ХVI
Ұжымдастырудың үш жылында Голощекин Қазақстанға, шамамен Пол Пот Кампучийге не істесе, соны істеді.
Егер төрт жылдық алдын ала дайындық жұмыстары болмаса, ол мұны жасай алмаған болар еді. Бірақ “ұлы бетбұрыс” кезінде ол жағдайды меңгеріп алды. Партия қатарын “большевиктендіру” барлық саяси қарсыластарын жолдан кетіруге және азды-көпті өзінше ойлай алатын “ұлтшылдарды” құрдай жорғалағыш көнімпаз-жағымпаз орындаушылармен ауыстыруға мүмкіндік берді.
Ұлттың рухани қаймағы, игі жақсылары – жазушы-ағартушылар лагерьлерде тұншықты, аса көрнекті ұлт ақыны Шәкәрім атылды. Діндарларды мазақтап, масқаралады (1930 жылдың маусымында Голощекин кекесінді арсыз өркөкіректікпен: “Шіркеулер мен мешіттерді әкімшілік жолмен жабудың үлкен дауылын арандату демей, қалай басқаша атауға болады?” – деді. Бірақ, әрине, бірде-бір ғибадатхананы халыққа қайтарған жоқ). “Ауылды кеңестендіру” науқаны іс жүзінде “тап күресін” жасанды түрде өршіту, басқаша айтқанда, адамдарды бір-біріне өшіктіріп, айдап салу болды.
Осының бәрі де қазақ халқының сағын сындырып, ойсырату үшін алдын ала дайындалды...
Сөйтіп, бейне бір адам нанғысыз сиқыр күштің әсерінен болғандай, қазақ даласында қара құйын ойнақ салды. Бірімен-бірі кездескендегі сәлемінің басы “мал-жаның аман ба?” болып келетін қазақтар барлық малынан түгелдей, онымен бірге өздерінің өмірлік құт-берекесінен, тіршілігінің тірегінен айырылды.
1929 жылы шаруашылықтарда 40 миллион бас мал болған болса, 1933 жылы 4 миллион ғана қалды (бұлай болуы әбден мүмкін, тіпті одан да аз болуы). Бұл ретте, бұрын дерліктей барлық табын шоғырландырылған басты мал шаруашылығы аудандарында, ресми мәліметтер бойынша, бар болғаны 300-400 мың бас мал ғана қалды. Бірақ бұл статистиканың қаншалықты “шыншыл” екендігі және оның көрсеткіштерді қай жаққа қарай өзгертетіні белгісіз секілді...
Қазақстан Одақты етпен, жүнмен, терімен қамтамасыз ететін ең ірі аймақтан өзін-өзі асырай алмайтын өлкеге айналды.
Голощекин кез келген болмашы сынның өзін қысымға алып, сөзіне құлақ аспайтын саусақпен санарлық қана адамдарды аяусыз жазалады. Оның үстіне, мұндайлар дерліктей болған да жоқ.
Аштық індеті қазақстандық большевиктердің арасынан бұл туралы өлкелік комитеттің бірінші хатшысына айтуға батылы жеткен бірнеше адам табылған кезге дейін-ақ алғашқы ондаған мың құрбандарын жалмап үлгерді және бүкіл халықтың басына жаппай төнген ауыртпалық болатынын алдын ала сездірді.
1932 жылдың 4 шілдесінде бес коммунист: Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулетқалиев, Е.Алтынбеков және К.Қуанышев Қазақ өлкелік комитетіне хат жолдады. “Лениндік дұрыс жолда” келе жатқан партияның басты бағытына дәстүрлі мадақ сөздер айта келіп, олар істің мәніне көшті: “Алайда бізде, Қазақстанда, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы зор табыстарға қарамастан, мал шаруашылығы саласында Қазақстанды Одақтың негізгі мал шаруашылық базасынан екінші дәрежедегілерінің біріне айналдыратын ойсыраған олқылықтар да бар.
Ауыл шаруашылығындағы “зор табыстар” мынадай болды: екі жыл ішінде “1930 жылғы мал басының 1/8-і қалды”, соның өзінде “бұл ауыр шығын, малдың аяусыз құртылуы тек байлар мен кулактарда, тек орташалар мен кедейлерде – жекешелерде ғана емес, сонымен бірге, негізінен, колхоздар мен колхозшылардың (ішінара совхоздарда да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған табындарында да болды... Мал басының (бұдан мал шаруашылығы өнімдерінің) бұрын-соңды болып көрмеген дәрежеде кемуі – көзге ұрып тұрған шындық... жаңа өнімге дейін-ақ астық қорының тақа таусылуы – бұл да дәлелдеуді керек етпейді”.
Хат авторлары: “Бұл тек байлардың “зиянкестігінің” салдары ғана ма, әлде ОК бағытын “солшылдық” бұрмалаудың кесірі емес пе?” деген сұрақ қояды.
“Шаруашылық негіздерінің баршасы шайқалдырылған, қазірге дейін кейбір аудандарда көп мөлшерде өліп жатқан – Қазақстанға қайта көшіп келушілерге нақты көмек көрсету саласындағы біздің көзқарасымыз дұрыс жағдайда ма?... Жекелеген аудандарда жаппай өлім-жітімге ұшыратқан (қыстың екінші жартысынан бастап) және көптеген қазақ аудандарын қамтыған – мал басының апатты жағдайда кемуі мен аштық мәселелеріне қатысты, сырттай қарағанда большевиктік өзіне-өзі сын көзімен баға беруден қорқушылыққа ұқсайтын, әлі күнге дейін созылып келе жатқан үнсіздігіміз қаншалықты дұрыс?..”
Жағдайдың естен тандырарлық ауыр халге түсіретінін түсіне отырып, олар жолдас Сталиннің “Біздің қиыншылықтарымыз оларды жеңудің мүмкіндігін де өз ішіне қамтитын қиыншылықтар болып табылады” деген терең ойларындағы оптимизмді жоққа шығарды және “байшылдықты тап ретінде... жою... және ауыл еңбеккерлерін феодалдық-байшылдық қанаудан азат ету саласындағы елеулі табыстар... неге екені белгісіз, мал шаруашылығының жедел өсуіне жеткізген жоқ” деп күмән білдірді.
Осыларды айта келіп, хат авторлары мынадай қорытынды шығарды: “... оңшыл оппортунизммен бірге, басты қауіп ретінде, бұл “солшылдық” ауытқушылыққа да қатты соққы беру қажет, бүкіл партия ұйымын осы күреске кеңінен көтеру керек... әйтпесе оңшыл салдарлар тудырған бұл “солшыл” ауытқуға, бұл іс жүзіндегі троцкизмге шексіз төзуге болмайды”.
Филипп Исаевич, әрине, бұл хатты беделге нұқсан келтіру және байшылдық көңіл күйдің көрінісі деп бағалады. Партиядан шығару және қылмыстық жауапкершілікке тарту қаупі туды. Әдеттегідей, ол өзінің “жыртқыштық тегеурінін” көрсетті, ал одан кейін бір аптадан соң хатқа қол қойғандардың төртеуі (бесінші Ғатауллин іссапарда болды) өлкелік комитеттен жазбаша түрде кешірім өтінді. 1932 жылдың 15 шілдесіндегі өлкелік комитет бюросы мен бақылау комиссиясының біріккен отырысында хатты “Қазақстандағы социалистік қайта құруды және ұлттық саясат жетістіктерін тұтастай қаралау” деп бағалады, дегенмен оның авторларына сонда да “кеңшілік” жасап, оларға қатаң сөгіс берді...
1932 жылдың тамызында Голощекиннің жақын серігі, Халком кеңесінің төрағасы Ораз Исаев жағдайдың тым ауырлығы жөніндегі өз жауапкершілігін сезіне отырып және өлкелік комитеттің бірінші хатшысының өркөкірек өзімшілдігі өзгермейтініне көзі жетіп, Сталинге хатпен өтініш білдірді.
“Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ аудандары ашығуда және аштық қазір тұрғындардың айтарлықтай бөлігін қамтыды, – деп жазды ол. – Жуық шамамен алынған мәліметтер бойынша, осы жылдың көктемінде аштықтан 10-15 мың адам өлді, әсіресе 1931 жылы күшейген жаппай үдере көшу, басқа өлкелер мен республикаларға кету қазір де тоқталған жоқ. Көптеген қазақ аудандарында, 1929 жылмен салыстырғанда, тұрғындардың жартысы да қалған жоқ. Өлкедегі шаруа қожалықтарының жалпы саны қазір 1931 жылға қарағанда 23-25% кем. Ашыққан қазақтар мен олардың қараусыз қалған балалары өнеркәсіп орындарының, Семей және Ақтөбе аудандарындағы совхоздардың маңайына, теміржол бекеттеріне топтасып ұрлықпен шұғылданады, колхоз егістіктерін қоршап алып, масақты қияды. Аштық, адамдардың тығыз шоғырлануы, тазалықтың болмауы қара шешек, сүзек, дизентерия т.б. жұқпалы аурулардың таралуына себеп болуда”.
О.Исаев, әрине: “Мал шаруашылығын қазіргі жағдайға жеткізген басты себеп – Қазақстанда пар тия саясатының, артта қалған ұлттық аудандарды коллективтендіру жөніндегі сіздің сан реткі нұсқауларыңыздың бұрмалануы екенін мойындау керек”, – деп көпшік қоя сөйледі. Бейне бір данышпан Коба ұжымшарларға күштеп қуылып әкелінген көшпенділердің зардап шекпеуін ойлап, тек сол үшін ғана қам жеген тәрізді... Халком кеңесінің төрағасына өзінің тікелей бастығын сынауға осындай жолмен бару қажет болды. “...Өлкелік комитет бұл бұрмалауларды барынша батыл түзетпеді, қазақтар бірі қалмай колхозға енуді жөн көреді және коллективтендіруге тек байлар мен ұлтшылдар ғана қарсы болды дегенге көбірек сенді (және соған сенгісі келді). Ауылды кідіртпестен жүз пайыз коллективтендіру арманы өлкелік комитеттің өзінде туды...”. Одан әрі: “...қандай да бір кемшіліксіз жаппай табысқа құмартушылық көзбояушылықтың белең алуына негіз болды. Қарқын жағынан көршілес аудандардан асып түсу тілегі және социализмге тезірек өтуге тырысу әрекеті қазақ ауылдарын әкімшілік әдісімен жаппай коллективтендіруге алып келді. Жұмыс тәсілі ретіндегі науқаншылдық, аудандық комитеттердің үстінен барлық мүмкін жағдайларда қойылған уәкілшілдік өлке мен аудандарда “науқаншыл-екпінділер”, ауылдарда “белсенді” деп аталғандардың тұтас армиясын жасақтап шығарды (өңін айналдырған белсенділерді мен турадан-тура “ауылдағы жаңа масылдық жік” деп атаған болар едім)”.
ОК-нің “қазақ ауылы жөнінде”, ең бастысы, мал шаруашылығы бойынша арнайы шешім шығаруын өтініп және бірқатар шаруашылық шараларды ұсына отырып, Ораз Исаев қорытындысында ең мәнді мәселені жазды:
“Әрине, біздің барлық кемшіліктердің кінәсін бір ғана адамның мойнына артуға болмайды. Бұл жерде бүкіл Өлкелік комитет бюросы тұтасымен кінәлі. Қазақстанның жетекші қызметкері болған дығымнан да Өлкелік комитет пен Қазақстандағы біздің барлық жұмыстарымыздың кемшіліктері мен қателіктері үшін менің жеке өзім де белгілі бір жауапкершілікті мойныма аламын. Алайда жұмысты батыл түрде қайта құру және басшылықты күшейту үшін Өлкелік комитет басшылығының сонылануы және жаңартылуы қажет. Бірінші хатшының ерекше рөлі жалпыға белгілі. Менің жеке ойымша, Қазақстанда үлкен жұмыстар (ауылдарды советтендіру, жікшілдермен күрес және басқалар) атқарған жолдас Голощекин Өлкелік комитеттің де және жеке өзінің де қателіктеріне қатаң сын көзімен қарау негізінде батыл өзгерістер жасау үшін қажет болатын күш-қуатты өз бойынан таба алмайды”.
Қазақстанның мал шаруашылығы туралы ОК-нің шешімі қыркүйекте шықты. Орталық, тіпті, қоныс аударушыларға онша-мұнша көмек те көрсетті. Бір түйір болса да тіленшілердің аштықтан қарайып кеткен алақандарына түсті... Келесі қыста аштық жүз мыңдаған адамдарды баудай түсірді. Голощекинді 1933 жылдың қаңтарында, жаппай індеттің нағыз жайпап тұрған кезінде Мәскеуге шақырып алды. Тағы да біраз уақыт басқаруға басшылық орында отыруға үлгерді...
* * *
Сол күндердің газеттік хроникасынан...
“Большевистская кочегарка” (Қарағанды). 1932 жылдың 16 қыркүйегі
“КУЛАКТАРҒА – КОЛХОЗ КАРТОБЫН ҰРЛАУШЫЛАРҒА СОТ
12 қыркүйекте Тихоновка селосының клубында жиналып көрмеген адам болды. Олар колхоз мүлкін ұрлаушылар Григорий Иванович Погорелов пен Василий Николаевич Косовтың ашық сотына келді.
Погорелов – нағыз кулак, Тихоновка селосының колхозшылары арасында “шығынмен күрес міндетті емес” деген т.б. пасық үгіт жүргізді. 25 тамызда Погорелов базарда алыпсатарлық жасау үшін колхоз картобын ұрламақшы болды. Бірақ оны істей алмады. Одан соң Погорелов ұрлықтың жаңа жоспарын бұл жолы Косовпен бірге жасады. Жоспардың мақсаты 31 тамыз күні шамамен түнгі сағат 12-де картоп ұрлау болды. Жоспарды іске асыруға кірісті. Олар 20 келіден артық картоп ұрлады, алайда қылмыскерлер қайтар жолда ұсталды.
Біздің облыстық соттың көшпелі сессиясы, Карцевтің төрағалығы және Ковалык пен Балғабековтің сот кеңесшілігі (заседатель) құрамымен:
Погорелов Григорий Ивановичке әлеуметтік қорғаныстың жоғарғы шарасын – бүкіл мүлкін кәмпескелеумен бірге ату жазасын қолдануға, Косов Василий Николаевичке Карлагерьде 10 жыл мерзімге түрме жазасын өтеуге үкім етті.
* * *
М.О.Кириченко – кулак, соңғы кездері Солтүстік Қазақстан құрылыс тресінің тасты карьерінде жұмыс істеген...
27 тамызда жұмыстан қайтып келе жатып, Кириченко колхоз картобының егісіне кіріп, оны ұрламақшы болды. Қылмыс орнында – картоп қазып жатқан кезінде ұсталды.
Төраға Карцевтің және сот кеңесшілері Ковалык пен Балғабековтің құрамындағы пролетарлық сот Кириченконың тап жауы болып табылатынын, онымен бірге оның түзелмейтіндігін және оның қылмысы ОАТКОМ мен Халком кеңесінің 7 тамыздағы шешімінде қаралғандығын назарға алып, Кириченко Максим Осиповичке әлеуметтік қорғаныстың жоғарғы шарасын – ату жазасын қолдануға үкім етті. Шығарылған үкімді зал толы қатысушылар ризашылықпен мақұлдап қабыл алды”.
* * *
Роберт Конквест өзінің “Қайғы-қасірет қырманы. Кеңестік ұжымдастыру және аштық терроры” (Лондон, 1988) деген кітабында:
“1931 жылдың қысында, – деп жазады, – Қазақстанды астық қоймасына айналдыру жөніндегі 1928 жылғы орасан зор жоспарлардың сәтсіздікке ұшырағаны мойындалды.
