Бір ғасырға жуық жас жасаған, исланд халқының ұлы перзенті, Халлдор Лакснесс туралы, исландиялық әдебиет сыншысы Христьяун Карллссон былай деп жазады. «Лакснеес, былайша алып қарағанда, көптеген жазушылардың бірлесе отырып күш-жігер жұмсауы арқылы ғана жүзеге асыруға болады дерлік, соншалықты бай әрі мазмұны жағынан жаңа әдебиетті бір өзі жасауға толық қол жеткізе алды. Ол ұлттық исландиялық дәстүрлерге өзінің тамырын терең жіберген шығармалар болып шықты. Оның үстіне мұның өзі біздің әдебиетіміз өзінің өткен тарихымен байланысын үзіп алатындай болған қатерлі кезеңде іске асырылды. Егер Лакснесс болмағанда, біздің әдебиетіміздің қай бағыттағы жолмен кететінің белгісіз еді. Онсыз қалай дегенде де ежелгі әдебиетіміз бен қазіргі жаңа әдебиетіміздің арасын бөліп жатқан түпсіз терең шыңырау арқылы алтын көпірдің салынбай қалуы әбден мүмкін еді».
Әлем әдебиетінде «Сагалар аралының сұңғыла скальді» деген атқа ие Исландияның атақты жазушысы Халлдор Кильян Лакснесс – жол құрылысы жөніндегі инспектор Гуудьон Хельги Хельгасон мен оның әйелі Сигридур Халдорсдоттирдің отбасында дүниеге келген. Бала кезінде исланд халқының ежелгі жыр дастандары мен аңыз-ертегілерінің негізінде, ескі шежірелі әңгімелерге еліктеп алғашқы шағын жанрдағы дүниелерін жаза бастаған. Оның бала кезіндегі туған халқының ауыз әдебиетінен алған осы рухани азығы, өсе келе шығармашылығының мәңгілік темірқазығына айналды. Халлдор Лакснесс оның қаламаты еді. Оның шын есімі – Халлдор Гвюдйонсоон. 1902 жылы 23 сәуірде Рейкьявик қаласында туған. Балалық, жастық шағы осы қалада өткен. Лакснесс осы қалада тұрған шағын үйінің аты. Осы есіммен 1919 жылы тұңғыш кітабы «Табиғат перзенті» жарыққа шығады. Дүниежүзілік бірінші соғыстан кейін әлемде жаппай орын алған экономикалық тоқырау мен рухани дағдарыс жас Халлдор Лакснесстің шығармашылық өсуіне, ой-өрісінің кеңейіп, дүниені қабылдауына айрықша әсер етеді. Осы тұста оның көркем ойлау мәнерінде айта қалсын өзгерістер болады. Әртүрлі діндерді, философияны зерттейді. Бұл туралы ол 1952 жылы жарық көрген, өмірбаяндық сипаттағы романында жан-жақтылы жазған болатын. Жазушы 1927-1929 жылдары Солтүстік Америкада болады. Бұл да қаламгердің тұлғалық бітіміне өзіндік ізін қалдырған сапар еді. Осы уақыттар да ол Голливудқа сценарий жазумен де айналысады. Солтүстік Америка мен Канададағы әлеуметтік қақтығыстар, кедейлер мен эмигранттардың әл-ауқаты туралы ащы шындыққа толы шығармалар жазады. Эптон Синклердің ықпалымен исландиялық жазушы социалистік идеяларға да бой алдырды, оның «Халық кітабы» еңбегі осы көзқарасының бірден бір дәлелі бола алатын шығарма. Бұл эссе жинағын ол қоғамға деген сыншыл көзқарасын, әлеуметтік-тұрмыстық астарға толы сатирамен ұштастыра отырып, қатал релизмдік бағытта жазып шығады. 1930 жылы Халлдор Лакснесс Исландияға қайта оралады. Осы жылдардан бастап ол өзінің атақты романдар сериясын жазып, шығара бастайды. «Арманын аңсаған жандар» яғни, өзінің атақты ерлік туралы сагакасын ол осы жылдар ішінде жазылған болатын. Роман шын мәнінде Исландия халқының арман-ұжданын, азаттық танымын, еркіндік жолындағы жанкешті күрес рухын, қарапайым шаруа өмірі арқылы суреттейді. Осы романы арқылы автор тәуелсіз исланд халқының, азат исланд адамының болмысы туралы қастерлі де, қасіретті көркем шежіре жазып шығады.
