрі ләззаты күштірек деп білетін белгілі жазушы, драматург Роза Мұқановамен әңгімелескеннен кейін біздің де өз ісімізге көзқарасымыз өзгергендей. Әдебиет пен өнердің, жалпы қазақ руханиятының бүгінгі жай-күйі қаузалған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.


 

– «Суреткерге мінез, тағдыр, өмірбаян керек» деген екенсіз. Бірақ сұхбаттарыңызда өз өмірбаяныңызды сараң мағлұматтайсыз. Роза Мұқанованың қолына қалам ұстатқан қандай құбылыс, нендей оқиғалар екенін білуге оқырмандарыңыздың қақысы бар деп ойлаймыз…


 

– Суреткердің шығармашылығынан оның өмірбаяны сыр беріп жатады. Абай «Өлең шіркін өсекші жұртқа жаяр» дейді. Демек ішкі күй, өмір, тағдыр, көзқарас жымдасып барып жарыққа шығады, шығармаға арқау болады. Сүйініш пен күйініштің, бақ пен сордың, мұң мен зардың не екенін білмеген адам суреткер бола ала ма? Мұндай баянды бастан өткере алмағанның суреткерлікте тәжірибесіздігі, таяздығы, жұтаңдығы көзге ұрып тұрады. М. Әуезовте ғажап өмірбаян болды. Әйтпесе «Абай» жазылар ма еді. Мағжан ақынды алыңыз, тағдыры ерекше. Мағжан татар қызы Гүлсім ханымға ессіз ғашық болмаса, Ақан серінің Жамалға ғашық күйіне соншама тереңдеп бара алар ма еді. Ақан серінің жан дүниесімен үндесер ме еді. Ақанды еркіндіктің төріне Мағжан шығара алды. Себебі Мағжанның арманы жан еркіндігі болатын. Суреткер кейіпкер жасайды. Қиялдан гөрі өмір қалтарыстары суреткерді шынықтырып, тереңдікке жетелейді. Мұны көрмеген жазушының шығармашылығы оқырманын сендіре ала ма. Еліктеп-солықтаудан әріге аса алмайды. Сөйлемді құрау – жанның үні, жүректің лүпілі. Жан бай болуы керек. Жанның бай болуы өмірді танып білуінде, өмірбаянының құнарлы, күрделі болуында.


 

Өз басым бала күнімде үлкендердің әңгімесіне көбірек құлақ қойып өстім. Олардың өмір жолын, бастан өткерген аштығын, қуғын-сүргінін бүгінгілердей ақпарат құралдарынан оқып білген жоқпын. Өз аузынан тыңдап, қанығып өстім. Әрқайсысының ғажап тағдырларын естіп, солардың мұңына ортақтастым. Бүгінде олардың ізін де таппайсыз. Ондай әңгімеші қарт бүгінде кездеспейді. Олар тірі тарих, жанды кейіпкер болатын. Бала санама мәңгілік сурет салып кеткен де солар.


 

– Жуырда Қаллеки театры «Сарраңызды» сахналады. ­Пре­мье­ра күні бас қалаға жете алмадық, амандық болса, қойылымды арнайы барып көрудің сәті түсер. Қателеспесек, Гүлсина Мерғалиева – сіздің шығармаңызды сахналаған алғашқы әйел режиссер. Ерлердің өзі көтере алмайтын кей жүкті өңгеріп жүрген қос суреткердің тандемі сәтті болды ма?


 

– Мен өнерді жынысқа бөлуден аулақпын. Әйел режиссер, әйел ақын, әйел жазушы, әйел дәрігер деген ұғымнан біздің ұлт арыла алмай келеді. Маман деп қараған жөн болар. Осы тұрғыда Гүлсина Мерғалиеваны кәсіби маман деп танимын. Өз көзқарасы, талғамы, өнер әлемінде өз қолтаңбасы бар режиссер. Бұл кісіні театр басшылары «Сарраға» арнайы шақыртты. Автор мен режиссер бірін-бірі түсінсе ғана спектакль сәтті шығады. Жұрттың қабылдауы жаман емес сияқты, көрермен бір сәт ойланып қалғандай болды.


 

– Кезінде Фарида Шәріпованың «Маған арнап бір дүние жаз!» деген бұйымтайын орындай алмасаңыз да, ҚР халық әртісі Гүлжан Әспетоваға берген уәдеңізді араға бес жыл салып орындадыңыз. Қаламгерлік парызды өтей алмай, өзекті өкініш өртейтін сәттер жиі бола ма?