Жоспарланған егіс алқабының бар болғаны төрттен бір бөлігі ғана өте тиімсіз түрде өңделді. Ресми құжаттар мал, тұқым, құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдарының тапшы болғанын куәландырады. Адамдарды ұжымшардан ұжымшарға, әдетте, жаңа орында оларды малмен және астықпен қамтамасыз етудің сәті түседі деген пайдасыз бос үмітпен ауыстырды. 1932 жылдың ақпанына қарай Қазақстанның бүкіл ұжымшарларының 87%-ы және жеке шаруашылықтардың 51,5%-ы (соңғылар дерліктей түгелге жуық көшпенді малшылардан құралды) малсыз қалды. 1926 жылы республикадағы қазақ қауымының 80%-дайы малшылықпен өмір сүрді; 1930 жылдың жазында оның үлесі 27,4%-ға дейін төмендеді. Алайда егіншілік мал өсіруге балама кәсіп бола алмады, өйткені өңделген жер көлемі сол кезеңде тек 17%-ға ғана артты. Бұл цифрлар жасанды түрде тудырылған нәуметтің ауқымдылығы туралы белгілі бір түсінік береді.
Апаттар, тар мағынада, экономикалық және саяси жаңсақтықтардан өрістеді, бірақ оның түп тамырлары, сөздің кең мағынасындағы, адами мәдениетті түсінбеушілікке барып тіреледі. Қазақстанда партиялық ойлауың таңғаларлық саяздығы мен үстірттігі шегіне жете көрінді...
Қазақстандағы аштық 1921 жылғыдағыдай әдіспен жасанды түрде іске асырылды, яғни ол таза идеологиялық пайымдауға негізделген саясатты ойланбай жүргізудің салдарынан туындады. Бірақ Украинадағы аштыққа қарағанда Қазақстандағы аштық әдейі қасақана ұйымдастырылған жоқ. 1932 жылдың соңында Қазақстанға көмек көрсету үшін екі миллион фунт (қадақ) астық – әр адамға жарты фунттан аз (200 г), бірақ кейіннен Украина алғандағыдан көп бөлінді.
Алайда Қазақстандағы ешкім жоспарламаған аштық жергілікті тұрғындардың Кеңес өкіметіне қарсылығын қалайша тиімді түрде басып тастағанын көрген Сталин бұл әдісті кейін Украинаны жолға түсіру үшін пайдаланды деген болжам айтылды”.
Менің ойымша, Қазақстандағы аштық Украинадағыдан өзгеше, алдын ала ойластырылып әдейі жасалған жоқ деп санау арқылы ағылшын тарихшысы қателескен. Екі республикада да ұжымдастыру бір нобаймен жүргізілді және іс жүзінде бірдей мерзімде өтті. Оның үстіне, көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды тағы да екпінді қарқынмен отырықшы болуға мәжбүрледі. Яғни, Қазақстанға одан да қатал сынақ жоспарланды. Бәлкім, сондықтан да шығар, Украинада халықтың 1/5–1/6 бөлігі қырылған кезде Қазақстанда аштықтан 1/3-і жойылғаны, мұнымен қатар, әсіресе байырғы тұрғындар – қазақтар адам айтқысыз зардап шегіп, қақ жартысынан айырылды.
Аштық нәуметінің шаруаларды басып-жаныштау құралы ретіндегі “тиімділігіне” келер болсақ, әрине, Сталин мұны 1929-1932 жылдардағы ұжым дастыруға дейін-ақ жақсы білді: “таңдаулы лениншіл” өз ұстазының 1921 жылы берген сабағын меңгермей қалуы мүмкін емес.
* * *
1933 жылдың шілдесінде, Голощекиннің Мәскеуге аттанып кеткенінен бес айдан кейін, қазақстандық коммунистер оның “қателіктері” туралы алғаш рет ашық айта бастады. Нақтысында бұған мүмкіндік берген жағдай олардың бұрынғы көсемінің партиялық мансабының аяқталуы болатын: Филипп Исаевичті, “жұмыстан кетірудің” жағымсыз дәмін байқатпау үшін оны КСРО Халком кеңесі жанындағы мемлекеттік бас төреші етіп тағайындады. Ал көп сөйлеп жалықтырғаны қайда? Бірақ өзінің саясатқорлық мекерлігінің салдарынан болған адам құрбандықтары туралы ләм-мим демеді.
Оның есесіне, мұндай жағдайлар барлық жерде болды. “Жолдас маузер”, жолдас Сталиннің нұсқауы бойынша, аштық туралы ешкімнің ауызға алмауын қырағылықпен қатты қадағалады. “Аймақты ұстап тұрған” қандықол қасапшылар мен кісі өлтіргіштер бандасы (ал аймақ бүкіл ел болды) және оның көкесі өздерінің көмекшілерінен тек қана асыра дәріптеуді талап етті және жеткіліксіз мақтағандай болып көрінгендерге күмәнмен қарады. Олар өздерінің бағыныштыларына КСРО-ның Құрама Штаттар мен Еуропаны әне-міне қуып жетіп, басып озуына мүмкіндік беретін ұжымдастырудың ірі табыстары туралы таңғала айғайлауға бұйрық берді, ал аналар болса, партиялық тәртіпті сақтай отырып, бір кісідей және қатты айғайлады...
Қазақ өлкелік комитетінің “тарихи” Алтыншы пленумында негізгі баяндаманы өзінің бастығынан іргесін аулақ салған кезде Ораз Исаев жасады.
Мөлшерін өзі жақсы білетін, қазақтар тарихында болып көрмеген қайғы-қасірет туралы Халком кеңесінің төрағасы:
“Бізде екі қиын жыл өтті, кейбіреулер ашықты, отбасы мүшелерін жоғалтқандар да, өзінің қоныстанған мекенінен кеткендер де бар...”
Барлық сөйлегендердің ішінде адалырағы Мемлекеттік жоспарлау қызметкері Нұрмұхамедов болды:
“Егер сіз біздің кез келгенімізден сұрайтын болсаңыз, – деді ол, – онда біз сізге бізде қанша адам, қанша мал, тіпті қанша егіс бар екені туралы бірде-бір цифрды атай алмаймыз”.
Әрине, нақпа-нақ мәліметтер болған жоқ. Бірақ, әлде адам шығыны туралы мәліметтер болған жоқ па? Оларды жария етуге рұқсат берілмегені басқа әңгіме, бұлар қатаң құпиялықпен сақталды. Алайда жекелеген мысалдар бұлтартпас дәлелді болды. Сол Нұрмұхамедов: “Менің туған бауырым, – деді, – 12 жыл батырақ болған, бір сиыры болды, ешқашан егін екпеген, соған қарамастан оған 1930 жылы 5 пұт астық салынды. Осы астықты өтеп құтылу үшін сиырын және кейбір үй мүліктерін сатты... Мұндай жағдайлар өте көп болды”.
Әулиеата ауданы “бір кезде гүлденген болатын”. 1929 жылы 500 мың бас малы бар еді, 1933 жылы 7 мың қалды.
1932 жылдың сәуірінде Қарағанды облысын құру барысында тұрғындар 99 пайыз ұжымдастырылды. Ұжымшар мүшелерінің ешқайсысының өз билігінде тышқақ лағы да болған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысында 1933 жылы 1926 жылғы мал басының 15 пайызы қалды.
Кеген ауданында миллион бас табыннан ұжымдастырудың соңында дерліктей ештеме қалған жоқ. “Сарымбаевтың үйінде (Сарысу ауданы) 4 жан,
2 түйе, 5 қойы болды – өткізуге 80 қой және 4 сиыр міндеттеме алды (күлкі)”. Түрксіб теміржолшыларының малдарын ортақтастырып, одан соң ет дайындаушыларға берді. Түлкібас стансысында қызметкерлердің бүкіл үй жануарларын тартып алды.
Шұбартау ауданында 1930 ж. 473 мың бас мал болған болса, 1933 ж. 783 бас қалды.
Павлодар ауданындағы 330 мың малдан 1933 жылға қарай 30 мыңы ғана аман қалды. “1932 жылдың январь айының соңында мен ауылдардың апатты жағдайда екенін көрдім. Голощекинге екі телеграмма жібердім: “Жағдай ауыр, көмек керек”, – деп. Жауабы: “Сіз қоныс аудару мәселесімен шұғылданыңыз, ал тұқым қорын жинағыңыз келмей ме?” болды (Розыбақиев).
Қызылорда ауданында (барлық жердегідей) жеделдетіп отырықшыландыру жүргізілді. Адамдарды егіншілік үшін де, мал шаруашылығын дамытуға да жағдайсыз “нүктелерге” қуып тықты. Жазда онда жай ғана тұрудың өзі мүмкін болмады.
Шу ауданы: 150 шақырымдық радиуста тұратын халық бір жерге сығылыстырылды. Баянат: “1932 жылы егіс басталардан үш күн бұрын және егіс кезінде отырықшыландыру жүргізілді. Жайсаң мекеніне (мүлде тақыр дала – ешқандай құрылыс жоқ)... адамдарды тықсырып әкелді. Ауылдарға жүк арбалар, ал олармен бірге адамдарды киіз үйлерден қуып, арбаға отырғызып алып келу үшін милиционерлер жіберілді. Төрт айдан кейін бәрі, бірі қалмай, жан-жаққа тарап, қашып кетті (жартысы көршілес қырғыз жеріне кетті)”.
Өздері “үлкен азық-түлік қиыншылығын көріп жатқан” кезде Жаңаарқа, Қорғалжын және басқа аудандар астық дайындаудың “екпінділері” болды.
Торғай ауданында 1932 жылы болған 100 мың бас малдан 1933 жылы тек 4 мыңдайы ғана қалды.
“Мен жылқы шаруашылығының жағдайы туралы 1930-1931 жылдары Исаев пен Голощекинге бірнеше жазба мәлімдеме жібердім. Тіпті құлақ асқан да жоқ. Голощекин мұның бәрін менен артық білетінін айтты” (Шелыхманов, Қазақ өлкелік әскери комиссары).
Не деріңіз бар, Филипп Исаевич көшпеліліктен отырықшылыққа өту құрбандықсыз болмайды және мұның қажетті шарты мал басын кеміту деп санады. Әдейі істелген әйгілі жөнсіздігін маңыздана мәлімдеді. Енді қалай, теоретик емес пе! Жөнсіздікке де негіз керек. Голощекин: “Ең бастысы, малдың санында емес, өнімділікте – “әр бас малдың көп ет, көп май мен жүн беруінде”, – деп тұжырымдады. Ол бұл сөзді мал апта сайын арықтықтан он мыңдап өліп жатқан кезде айтты.
1933 жылы кейбір ұжымшарларда 4-5 жылқыдан ғана қалды. Жегін мал тіпті қалмады да. Егіс кезінде соңғы сиырларға мойынтұрық кигізілді.
Пішен шабу мен орақ маусымына дайындық басталды. Кей жерлерде, ауыл мен деревняларда ересек адамдардың болмауы себепті жасөспірімдердің жұмыс істеуіне тура келді.
Қазір арада алпыс жыл өткеннен кейін де бойға дарыту оңайға соқпай отырған “қожайындық сезімі” ол кезде егіншілер мен малшылардың санасына балғамен соққандай шегелеп енгізілді: Кеңестер еліне ештемесі жоқ ұжымдасқан адам , жай ғана құл қажет болды. Бұл құйыннан түсініксіз түрде аман қалған қарт адам, “Гигант” ұжымшарының агростаростасы: “Мен егіс жұмыстарына тілектестік білдіремін, арамшөптерді отау және жер жырту науқандарына тілектеспін, партия да мұны мақұлдайды, сондықтан мені партияға тілектестердің қатарына жазуды өтінемін” деген өтініш жазды (оны пленумда оқып берді).
Егістікте жұмыс істеуге рұқсат сұрады. Сонымен бірге Алтыншы “тарихи” пленумда басқа да сөздер сөйленді. Жолдас Крист (Халық Комиссарлар Кеңесінің уәкілі, дайындау комитеті): “Өткен жылы біз күштеу тәсілін қолдануды қашан бастадық? – деп мәлімдеді. – Ал науқанның аяғында – бұл кезде астық қалған да жоқ (жаппай қуғын-сүргіннің жеткіліксіз болғандығы осыдан көрінеді).
Жаңа астық дайындау науқанының ерекшелігі – бұқаралық-ұйымдастыру жұмыстарын мемлекеттік мәжбүрлеудің заңды әдістерімен қатаң түрде үйлестіруде, біз орындалмаған тапсырмалар үшін астық дайындаудың алғашқы айы өтісімен айып салуды қолданамыз”.
Бұл кезде тартып алатын да ештеме жоқ болатын және ауыл мен деревнялардағы халыққа да еш нәрсе қалмаған, ал бұл қайраткер әлі де қалай жақсырақ жазалауды және “заңды” қуғын-сүргіндерді қашан жүргізген дұрыс болады дегенді ғана ойлаумен болды. Мемлекеттік мәжбүрлеудің “оңды тәжірибелерімен” бөлісті...
Пленумның басқа бір делегаты Төлепов мынадай “ұсыныс көтерді”: “Еңбекшіқазақ ауданы, “Красный Восток” коммунасында коммунарлар егіс алқабынан масақ қиған жекеше Есютинаны ұстап алды. Әйелді сот органдарына өткізді. Бірақ милиция оны босатып жіберді. Есютина – кулактың қызы, оның күйеуі мен бауырлары бандаға қатысқаны үшін атылған. Біз іс жүзінде колхоз өндірісіне залалын тигізетін тап жауымен істес болып отырмыз, біз тап жауларына жеткілікті түрде батыл соққы бере алмай отырмыз”.
Бұрынғы бірінші хатшы жөнінде байқап, сақтана сөйледі: “Біз жолдас Голощекиннің беделіне өте қатты сендік... Төлепов бюроның әрбір отырысында жолдас Голощекинді мақтады, оның марксизм-ленинизмге риясыз берілгендігі т.с.с. туралы айтатын” (Яндульский).
“Голощекиннің беделіне қалайша қарсы шығуға болатын еді?” (Беккер).
Әрине, өзара сынды да ұмытқан жоқ.
“Мал өсіру шаруашылығының төмендеп бара жатқанын, оның апатты жағдайға қарай шапшаң құлдырау үстінде болғанын біз білмедік десек, бұл күлкілі болған болар еді. Мұны біз білдік, алайда мұны көрсетіп, үнімізді шығару үшін мен және басшылықтағы басқа жолдастар секілді біздің батылдығымыз жетпеді... Жарлықтардан қорықтық (Ж.Сәдуақасов, Өлкелік комитет бюросының мүшесі).
Ізмұхан Құрамысов өкініш білдіруімен көпшілікті көңілдендірді:
“Басқаларға (Исаевқа) қарағанда менің кінәм көп болды, өйткені менің қызметім ескі басшылықтың бағытын көпшілік арасына таратушы ретіндегі арнайы рөлді атқарды. Бұл мәселелерді бәрінен де көбірек, бәрінен де белсенді түрде, бәрінен жиі және бәріне қарағанда дұрыс емес тұрғыда мен жолға қойып отырдым (күлкі)”.
Пленум күйзелістің басты себебі “зиянкестер” де, “тап жаулары” да емес – партия саясатын жүргізудегі “қателіктер мен бұрмалауларда” болғанын мойындады. Бейне бір бұл “қателіктер мен бұрмалауларға” алып келген – сол партия саясатының өзі емес секілді (өйткені қашанда алданып келген халықтың көз алдында және “төменгі” қызметкерлер үшін іс жүзінде жоқ нәрсе секілді “көзге көрінбеген” “партиялық бағыт” оның ұраншылары мен дем берушілерінің өздері тәрізді ешқандай қателіктің болуы мүмкін емес болып көрінетін көз жетпес биікке көтеріліп алған болатын).
Пленум делегаттары 1932 жылдың 17 қыркүйегіндегі өзінің шешімімен “Өлкелік комитеттің теріс саясатын батыл түзетіп, мал шаруашылығын дамытудың дұрыс жолын белгілеген” БК(б)П ОК-ні мадақтады.
БК(б)П ОК бұл саясатты, неге екені белгісіз, мал дерліктей жойылып біткенде және халықтың қырылғаны қырылып, қалғаны жан-жаққа қашып кеткеннен кейін, тек сол кезде ғана “батыл түзетті”. Қазақстан бойынша арнаулы комиссияда ОК-ге өкілдік еткен Каганович тек енді ғана (ештеме қалмаған кезде) астықты аудандардың ұжымшар мүшелеріне 2-3 сиыр, 10-20 қой, 10-20 шошқа мен торай, ал мал өсіруші аудандарда 100-ге дейін қой, 8-10 сиыр, 3-5 түйе, 8-10 табын жылқыларын ұстауға болады деп шешті.
Бұған неге ертерек, адамдар тірі, мал аман тұрған кезде рұқсат етпеді?
Алтыншы пленумның стенографиялық есебіне берілген түсініктеме уақыт рухында жазылған. Алып адымды табыстар мен жетістіктер туралы, бұрмалаудың салдары толығымен жойылғандығы, жүз мыңдаған бұрынғы көшпелілердің енді шаруашылықтарға орналастырылғандығы және көшіп-қонуларға қатысты тек ауыр естеліктердің ғана қалғандығы жөнінде қайтадан айтылды. Және Қазақстанның мал шаруашылығы енді “болып көрмеген қарқынмен алдыға жылжуда екендігі” хақында да... тағы да өздерін көтеріңкі сөздермен алдады...
* * *
Коммунизм теорияшылары белгілеген және оның тәжірибесімен сызылып қалған партия бағыты коммунистердің өздерінің жан түкпірінде белгісіз де күрделі із қалдырды. Жан дүние де әр алуан, із де әртүрлі болды...
Бұрынғы гэпэушниктің баспасөзде жариялауға жіберген естеліктерінің қалың қолжазбасын оқығаным есімде. Өзінің өмірін Солтүстік Кавказдың курортты қалашығында өткізген ардагер, біздің бүкіл халқымыздың игілігі жолындағы социалистік құрылыс романтикасына бөленген алыста қалған мазасыз жастық шағында, қолына қару ұстап, “халық жауларын” – Қарағанды далаларындағы арнайы қоныстанушыларды қарауылдағанын есіне түсіреді.
“Орган” ардагерінің жан дүниесін көмескі, бірақ мазасыз алаңдаушылық қинайды: оның ерлігі өзі қызмет еткен халыққа белгісіз күйінде қалған. Өйткені қатерге бас тігіп, тәуекел етуге тура келді ғой... Оның, коменданттың, алдында жаулық пиғылдағы адамдардың үлкен тобы тұрды, ал қарауылшылар мен айдауылдар өте аз еді... Және кейде бұл түнерген тобырдың арасынан өшіккен айғай-шулар естілетін, наразылар да болды... Бір сөзбен айтқанда, қол үнемі, күні-түні тапаншаның ашық қабынан ажырамауға тиіс болды. Және көпшіліктің ішінде кімнің наразылық білдіріп, айғайлағанын іздестіру, оны тер төгіп табу, бұл наразыларды комендатураға шақырып, тергеу жүргізу, сұраққа алулар, көзбе-көз беттестіру, мойындаттыру, істі аяғына жеткізіп рәсімдеу керек еді.
Әрине, оларды кейін алып кетті, айғайлағаны үшін сотталғандарды лагерьлерге жіберді, бірақ бәрібір жаның жай таппайтын. Қарағанды даласындағы арнаулы тапсырма бойынша өткен іссапардың осы екі немесе үш жылы елемейтіндей емес, күрделі болды және бұл туралы ешкімге тіс жарып айтуға болмады. Бірақ енді (естелік жетпісінші жылдардың соңында жазылған), бәлкім, жастарға сол бір құпия тапсырмалар жөнінде айтып беруге болатын шығар. Мейлі, чекистердің қалай қызмет еткенін білсін, тәрбиеленсін...
Және дәрежесі алдыңғыдан әлдеқайда жоғары, былайша айтқанда, екінші қатардағы көсемдерге жататын тағы бір орындаушы туралы. Тұрар Рысқұлов – РСФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары... Таңғаларлық тағдыр!
1929 жылдың желтоқсанында БК(б)П ОК комиссиясы ұжымдастыру туралы шешімді дайындады. ОК-нің көптеген мүшелері сол кезде қоғамдастырудың жоғары қарқындылығына қарсылық білдірді. Сталин шешімнің жобасын қатты сынға алды. Ол ұжымшар құрылысын жеделдетуді талап етті, мал мен мүлікті, тағы сондайларды қоғамдастырудың дәрежесі туралы нұсқауды алып тастауды талап етті.
“Қаулының соңғы нұсқасында, – деп жазады Р.Медведев, – Солтүстік Кавказ бен Орта Волга үшін ұжымдастыру мерзімі айтарлықтай қысқартылған, өндіріс құралдарын, малды қоғамдастырудың тәртібі жөніндегі, шаруаның иелігіндегі ұсақ малдарын, мүлкін, құстарын өзінде қалдыру туралы нұсқаулар алынып тасталынды. Сондай-ақ кулактықты жою әдісі туралы, кулактар тәртіпке бағынған және ұжымшар мүшесінің барлық міндеттерін өз еркімен орындаған жағдайда кулактарды ұжымшарда пайдалану туралы ереже алынып тасталынды. Қаулы ұжымдастыруды негізгі астықты аудандарда 1930 жылдың күзіне немесе 1931 жылдың көктеміне, ал қалған аудандарда 1931 жылдың күзіне немесе 1932 жылдың көктеміне дейін аяқтауды межеледі”.
Сталинді “әсіре солақайландырған” жалғыз адам жаппай ұжымдастыру мәселесі жөніндегі саяси бюро комиссиясының мүшесі, РСФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов болды.
“Вопросы истории КПСС” журналынан үзінді келтірейін.
“1930 жылдың 3 қаңтарында Халком кеңесі төрағасының орынбасары, Комиссия мүшесі Т.Р.Рысқұлов Саяси бюроға коллективтендіру қарқыны жөніндегі қаулының жобасына түзетулер енгізген қысқаша хат жолдады. Рысқұлов, біріншіден, техникалық дақылдар және мал шаруашылығы аудандарында коллективтендіру қарқынын күшейтуді; екіншіден, қаулының жобасынан жаппай коллективтендіру аудандарында колхоз мүшелерінің негізгі бөлігін орташалар құрайды деген үшінші пункттің бас жағын алып тастауды (бұл ұсыныс, Рысқұловтың пікірі бойынша, колхоздардағы негізгі рөлді орташалар емес, кедейлер және кедей-орташалар атқаратындықтан, мұндай тұжырым теріс таптық бағдар береді, ал кедейлер толық қоғамдастыруды қолдайтын болғандықтан, олар орташалар қауымына өз билігін жүргізуге тиіс деген дәлелге негізделді); үшіншіден, “комиссия жобасынан, колхозға енгенде шаруаның ұсақ малдарын, ұсақ мүліктері мен сиырын өзінде қалдыруына рұқсат етіледі” деген ережені алып тастауды, ал оның орнына “кез келген шектеулерден тыс” қоғамдастыру туралы “қатаң нұсқау” беруді; төртіншіден, бөлінбейтін қорға аудару пайызын колхозшылардың ортақтастырылған материалдық игілігінің барлық сомасының 50%-ына жуық мөлшерге дейін көтеруді және жобадан колхозшының колхоздан шығу құқығы сақталатын ережені алып тастауды ұсынды.
Рысқұловтың түзетулері еріктілік ұстанымын екінші кезекке ысырып тастады және шаруалар бұқарасына қысым жасауды коллективтік шаруашылықтарды ұйымдастырудың негізі етіп қойды. Рысқұлов өзінің қысқа хатында комиссия “колхоздың революциялық сипатын мейлінше еріктілікпен ауыстырғысы келеді” деп көрсетті. Шын мәнінде, Рысқұловтың түзетулері Сталиннің бастапқы ескертпелерімен бір бағытта шықты және шаруалар бұқарасының ұжымдасу жолына түсуінің объективті үрдісін жасанды шаралармен жеделдетуді мақсат етті.
Сталин мен Рысқұловтың түзетулерін жүзеге асырумен қатар жобадан партия органдары мен атқару комитеттеріне колхоздық қозғалыстары әлсіз аудандарды жаппай коллективтендіру аудандары деп жариялауға тыйым салынған ереже алынып тасталынды... Қаулы жобасының соңғы редакциясында одан колхоз құрылысындағы Кеңестердің рөлі туралы тағы да бір маңызды ереже шығып қалды”.
Екі күннен кейін, 1930 жылдың 5 қаңтарында, қаулы қабылданды. Сталинмен және науқанмен бірге елге қандай құбыжық құйын тұрғызғанын Рысқұлов қалайша түсінбеді? Бұл дауылдың қас қаққанша-ақ қазақ даласына жетіп баратынын қалайша сезінбеді? Әрине, түсінді де, сезінді. Ең болмағанда қазақтардың – көшпелілер мен жартылай көшпелілердің өмір жағдайын жақсы білетін оны мұндай қадамға баруға не итермеледі? (Бұдан төрт жыл бұрын, 1926 жылдың қаңтарында оның “Советская степь” газетінде: “Қазақ халқы отырықшы егіншілік жағдайына өтуі тиіс, өтеді де дегенді кім және қандай негізге сүйеніп белгіледі? Бұл жаққа қарай даму бағыты болады, алайда алыс болашақта аяқталады...” деп жазғанын еске түсірейік). Әлде “қазақтан гөрі көбірек коммунист” болып көрінгісі келді ме?..
Бәлкім, Сталиннің қысымынан тысқары қалмаған шығар. Айтпақшы, Рысқұловтың тікелей бастығы – РСФСР Халком кеңесінің төрағасы С.И.Сырцов та (1919 жылғы дон казактары геноцидін басты орындаушылардың бірі) мал шаруашылығы аудандарында “колхоз қозғалысын күшейтуді” талап етті. Көсемнің нұсқауын орындай отырып, Сырцовтың Рысқұловты Саяси бюроға хат жазуға мәжбүрлеуі де әбден мүмкін ғой. Тарихта болып көрмеген күштеу мен зорлық-зомбылыққа жол ашқан ұжымдастыру туралы қаулының екі күннен кейін қатаң сталиндік редакциямен қабылдануын кездейсоқтық деуге болмайды.
Он жыл бұрын Рысқұлов Түркістанда большевиктік саясаттың салдарынан аштықтан қырылып жатқан өзінің жерлестерін құтқарды, ал енді одан да сұмдық күйзелісті қолдан жасауға өзі қатысты, оған қоса, мұны іске асырды да (Нижнее Поволжьеде).
Оның табиғи адамгершілігін большевиктік, қылмыстық бастаулар жеңіп кетті, бірақ өзінің бақытсыздыққа ұшырап, сорлаған халқы үшін жаны ауырғаны сөзсіз (оның марқұм әйелі Азиза Түбековнаның куәлік етуінше, Рысқұлов өзінің қылығы үшін қатты күйзелген).
Солтүстік Кавказ, Украина, Поволжье, Уралдан кейін аштық Қазақстанға да тап берді. 1930 жылдың соңында Рысқұлов “Советская степь” газетінде “Көшпелі және жартылай көшпелі аудандардағы мал шаруашылығына көңіл бөлейік” (“Внимание скотоводству в кочевых и полукочевых районах”) деген мақаласын бастырып, қазақтарды келіп соққан ұжымдастырудың алғашқы толқынын қандай да бір жолмен жеңілдетуге тырысты. Алайда жағдайды түзетудің бұл жасқаншақ талпынысы ештемені шешкен жоқ және оның үстіне, голощекиндік кадрлар тарапынан қатаң сынға ұшырады.
Кейіннен Рысқұлов өз бойынан батылдық тауып, қазақтарды күйретудің апаттық жағдайдағы күшін жеңілдету үшін Сталинге үш рет хат жазды. Оның алғашқы екі хаты аштық өз құрбандарының көп бөлігін алып кеткен кезге, 1932 жылдың соңына, ал соңғы хаты 1933 жылдың басына тура келеді.
1933 жылдың 9 наурызында жазылған үшінші хат – ең егжей-тегжейлісі. Әсіресе алғашқы беттері барынша күшті әсер береді...
“Москва. Кремль. БК(б)П ОК, ж.Сталинге.
Көшірмесі: БК(б)П ауылшаруашылық бөлімі,
ж.Кагановичке,
КСРО Халком кеңесі, ж.Молотовқа
Қазақтардың 1931 жылдың соңында басталып, 1932 жылдың көктемінде және көшкендердің бір бөлігінің (қабылданған шаралардың арқасында) жазда қайта оралуымен өсе түскен бір ауданнан басқа ауданға және Қазақстаннан тыс жерлерге көшуі енді қайтадан күшейе түсуде. Бірқатар қазақ аудандары мен көшушілер арасында аштық пен жұқпалы аурулардан пайда болған өлім-жітімнің ауқымдылығы сондай, орталық органдардың жедел араласуын қажет етеді. Қазақстандағы қазақ тұрғындардың белгілі бір бөлігіне қатысты қалыптасқан мұндай жағдай бірде-бір басқа өлкеде немесе республикада жоқ. Көшіп жүргендер өздерімен бірге көршілес өлкелерге және Ташкент, Сібір және Златоустинск теміржол бағыты бойынша жұқпалы ауруларды таратуда. Советтер тарапынан (дербес жағдайда РСФСР Халком кеңесі тарапынан) белгіленген шаралар мәселені шешпейді. ОК қаулысымен, өз уақытында, азық-түлік бөлу арқылы көрсетілген көмек елеулі жағдайда мақсатқа жеткен жоқ... Осы мәселенің үлкен мәнділігіне байланысты Сізден осы хатпен танысуыңызды және бұл мәселеге араласуыңызды әрі сол арқылы аштық өліміне ұшыраған көптеген адамдардың өмірін құтқаруға жәрдем етуіңізді сұраймын. Жергілікті жерлерден алынған соңғы жуық мәліметтер бойынша, қазір Қазақстаннан көршілес өлкелерге көшіп барған қазақтар саны: Орта Волгада – 40 мың адам, Қырғызстанда – 100 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қарақалпақта – 20 мың, Орта Азияда – 30 мың адам. Көшушілер тіпті Қалмақстан, Тәжікстан, Солтүстік өлке және басқа да алыс жерлерге дейін жеткен. Тұрғындардың байлар бастаған бір бөлігі Батыс Қытайға көшіп кетті. Қазақтар көші-қонындағы мұндай құбылыс Қазақстанда бірінші рет болып отыр. Бұл, әдетте, жаз айларында шағын қашықтыққа жай ғана малымен бірге көшу емес, көп жағдайда бұл аш адамдардың қорек іздеу жолындағы босып-тентіреуі болып табылады. Кейбір жекелеген аудандар да көшушілер аудандағы барлық халықтың 40-50 %-ына дейін жетеді. Көшушілердің көпшілігі жұмысқа орналаспаған және бастарынан ауыр жағдайды өткеруде, ал кәсіпорындарда, совхоздар мен МТС-терде жұмысқа орналасқан қазақ жұмыс шыларды қазір қысқарта бастады, оның үстіне, бұл мекемелердегі қысқартудың жалпы көлемі, егер оларда қазақтар жұмыс істейтін болса, көбінше толығымен солардың есебінен жүргізілуде (дербес жағдайда, бірнеше ондаған қазақтар қазір өздерін қысқартқан орман шаруашылығынан және басқа жұмыстардан Москва вокзалдарына келе бастады).
Көшу үрдісінің өзі орнында қалған колхоздың әлсіреуіне, көшіп кеткендердің қалған мүлкін ұрлау және киіз үйлерді (көбінше бірден-бір баспананы) сату әрекеттеріне, малы барлардың оны есепсіз сойып, шығындауына және малдың көш жолында өлім-жітімге ұшырауына, қалған мүліктерді арзанға сатып кетуіне әкеліп соғуда.
Алайда бұл көшулер мен қазақ шаруашылықтарының шайқалуының ең жағымсыз салдары қазақтар арасындағы аштық пен жұқпалы аурулар болып табылады, олар енді қайтадан қатерлі деңгейге көтерілуде”.
Рысқұлов көшушілерді жедел түрде жұмысқа орналастыруды, ашыққандарға шұғыл көмек көрсетуді, бұл ретте 400 мың пұт астықты наурыз айында беруді, отырықшылыққа өткендерге тұрғын үй тұрғызуды, талқандалған шаруашылықтар үшін мал сатып алуды ұсынды...