Өмірінің соңғы жылдарында альцгеймер ауруынан зардап шеккен Лакснесс қарттар үйінде өмір сүрді. Ол өз өмірінде екі рет үйленді. Төрт баласы болды. Жазушының бір қызы режиссерлік салада жұмыс атқарды. Бір немересі Исландияға әйгілі хип-хоп орындаушылардың бірі. Исландия үкіметі Халдор Кильянның үйін мемориалдық мұражайға айналдырып, ұлт руханиятындағы ұлы қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын тынбай насихаттап келеді. Лакснестің көркемдік тәсілі негізінен терең психологизмге, нәзік лиризмге құрылады. Сондай-ақ әзіл мен ащы сарказм да оның кейіпкер сомдау мен образ ашудағы көрнекті тәсілі. Оның кең тынысты эпикалық сарыны исланд халқының дастандарынан келгені даусыз. Ол осы тұрғыдан туған халқының мол фольклорлық байлығына, туған топырағынан жұққан рухани ілімге қарыздар. Осы ерлігі үшін де жазушыға 1955 жылы әдебиет саласы бойынша халықаралық Нобель сыйлығы: «Исландияның ұлы баяндау мәнерін жаңа танымдық биікке көтеріп жандандырған жарқын эпикалық күш-қуаты үшін» берілген болатын. Ол және Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің әдеби сыйлығының лауреаты атағын да алған қайраткер. Исландия мен Совет одағы бірлесе құрған достық қоғамының төрағасы қызыметін де атқарған. КСРО-ға сапарлары туралы «Шығысқа жол» және «Орыс ертегісі» кітаптарын жазған. Ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай жазған шығармаларының жалпы саны 50 томнан асады. 1999 жылы 96 жасында дүние салған Халлдердың шығармалары, еңбектері Исландия әдеби дәстүрінің әлсіреген, өзінің тамырынан үзіле жаздаған ең күрделі кезеңдерде дүниеге келгендіктен де, оның еңбегі Исландия әдебиетінде аса құрметтеледі.
Халлдордың бұл «Арманын аңсаған жандар» романы төрт бөлімнен, жетпіс алты тараудан тұрады. Роман туралы ой-пайымымызды айту үшін осыншалықты «кірпіш романның» фабуласын қысқаша баяндап, оқырмандарға дәстүрі түрде нобайын түсіндіріп алғанымыз дұрыс, онсыз айтқан тақырыптарымыз күңгірт тартуы мүмкін. Исландия – солтүстік Америка мен Еуропа арасындағы ұлы мұхитта орналасқан арал елі екендігін айтып жатудың қажеті болмас. Роман сюжеті Исландия еліндегі Утиредсими жеріндегі елді мекен, қыстақтар туралы баяндайды. Бірінші тарау ежелдің ең күнінен бергі Исландия аралына аяқ басқан адамдар туралы, оның тарихы туралы аңыздық түсіндірмелерге құрылған. Екінші тараудан бастап осы романның бас кейіпкері Биарту ортаға шығады да, осының бастан кешкен оқиғасын оқи бастаймыз. Биартур – жалшы, қой бағушы. Ол Утиредсимирде жас кезінен бастап қожайынның қойын он сегіз жыл бойы бағып, басына әрең бостандық алады да, сол маңайдағы кең мол жайылымнан өзіне тиеселі жер алады. Бірақ оның мойынында әлі қайтпаған қарызы бар, ол енді өзінің жеке қожалығына жалғасты тырысып еңбек етіп, қарызын қайтаруы керек (Биартудың әкесі де «сексен жасқа дейін өмір сүріп еңбек етсе де, жас кезінде жергілікті діни қауым ұйымнан емделу үшін екі жүз крон қарызынан құтыла алмай-ақ кеткен адам екен). Жалпы Биартур ғана емес, Биартур сияқты қаншама кедей-кепшік жандар