Осы сауалды жалпы қазақтық таным деңгейінде аса көкейкесті десек, әрине, тым артықырақ кеткен болар едік. Дегенмен бір кітап деңгейінде және осы екi эпостық тұлғаның ұмытылып кеткен образдық ерекшелiктерiн толықтыруда осы сауалға жауап берудің маңыздылығын да еске салғымыз келедi.
Сонымен,
Тоқсан баулы ноғайлар
Мәслихат төбе басында
Жиылып кеңес құрады
Темiрдің төмен қасында
Жем өзеннiнің жағасы
Мекен еткен қаласы
Он сегiз күн кеңестi
Ноғайдың сонда баласы (“Қарғабойлы Қазтуған”. 6 том. 1990. 73б)
Осы жердегi жиыннан соң ноғай жұртының бір бөлiгi отырған жерiн тастап ауа көшетiн болады. Жырдың осы сәтiндегi эпостық кейiпкер саны үшеу - Асан қайғы, Қарғабойлы Қазтуған, Қарт Әдiл Жәнiбек. Олардың iшiндегi отырған жұртында қалатыны – Жәнiбек де, көшiп кететiнi - екеу: Асан қайғы мен Қарғабойлы Қазтуған. “Қырымның қырық батыры” жырлар шоғырындағы қаптаған батырлардың, жалпы кейiпкерлердің iшiнен тек осы екеуiнің көшiп кету оқиғасына қатыстырылуы, бiздің ойымызша, кездейсоқ емес, және оның үлкен себептерi де бар.
Асан қайғы мен Қазтуғанның көшiп кету бағыты мен маршруты екi түрлі. Асан қайғы Сырдария жаққа, беймәлiм “Нұрдың Қарабайыры” деген жерге бағыт алса, Қазтуған Шам қаласына кетпек болады.
Асан қайғының маршруты:
Асан қайғы көшкен жер
Шыңғырлау, Торы ат басы едi
Қыземшектi Саршоқы
Осы судың қасы едi
Асан қайғы Туғанның
Бөлiнген жерi осы едi....
...Асан қайғы ер туған
Сыр дариясын жағалап,
Нұрдың Қарабайыры
Солай асып жөнелдi...
Қазтуғанның маршруты:
Қарғабойлы Қазтуған
Шам шәhәрiне кетем деп
Мұнда тұрып нетем деп....
...Қарғабойлы Қазтуған
Шұбырып асып жөнелдi
Шам шәhәрiне жетем деп
Үшқияннан кетем деп
Оқ-Балқанға жетем деп
Осы маршруттың бағыт-бағдары мен тарихилығы жөніндегі әңгiмелердi бастамас бұрын, әуелi “осы Асан қайғы мен Қазтуған батыр бір бейне емес пе екен?” деген мәселенi қарастырып көрелiк. Осындай күдiк туғызар мезеттер жырда бірнешеу, тым көп болмағандықтан олардың барлығына да тоқталғанды жөн көремiз.
Бірiншi мезет. Жырдың осы келтiрiлген жолдарындағы кездесетiн ‘’Асан қайғы ер туған’’ және ‘’Асан қайғы Туғанның’’ деген жолдардағы Асан қайғы есiмiне жалғанған ‘’туған’’ сөзiнің болуы, қайталануы кездейсоқ емес сияқты. Осы сөздің Қазтуған (Қаз/туған) есiмiнде де болуы әлгi қойылған сұрақты да тудырып отыр. Өйткенi жыр жолдарындағы Асан қайғы “ер туған” мен Асан қайғы “Туғанның” тiркестерiнің дәл берiлген күйiнде еш мағынасы жоқ деуге болар; егер бірiншi тiркестегi ер туған орны ауысқан “ер (болып) туған Асан қайғы болса” мәндi де болатын шығар (бірақ жыр, жалпы қазақы таным Асанға ешқандай батырлық функция беріп көрмеген), ал екiншiсi (“Асан қайғы туғанның” мағынасыз тiркес сықылды. Кiмдi туған? Кiмнен туған? Осы туған сөзiнің бір кiсiнің есiмiнен кейiн екi рет қайталануын қисынды тұспалға келтiрер болсақ, онда туған сөзiн тiлдегi етiстiк (сөз табы) емес, кәдiмдi адам есiмi дей аламыз, яғни Туған - адамның аты. Қырық батыр циклiнде Тоған деген батырдың, жалпы түрк есiм демек дәстүрiнде Доған, Тоған деген аттардың бар екендiгiн ескерсек, бұған таңқала қоймаспыз. Бұл жердегi маңыздысы - Туған (Тоған) есiмiнің Асан қайғыға жалғанып тұруы. “Асан қайғы, Абат, Тоған” жырында да Тоған мен Асан қайғы бір жырда кездеседi.