 

– Ондай сәттер көп қой. Фарида Шәріпова «Патша қатын У» әңгімемді оқығаннан кейін тіл шалып еді. «Мен қазір мына патша қатыныңды ойнай алатын жастамын. Өзі қытай екен, олардың да мінез-ғұрпын, тәрбиесін менен артық ешкім біле қоймас» деп қызығып қолқа салды. Рас, Шәріпованың ол кейіпкерді кемеліне келтіріп шығаратынына күмәнім болмаған. 2004 жылы қызметіме байланысты Астанаға көшіп кеттім. Күнкөріс қиындаған кезең, балалар – шақалақ, сонымен араға уақыт түсіп кетті. Сөйтіп жүргенде Фарида апа дүниеден өтті. Актрисаның аяулы арманының орындалуына жәрдем көрсете алмадым. Осы күнге дейінгі іште кеткен бір үлкен өкінішім – осы. Болат Атабаевтың бір айтқаны бар еді: «Фарида апаға бардым, үйін қараңғылап тастайды екен, ешкіммен сөйлескісі жоқ, басқаша күйзелісін көрдім», – деп. Білесіз бе, бәлкім бұл ұқсастық шығар, бірақ «Патша қатын У-дың» соңғы өмірі осындай трагедиямен бітетін. Өйткені 50 жыл патшалықты билеген қатынның Қапаған хан бастаған көшпелі түріктердің алдындағы жеңіліс сәтіндегі күйі еді.


 

Парламент Сенатында қызметте жүрген кезімде Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова: «Маған бір дүние жаз! Қашанғы жүреді дейсің, біз де қартайып барамыз», – демесі бар ма. Гүлекеңе берген уәдем 5 жылдан соң орындалды, «Сарраны» актрисаның 70 жылдығына тарту еттім. Бұл да менің өнер жолында жүрген дара қыздарымыздың алдындағы драматург ретіндегі парызым деп білем.


 

– Әуезов театрының сахнасында 18 жыл бойы үздіксіз қойылған «Мәңгілік бала бейне» біз Алматыға студент боп келген жылы соңғы рет сахналанды, көріп үлгердік. Қойылымнан кейін шығарманың өзін оқыдым, соның желісі бойынша Сатыбалды Нарымбетов түсірген «Қызжылағанды» көрдім. Өзек бір болғанмен, үшеуі үш түрлі дүниедей көрінді. Бұған заңдылық деп қараған жөн бе?


 

– Әрине, әңгіме жанры, киносценарий, драматургия. Әуелі «Мәңгілік бала бейне» өзіңіз оқыған әңгіме болып жазылды. Кейін режиссердің сұранысымен пьесаға айналдырдым. Одан Сәкен киносценарийге айналдырды. Осы жақында ғана Астана қаласының Қуыршақ театры алғаш рет сахнаға шығарды. Режиссері – Құралай Ешмұратова. Шынын айтқанда күдіктеніп бардым. Тақырып ауыр, балалардың қабылдауы қалай болады екен деп қиналдым. Ләйләні қуыршаққа айналдырғандары соншалық, нақ осы театрға арналып жазылғандай болып шыққан. Ләйләнің шат-шадыман бала күлкісі, Жарық айға қарап мұң шағып өксіп жылағаны, өрекпіп ғашық болғаны жаныңды түршіктіреді. Шынайы, тап-таза періште Ләйләні қуыршақ бейнесінде көріп отырғандардың жылағанын, күлгенін көрсеңіз. Ғажап қойылым.


 

– Қазақ театрларының бүгінгі жағдайын Тунджердің «Көшкін» туындысындағы шағын ауылдың үркек күйіне теңедіңіз. Сонда бүгінгі режиссерлер неден қорқады, неден қауіптенеді?


 

– Білмедім… Көлеңкесінен қорқады. Үлкен мәселелерді көтеретін салмақты шығармалар қойылуы керек. Ұлтты тобырға айналдыра салу оңай. Ұлтқа ой салатын, оятатын, шығармалар репертуардан орын алуы қажет-ақ. Ондай дүниелерді қоюға үркектеудің қажеті жоқ. Біздің режиссерлер ХХ ғасырдың 40-60-шы жылдарындағы репертуарын әлі жаңартпай келеді. Шекспирдің «Гамлеті» мен Гогольдің «Ревизоры» сахнадан түспей келе жатқанына 60 жыл болған шығар. Неге Шекспирдің «Кориоланын», «Ричард ІІ-ні» қоймасқа. А.П. Чеховтың «6-шы палатасын», Гогольдің «Жындының жазбаларын» қазақ сахнасынан көргім келеді. Режиссерлердің тамаша ізденістеріне үлкен жол ашып тұрған ғажайып шығармалар.