өле-өлгенше тек ғана қой бағып, ауқаты көрім мал иелеріне жалданып, өмірін өткізеді. Биартурдың басына бостандық тиіп, «жазғы мекен» деп өзі ат қойған иен даладағы кең алқап, ұлы жайылым өзіне тигесін, Роза атты жалшы қызбен ұйленеді. Биартурдың мінез-құлқы, ұстанымдары шығарманың ту басында-ақ бірден «одыраңдап» көзге түседі. Ол өз идеяларынан ауытқымайтын, ол үшін нендей бодау беруге де дайын тұратын, алған бетінен қайтпайтын қыңыр адам, ол қойлары үшін барын салады, тек қана қойларын өсіріп, аман-есен төлдетіп, жыл сайын қарыз қайтарып, бас бостандығы бар дербес адам болуды көксейді. Иен аңғардағы сазды даланың ортасынан шым қалап, тас тасып үй тұрғызған ерлі-зайыпты Биартур мен Роза күнделікті қарапайым жұмыстарын істеп, қойларын бағады. Олардың өмірі соншалықты тарлықта, тауқыметті болады. Соған қарамастан, Биартурдың сөз сөйлемі, мінезі үнемі бір беткей, өзінің еркін, азат тұрмысына қанағатты сезімде бейнеленеді. Ал аяғы ауыр әйелі Роза бір рет болса да қой етін жегісі келіп, әбден күйзеледі. Биартур болса, бірде бір қойға пышақ суыруға болмайтынын, өйткені жыл сайын пәленбай тоқты сатқанда, «тек он төрт жылда ғана қарызымыздан құтыламыз» деп ескерту жасайды. Күндердің бірінде Биартур алыс бір жаққа кеткенде, әйеліне серік болсын деп үйіне қалдырған жалғыз қойды Роза қараңғы жаңбырлы түнде қорқып әрең күзетеді, әйел ертесінде қойды сойып алады, етін асып, ішегіне май тығып, неше түрлі тағам пісіріп жеп қарық болады. Биартур келгесін оған жібін үзіп, сонау оңтүстік далаға қашып кеткенін айтады. Биартур болса осы қойының қайда кеткенін үнемі ойлап жүреді, қаншама айлардан кейін, қақаған қыстың бір күні Биартур сол қойын іздеп шықпақшы болады, Роза оған «таба алмайсың» дейді, әрі қойды сойып алған шындығын да айтпайды. Биартур алған бетінен қайтпай, күні таяу Розаны иен даладағы шым үйіне қалдырып, тау асып, тас басып, алысқа кетеді. Бәрібір қойын таба алмай, өзі үсікке шалына жаздап, бір-екі күнде әзер оралады. Бұл кезде әйелі жалғыз өзі баласын иен үйде босанып, қан көп кетіп өлген болатын. Кішкене нәрестені үйдегі ит төсек үстінде бауырына басып, бойындағы жылуымен аман сақтап қалып еді. Бұдан кейін нәресте қыз балаға Ауста Соуллилиа деп ат қояды. Кейін Финна деп аталатын екінші әйелімен үйленеді, оның Халбера атты кәрі шешесі бар еді. Одан Хелги, Гвендур, Нони атты үш ер баласы болады.
Биартур Исландияның ежелгі поэзиясы – сагаларды молынан жаттаған, өзі де тамаша өлең шығаратын дарынды ақын еді. Ол қой іздеп жүріп те, пішен шауып жүріп те, тіпті күйінішті ойлармен ұйықтай алмай жатса да, күбірлеп өлең оқып жүретін әдеті бар. Жалпы, романның басынан аяғына дейін, Исландия халқының ежелгі жыр-аңыздары, қорқынышты құбыжық, жын-елестер туралы әңгімелер, түрлі наным-сенімдер жайлы, әсіресе руирдсими жеріндегі колумкилли деген зұлым рух туралы көп баяндалады. Автор Халлдор Лакснесс романындағы кейіпкерлердің диалогына да, түрлі баяндаулардың бәріне де исландтардың ұлттық құндылығы саналатын ежелден келе жатқан қастерлі сагасы