Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Сұлтанәлі Балғабаев: Рухани жаңғыру: қаламгер мен ...

21.05.2017 6081

Сұлтанәлі Балғабаев: Рухани жаңғыру: қаламгер мен кітап

Сұлтанәлі Балғабаев: Рухани жаңғыру: қаламгер мен кітап - adebiportal.kz

Белгілі қаламгер, драматург, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі Сұлтанәлі Балғабаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: ұлттық жаңғыру» атты мақаласы төңірегінде ой бөліскен еді.

– Қазіргі таңда елімізде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Елбасы мақаласы бүкіл халық тарапынан жоғары бағаланып, жан-жақты талқылануда. Бүгінгі әңгімемізді ең алдымен осы маңызды мәселеден бастасақ. Елбасының бұл еңбегі cізге қаламгер ретінде қандай ерекшелік­терімен әсер етті?


– Елбасының бұл мақаласы – қазақ хал­қын ұлт ретінде жаңа деңгейге кө­теріп, әлемдегі ең дамыған өр­ке­ниетті елдердің қатарына жет­кі­зетін нақты, айқын бағдарлама. Қазақстанның бүкіл халқы осы еңбекте көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға бір кісідей жұ­мылып, белсене кірісулері керек.
Осы тұрғыдан келгенде, қа­ламгер ре­тінде Елбасы мақа­ла­сындағы бәсеке­лестік қабілет туралы мәселе айрықша қызық­тырды.


– Қаламгерліктің бәсекеге қандай қатысы бар?


– Мұны түсіну үшін Елбасының ма­қа­ласына және бір назар аударғанымыз жөн: «Болашақта ұлттың табысты болуы, оның табиғи байлығымен емес, адам­дардың бәсекелікке қабілеттілігімен айқында­лады. Бәсекелікке қабілет­тілік дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық на­рықта өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін». Елбасының осы бір-екі ауыз сөзінде қазақ халқының бүгінгі ең өзекті мәселелері қамтылған. Яғни, қазір біз тек табиғи байлықтың – мұнай, газ, көмір, темір т.б. өндірудің нәтижесінде өсіп-өркендеудеміз.
Сонда біз табиғи байлыққа неге тәуелді болып отырмыз? Оның себебі – бәсекеге қабілетіміз төмен. Қолдағы бар мүмкіндікті дұрыс, тиімді пайдалана алмаймыз. Мысалы, Қазақстанның жері ұшан-теңіз кең. Дүниежүзі бойынша алтыншы орын алады. Жеріміздің көбі құнарлы, егін ексең де, бау-бақша салсаң да, мал өсірсең де мол өнім алуға болады. Сөйте тұра айналдырған 17 мил­лион халықты азық-түлікпен қамтамасыз ете алмай, еттің біразын сонау Латын Америкасынан әкелеміз. Көкөністің басым көпшілігін Өзбекстаннан таси­мыз. Киім-кешек жөнінен де бізден қыр­ғыздар озып кетті. Бішкектің киім-ке­шектері Қазақстан­ның сауда орындарын жаулап алған.
Бәсекеге қабілетіміз мәдени-рухани салада, нақтырақ айтқанда, әдебиетте де мақтанарлықтай емес. Мысалы, ақын-жазушыларымыздың басым көпшілігі Алматыда тұрады. Кітап шығарумен айналысатын 300 баспа бар дейді, олар­дың да негізгі бөлігі осында. Бірақ Ал­матыдағы кітап дүкендерін араласаңыз, алдыңыздан, негізінен Ресейдің кітап­тары қаптап шығады.


– Ресейдің кітаптарына сұраныс көп деген сөз бе?


– Мұның себебі – жоғарыда айт­қа­нымыздай, бәсекеге қабілетіміздің тө­мен­дігінен. Осыған орай мына жағдайды айта кеткеніміз жөн. Бүгінгі таңда Қазақстанда кітап шығару жөнінде арнайы бағдарлама қабылданып, көп мөлшерде қаржы бөлініп отыр. Түрлі марапаттар мен атақтарды, Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды да ең көп алатын – ақын, жазушылар. Бұл – Елбасының ұлттық әдебиетімізге жасап отырған айрықша қам­қорлығы. Ең дамыған мемлекеттердің өзінде әде­биетке мұндай қолдау өте сирек. Демек, Қазақстанда жазушылардың кітаптарын көп таралыммен шығарып, халықтың сұранысын толық өтеуге нақты мүмкіндік бар. Бірақ ол мүмкіндікті тиімді пай­далана алмай келеміз.