Бәлкім, ол өз хатымен көптеген мұқтаж адамдарға шарапатын тигізген болар. Тек бұл кезде өліп “үлгергендерге” емес...
* * *
Біздің жаңа тарихымыз кейде жан шошырлық түске, ғажайып елеске ұқсап кетеді. Ешқашан да жер бетінде адам өмірі осылай құнсызданған емес, ешқашан да адам қаны дәл осылай тасқын болып аққан жоқ. (Ақыл-ойдың қалғуы расында да құбыжықты тудырады, өйткені ақыл-ой, парасат, Қасиетті кітапта (Библия – ауд.) айтылғандай, – Киеліні тану болып табылады.)
Әйтпесе 1941 жылдың өзіне дейін-ақ “Ұлы Октябрьден” кейінгі небәрі екі онжылдыққа жетпейтін уақыт ішінде большевиктік бостандық алған бұрынғы “халықтар түрмесі” тұрғындарының үштен бірінің атылып, аштан өліп жоғалуы қалайша мүмкін болды?
Дегенмен біреулер үшін бұл жарамсыз империя (барған сайын гүлденіп, беки түскен держава!) тек отын болуға – дүниежүзілік революцияның тамыздығына жарайтын жанғыш материал ғана болды. Ел – жанғыш материал, халық – адам-материал. Материалистер...
Қалайша мүмкін болды?..
Себептерін әр жақтан іздеуге болады. Нәсілдік және діни соғыстардан, әлемдік тәртіпті жасырын және ашық күштер арқылы қайта бөлуден – қайта құрудан. Алайда ең басты себебі осылай аяқталуына Құдайдың өзі жол бергендігінен емес пе екен? Өйткені адамдар Құдайды ұмытты, Құдайдың Көлеңкесіне сатқындық жасады...
Сөйтіп, бұл нәжіс пен жын-шайтан ұша жөнелді... “Біз бәрін өртейміз, біз бәрін қиратамыз, біз бәрін жер бетінен өшіреміз, біз ескі күнді сөндіреміз, біз жаңа күнді жағамыз”, – деп әндетті. Және мұны елдің әнұраны етті. “Сайтан алғыр өткеннің” адам-жиынтығынан “Совет адамын” жасауға кірісті. Ал қалай жасау керек? Қалай екені түсінікті. Рухани және материалдық негізді құраған барлық жақсы атаулыны жою және бұл қарғыс атқыр жын-шайтанмен мыңдаған жылдық өткенді өзекке тебу арқылы. Сөйтіп, “шикі адам-материалдың” қасабы мен илегінің түнегінен “жаңа” адам үшін “жаңа” күн шықты. Құдайдың Нұрының, Құдайдың Өзі жаққан аспан шырағының орнына Ильичшамы жағылды.
Ал онда, оның ілімі бойынша қалай? Социализм дегеніміз есеп пе?..
Тек Құдай ғана ештемені ұмытпайды, ал мұнда... Әртүрлі есептеулер бойынша, Кеңес Одағының халқы Қазан төңкерісінен кейінгі 35 жыл ішінде (Сталин қайтыс болғанға дейін) 70-90 миллион адамға кеміген. Сонша адам, бәлкім, одан да көбірек соғыста өлді, “бейбіт” жылдары атылды, аштықпен, аурумен күйзеліске ұшыратылды, лагерьлерде азап шекті. Нақты есебі, әрине, жоқ. Құрбан болғандар саны, егер одан да көп болмаса, онда шамамен он миллиондық артық-кем есебімен өлшенеді..
Ұжымдастыруда 10-нан 20 миллионға дейінгі адамдар аштықтан қырылды. Құрбан болғандардың ең көп бөлігі астықты және мал өсіретін аудандарға – Ресейге, Донға, Солтүстік Кавказға, Поволжьеге, Украинаға, Қазақстанға тиесілі. Аштық елді асыраушыларынан айырды.
Ұжымдастырудың бүкіл уақытында шығын болған адам құрбандықтарының орнын толтыру үшін елге 5 жыл керек болды. Егер Ұлы Отан соғысынан кейін адам санын қалпына келтіру үшін 9 жыл керек болғанын еске түсірсек (ал соғыс құрбандарының саны, соңғы деректер бойынша, 25-тен 46 миллионға дейін болған), онда мәжбүрлі ұжымдастырудың қандай күйзеліс әкелгені түсінікті болады.
Қазақстанда 1931-1933 жылдардағы аштықтан қанша адамның қырылғанын ешкім де дәл білмейді, оны нақты айту мүмкін де емес. С.Конквест құрбан болғандар саны екі миллионға жуықтайды деп санайды. Ж.Әбілхожин мен М.Тәтімов “тікелей шығындар” 1 миллион 700 мың адам болды деп жазады. Б.Төлепбаев пен В.Осипов аштық 1 миллион 50 мың – 1 миллион 100 мың қазақтың және 200-250 мың қазақстандық басқа ұлт өкілдерінің өмірін қиды деген қорытынды шығарады.
Әртүрлі жылдардағы халық санағының мате риалдарына көз жүгіртудің өзі-ақ жеткілікті (20-30-жылдары адамдардың салықтан жасырын ғанын, ал ресми статистика большевиктер партиясына қолайлы жұмыстарды орындағанын есте ұстай отырып). Сонымен, қалай? Тек 70-жылдары ғана республиканың байырғы тұрғындары өзінің бұрынғы санына жетті...
Бірақ мәселе тек қанша адамның өлгенінде ғана емес, адамның ішінде қанша өлгенінде...
ХVІІ
1933 жылдың 4 қазанында, Қазақстанның жылдық мерекесінде, Мәскеуде оқитын қазақ студенттер жерлестігі астанада жүрген Мирзоянды (ол Голощекиннің орнын басқан) және Ораз Исаевты (үкімет төрағасын) өздеріне қонаққа шақырды. Сөз сөйлеуді өтінді. Мирзоян ауырып жүргенін сылтауратып және өзінің Қазақстанда әзірше жаңа адам екенін айтып, бас тартты. Ораз Исаев келісім берді.
Сөз сөйлеп болғаннан кейін оған бірден сұрақ жауып кетті. Әсіресе көп сұрағандары: “Өлкеде не болып жатыр, адамдар неліктен күйзелуде?” деген болды. Ақыр аяғында біреу айғайлап жіберді:
– Қазақтар не себепті аштан өліп жатыр?
Ораз Исаев қызарып кетті де, кенет ақыра жөнелді.
– Мұны байдың ұлы сұрап тұр!
Бозбала орнынан тұрып, оның көзіне тура қарады.
– Мен өзім Аягөзденмін. Жазғы каникулда ауылға бармақшы болып телеграмма салдым. Бірақ мені стансыда ешкім қарсы алмады. Үйге жаяу кеттім. Ауылға келсем, қаңырап бос тұр! Барлық үйлер орнында, заттар түгел, ал адамдар жоқ. Ешкім де. Даланы кезіп келемін. Кенет, күтпеген жерден, тура ауылдан шыға берістегі сай ішінен мәйіттерді көрдім. Бәрі сонда жатыр – менің ата-анам да, туыстарым мен ауылдас-жерлестерім де. Бүкіл ауыл сайдың ішінде...
* * *
Қостанайға тиіп тұрған жерде Ғабит Мүсіреповке жол бойында қаңырап бос қалған көптеген киіз үй қалашықтарының бірі кездесті. Осы бір көзге оғаш көрінетін қоныстың өз көшелері және әрбір киіз үйдің жеке нөмірі болды. Бәрі қаладағыдай. Маңдайшасына кесте-жазулар ілінген: Құрамысов атындағы көше, Ерназаров атындағы, Исаев атын дағы, Рошаль атындағы... Әрбір көше қандай да бір қазақстандық көсемсымақтың атымен аталған. Ал қалашықтың өзі жолдас Голощекиннің есімімен аталған.
Онда адамдар болған жоқ: қырылып қалған.
* * *
Жаны сірі қалақай ұрығы тіпті ұжымдастыру уақытынан бермен сақталған. Қостанай облысында соңғы уақыттарға дейін (1991 жылға дейін – автор) Голощекино стансысы болды. Осылайша Филипп Исаевич өзінің есімімен жабысып қалған. Адамдарды ажал апанына ең көп тоғытқан жерінің дәл өзінде.