туралы позициясын қарапайым исланд шаруаларының күнделікті әңгімелеріне, ой-пікірлері арасында барынша нанымды етіп сіңіріп жібергені көрініп тұрады. Аурушаң екінші әйелі Финна күндердің бірінде ауырып қайтыс болады. Үлкен қызы Ауста есейген кезде қаладан келген мұғалім жігіттен жүкті болады да, әкесі Биартур оны қуып жібереді, қақаған аязда иен даланы кесіп өткен ол алыс теңіз жағасындағы қалаға жетіп, сондағы бір балықшының үйінде үй қызметкері болады. Үлкен ұлы Хелги кішкене кезінде иен даладағы қарлы боранда адасып өледі. Кішкентай ұлы Нонни есейгесін Америкаға кетеді де, екінші ағасы Гонедурды шақырып алмақшы болып хат жазады. Гонедур бара алмайды да, айналып келіп әкесінің жанында болады. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Еуропадағы алпауыт елдер өзара соғысқанда Исландия бейтарап қалады да, Еуропа елдерінің түрлі қажетсінулерін (балық майы т.б.) Исландия қамдап, бүкіл елдің әл-ауқаты жақсара бастайды. Бұл жағдайлардың бірі Биартур секілді қарапайым шаруаларға да игі әсерін тигізеді. Кейін келе, елде түрлі экономикалық және саяси дағдарыс туылып, бұрынғыдай шетелге шикі зат сатып экспорттап күн көру заманы келмеске кетеді, өсімқор банк жүйелері халықтың ақшасын тонайды. Қой ақшаға жарамай қалады, ішек-құрт ауруы секілді түрлі індетке ұшырайды. Ежелгі шым үйден сәулетті үй салуға дейін көтерілген, неше жүздеп қой, сиыр өсірген Биартурдың «жазғы мекен» аталатын қора-жайы қарыз үшін сот жағынан бәсекелестіріп сатуға өтеді. Биартур тақыр жерге отырады. Ортаншы ұлын Ресей сияқты алыс елдерде кедей шаруалар бірігіпті (қазан төңкерісі), біз де капитализмге соққы беріп, жұмысшы табын құрамыз, соғыс ашамыз деген қаладағы жігіттердің арасына қалдырады. Ең соңында қалаға кеткен қызы Аустаны бала-шағасымен ірге қыстаққа алып кіріп, солтүстік иен даладағы «сандгил» атты жайылымға барып, тыңнан тіршілік бастамақшы болады. Ақыры Биартур, тоқсандағы кәрі кемпір Халбера, қызы Ауста, оның екі баласы барлығы сандгилға кетіп барып жатқан жерінде аяқталады. «Жолаушыда үн жоқ. Олар иен далада кездейсоқ түнеп, қонып шыққан әлде бір түсініксіз жанға ұқсайтын еді. Шынында мұның өзі өмірдің өз иен даласы болатын. Мына жол оның бұдан да меңреу терең түкпіріндегі бір қиянға тартып бара жатқандай. Бұған өкпелеуге де, шағымдануға да болмайды! Өзіңнің қайғы-қасіретіңе құлай берме, жоғалтқан нәрсеңе бола жылана берме! Биартур осы маңдағы ең биік төбенің басына көтерілген кезде өзінің артына қалып бара жатқан аңғарына тіпті бір ретте қайырылып қарамады»- деп жазады Халлдор соңғы сөйлемнің бірінде.
Шынымен-ақ Биартурдың қыңырайған бір мойындығы, шексіз қайсарлығы оқырманды кейде таңдандырса, кейде түңілдіргендей еді. Романның жалпы сюжетін қасіретті хроникаларды тізбелеп шыққандай түсіндіргендігіміз оқырмандарға ыңғайсыз әсер қалдырып жүрмесе игі еді, бірақ романның Исландианың сұлу шоқылары мен аңғарларына түскен көктем шуағындай жылы тұстары да баршылық, ал романдағы кейіпкерлердің жалпы тағдырын осылайша баяндап шықпасақ болмайды.