 

– Сіздердің толқыннан бері қарай әдебиетте ұжымдасу, ұйысу жағы кенже қалғандай. Қаламгерлер бір-бірін қолдап-қолпаштауды, сынай отырып дем беруді неге доғарды? Бүгінгі жазушылар шынымен үзеңгілестерін оқуды қойды ма, әлде оқыса да үндемей қалғанды құп көре ме?


 

– Бүгінгі талантты деп жүрген жазушылардың деңгейлері бір-біріне ұқсас. Әрекеттері де, мінез-пиғылдары да, тіпті өмір сүру әдісі де ұқсас. Ұқсастықтан даралық таба алмайсыз. Өнерде құбылыс болып танылу керек.


 

– «Бүгінгі проза алпысыншы жылдардағы әдебиеттің тобығында жүр» деген пікіріңізге өндірте жазып жүрген бүгінгі жазушылар шамданған жоқ па?


 

– «Өндірте жазу» деген не? Әйтеуір жаза беру ме? Не жазды, қалай жазылды? Оқырман қабылдады ма, сұранысқа ие болды ма? Онда ол шығарманың құны қаншалықты болғаны…


 

– Қаншама жыл бойы тартпада жатып барып, оқырманға жол тартса да, кеше жазылып, бүгін басылғандай әсер қалдыратын туындылар бар. Тақырыптың өзектілігінен басқа шығарманың ғұмырын ұзартатын қандай қасиет?


 

– Тартпаны айтасыз, 1616 жылы дүниеден өтіп кеткен Шекспирдің «Кориоланы» мен «Ричарды» әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпай тұрған жоқ па. Адам баласы табиғатының өзгермейтіндігіне куә боласыз: Қоғам, Билік, Махаббат. Шекспир өлмейтін тақырыптарға барған.


 

– Әдебиеттегі аға буын өкілдеріне «Жастардан кімді оқисыз, кімнің шығармашылығына тұшынасыз?» деген сауал жиі қойылады. Бірақ олардың аузынан нақты есімдерді, жастардың қаламынан туған шығармалардың атауын сирек естиміз. Жазғаны жүйріктердің сынынан өтпесе, жастар қалай ілгерілейді?


 

– Талант біреудің мақтауына, насихаттауына зәру емес. Өзінің осал емес екенін іші сезеді. Шығармасы-ақ төбе көрсетеді. Сол жеткілікті емес пе? «Әдебиет порталынан» Нұрлан Хавдайдың «Сұр әңгіме» деген шығармасын оқыдым. Қатты ұнады. Классикалық әңгіме. Өзін көрмегенмін, танымайтын адамым. Басқа шығармалары бар ма екен деп қызығып қалдым.


 

– Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде ұстаздық етіп жүрсіз. Академиялық жоспар бойынша негізгі міндетіңіз – шәкірттерді жазушы, суреткер етіп шығару. Қарым-қабілеті, мақсаты мен талғамы әр түрлі жастардың жазуын шыңдаудың ортақ әдісін таптыңыз ба?


 

– Ортақ әдіс жоқ, әрқайсысының қарым-қабілетіне қарай бағыт-бағдар ғана бере аласың.


 

– Қалам ұстағанның бәрі жазушы, ақын атанған қазіргі кезеңде қаптаған кітаптардың қалың нөпірінен өзіне керегін адаспай табу үшін оқырманға қайтпек керек?


 

– «Базарға әркім барар, тапқанын емес, таңдағанын алар». Талғам керек!


 

– Сіз жоғары бағалаған шығарманы, сіз мойындаған жазушыны екінші бір оқырман тіпті оқығысы келмеуі мүмкін. Талғамның жоғары-төмендігі қандай критерийлермен айқындалады?


 

– Сіздің – маған, менің – сізге ұқсамайтындығым сияқты.


 

– Баспасөзге, кітапқа сұраныс күн өткен сайын кеміп келеді. Жазған-сызғаным кейінгіге керек болмай қалуы мүмкін деген көңілсіз ой мазалағанда жұбанатыныңыз не?