Мiне, осы Тоған, Асан қайғы туған және Қарғабойлы Қазтуған - үш есiм екi жыр желiсi арқылы біртұтас образдық кешендi құрап отыр.
Екiншi мезет. Асан қайғы туған мен Қазтуған есiмдерiнің туған сөзi арқылы ұқсас болуы мүмкiндiгi тағы бір сөздiк салыстыруды туғызады. Ол “Асан” мен “қаз” сөздерiнің де түбірлес болу (ас - қаз, ас - хас - ас - hас) мүмкiндiгi. Бірақ, осы ұқсастырудан басталар лингвистикалық-этимологиялық жаттығулар үлкен, ұзақ әңгiмелеудi және барынша маманды бiлiктiлiкті қажет ететiн болғандықтан бiз тек осындай ұқсастықтың бар екендiгiн ескертумен шектелемiз.
Үшiншi мезет. Асан қайғы сапар шеккен Сырдария бағытындағы Нұрдың Қарабайыры - нақты топоним емес, мифоэпикалық символ ретiндегi ғажайып та киелi жердің аты сияқты, [1] сондықтан бұл жерде оны талдап жатпай-ақ Қазтуған маршрутына көңiл бөлгендi жөн көремiз.
Қазтуғанның Үшқияннан Шам қаласына барар жолында Оқ-Балқанға жетiп, сол жердегi дарияға малын суаруына қатысты тарихи мәселелер туралы айтып өттiк. Жалпы жыр Қарғабойлы Қазтуғанның тоқтаған, тiптi қоныс тепкен жерiн оқшаулап дәлдейдi. Ол - бүгінгi Түрікпенстан елiнің батысы (бұрынғы Красноводск, бүгінгi Балқан облысы). Осында Балқан тауы да, Қазаншық (Газанджик) қаласы да бар.
Елге жуық келгенде
Оқ, Балқан тауының Қарасы ендi көрiндi...
....Жерi жазық дала едi
Алдыңғы кеткен ноғай да
Қазаншық деген жер бар едi
Суы бұлақ мол едi
Отырған жерi сол едi
Қазаншық деген су едi
Суы артық мол едi
Қарғабойлы батырдың
Отырған жерi осы едi
Осы Оқ-Балқан аймағы мен Қазаншық төңiрегiнде ноғай жұртының (жыр жолдарындағы айтылғанындай) отыруы тарихи тұрғыдан ақиқат бола ала ма?
Оқ-Балқан мен Қазаншық аймағына байланысты жырдағы ноғайдың, яғни есен-қазақтың осы жерде болуын тарихи тұрғыдан шын етуге сеп болар үш нәрсе бар.
а) жырдағы мал суарған дарияның тарихи Үзбой болуы мүмкiндiгi (оны жеке қарастырып өттiк);
б) осы өңiрге байланысты “Тоқтамыс адамдарының” тарихи құжаттарда аталуы; 15 ғасырда Солтүстік-Батыс Түрікпенстанда басқа ру-тайпалармен қатар, Балқан тауының оңтүстікке қарай “Тоқтамыс адамдарының” да (“люди Тохтамыша” южнее Балхан) мекендегенiн парсы авторы Мирхонд жазып қалдырыпты[2]. Бiз осы жерлерде 15 ғасырдан бастап али-или, уақ руларының да пайда болғандығын атап көрсеттiк. Яғни жырлық Қарғабойлы Қазтуғанның Оқ- Балқанға жетуi – бiр адамның сапары емес, 14-15 ғасырлар белесiндегi есен-қазақтардың бiр бөлiгiнің Маңғыстау мен Үстірттен Түрікпенстанға қоныс аударуын көрсетедi.