Романдағы ой толқытқан мазмұндарға келейік. Әуелі – дербестік идеясы, азаттық рухы. Исландианы (мұз елін) ең алғаш 870 жылдардан бастап адамдар қоныстана бастаған. Норвегиялықтар, Ирландиялықтар, Шотландтар, тағы басқа Скандинавия халықтары бара бастаған, Х ғасырдан бастап аралда алғашқы шағын мемлекеттер құрылады. 1262-1264 жылдары аралды Норвегтер басып алады, 1380 жылдары Исландия Даниямен одақ болады. VІ ғасырда арал Данияға бағынды, 1830 жылдардан бастап аралда өндірістік кәсіпорындар құрыла бастаған. 1857 жылы Исландияда ұлттық құрылтай ашылып, автономиа талап етеді. Дания біраз жеңілдіктер жасайды. Ақыры толықтай тәуелсіздігін, 1944 жылы алады. Оқырмандарға алғашқы сөз-сөйлемнен-ақ Биартурдың дербес адам болуына деген соншама құштарлығы, ыстық арманы әсер етпей қоймайды. Роман 1933-1935 жылдар аралығында жазылғандықтан, бұл жылдары Исландия Дания мемлекетінен толық дербестігін әлі де алмаған еді. Осы сынды саяси ой ұйтқылар романның арқау идеясына алынбауы мүмкін емес. Енді бір жағынан замандар бойы Исландияның өз ішіндегі алпауыттарға, шаруа қожалықтарына, байларға басыбайлы жалшы болып келе жатқан сан мыңдаған қарапайым исландтардың да тәуелсіз, дербес өмір сүруге деген талпынысын қаламгер толық мәнінде ашып, биік деңгейге жеткізіп суреттейді. Бұдан кейін – экономикалық тәуелсіздік. Жеке қожалық құрып, қой бағып, жайылым сатып алу шын мәніндегі дербестікке жеткізе ме, әрі одан құн жарату үшін қалай істеу керек, автор Биартурдың басындағы кешірмелерді баяндау арқылы отызыншы жылдардағы қоғамдық-әлеуметтік санаға осы романның идеясымен сілкініс тудыруға құлшынғаны белгілі.
Алып бәйтерек сынды осы романның жер астындағы тоң қабаттарына дейін жүлгелеп кететін тағы бір тамыры бар, ол болса – Исландияның замандар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық фольклоры. Соның ішінде басты айтылатыны – сагалар. Сагалар көне Исландиялықтардың ауыз әдебиет байлығы, прозалық түрде баяндалатыны да, өлең жыр нұсқасында тарағандары да көп. Оның мазмұны көбінесе қауіп-қатерге, ерлікке толы батырлардың, діндарлардың, викингтердің кешірмелерінен, әртүрлі тақырыптардан, діни сюжеттерден де құралады. Сагаларды жырлаушыларды скалдттар деп атайды, ежелгі сагаларды шығарған көптеген скалдттардың (жыршы, жырау) аты-жөндеріне дейін сақталған. Ежелгі заманда Исландиядағы көптеген елді мекендердің, қыстақтардың, ақыр-аяғы теңізге шығып кит аулайтын кемелердің де өз скалдттары болған. Олар күрделі әрі сұлу өлеңдерді өз жандарынан суырып та айта беретін қасиетке ие. Солардың соңы, жалғасы – қарапайым қойшы Биартур. Биартур мың жыл бойы Исландия аралында өмір сүріп келе жатқан отыз ұрпақтың соңғы өкілі. Ол да күнделікті тіршілікте балаларына, әйеліне, әлде қыстақтағы қалың еркектер бас қосқан сәттерінде, әлдебір той-томалақтарда ежелгі сагалардан үзінді оқиды, кейде өз жанынан суырып тамаша өлеңдер айтады, балалар есейгенде, ертеден сақтап жүрген жеті сагалар жинағын оқытып, жаттатады. Әрине, бұдан сырт романда Халбера кемпірдің немерелеріне айтатын аңыз-әңгімелері, әлде бір ырым-тиымдары, дұғалары, қыстақ айналасындағы хикаяларға байланысты айтатын наным- сенімге толы жорамалдарының бәрі де Исландияның ежелден келе жатқан фольклорлық қазыналарының бұл романда молынан қамтылғандығын айғақтай түседі. Әрі ол ХІХ ғасырдың соңында Исландияның сонау бір түкпірінде өмір сүретін қарапайым шаруалардың кәдімгі халықтық дүние танымы екендігі еш күман тудырмайды. Осы арада Халлдор сомдаған ерекше күш қуаттың иесі Биартур образындағы бірбеткейлік, қайсарлық, қыңырайған асау мінез секілді жан қасиеттерін автор ежелгі солтүстік Еуропаның теңіз-мұхиттарын кезген