 

– Мен шығарма жазғанда мәңгілік үшін жазып отырмын деп ойламаймын. Өз күйімді өзім тыңдап, жанымды мазалаған тақырыпқа суреткер ретінде тіл қату үшін, өзіммен-өзім сыбырлап сөйлесу үшін жазамын. Ал соны әлдекім көз тоқтатып оқып, бағалап, дәл өзімдей түсінсе бекер жазылмапты-ау деп қатты қуанамын. Бары осы ғана.


 

– Соңғы уақытта халықаралық деңгейдегі өнер байқауларында қатысушылардың бабы мен бағы ғана емес, саяси мүдделер де сынға түсетіні жасырын емес. Әдеби бәйгелерге қатысты да сын көп. Оның бәрі топ жара алмағандардың күңкілі емес шығар?


 

– Бәйгеге танылу үшін түседі. Даңқ шығармаңмен ғана келеді.


 

– Қоғам қит етсе қаламгерлердің аузына аңтарылады осы күні. «Пәленше неге пікір білдірмеді, түгенше неге үнсіз қалды?» деген айыптаулардың көбеюіне не себеп?


 

– Демек, халықтың ұғымында жазушының беделі әлі үстем.


 

– Жазу қаншалықты қиын болса, жазғаныңды жарқыратып көрсетудің машақаты одан да көп. Бұл тұрғыдан ғаламтордың тілін тапқандардың жолы болып тұр. Сіздің шығармаларыңыздың интернеттегі насихаты қалай?


 

– Интернетте де, баспасөзде де насихатым жоқ. Интернетке шығармаларымды жариялаған емеспін.


 

– Өзгелер кигенді киюге, басқалар барған жерге баруға, біреу оқығанды оқуға құмарту қанымызда бар қасиет. Дараланудан жүрексіну, тәжірибе жасаудан қорқудың ақыры шығармашылық адамын қайда жетелейді?


 

– Бір білетінім, ондай адамнан шығармашылық тұлға қалыптаспайды.


 

– «Журналистиканы кәсіп етіп меңгергендердің әдебиетке сіңуі қиын» деген пікіріңізді оқыдым бір сұхбаттан. Негізгі нәсібін осы кәсіптен тауып жүрген жазушылар келісе ме бұл ойыңызбен?


 

– Несібесін еден жуып та табуға болады, бірақ табиғаты жазушы болып қала береді. Менің айтқым келгені – журналист болып қалыптасқан кәсіби маманның жазушылықтың табиғатына төзе алмайтындығы. Суреткердің көруі де, айтуы да басқа үлгіде, журналистікі басқа. Жалпы бұл пікірмен келіспеуіңе де болады, ол менің жеке өз пікірім. Пайғамбарымыз да несібесін сауда жасап тапқан, бірақ саудагерлердің пайғамбар бола алмағаны сияқты. Осы екеуміз көп сөйлесіп кеткен жоқпыз ба, көп сөйлеген адам шатаса бастайды…


 

– Сізбен сұхбаттасудың сәті күнде түсе бермейтіндіктен көкейдегі сұрақтың бәрін қойып қалсам деген қомағай ой тоқтатар емес. Жазушыға жар болмағанда Роза Мұқанованың шығармашылығы қалай өрбуі мүмкін еді?


 

– Дәл осы шамада ғана шығар.


 

– Әріптестерімнің бірі мақалаларында «бақыттың төресі» деген тіркесті жиі қолданады. Сіздіңше, қаламгер үшін ең үлкен бақыт не?


 

– Бақыттың үлкен-кішісі бола ма? Бақытқа өлшеммен қарауға бола ма? Жалпы адам баласы бақытты жаратылыс па деген сауалдар менің жадымда жауапсыз жатады. Бақытты адам бақытсыздықтан қорқады. Бақытсыз адам да бақыттан қорқатын сияқты. Байдың кедейліктен, кедейдің байлықтан қорқатыны сияқты.


 

– Бақытты жазушы болуға ұмтылу бақытты әйел болуға кедергі келтірген жоқ па?


 

– Ой, сұрағыңызды-ай! Бақытты жазушы екенімді қайдам, бақытты әйел болу, бақытты ана болу қымбаттырақ!


 


 

– Әңгімеңізге рахмет!


 

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА


 

"Түркістан" газеті


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар