18-22 желтоқсан аралығында, елордамызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы, TİKA халықаралық ұйымы, TRT Avaz және "Қазақстан" ұлттық арнасының ұйымдастыруымен “Түрік фильмдері апталығы” өтті. Бұл фильмдердің барлығына бара алмасам да, бірнешеуін көру нәсіп болыпты. Жалпы, көрермен ретінде айтарым – маған фильмдер ұнады. Мұндай шараларды екі ел арасында жиі өткізіп тұрса деген ниетімді де білдіргім келеді. Бұл іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіре келе, фильмдердің бірнешеуін Сіздермен бөлісуді де жөн көрдім...
“Каландар суығы” (Kalandar Soğuğu) фильмі.
Түркияның солтүстік-шығысында, Қара теңіздің Трабзон өңірінде үй жануарларымен күнін әрең көріп жүрген Мехмет шағын, жұпыны бір лашықта анасы, жұбайы және екі ұлымен бірге өмір сүреді.
Жылы жүректі адамдары мен тұмса табиғаты арқылы ерекшеленетін өңірді сипаттайтын драмалық фильм. Мехметтің кенже ұлы мылқау, айықпас бір дертке шалдығады, отбасының оны емдетуге қауқары жоқ. Соған қарамастан, үмітін үзбеген Мехмет тау қойнауынан алтын тауып аламын деген ниетпен пайдалы қазбаларды іздей бастайды. Бұл ісінен түк шықпайтынын сезінген Мехмет, Артвинде болатын бұқалар шайқасына жалғыз өгізін қатыстырып, олжаға кенелмек те болады. Сәтсіз аяқталған бұл әрекетіне де мойымай, тіршілігін жалғастыра береді. Үміт оты сөнбейді. Күндердің бір күнінде, жалғыз өгізі жоғалып, соны іздеп шыққан Мехмет өз көзіне өзі сене алмайтын бір оқиғаға тап болады...
“Ұмытып қалсам сыбырла” (Unutursam Fısılda) фильмі.
Кішкене бір ауылда мінезі жағынан бір-біріне ұқсамайтын апалы-сіңілі Хатидже және Ханифе атты екі қыз, губернатордың ұлы Тарыкке қатты ғашық болып қалады. Ән айтып Түркияның жұлдызы болу – Хатидженің арманы еді.
Ханифе болса тұйық бір жан. Тарыктың композиторлығы мен Хатидженің керемет даусы бір-біріне қатты үйлеседі. Бұл жолда арман отын өшірмей бірге табысқа жететіне сөз береді. Алайда, Тарыктың анасы мен Хатидженің әкесі екі жастың бұл әрекетіне қарсы болады. Хатидженің “Айпери” деп аталуына өте аз уақыт қалады. Соған қарамастан, екі жас музыкалық өнер жолында арман қуып, тәуекелге бел байлап Стамбулға қашады...
“Ертуғрул 1890” (Ertuğrul 1890) фильмі.
Түркия мен Жапонияның достығын нығайтатын бұл фильм екі елдің бастан кешірген тарихи оқиғаларымен қайран қалдырады. Оқиға 1887 жылы Стамбулдан Жапонияға бет алған Османлы мемлекетінің кеме қапитаны Ертұғрылдың саяхатымен басталады. Ертұғрыл Жапониядан кері қайтар жолда тайфунның әсерінен кемесі апатқа ұшырап, 700-ге жуық адамы мерт болады. Тек 69 түрік азаматы аман қалады. Бұл маңдағы аралдағы жапон шаруалары қолдан келгеннің бәрін жасап, түрік азаматтарын аман алып қалады.
Бертін келе, 1985 жылы Иран-Ирак соғысы кезінде Тегеранда еліне жете алмай қалған жапон азаматтары шарасыз күй кешеді. Алайда, сол кездегі премьер-министр Тұрғұт Өзалдың бұйрығымен түрік ұшағы көмекке келіп, Тегеранға қонады. Алайда, жалғыз ұшаққа екі ел азаматтарының сыймайтығын білген түрік ұшқышы Али Өздемирдің адамгершілік, жанпидалық сөздері мен өткен тарихқа көз жүгіртуі халықтың жүрегіне жетеді. Сол мезетте, соғыс өртінен аман қалып еліне жету жолында арпалысқан 215 жапондықтың қуанышында шек болмайды...
“Бастық, бақытты аяқталуын қалайды” (Patron Mutlu Son İstiyor) фильмі.
Романтикалық комедиялық фильмінің сценарийін жазу үшін Синанды, бастығы Түркияның ең көп туристер баратын жерлердің бірі – Кападокияға жібереді. Ол сценарийді қалай жазарын білмей дал болады. Ал оны, бастығы сценарийді тезірек бітіруімен асықтыра береді, асықтыра береді.
Кенет, қонақүй басшысының қызы Эйлюлге көзі түседі. Эйлюл, танымал актер Фаруктың қалыңдығы болу үшін тойға дайындала бастайды. Ал Синанның Эйлюлге ғашық болғаны соншалық, ол туралы қалам тербеуге бел буады...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.