викинигтерден алған болуы әбден мүмкін ғой деген ой келеді. Әрине, шығармада ежелгі иомсборгтік викинигтер, алып күш иесі Греттир, Исландияның атақты скалді, ер жүрек жауынгері Скаллагрим Эгил туралы айтылып қалады, әрі олардың барлығы алған бетінен қайтпайтын, өр, қайсар адамдар. Сүйте жүріп Исландия сынды солтүстік Еуропадағы климаты күрделі, суық жерлерде өмір сүріп, ұрпақ есейтіп, өсіп-өнеді. Биартурдың өзі де сол дауылды теңізді кезген, балық аулап, аң терісін жамылған, жау жүрек викингтердың ұрпағы, автордың солай суреттеуі заңды. Романның басында оқиғаның қай заманда өтіп жатқандығы айтылмайды, кейін келе ақырындап, біздің заманымызға таяу уақыттар екені белгі береді. Бірінші дүниежүзілік соғыс туралы баяндайтын тарауында ғана Биартурдың ХХ ғасырдың басына енді іліккенін білесіз. Романның мәтінінен тыс ұлы кеңістігінен Исландия аралында мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп келе жатқан адамдардың күй-жайын анық сезінесіз, әлде бір ұсақ-түйек детальдарды, арасындағы біздің заманымызға байланысты түсініктерді алып тастаңыз, Исландия аралында басқа не қалуы мүмкін, тағы да сол Биартур сияқты жалшы-қосшы, балықшы қауымның тіршілігі, Роза мен Финна (екінші әйелі) секілді қарапайым шаруа әйелдерінің болмысы ғана қалады. Оған Исландияның мыңдаған жылдардан жалғасып келе жатқан фольклорлық дүние танымы мен этнографиялық заттарын, танымдарын, ұлттық менталиттерін қоссаңыз, романды орта ғасырлық Исыландия өмірінің шежіресі деп түсіндіруге де болады. Сондықтан да бұлар ұлттық әдеби дәстүрде, Исландия сагалары негізінде жазылған романның Исландиядағы қосымша бір атауы «Ерлік туралы сага» деп аталады. Әрине, Халлдордың сагалардың рухын, викингтердің ерлігін, атақты скалдттардың ой-сезім тебіренісін қарапайым Исландия шаруасы Биартурдың бойына әкеліп теліген шеберлігін, 1930 жылдары Исландияның ұлттық руханиятын түгендесем, оятсам деген жанкешті еңбегін неге бағаламасқа?!
Халлдор Лакснесстің «Арманын аңсаған жандар» романы, шын мәнінде «Ерлік туралы сага» деп айтуға әбден тұрарлық ұлы шығарма. Қаламгер романда Биартурдың балаларының алыс қыстақтағы есейіп жатқан кездерін суреттегенде, сол балалардың тұрғысынан осынау иен аңғарға, осынау әлемге көз тастайды. Бойжеткен қыз Аустаның жан әлемі, әйелге ғана тән түрліше сезім дүниесін суреттегенде, Аустаның тұрғысында тұрып, бүкілдей бір тарауларды баяндап шығады. Мұнысы өте сәтті, ұтымды шыққан әдеби тәсіл. Бұдан басқа Исландияның саз балшық далалары, аңғарлары, таулары, жайлымдары, көлдері, ондағы құстары, көктем, жаз, қыс айларындағы табиғаттың түрліше бояу суреттерін Халлдор перзенттік ұлы махаббатпен кереметтей суреттейді, оның бәрі бірде Биартурдың, бірде балаларының, бірде аңғардағы осы жазықтарға құс атуға келген сырт адамдардың сөйлемдерімен, әсер сезімдерімен беріледі. Әр қандай мекеннің, мейлі ол бір қыстақ болса да, өзіне тән тарихы, кешірмесі бар, сондағы барша жұртқа елеусіз қарапайым адамдардың тағдыры, тіршілік жолы болатыны белгілі. Кейде бұл жалқы дүниенің бір сәтін суреттеп отырғандай көрінгенімен, жалпыға тән көптеген мазмұндарды қаузап жатқандығы анық. Адам тағдырын сөз еткендігі үшін де бұл романды Исландиялықтардың өздері ғана емес, біз де оқып шықсақ, таным көкжиегімізге тағы бір әдемі бояу жағылып, көмескі әлемнің күңгірт тұстары азайар еді-ау деген ойдамыз. Роман туралы ойларды анализға ұластырып,тереңдетуге, тіпті де жүйелеп пайымдауға болар еді, бірақ басты тақырып; оқыған кітаптардан алған ой-әсер, кітап оқудың мәні туралы болғандықтан, жазбамыздың көтерген жүгі осыншалық болғаны дұрыс қой деп тұжырымдаймыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.