«Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар, қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі - ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі - жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» - деп Елбасымыз өз жолдауында айтып кеткендей, қазіргі заман ағылшын тілін талап етуде. Ағылшын тілі бірінші дүниежүзілік әмбебап тілі болып табылады. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік - экономикалық, мемлекеттік зор ұлттар мен ұлыстардың бір-бірін түсінуіне халықаралық сипат алған ағылшын тілінің өзіндік рөлі зор. Әлемдегі көптеген елдер ағылшын тілінде сөйлейді. Бұл тіл қазіргі заманда жаһандық тіл болғандықтан, оның Қазақстандағы рөлі және болашақтағы маңызы зор. ХХІ ғасырда қазақ елі биік белестерге көтерілуде. Бір жарым ғасырлық тарихы бар дүниежүзілік ЭКСПО-ны өткізу мәртебесіне посткеңестік кеңістікте бірінші болып Қазақстан қол жеткізді. Яғни, бұл Қазақстанның әлемдік денгейдегі абыройлы мегажобасы. ЭКСПО 2017 - Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросы аясындағы халықаралық көрме. Ол ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық денгейдегі көрмеге айналуы мүмкін. Көрмеге 5 млн-дай адам қатысады деп жоспарлануда. Оның 15 пайызы шетелдіктер. Қазақстан тарихында ерекше орын алатын ежелгі Отырар өңірі ең тартымды туристік бағыттардың бірі болғандықтан, шетелдік туристердің көптеп келуі ықтимал. Соңғы жылдары Арыстанбаб және Отырартөбе сияқты тарихи орындарға Европа, Ресей, Қытай, Жапония, Араб және Таяу Шығыс елдерінен келетін туристердің саны жылдан-жылға артуда. Биылдың өзінде Отырар мемлекеттік археологиялық қорық – музейінің экскурсиялық объектілеріне келген шетелдік қонақтардың саны шамамен 5 мыңға жуықтайды. Ал, олардың қатынас тілі - ағылшын тілі. Оларға жоғары деңгейде қызмет ету - біздің міндетіміз. Сол арқылы біз еліміздің мәдениетін әлемге танытуға өз үлесімізді қосамыз деген ойдамыз.
Бір шаңырақты көтеру үшін үш діңгек керек емес. Бір діңгекпен көтерген шаңырақтың жан-жағынан уықтар қадалып, оның беріктігін қамтамасыз етеді. Біздің алтын діңгегіміз, тұғырымыз – қазақ тілі, ал жан-жағынан өзге тілдер мемлекеттік тілді қолдап уық секілді қадалады. Бірақ кейбіріміз үштілділік үдерісі жөнінде басқаша көзқарас танытып жатамыз. Мұның себебі осы бір сөздің мағынасын түсінбеуден келіп шығады. Бірқатары осы бағытты ұстануға оң көзбен қарап, құптаса, енді бірі өз қарсылықтарын білдіруде.
Атап айтсақ, саясаттанушы Т.Әбдуәлидің: «Мемлекет басшысы жаһандану жөнінде мәселе көтергенде де өре түрегелдік. Жаһандану дегеніміз қарапайым сөзбен айтқанда жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі - тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек. Оның қажеттілігін уақыт өткен сайын өткір сезініп келеміз» деген ойын оқытушы Т.Тәңірбергенқызы ары қарай жалғастырады: «Ағылшын тілін үйренгеннен біз мәңгүрттенбейміз. Ағылшын тілі қазақ тілін үйренуге ешқандай кедергі жасамайды. Тек соны түсіне білуіміз керек. Себебі, ағылшын тілі мемлекеттік тілмен бәсекелес емес».
Әлемдік ғаламдандырудың өткізгіші, ғаламдандыру тілі болып танылған ағылшын тілін білу - ағылшын тілді елдермен тиімді байланысқа түскен әлемдік деңгейде өз орнын ойып тұрып ала бастаған Қазақстан үшін қажеттілік. Қиындық туғызатыны - аталған үш тілді меңгерген мамандардың кездесе бермейтіні. Қазақ, ағылшын, орыс тілі қатысқан үштілділік сөйлермендерін дайындау кезек күттірмейтін мәселе.
Елбасы «Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек» - деген. Демек, ағылшын тілін білмей, заман талабына лайықты, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыруға толық қол жеткізе алмаймыз. Іргелес мемлекеттерден анағұрлым ілгері тұрған Қазақстан қазіргі жетістіктерімен шектеліп қалмау үшін де көптілділікке ұмтылуда. Өйткені, еліміздің біліктілігі мен сауаттылық деңгейін әлемге танытып, алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру мүмкіндігіне жетелейтін қадамдардың маңыздысы - көптілділік.
Әмзе
Нұрсейіт
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің экскурсоводы
Мәдениет және өнер істері департаменті
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.