в) осы аймақтағы Алаша[3], Дана-ата, Есен-ата (Гөзлi ата) сияқты бiз үшiн қажеттiгi бар нысандардың болуы және Есен мен Асан образдарының бір тектiлiгi мәселесiнің болуы (ол жөнiнде де жеке әңгiмеледік). Есен-ата мен қазақтың Асан-атасы бір бейне екендiгiн атап көрсеттiк, ендi Асан қайғы туған мен Қарғабойлы Қазтуған образдарының бір тектiлiгi жөніндегі әңгiмемiзден кейiн жыр оқиғасындағы Оқ-Балқанға жетiп малын суарған Қазтуған мен осы маңда жерленген Есен-атаны да бір бейнеден өрбiген деуге тағы бір мүмкiндiк ала аламыз.
Төртiншi мезет. Қазтуған мен Асан қайғыны бір бейне деп есептеуге мүмкiндiк берер тағы бір мезет ретiнде жырдағы Қазтуған батырдың қызы Асылзаттың есiмiн қарастыруға болады.
Асылзат - жауынгер қыз, ол әкесiнің атын жамылып, жауға қарсы жалғыз өзi шабады, яғни ол бұл тұрғыда - қазақ эпос жүйесiндегi жауынгер-қыз бейнесiнің аса көрнектiсi болып табылады. Бұл жерде бiз үшiн оның қыз немесе еркектiгi емес, батырлығы да емес, тек есiмiнің мағынасы актуал екендiгiн ескеріп, осы мәселеге ден қойсақ, есiмнің екi мәнi бар екендiгiн көрер едік. Бірiншiсi - бүгінгi қазақ тiлiндегi мағынасы (асыл зат - драгоценность) болса, екiншiсi – сөздің бастапқы мәнi, мұндағы “зат” сөзiнің бастапқы айтылуы - зада (заде). Осы бір парсы сөзi түрк (оғыз-қыпшақ) тiлдiк дәстүрiнде “тегi”, “ұлы”- “оғлы”-“ұғлы”, “баласы” деп қолданылады, бiз оны қазақ әдеби тiлiндегi “ханзада” (хан ұлы), “бекзада” (бек ұлы), “Айзада”, сияқты сөздерден, әзiрбайжан, тәжiк дәстүрiндегi Турсун-заде, Тофик-заде сияқты әулет есiмдерден (фамилиялардан) көріп те жүрмiз. Яғни, жырдағы Асылзат есiмi - бастапқы Асыл зада сөзiнің (шартты есiмiнің) өзгерген түрі ғана. Бұл есiмдегi “асыл” сөзiн тiлiмiздегi “қымбат”, “қадiрлi”, “керемет” деген мәнiнде қолдана беруге болады, бірақ жыр мен тарих логикасы осы сөздің жырда кездесуiн әсте кездейсоқ деп есептеткiзбейдi. Бұл - эпикалық есiм немесе әке аты, яғни “Асылзат” сөзi “әлдебiр Асылдың баласы” деп аударылуы тиiс.