* * *
Қыр тұрғындары оны Қужақ деп атады. Қызыл тұмсық... Соғыстың алдында ол тұтқындалды. Белгісіз себептермен аяқталмай қалған тергеу мейлінше ұзақ уақытқа созылды. 1941 жылдың 28 қазанында Берияның нұсқауы бойынша Голощекинді, онымен бірге басқа большевиктерді де Куйбышев облысының Барбыш кентінде атты.
Бәріне “Халықаралық имперализмнің пайдасына шпиондық жасады” деген айып тағылды. Шынайы мәні енді ғана көріне бастаған, басқан әрбір ізі қазіргі күнге дейін мұқият жасырылып келген оны осы бір саяси тұлғаны қылмыс дүниесінің қатал заңымен өздерінікі алып кетіп, тығып тастаған жоқ па әлде?
Сұмырайды сұмпайы қылғытқаны ма сонда?.. “Тарихи энциклопедияда” (“Историческая энциклопедия”): “Сталиннің жекебасына табыну кезеңінде заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған. Өлгеннен кейін ақталған” деп жазылған.
“Қуғын-сүргін құрбаны” делінген. Ал жендет екендігі туралы ләм-мим, бір сөз айтылмаған. Бұл туралы біздің энциклопедияларда жазбайды.
Ешқашан да ештеме үшін әсте сотталмаған бұл жендеттердің ақталғандары қаншама! Жендеттер мойнына зорлап ілген масқара қара таңбаны тек халықтан ғана – елдің миллиондаған ең адал әрі әділ асыраушыларынан, оның жауынгер-қорғаушылары мен рухани көсемдерінен қайтарып алуға ғана асыққан жоқ.
Ақтөбе облысының шағын аудандық газетінің алғаш рет аталып өткен 30-жылдар құрбандарын еске түсіру күніндегі нөмірінде (1992 жылдың маусымында болған) Бақыткерей Амангелдиннің өлеңі бар. Міне, сол өлеңнің бір шумағының жолма-жол аудармасы (қазақ тіліне орысшадан жолма-жол аударылды. – ауд.):
Ей, тозақта шыңғыр, Голощекин! Қара басқыр.
Адамға адам етін жегізген... Қорқау қасқыр.
Қарабет ашкөз сұм әзәзіл...
Қарғыс атсын сені, екі дүниеде жолың болмағыр!
ХVІІІ
Құдайдың назарынан тыс қалған тірі жансыз, құлазыған өлі дала... күзгі күннің салқын лебі енді ғана біліне бастаған, мұнар көктің мұңлы шұғыласына бөленген, сары ала сағымға бөккен, сол бір сор қаптырған үрейлі ауыр жылдары өз еркімен емес, тірідей де емес, артына ұрпақ қалдырмастан із-түзсіз жоғалған адамдарының үні әлдебір алыс түкпірлерде мәңгілікке өшкен құла түз дала көз алда түрегеліп келеді. Ал сонда... әлде мың-мыңдаған құрбандардың суып бара жатқан қан тамырларында мезгіліне жетпей тыным тапқан күнәдан пәк, кінәдан ада, кіршіксіз таза қанының шырқыраған ең ақырғы жан тәсілім үні маңайға естілмегені ме?..
Ерназар қарт пен оның кемпірінің отбасында ел ашыққан уақытта дүниеге келген балғын батыр Ер Төстік туралы қазақтың халық ертегісі бар.
Қыр даланы мекен еткен елде үлкен жұт болады да, адамдар атамекенінен ауа көшіп, жат өлкелерге қоныс аудара бастайды. Көшкен елмен бірге Ерназардың сегіз ұлы да кетеді. Ал шалдың өзі кемпірімен екеуі бір жылдық азық жинап алады да, ақырына дейін шыдап бағу үшін тәуекелге бел байлап, көшпей қала береді. Жыл өтіп, азық таусылады. Бір күні кемпір түндікті ашады, сол сәтте Ерназар шал шаңырақтың уілдірігінде ілулі тұрған жылқының кепкен төстігін көреді.
Олар төстікті пісіріп жеп, күш жинайды, ал тоғыз ай тоғыз күн өткенде кемпір толғатып, ақ сазандай ұл туады. Баланың атын Төстік деп қояды.
Бала сағат санап, күн санап өсіп, бір жылдан кейін нағыз батырға айналады. Бала белдескенді бес бүктеп, аңдысқанды алты бүктеп жығады, ешкімді шақ келтірмейді, мергендігімен де бәрінен озады. Аң аулап әкеліп, ата-анасын, ауылын асырайды. Осылайша олар тоя тамақ ішіп, жақсы өмір сүреді.
Бірде Төстік садағымен шымшықты атып, оның қанатын жаралайды. Шымшық шөп-шөптің арасымен шоқаңдап секіріп ұшып, көрші үйдің жанына келеді. Төстік оның соңынан қуа жөнеледі. Ал ол жерде жіп иірген кемпір отырады. Шымшық жіптің үстінен секіріп өте бергенде, Төстік оны аяғымен баса қалады.
– Әй, жүгермек! – деп кейиді кемпір. – Бостан-босқа сенделгенше, сегіз ағаңды неге іздемейсің?
Төстік өзінің ағалары бар екенін алғаш рет естиді. Бұл туралы ата-анасы оған ешқашан айтпаған еді. Мұның мәнісін шешесінен сұрағанда ол:
– Алжыған кемпір алдайды. Ешқандай ағаларың жоқ! – дейді.
Бірнеше күннен соң Төстік ұрысқақ көрші кемпірдің ұлымен бірге асық ойнайды. Ойын қызығына беріліп кеткен Төстік байқаусызда кемпірдің баласына асықты тигізіп алып, оны өлтіріп қоя жаздайды. Кемпір бұрынғыдан да қатты кейіп, қарғап-сілей бастайды:
– Өлсең етті сен антұрған! Күшіңді қайда сыйғызарыңды білмей жүрсің бе? Одан да өзіңнің жоғалып кеткен ағаларыңның сүйегін неге іздемейсің? – дейді ол Төстікке.
Төстік ойға батады. Үйге келіп, шешесінен тағы сұрайды. Шешесі үндемейді.
Сол кезде Төстік тамақ сұрайды. Шешесі оған табаға бидай салып беріп, “қуырып же” дейді. Төстік бидайды қуырады да шешесіне:
– Шеше, қуырмаш дайын болды ма, көріп берші, – дейді. Кемпір табадан бір уыс ыстық бидайды алақанына салып ала бергенде, Төстік оның қолынан шап беріп ұстай алады да, алақанын бар күшімен қысады.
Шешесі:
– Жібер, балам, қолым күйіп барады, – деп жалынады.
Төстік:
– Ағаларым туралы барлық шындықты айтсаң босатамын, – дейді.
– Жарайды, айтайын.
Төстік қолын босатқан кезде шешесі оған:
– Сенің сегіз ағаң болған. Адам айтқысыз ауыр жұт болған жылы олар кетіп қалды. Содан қайтып оралмады. Тірі ме, жоқ па, кім білсін...
Жоғалған ағаларын іздеуге аттанған батыр туралы ертегі, міне, осыдан басталады.
Алайда, ең бастысы ертегінің түйінінде. Өйткені батыр мейірімді, ол әлсіздерді ешқашан жәбірлеп ренжітпейді, бірақ өзінің туған кәрі шешесіне ауырлық келтіруге мәжбүр. Мұндай іске бару үшін қандай жан азабын тарту керек?!
Демек, шындықты білу үшін азап алдындағы үрейді жеңіп шығу қажет.
Мейлі, ауыр болсын. Бірақ шындықсыз болмайды.
Ер Төстік осыны түсінген...
* * *
...Не болып еді өзі?
Қара құйынның ішінде жын-шайтан ұшып жүрді... және ол бәрін: отбасынан адамдарды, ауылдан тіршілікті, адамнан оның жанын, халықтан рухын үрлеп, ұшырып әкетті.
Және ...әлі ұшып жүр...
Жаратқан Ием, біздің күнәмізді кеше гөр, бізді ақиқат жолына түсіргей.
Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.