– Тиімді пайдалана алмауымыздың сыры неде?


– Бүгінге дейін кітап шығару Мә­дениет және спорт министрлігінің «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жүзеге асырып келді. Бұл бағдарлама әдебиетімізді дамытуға, қаламгерлердің жаңа, сапалы шығармалар тудыруына жағдай жасап, жарық көрген кітаптардың оқырманға көптеп жетуіне қызмет етуі тиіс. Бірақ бағдарлама бұл міндетін ой­дағыдай атқара алмай келді. Бұған дәлел – бағдарлама бойынша жарық көретін кітаптардың таралымы 2 мыңмен шек­телетіндігі. Еліміздегі кітапханалар 12 мыңнан асады. Демек, мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітап олардың екі мыңына ғана жетеді. Сонда қалған 10 мың кітапхана жаңа кітапты қайдан алады? Кітапханалардың өзіне жетпей жатқанда, кітап дүкендері жұртшылыққа не ұсынады?
Міне, осының салдарынан Қазақстан халқы жаңа кітаптарға өте зәру. Оның үс­тіне, биылға дейін кітаптың шынайы иесі – авторға төленетін қалам­ақы да түк­ке тұрмайтын жарыты­мсыз болып келді.


– Бұл тұйықтан шығудың жолы бар ма?


– Кітап шығаруды қазіргі заман тала­бына сай, яғни нарық заңдылығына бейім­деп жүргізу керек. Өркениетті ел­дерде кітап шығару үш саладан тұрады. Оның біріншісі – кітаптың түпнұсқасын автордан сатып алу. Екіншісі – кітапты басып шығару. Үшіншісі – дайын болған кітапты тарату, негізінен, саудаға шы­ғарып сату. Осыған орай, оларда кітап шығару – бизнестің ең тиімді түрінің бірі. Кітап саудасының менеджменті де барынша дамыған. Жақсы жазушының табатын табысы да, кітаптардың тара­лымы да барынша жоғары. Тіпті, бұл мәселе өзімізбен көрші Ресейде де алға басқан. Қазақстандағы кітап дүкендерін Ресейдің өнімдерінің «жаулап» алуы – осының нақты дәлелі.
Біздің Қазақстанда бұл үш саланың тек екіншісі ғана нақты жұмыс істейді. Яғни, «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы, аты анық көрсетіп тұрғандай, тек кітапты басып шығаруға ғана арналған еді. Сонда өзге елдердегідей кітапты автордан сатып алу, жарық көрген соң оны тара­тып, саудаға шығару жұмысымен кім айналысады? Бұған нақты ешкім жауап бере алмайды. Өйткені, кітап шығаратын жекеменшік баспалар аталған бағдар­ламаға бөлінген қаржыдан тиісті үлес­терін алып, кітапты 2 мың таралыммен ғана шығарып, осыған жұмсалған шы­ғын­дардан қалған пайданы қалталарына басып, үнсіз отыра береді. Халықтың сұранысын ескеріп, кітаптың таралымын көбейтіп, менеджмент мәселесін қолға алайық деген ешкімнің де қаперіне кірмейді.
Яғни, бізде мемлекет қаржысының есебінен кітап шығару автордың да, оқырман қауымның да мүддесіне емес, жекеменшік баспалардың пайда табуына арналған. Егер бұған күмәнданатын болсақ, соңғы бес-алты жылда «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша қандай баспалар қанша қаржы алды, ол қаржының қаншасы кітапты басып шығару мен тасымалдауға жұмсалды, баспалардың өзіне қанша пайда түсті дегенді арнайы комиссия шығарып, тексеру керек. Сонда біраз жағдай­дың беті ашылар еді.
Бұл жерде мемлекеттік тапсы­рыспен жұмыс істейтін баспаларды ғана айтып отырмын. Бұлардан басқа, авторлармен тікелей байланыс жасап кітап шығаратын баспалар да жетіп артылады. Бірақ олардың шығар­ған кітаптарының таралымы бір жүзден басталып, ең мықтағанда бес жүз да­наның төңіргенде болады. Олардың бәрін автор таныс-білістеріне тегін таратады. Яғни, мұндай кітаптар сатуға түсіп, ха­лықтың сұранысын өтеуге ешқандай да ықпал ете алмайды.


Бәсекеге қабілетіміз мәдени-рухани салада, нақтырақ айтқанда, әдебиетте де мақтанарлықтай емес. Мысалы, ақын-жазушыларымыздың басым көпшілігі Алматыда тұрады. Кітап шығарумен айналысатын 300 баспа бар дейді, олардың да негізгі бөлігі осында. Бірақ Алматыдағы кітап дүкендерін араласаңыз, алдыңыздан, негізінен Ресейдің кітаптары қаптап шығады.


– Кітаптың аз таралуына халық са­нының аздығы да әсер ететін шығар. Қалай ойлайсыз?


– Бұл жәй сылтау ғана. Дүниеде халық саны бізден де аз мемлекеттер жетіп артылады. Мысалы, Финляндия, Норвегия, Швеция. Міне, осы елдерде де кітап бизнесі жоғары деңгейде дамыған. Біздің мүмкіндігіміз олардан артық болмаса, кем емес. Соңғы уақытта бізде қазақ мектептері барынша көбейді. Жастарымыздың басым көпшілігі өз ана тілінде білім алуда. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы да артып келеді. Өзбекстан, Ресей, Қытай елдерінде де сан миллион қандас­тарымыз бар. Олар да Қазақстан кі­таптарына мұқтаж. Яғни, бізде кітап тарату мүм­кіндігі айтарлықтай жоғары. Мәселе – кітап саудасын дұрыстап жүргізе білуде.


– Бұл істі нақты кім қолға алуы керек?


– Ең алдымен жазушылардың өздері қолға алуы керек! Әрине, әр автор өз кітабын дүкенге барып, базар жағалап сатсын демеймін. Мәселе – басқада. Дүниежүзінің бәрінде ақын-жазушы болу – ең қадірлі мамандық. Олардың қа­ламынан туған дүние неғұрлым көбірек таралып, жұрт көбірек оқыса, ол со­ғұрлым жоғары бағаланады. Жақсы кітапты оқырман іздеп жүріп, өзі сатып алады. Автор кітабының қалай таралып, қаншалықты сатылып жатқанын, одан өзіне қандай пайда түсетінін де есептеп, біліп отырады. Біздің жазушылар кітаптарының саудаға түсіп, сатылымға шығуына онша көңіл бөлмейді. Өйткені, бізде кітап шығару – ең алдымен, мақ­таныш. Яғни, біздің қаламгерлер көз майын тауысып, талай уақытын жұмсап жаз­ған еңбегінің бағасы, құны қанша бол­ды; қалай таралып, өзіне қандай пай­да түсті – онда ешқандай шаруасы жоқ; тек әйтеуір сырты жылтыраған жаңа кі­табын ұстап, «міне, осындай шаруа бі­тір­дім» деп жұртқа көрсетіп, мәз болып оты­ра береді. Мұндай жағдайда қаламақы аз болды ма, көп болды ма деген мә­се­ленің ұмыт бола­тыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, бізде қаламақы алмақ түгілі, кі­тап­ты өз ақша­сына шығарып, сосын оны жұртқа тегін тарататын жағдайлар да жиі кез­деседі. Сонда қаншама шығын­да­лып шығарған кітабын тегін алған адам оны керек ете ме, жоқ, былай шыға қо­қыс­қа лақтырып тастай ма – бұл ешкімді де ойлан­дырмайды. Бұл – кітаптың қадірін ке­тіретін келеңсіз жағдай.
Осыған орай, кітап шығару мен таратуды қазіргі нарық заңдылығына бейімдеп жүргізудің қажет екендігін ең алдымен қаламгерлердің өздері түсініп, соған орай әрекет етулері керек.


– Сонда қалай әрекет етуі керек?


– Кез келген мәселені шешу үшін біріншіден қолданыстағы заң-ережелерге сәйкес нақты, айқын ұсыныстар жасалу керек. Қажет жағдайда бұл жөнінде ар­найы жоба-бағдарлама жасап ұсынған да жөн. Екіншіден, бұл ұсыныс пен жоба-бағдарламаны дайындаған адам оны іс жүзіне асыруға өзі белсеніп атсалысуы керек.
Әдебиет туралы сөз қозғайтын қалам­герлер осы екі мәселеге назар аударса деген тілек айтар едім. Өйткені, қазіргі кезде бұл екі мәселе де ойдағыдай ескерілмей келеді. Бұған бір-екі нақты мысал келтірейін. Соңғы уақытта кітап тарату мен сатуды мемлекеттік мекеме құрып, сол арқылы жүзеге асыру керек деген ұсыныс айтылып жүр. Қазіргі заманда бұл мүмкін бе? Бізде кітаптардың бәрі жекеменшік баспалардан шығады, ал жекеменшік субъектілердің өндірген өнімін сатуды мемлекеттік мекеме қалай өз мойнына алады? Барлық заманда, барлық елде әркім өзі өндірген өнімін өзі таратып, өзі сатады.
Сондай-ақ кітап шығаруды жақсарту үшін мемлекеттік баспалар ашу керек деген де әңгіме болады. Бұл да бүгінгі заманда орындалмайтын мәселе. Өйткені, қазір Қазақстанда мүмкін болғанның бәрі жекеменшікке өтуде. Тіпті, «Қазақстан темір жолының» ак­тивтері де жаппай сатылуда. Жоғары оқу орындары, ем­ханалар, кітап­ханалар да жекеменшікке бейімделуде. Осындай жағдайда, мем­лекеттік баспаны қалай ашамыз?
Енді екінші мәселеге ке­лейік. Жа­сыратыны жоқ, біздің қаламгерлер бар­лық жерде өте жақсы сөй­лейді. Кез келген салада үлкен мәселелер көтеріп, әдемі тілмен керемет ақыл-ке­ңестер, ұтымды ұсыныстар да айтады. Өкі­нішке қарай, сол ақыл-кеңес­тері мен ұсы­ныстарын жүзеге ас­ы­руда онша бел­сенділік танытпайды. Тіпті өздеріне тікелей қатысы бар ұлттық әдебиетіміздің қазіргі жағдайы мен болашағы туралы тиісті орындарға қағазға түскен ең болмаса жарты бет ұсыныс та бермейді.
Болашақта қаламгерлер осы екі мәселеге назар аудара жүрсе деймін. Әйтпесе, қаншама атымыз шыққан ақын-жазушы болсақ та, кітабымыз халыққа жетпей, өзіміз ешкімге керек болмай қалуымыз мүмкін. Мұндай жағдайдың алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалуда. Осындай жағдайдың алдын алу үшін бірінші кезекте кітап шығару мен таратуды қазіргі нарық заңдылығына бейімдеп жүргізудің қажет екендігін өзіміз де түсініп, өзгелерге де түсіндіре білуіміз керек.
Бұл ретте, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Шериаздан Елеукеновтың «Қазақ әдебиеті» газетінде осы мәселе жөнінде көлемді проблемалық мақаласы жария­лағыны айта кеткен жөн. Өзім де кітап шығару мен таратуды нарыққа бейімдеу туралы баспасөз бетінде бірнеше рет ұсыныс-пікірлерімді ортаға салдым.
Әйтсе де, ең бастысы соңғы уақытта Қазақстан Жазушылар одағы бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Яғни өткен жылдың басында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, сол кездегі Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Оразалин әдебиетіміздің көр­кемдік сапасының төмендеп, кітап таратудың қиындап бара жатқаны, соған байланысты бұл жұмысты бір жүйеге түсіру қажеттігі туралы мәселе көтеріп, бізге осы жөнінде ұсыныс беруді тап­сырған еді. Басқаларды қайдам, өзім 2016 жылдың ақпанында «Әдебиетімізді дамыту және кітап шығару мен таратуды жетілдіру туралы» деген тақыраппен бірнеше беттен тұратын ұсыныс дайындап бердім.


Кітап шығару мен таратуды нарық қатынастарына бейімдеп жаңа деңгейге көтеру – ең алдымен осы жұмыспен тікелей айналысатын баспагерлердің міндеті екендігі біз айтпасақ та түсінікті. Соған орай, баспагерлер қауымы да өз жұмыстарын қазіргіден нығайтып, жаңа деңгейге көтеруі өте қажет. Болашақта нарық заңының талаптары барынша қатаяды. Жұмсалған әрбір тиынның қайтарылымы болуын қажет ететін шарт күшейеді. Кітап шығаруға бюджеттен бөлінетін қаржы ешкімге пайда бермей, босқа кете берсе, күндердің күні қазіргі бағдарлама жабылады немесе бұл мәселе мықты құрылымдардың қолына өтеді. Баспагерлердің сол бәсекеге осы бастан дайындалып, нарыққа бейімделе бергендері жөн.