Басқa жырларда кездесетiн Айсыл, Айса деген есiмдер (мысалы, Айсылдың ұлы Әмет, Айсаұлы Ахмет) осы Асыл сөзiмен бір тектi, яғни Асылзада (Асылзат) - Асылдың немесе Айсылдың ұлы дегенді бiлдiредi. Ал эпостағы Ахмет, Әмет - Абат батырдың есiмiнің варианттары болса, олардың әкесi болған Айса, Айсылдар - Асанның есiмiнің варианттары болып табылады, олай болса Асыл да - Асан қайғыының есiмi, ал Асылзат – “Асан баласы” (не қызы) дегенді бiлдiредi. Жырдағы Асылзат - Қазтуғанның қызы болса, этимологиялық талдау оның ендi Асанның (Асылдың) қызы не ұлы болатындығын көрсетедi, олай болса бір қызға ортақ әке болған Қазтуған мен Асан қайғы Туған да бір образдық тектен өрбiп шыққан екi есiм болары хақ.
Бесiншi мезет. Ендi жырдың өзiне қайта айналып соқсақ, жырдағы Қазтуғанның сипаты батырдан гөрi мал жайын күйттеген күйгелек қарт сияқты. Ол жұртына өкпелеп көшiп кетедi, малды малға қоспайды, яғни бiз жырдан қарт адамның бейнесiн көремiз, бұл да оны Асан қайғыға (ол да қарт) жақындата түседi. Сонымен қатар Қазтуғанның жырдағы iс-әрекетi боз маямен байланысты. Жем бойынан кетiп, Оқ-Балқанға жетiп, “сол жердегi дарияға малын суарғанда” су жетпей қалған боз мая Жемдi бетке ұстап керi қашады. Қазтуған сол боз маяны қуғаннан Жемге шейiн қуып барады. Боз мая тоқтамастан Жемдегi Қазбек, Қандыаралға[4] жетiп тоқтайды. Бұл жердегi боз маяның керi бағыттағы қайту жолы, оны Қазтуғанның iздеуi - күнделiктi тұрмыстық күйбең тiршiлiктегi түйе iздеу емес екендiгi түсiнiктi.
Бiз бұл жерде бастапқы оқиға желiсi мен мотивi ұмыт болған түйеге - маяға қатысты мифтiк-эпикалық идеяның бар екендiгiн сезiнемiз. Неге батыр Қазтуған соғысудың орнына “ер қанаты” делiнетiн тұлпарды емес, жоғалған түйесiн iздейдi? Боз мая, мифтiк Мая (түйе), нақтырақ айтсақ, Желмая - абыздық-шамандық функцияға ие кейiпкердің мiнiс малы. Жел мая - Қорқыт пен Асан қайғының, “сары түйе иесi” - Заратуштраның мiнiс малы. Желмаяға мiнiп жерұйық iздеген Асан қайғы мен жаңа жерге кетiп бара жатып, керi қашқан боз маясын iздеген Қазтуғанды осы мая малы арқылы да бір образдан шыққандар деуге тағы да мүмкiндiк аламыз.
Осылармен бірге ескере кетер бір нәрсе - Қазтуғанның “қарғабойлы” делiнуi. Мұрын жыраудың жырында осы екi есiм екi ағалы-iнiлi батырдың екi бөлiк есiмдерi болып жырланады, бірақ жалпықазақтық эпостық-фольклорлық дәстүр Қарғабойлы Қазтуғанды бір адам деп түсiнедi, бiз де осы пiкiрдi қолдаймыз.
Махмұт Қашғаридың сөздiгiнде “бой” сөзi “қауым”, “зәузат”, “тұқым- жұрағат”, “ру” деп аударылған. [5]Ең бастысы - Махмұт Қашғари осы “бой” сөзiнің “оғыз тiлiнiкi” екендiгiн атап көрсетуi, яғни бұл сөз кейiнiрек қыпшақ тiлдi ортада емес, түрікпен тiлдi ортада таралған, қолданысқа ие болғандығын бiлу маңызды. Олай болса “Қарғабойлы сөзiнің” төркiнiн iздестiргенде, ең алдымен 14 ғасырдағы қыпшақ-түрікпен қос тiлдiлiгi қалыптасқан Маңғыстау мен Үстірттің есен-қазақтық кеңiстiгi негiзгi “жоқ iздейтiн координаттар” болуы тиiс. Егер Қарғабойлы Қазтуған түрікпен болмаса, онда оны түрікпен тiлiнің кейбiр ерекшелiктерiн бойына сіңiрген есен-қазақтар арасынан шыққан жиынтық образ деп қабылдауға болады.
“Қарға бой” сөз тiркесi – “Қарғаның тұқымы, тегi, руы” деп аударылады. Қазақ әдебиетшiлерi арасында айтылып жүрген “оның есiмi Қарға бойлы емес, Қарағай бойлы” делiнетiн топшылар - осы “бой” сөзiнің төркiнiне мән бермегендiктен туған және сөзден қарапайым, бүгінгi күнделiктi тiлiмiзде қолданылатын “дене-тұрқы”, “ұзындығы”, яғни (адамның) “бойы” деген мағыналарды көруден шыққан дүмше этимология екендiгiн айта кету қажет.
Мiне, Қазтуғанның Қарғабойдың, яғни Қарғаның баласы болып шығуы да бiраз ойға қалдырады. Қарға немесе Қарақұс – айқын мифтiк образ, ол абыздық пен бақсылыққа байланысты, бұл өз кезегiнде Қазтуғанның мифтiк эпоста қарға образымен байланысты екендiгiн, яғни абыздық (бақсылық), шамандық, дуақанттық сияқты функцияларға ие болғандығын көрсетедi. Бұл да оны Асан қайғымен біртектi ететiн көрсеткiштердің бірi болып табылады.
Осындай бірнеше мезеттер Асан қайғы туған мен Қарғабойлы Қазтуғанның бір образдан шыққан, бір сөзден шыққан кейiпкерлер екендiгiне сенiм ұялатады, яғни осы жорамалдардың iшiнде ұқсас дегенiне ден қоюға барлық негiз бар.
Қарғабойлы Қазтуған – 14 ғасырдағы маңғыстаулық есен-қазақтар ортасының бейнесi. Оның бiтiмi тым күрделi, ол туралы жыр оқиғаларынан бiз бiр-бiрiмен қабаттасқан екi дәуiрдің көшу дәуренiн көремiз: бiрiншiсi – 1350 жж шамасындағы Ащыбас-Шаттан Үстіртке, Қырға шығып кеткен қазақылық етушiлер тарихын, екiншiсi 14 ғасырдың аяғы мен 15 ғасырдың басындағы есен- қазақ қауымдастығының ыдырау дәуiрiндегi олардың бiр бөлiгiнің Оқ-Балқанға қоныс аударуы тарихын баян етедi.
[1] Нұрдың Қарабайыры жыр жолдарының ауанына қарағанда, бүгінгi Өзбекстан жерiндегi Нұр-ата Нұратау өңiрi сияқты. Түрікпен шежiресiндегi Асан қайғы Есен атадан тараған делiнетiн рулардың бiрi ретiнде Нұр-ата руының аты аталады, сондай-ақ қырым циклi жырларында Асан қайғының лақабы ретiнде Нұр және Асылнұр деген есiмдер аталады.
[2] С.Поляков. Этническая история Северо-Западной Туркмении. 1973. C.7;
[3] Аладжа деген елдi мекен Шелекен (челекен) түбегiнің оңтүстік жағалауында бар, оның Оқ, Балқаннан алыстығы не бәрi 100 км жер.
[4] Бiзге белгiлi Қандарал деген жер Жем бойында бар, ол бүгінгi Ақмешiттегi Бекет-ата кесенесi тұрған жерден солтүстікте 38 шақырым жерде, Жемнің сол жақындағы алқап аты. Ұшқан-ата, яғни жырдағы Қазтуғанның кетпестен бұрынғы тұрған ықтимал “Үш қияны” деген жер де осы Қандаралдан қашық емес.
[5] Махмұт Қашғари. Түрк сөздiгi. А. “Хант”. 1997. 3-кiтап. 198-бет. Бұл сөздің көне түрк тiлiндегi “ру”, “ел”, “халық” дегендi бiлдiретiн “бод”, “будун” деген сөздермен түбірлес екендiгiн көруге болады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.