– Бұл ұсыныста қандай мәселелер қамтылды?


– Мұнда негізінен үш мәселеге назар аударылды. Бірінші – мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың таралымын көбейту; екінші – «Әде­биеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдар­ламасының ауқымын кеңейтіп, оны кітапты сатып алу және тарату мәселелерімен то­лықтыру; үшіншісі – мемлекеттік тап­сырыспен шығатын кітаптарды іріктейтін Сараптамалық кеңестің құрамын нығайтып, жұмысын жетілдіру. Қазір бұл ұсыныстың үшеуі де жүзеге асты.
Бұл ретте, әсіресе, кітапты автордан сатып алу және тарату мәселесінің «Мәдениет туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенде нақты ескерілгені айрықша маңызды болды. Елбасы күні кеше ғана бұл заңды бекітті.


– Кітап шығару мен таратуға заңның қатысы бар ма?


– Тікелей қатысы бар. Бұған дейін қолданыста болған «Мәдениет туралы» заңда әдебиетті қолдау мәселесі «кітап шығару» деген тұжырыммен ғана шек­телетін еді. Заңның жаңа нұсқасында бұл тұжырым, жоғарыда айтқанымыздай, «сатып алу» және «тарату» деген екі тұжырыммен толықтырылды. Осы екі тұжырым негізінде кітаптың түпнұсқасын қаламақы төлеп автордан сатып алуға және оны таратуға яғни, нарыққа шы­ғаруға заңды жол ашылды. Соған орай, қаламақы төлеудің мәселесі нақты шешілді.
Осыған орай, кітап шығаруға ар­налған бағдарлама да «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, шығару және тарату» дейтін кеңейтілген атқа ие болды. Әрі бұл бағдарлама бойынша шығатын кітаптардың тара­лымы бұрын­ғыдан көбейіп, 5 мың болып белгіленді. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптарды іріктейтін Сарап­тамалық кеңестің нығайту мәселесі де нақты қолға алынуда. Сөз реті келгенде, бұл жаңалықтарды жүзеге асыруға Жазу­шы­лар одағының төрағасы Нұрлан Ора­залинның үлкен еңбек сіңіріп, айрықша ықпал еткенін атап айту – парызымыз.


– Демек, алдағы уақытта қалам­герлердің жағдайы жақсарып, кітап шығару мен тарату жаңа деңгейге кө­теріліп, әдебиетіміз бүгінгі заман талабына сай өркендей бермек. Солай ма?


– Иә, солай деуге үлкен үміт бар. Елбасы бұл мәселеге де нақты жол ашып отыр. Яғни, бағдарламалық мақалада «Заманауи мәдениетті қалыптастыруда Жазушылар одағы да үлкен рөл атқаруға тиіс» деп атап көрсетілген. Сондай-ақ жақында Елбасы қазақтың ең мықты жазушылары – Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев және Смағұл Елубаевты қабылдап, мәдени-рухани мәселелер жөнінде арнайы әңгіме өткізді. Бұл да ұлттық әдебиетімізге деген үлкен құрмет.
Кітап шығару мен таратуды нарық қатынастарына бейімдеп жаңа деңгейге көтеру – ең алдымен осы жұмыспен тікелей айналысатын баспагерлердің міндеті екендігі біз айтпасақ та түсінікті. Соған орай, баспагерлер қауымы да өз жұмыстарын қазіргіден нығайтып, жаңа деңгейге көтеруі өте қажет. Болашақта нарық заңының талаптары барынша қатаяды. Жұмсалған әрбір тиынның қайтарымы болуын қажет ететін шарт күшейеді. Кітап шығаруға бюджеттен бөлінетін қаржы ешкімге пайда бермей, босқа кете берсе, күндердің күні қазіргі бағдарлама жабылады немесе бұл мәселе мықты құрылымдардың қолына өтеді. Баспагерлердің сол бәсекеге осы бастан дайындалып, нарыққа бейімделе бер­гендері жөн.
Бүгінгі таңда елімізде кітап шы­ғарумен Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің Баспа істері жөніндегі басқармасы айналысады. Алдағы уақытта бұл басқарманың қызмет ау­қымын қазіргіден кеңейтіп, кітап шы­ғарумен қатар таратып, саудаға шығару жұ­мыстарына да бағыт-бағдар беріп отыратындай дәрежеге көтеру қажет. Сондай-ақ кітап шығару жө­ніндегі конкурстың шарт-талаптарына да өзгерістер енгізген жөн. Яғни, мұндай конкурста кітаптың таралымын барын­ша көбейтіп, бұл жұмысты нарық заң­дылығына сәйкес жүргізуге мүмкін­дік­тері бар баспаларға басымдық берілгені жөн.
Соңғы уақытта әдебиет мәселесіне «Нұр Отан» партиясының да белсене араласа бастауы көңілге қуаныш әкеледі. Қазіргі кезде партияның ел ішіндегі абырой-беделі мен ықпалы барынша нығайған. Соған орай, «Нұр Отан» партиясының жанындағы мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің бұл саладағы маңызды мәселелерді шешуге бастамашы болатын толық мүмкіндігі бар. Бұл республикалық қоғамдық кеңеске құрылған алғашқы күннен мүшемін. Сол уақыттан бері «Мирас» кеңесі мәдениет пен өнерге қатысты көптеген талқылаулар өткізді. Соңғы уақыта «Мирас» қоғамдық кеңесі «Нұр Отан» партиясының облыстық, қалалық филиалдарының да жанынан құрыла бастады.
Бұл жаңалық Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» мақаласындағы мәдениет пен өнерге, оның ішінде әдебиетке де қатысты міндеттерді барынша нәтижелі орындауға жол ашатыны анық. Мұның бір айқын дәлелі – жақында ғана «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас қоғамдық кеңесінің «Қазақ әдебиетін қолдау және кітап өнімдерін тарату» деген атпен арнайы жиын өткізуі болды.
Мәжіліске «Нұр Отан» пар­тиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орын­басары Жұлдыз Омар­бекова, Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің өкілі Күміс Сейітова қатысты. Бас­қо­суды жазушы, Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, қалалық «Мирас» қоғам­дық кеңесінің төра­ғасы Әлібек Асқаров жүр­гізіп отырды. Бас­пагерлер мен қаламгерлер бұл мәселе жөніндегі ой-пікірлерін ор­таға салды. Басқосуда әсіресе, «Ме­ломан» компаниясы өкі­лінің сөзі айрықша әсерлі болды. Бұл – негі­зінен халық тұтынатын өнімдер сатумен айналысатын ком­пания. Соңғы уақытта кітап биз­несіне де көңіл бөле бастаған. Қазірдің өзінде 15-тен астам кітап дүкенін ашқан. Әзірше, Ресейдің өнімдерін көбірек таратып жүр. Алдағы уақытта Қазақстандағы баспа­лармен де, жекеленген қаламгерлермен де тығыз байланыс орнатуға ынталы.
Бүгінгі заманда әдебиеттің дамуы мен жаңа кітаптарды таратуда әдеби агент­тіктер өте үлкен рөл атқарады. Бізде бұл жаңалық қолданысқа енді ғана ене бастады. «Бестселлер.kz» әдеби агент­тігінің төрайымы Бахтыгүл Махам­бетқызы осы бағыттағы жұмыстары туралы сөз қозғады. Нарық жағдайында кез келген өнімнің халыққа неғұрлым көп жетіп, кең таралуы жарнамаға байланысты. Бұл – кітап өнімдеріне де тікелей қатысты. Жиынға қатысушылар кітап өнімдерін таратуда жарнамаға айрықша көңіл бөлу, бұл мәселе, әсіресе, телеарналада жиі көрсетілуі қажет деген ұтымды ұсыныс айтты.
Жиында айтылған бұл ұсыныстар әдебиетті қолдау мен кітап өнімдерін дұрыс таратуға қажетті ең басты, ең негізгі алғы шарттар екендігі даусыз. Егер осы ұсыныстар нақты жүзеге асатын болса, біздің кітап шығару мен таратудағы бәсекеге қабілеттілігіміз бүгінгіден әлдеқайда жақсарып, көш ілгері алға кетер еді.


– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС

aikyn.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар