Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Жандос Байділданың әңгімелері...

02.03.2016 3301

Жандос Байділданың әңгімелері

Жандос Байділданың әңгімелері - adebiportal.kz


photo_68243.jpg

ПОШТАБАЙ


(хикаят)


Оның азан шақырып қойған есімі Пернебай еді. Қалада жоғары білім алып, лайықты қызмет таппаған соң, елге оралды. Ауданның ескі поштасына жұмысқа орналасқалы ел арасындағы ныспысы Поштабай болып кетті. Алатын жалақысы қарақан басынан артылмайды. Әу баста арманы көп, мақсаты бөлек жігіт еді. Табысы жақсы бір қызметтен дәметіп, айналасына қолғабыс етсем дейтін. Поштаның айлығы қайдан жетсін?!


Жұмысқа алғаш орналасқанда алған кәстөм-шалбарын тастамай киіп жүргеніне де үш жыл өтіпті. Жуа-жуа оңып кеткен, шалбарының қыры түгіл, ізі де қалмаған.

Бүгін қызметінен гөрі, киімі мен әшекейіне көп мән беретін әйел бастығы жұмысқа әдеттегіден ерте келіпті. Пошта қызметшілерінің барлығын жинап:

– Бүгін қандай күн, білесіздер ме? – деді.

– 9 қазан, дүйсенбі... – деді дәл алдында отырған Айжан әбжіл жауап қатып.

– Иә, бүгін 9 қазан. Дүниежүзілік пошта күні, әріптестер! – деді жүзі бал-бұл жанып!

Барлығы аң-таң. «Біздің де еленетін күніміз бар екен ау» десті бір-біріне.

– Иә-иә, бүгін жұмыс соңынан дастархан жайып, өзіміз атап өтейік. Барлығыңызға жарты айлық көлемінде сыйақы беріледі! – деп бір қуантты. Поштабай жұмысқа келгелі бастығынан естіп отырған ең алғашқы жағымды сөз. Іштей «бұрынғы басшылар бұл мерекені неге атап өтпеген?» деп ойлады. Бастығының келгеніне әлі бір жыл өткен жоқ. Аудандағы бір дөкейдің әйелі. Бұған дейін аудандағы білдей бір мектептің директоры болған, кейін жала жауып қызметінен айрылыпты. Жұмыссыз жүрсе де дүниесі түгел, күйеуі ірі кәсіпкер деп еститін. Жақында күйеуі таза бриллиант сағат сыйлапты деп жұмыстағы қыздар ауыз құрғатпай таңғалысып жүрген. Бастық болғанды жақсы көреді деседі. Айналасына пәрмен беріп, қол астындағы жұмысшыларын қолбала қылып жұмсағанды да ұнатады екен.


Жұмыс уақыты да аяқталды. Дүниежүзі пошташылары атап өтеді деген соң, ортадан аз-маз ақша шығарып, дем арада дастарханды жайнатып жіберіпті. Әуелі бастық сөйледі, сосын орынбасарына сөз берді. Отырыс көпке ұзады. Қазан айында күн ерте батады. Үйіне баратын автобус сағат жетіден кейін тоқтайды. Енді тым кеш. Жаяу барғанға алыс, таксимен қайтуға қалтасы көтермейді. Сыйақысы қолына ертеңіне тиеді. Әйелі, бала-шағасы жоқ, таңертең қайта айналып осы жұмысқа келетіндіктен қона саламын деп шешті. Оған қоса жұмысқа киетін жейдесі де, кәстөм-сымы да өзгермейді. Үйде жалғыз қалған шешесіне қоңырау шалып, бүгін жұмыста қонатынын жеткізді.


...Шошып оянды. Бұрын жұмысына қонып көрмеген еді. Айнала тас қараңғы. Тым-тырыс. Ілініп-салынып жүріп, жарықты қосты. Поштаның ішінде қонғаны сонда барып есіне түсті. Карел Чапектің ертегісіндегідей поштада жалғыз өзі. Далаға шығып таза ауа жұтқысы келіп еді, есіктің сыртынан қара құлып салып, жауып кеткені есіне түсті. Шөл қысып, су іздеді. Мерекеге жайылған дастарханды сиыр жалағандай етіп жиыстырып кетіпті. Мемлекеттік мекеме деген аты болған соң, артық дүние болмауы тиіс.


Поштабай оянып алса, қайта ұйықтай алмайтын әдеті бар еді. «Не істесем екен?» деп арлы-берлі пошта ішін адақтап шықты. Әдетте көп нәрсеге зер салып, мән бере бермейді екен, пошта іші қыздың жасауындай жинақы, әдемі. Әне жерде Алматыға жіберілетін сәлемдемелер, әне бір жерде Астанаға жіберілетін сәлем-сауқат буып түйілген. Айналадан артық зат таппайсыз. Қабылдау бөлімінде отыратын қыздардың да үстелдері тап-таза. Оның көзіне ілінген ең шеттегі үстелдің үстіндегі үшбу хат еді. Ойланбастан хатты қолына алды. Хаттың иесі, мекен-жай көрсетілмепті. Түнді жалғыз қалай өткізерін білмей жүрген Поштабайға бұл жақсы ермек болды. Бас салып хатты ашпақ болды да, әдептен озбайын деп сәл кідірді. Орнына қойып, қайта алды. Оңашада кім көрсін, оның үстіне хаттың иесі де, басқасы да көрсетілмеген екен деп ішін ашып қарады. «Менің еш қамқоршым жоқ, жақыным да жоқ...» деп басталыпты әлгі хат. Поштабай қылп ете қалды. Алғашқы сөйлем дәл былай басталарын күтпеген Поштабай аяғына дейін оқып шығуға батылы жетпей ұзақ тұрды. Неде болса оқу керек. Таңға дейін әлі кем дегенде екі-үш сағат бар. Оған дейін мына хатты бірнеше қайталап, тіпті жаттап алуына болады. Жазуы күрделі емес, әлі қалыпқа түспеген жас баланың қолтаңбасы. Поштабай бір жөткірініп алып, хатты оқуға кірісіп кетті.


«Менің еш қамқоршым жоқ, жақыным да жоқ. Осыдан екі жыл бұрын ата-анам жол апатына ұшырап, қаза тапты. Содан бері ағам мен жеңгемнің қолындамын. Қарындасымды нағашыларым қолына алды. Мені ағам мен жеңгем бағып-қағамыз деп қамқорлық танытып еді, мейірімдері жарты жолда үзіліп тынды. Бұл бастаманы көтерген жеңгем екен, қазір мені жер бетінде сол жеңгемнен артық жек көретін жан жоқ. Нағашыларым алып кетеміз дегенде де шыр-пыр болып ортаға түскен жаннан көп үміт күтіп едім. Жеме-жемге келгенде олай болмай шықты. Менің хатымды оқып отырған жандардан көмек сұраймын. Он бес күн түзде, он бес күн үйде болатын ағамнан да қайыр жоқ. Жеңгемнің маған көрсеткен қиянатын ол білмесе де, сезеді. Бірақ, араша түсіп, менің сөзімді сөйлеуге батылы жетпейді. Араларына от салып, ұйып отырған шаңырағын бұзбас үшін дегеніне көніп, айтқанын істедім. Қазір төртінші сыныпта оқимын. Ағам мен жеңгеме масыл болмайын деп киімімді, тамағымды өзім тауып жүрмін...». Поштабай дәл осы жеріне келгенде көзіне домаланып жас келгенін сезді. Хаттан бір уақ көзін тайдырып әкеткені де содан. Күндіз жұмыс барысында хатты оқыса дәл бұлай мұңаймас еді. Жетімдікті басынан өткермесе де, өрімдей жас баланың мұнша шарасыздығына кімді кінәларын білмей дал болды. Ары қарай жалғастырып оқыды...


«...Әкем екеуміз сауысқанның ұясын аңдумен болатынбыз. Сол әдетім әлі де бар. Бірде көшенің арғы бетіндегі мәуелі ағаштың басынан сауысқанның ұясын іздеп таптым. Сауысқан ұясын адамнан жасырып қиын жерге салады. Күнде соңынан түспесең көз жазып қаласың. Сауысқанның ұясынан әшекейдің барлығын табуға болады. Бір мәрте күміс білезік пен алтын сақина тауып, жеңгеме апарып бергенімде мәз болған еді. Жаңа көрпе мен жастық беріп, қарымтасын қайтарғандай болды. Араға көп салмай сол ұядан қымбат сағат тауып алдым. Анам тірі болғанда ойланбастан соған сыйлар едім. Амал жоқ, жеңгеме апарып бердім. Жеңгем көрпе, жастық тыстарымды ауыстырып, бөлмеме жаңадан перде құрып берді. Мені қаншалықты жек көрсе де, жеңгем әшекей, сый дегеннің құлы еді. Мен сыйлаған сағат таза бриллиант болып шығып, оны елге күйеуім әперді деп мақтаныпты. Сағаттың размері де жеңгемнің қолына арналып соғылғандай шап-шақ. Бір қызығы, сол әшекейлердің барлығын қайдан алып жатқанымда шаруасы болмайтын. «Сенен көрмеген жақсылықты қайнымнан көріп жатырмын» деп шәй үстінде тағып отырып ағамның қытығына бір тиіп алатын. Ағам да қайдан алғанымды сұрамады. Әшекейге құмар жеңгемнің шат-шадыман көңілін жыққысы келмегендей жылы жауып қоя салатын...». Поштабай хат иесінің зеректігіне, бұған дейін сауысқанның әшекейге құмар болатынын, іліп әкетіп ұясына таситынына таңғалып, аянышы басылғандай бір күліп алды. Бұрын дәл былай сұқтанып кітап та оқып көрмеген еді, ал мына хаттың қызығы таусылар емес!


«...Жеңгеммен арамыздағы татулық көпке ұзаған жоқ. Әлгі бриллиант сағат осы аудандағы бір дөкейдің келіншегінікі екен. Жеңгемнің бриллиант сағатын жер-жаһанға жария етіп, елден сүйінші сұрағаны шағын ауданның ішінде тез таралса керек, үйге әлгі сағат иесі бір топ миллициямен келіп, сағат пен қоса ағамды салып әкетіпті. Оны сабақтан соң үйге келгенде бір-ақ білдім. Бөлмемнің астаң-кестеңі шығып, заттарымның бәрін далаға лақтырып тастапты. Әрине, бұл жеңгемнің ісі. Бір жағдайдың болғанын сезіп, үндеместен басым ауған жаққа кеткелі жатыр едім, долы жеңгемнің даусынан аздап алаңдадым. «Ұры! Ұры неме! Сені осы үйге алып келгенде ұры болсын деп тәрбие бердік пе? Оңбаған! Тасжетім! Тексіз!» деді ағыл-тегіл жылап. «Тексіз» деген сөздің мағынасын түсіне де бермеймін, әйтсе де жақсы сөз еместігін сеземін. Одан гөрі «тасжетім» дегені жаныма қатты батты. Бәленің бәрі сағатта екенін ішім сезді, бірақ түсіндіріп әуре болғым келмеді. Бәрібір оған сенейін деп тұрған адам жоқ. Бір сөмке киімім мен кітаптарымды қолтықтап жүргелі тұрғанымда артымнан жеңгем тежеп «Қайда бармақсың а, қайда? Сенің кесіріңнен ана ағаң жауап беруге кетті. Жәй ғана кете салмақсың ба, а? Қазір мен милиция шақырамын, отыр қане!» деп сілкілеп, ұстап қалды. Бұл жолы жеңгемді тыңдамадым. Сөзін аяқ-асты еттім. Елдің барлығы алыстағы жақындарына хат жазып, сәлем-сауқатын осы поштаға салып жататынын күнде көремін. Мен үшін пошта тілегіңді орындайтын, сөзіңді жерге қалдырмайтын киелі мекен сияқты. Күндердің күнінде бұл хатты оқиды деп сенемін. Оқысаңыздар, маған көмек беріңіздерші! Ағам мен жеңгемнің еш кінәсі жоқ, менің де еш кінәм жоқ. Мұның барлығына кінәлі сауысқан. Мен атымды жазғым келмейді, себебі менің хатымды сыныптастарыма оқытып, мектепте абыройымнан айрылуым мүмкін. Сыныптастарым да менің жетім екендігімді білмейді. Ағам мен жеңгемді әке-шешем деп есептейді. Сабақ үстінде мұғалімдер жеті атамды сұрағанда да ұятқа қалмас үшін ойдан құрап айтып беремін. Оны біліп жатқан ешкім де жоқ. Ағам мен жеңгем әл-Фараби көшесіндегі 15 үйде тұрады. Олардың еш кінәсі жоқ екенін ана милицияларға айтыңыздаршы! Басқа тілегім жоқ!» деп аяқтапты хатын. Поштабай елегізіп сала берді. Оңашада көзінен ыршып-ыршып шыққан жасын жеңімен сүртіп, ешкім көріп қоймады ма дегендей айналасына жалтақ-жалтақ қарады. Әлгі мекен-жайға қазір аттанғысы келді. Әттең жіпсіз байланып, тар құрсауда қамалған жаралы арыстандай сезінді. «Дәл қазір хат иесі қайда екен? Ол хатты бүгін жазды, демек ол үйінен бүгін қашып кетті» деді күбірлеп. Поштабай бала үшін алаңдады. Студент кезінде ақшасыз қалып, бір күн бойы аш жүретін сәттері мына баланың тағдырының жанында түк те болмай қалды. Осыдан бір жыл бұрын дүние салған әкесін ойлады. Анасының тірі жүргеніне шүкіршілік етті. Әншейінде желаяқтай зымыраған уақыт аяғына қорғасын байлап алғандай аяңдап сала бергенін қарашы, осыдан таң атса!.. «Бүгін 10 қазан. Оңстүстікте күн жылы, сонда да түн салқын. Тоңып қалмаса жарар еді!» деп шын уайымға салынды. Поштабай бұрын дәл былай біреуге жақсылық жасауға асыққан емес. Мына мақпал түн, мүлгіген тыныштықта оқыған хаты әсер етпей қоймады. Әкесі дүниеден өткенде шыққан бұла жас бүгін тағы да еріксіз жанарынан төгіліп отыр.


Таң рауандап атты, бәрінен бұрын әдеттегідей Қарауыл ағай келді. Қыста отынын жағып, айналасын тазалап отырады. Бұрын үлкен қызметте істеген кісі деп естігені бар. Поштабай ол кісімен күнде көрісіп жүрсе де, шын атын білмейді. Жұртты бәрі «Қарауыл ағай» дейді.


– Түнің тыныш өтті ме, Поштабай? – деді сәлемдесіп болып.

– Иә, аға, бірақ... Мына бір хатты оқыңызшы! – деді Поштабай жұтынып.

– Қане бер! – деп Қарауыл ағайы қалтасынан көзілдірігін шығарып, хатқа үңілді. Арасында басын шайқап қойғанын да Поштабай көріп отыр.

– Бұл қашан келген хат? – деді Қарауыл ағай.

– Бүгін түнде оқыдым, қазір Айжан келген соң сұрау керек, соның үстелінің үстінен тауып алдым, – деді Поштабай мұңайып.

– Иә, сұрап біл, байғұс балаға көмектеспесе болмас! Осы жерге үміт артып, хат жазып отыр ғой, – деп Қарауыл ағай ақылын айтты.

– Иә, мен бұл баланы тауып аламын. Араша түсемін! – деді Поштабай өзіне және Қарауыл ағайға уәде бергендей.

– Өзі ересек адамдар құсап жазады екен, қу жетімдік-ай, баланы да ерте есейтіп жіберетінін қараш! – деп Қарауыл ағай күрсініп қалды.


Поштабай әкесінің басына белгі қоймадым деп өзін іштей жеп жүрген еді, енді оның бәрін де ұмытты. Көп ұзамай Айжан да келді.

«Бұл хатты кеше бір оқушы үн-түнсіз тастап кетті. Хатта мекен-жайы да көрсетілмегендіктен үстелдің бір шетіне қоя салдым», – деп хаттың поштаға түсу тарихын баяндап берді. Поштабай Айжанға мән-жайды түсіндіріп, жұмыстан іздеп жатса түстен кейін болатынын білдірді.


Алып-ұшып, әл-Фараби көшесіндегі 15-ші үйді тауып алды. Таңның атқанына екі сағат өтсе де есік алдында жыбыр еткен жан жоқ. Еш ойланбастан есікті қақты. Оң қолында әлгі баланың хаты. Есікті дүрсілдетіп ұзақ тұрды, сонда барып ұйқыдан жаңа тұрған отағасы дембелшең күйінде көзін қолымен уқалап тұрып есікті ашты. Ар жағынан шашы ұйпа-тұйпа болып келіншегі де шықты. «Бұл кім ей?» деген даусынан долылығы анық сезіледі.


– Менің есімім Пернебай, мен мына хат бойынша келіп отырмын, – деп мән-жайды түсіндірді. Поштабай бір жағынан әлгі еңгезердей келген отағасының қамаудан босап, үйінде жүргеніне іштей қуанды. Үйге кіріп, дастарханнан дәм ауыз тиюін өтінді. Жеңгесі болмаса, ағасы жаман кісі емес сияқты.

– Мен бәрібір де сенбеймін, ол сағатты жұдырықтай сауысқан қалай ұясына апарады, айтыңдаршы? Сауысқан үшін ауыр емес пе ол? – деді келіншегі ашуланып, бір жағы ұйқысын бұзған бейтаныс жігітке өкпелегендей кейіппен. Оның бар уайымы айналасындағы адамдардың өсегі еді. «Кеше ғана байым әперді деп жүр еді, сондағысы ұрланған сағат па? Бәсе, оның байы қай ақшасына алып берді деп ем!» деп көршінің әйелі құлағына күбірлеп жатқандай. 

– Болды енді, сол сағатты мақтанышпен тақтың ғой неше күн, енді келіп шағымдануын... Қысқасы, ол сағаттың иесі осы көшенің ең аяғындағы үш қабатты қызыл кірпіштен салынған үйде тұрады екен. Менің жазықсыз екеніме көзі жетті, бірақ.... Бірақ, Сағиді соттамамын деп отыр. Күйеуі де, өзі де қолы ұзын адамдар екен, – деді ағасы мұңайып. Әлгі хат иесінің ныспысы Сағи екенін білді. Поштабайды алаңдатқан дүние әлгі үш қабатты қызыл кірпішпен салынған үй еді. Ол үйде Сағидің жеңгесінен де асып түсетін долы әйел бастығы тұрады. Ал, ендеше!

Сағидің ағасымен далаға шығып, оңаша сөйлесті.

– Қазір Сағидің өзі қайда? – деді Поштабай.

– Кеше үйге қонбады, жеңгесіне ренжіп заттарын жинап кетіп қапты, өзім түнде кеш келгендіктен іздеу салмадым, – деді Сағидің ағасы.

– Қайда болуы мүмкін? – деп Поштабай әлі де Сағи үшін алаңдаулы.

– Ол жағын білмедім, осыдан бір жыл бұрын жеңгесі батырып сөйлеген соң үйді тастап, вокзалдан тауып алған едік. Әке-шешесінен айрылған соң аздап сөз көтере алмайтыны бар. Жеңгесі ұрсады, қояды. Оған бола ренжімеу керек қой, – деді әйелін қорғаштап.

– Рахмет ағасы, тағы бір айналып соғармын ендеше, – деп Поштабай вокзал жақты бетке алды. Қолына кітаптары мен киімдерін арқалаған баланы көрсе еріксіз құшағына қысып, мейірімін білдірсем деп ойлады. «Сенің қамқоршың да, жақының да бүгіннен бастап мен!» деп құлағына қайта-қайта сыбырлағысы бар. Әттең, вокзалдың айналасын түгелдей тінтігенмен, таба алмай, тауы шағылып жұмысына барды. Айжан мен Қарауыл ағайға мән-жайды түсіндіріп, көмек сұрады. Бастықтан бәрі де тайсалатын. Тек қарауыл ағай ғана «Үшеуміз бірге бастықтың алдына кіріп, болған нәрсені болған күйінде түсіндіреміз. Сөзіміз бір жерден шықсын! Кекештеніп, сөзден мұқалып масқарамды шығармаңдар. Әрі кетсе, мені жұмыстан қуар, ал сендердің болашақтарың алда!» деді Қарауыл ағай жылылық танытып. Поштабай іркілместен келісімін берді, тек Айжан ғана «осы пәлеге менің не қатысым бар еді?» дегендей екіұдай күйде қалды.

– Тонымызды шешіп алмас, көп болса ұрыс естиміз, – деді Қарауыл ағай.

– Иә, ол да адам баласы ғой, түсінер, – деп Поштабай Айжанның сенімсіздігін жойғысы келді.

Бастық орнында екен. Көңіл-күйі жаман емес. Сірә, бриллиант сағатының табылғанына қуанып отырғандай. Үшеуі кіріп келгені сол еді:

– Әй, Поштабай, қайда жүрсің? Мен саған бір оклад көлемінде премия қойдым, сенің осы жерге еңбегің сіңді, бірақ мақтады екен деп түске дейін жұмысқа келмей тайраңдауыңды қой! – деді салған жерден. Үшеуі не үшін кіргенін білсе де, іркіліп қалды. Поштабайдың бастығына деген мейірімі оянып, не айтарын білместен қарауыл ағайына жалтақ-жалтақ қарай берді. Қарауыл ағай бір жөткірініп алып:

– Кеше Поштабай осы жерден хат тауып алыпты, – деді.

– Иә, ол хатты маған кеше бір оқушы тастап кеткен, – деді Айжан қорқынышын жеңгісі келгендей.

– Ол не хат тағы да? – деді бастығы бұрын арыз-шағымнан біраз зардап шеккені қылаң беріп.

– Мына хат қой! – деді Поштабай қалтасынан шығарып.

– Әкел бері! – деді бастығы сөзді созбай. Айжан қол жалғап, хатты бастығына жеткізді. Бастығы хатты ішінен оқыса да, Поштабайға жаңғырып шығып тұрды. Ол хатты бір-ақ мәрте оқыса да үтір-нүктесіне дейін жаттап алған еді.

– Бұл бала қайда өзі? – деді бастығы сәл аптығын басып. Мән-жайды енді түсінгендей бір күліп, бір мұңайды. – Мен сағатымды балконға шешкенімді білемін, сосын қалай қолды болғанына миым жетпей қойып еді. Қас-қағым сәтте жымқырған қандай жылдам ұры деп ойлағаным да рас. Сөйтсем, ұры сауысқан екен ғой, – деп күліп алды. Күлкісінің ар жағынан аяныш лебі ескенін дуылдаған жүзінен байқалады.

– Оның есімі Сағи екен. Түске дейін іздеп, таппай келдім, – деді Поштабай.

– Нууу, Поштабай, сен азаматтық жасадың! Заслуженно получил премию! – деді жымиып. Қара аспанды төндіріп, сонша уайыммен келгендегісі бір сәтте-ақ шешімін тапқаны Поштабайды желпіндіріп тастады. Өркөкірек, менменшіл бастығының да адам тағдырына келгенде мейіріммен қарайтынына көзі жетті.


Поштабай жұмыстан ерте шығып, вокзалдың айналасын тағы да шарлап шықты. Қуыс-қуыстарды тінтіп, қарамаған жері жоқ. Сол маңдағы саудагерлерден сұрастырғанмен, қажетті жауабын ала алмады. Жол-жөнекей Сағидің ағасы мен жеңгесінің үйіне тағы соқты. Сағи келмепті, олар іздемепті. Отағасы немере інісінің өзіне емес, қайдағы бір пошташыға керек болғанын енді түсінгендей:

– Жарайды, мен өзім тағы да іздермін. Сіз үйіңізге барып демала беріңіз, кешелі бері шаршаған боларсыз, – деді. Келіншегі де өзін кінәлі сезініп, терезенің ар жағынан әңгімелерін ұрланып тыңдап тұр.

Поштабай бүгін түскен сыйақысының белгісі ретінде жолдан тәтті-мәтті және анасына гүл алды. Бұрын анасына жылы сөйлеуге, сый-құрмет жасауға ұялатын. Бүгін ұяттың бәрін жиып-теріп, өзінің «қамқоршысы да, жақын адамы» да бар екенін білді. 9 қазан – Дүниежүзілік пошта күніне рахметін айтты. Сол мереке болмаса жұмысқа қонбас та еді, сыйақы болмас та еді...

...Арада бір аптадай уақыт өтті. Сағиді ойлап, көңілі байыз таппай жүрген еді. Бастығы да Поштабайды бөлмесіне шақырып «Әлгі баладан жаңалық бар ма?» деп күнде сұрайды. Бүгін таң атпастан тағы да сұрады. Поштабай жұмыстан соң әл-Фараби көшесіндегі 15 үйге тағы да соғып, Сағидің бар-жоғын білмекші болып жоспарлаған. Сол сәтте Айжан «Поштабай, саған хат келді!» деді сүйінші сұрап. Поштабай «Таң атпай келген ол не хат болды екен?» деп жанталаса хатты ашып, тағы да бірінші сөйлеміне көзі түсті. Өзі бар жоғы төрт-бес сөйлем ғана екен.

«Мен қазір нағашы жұртымдамын. Сіздің мен үшін қалай безек қаққаныңызды сырттай біліп жүрдім. Барлығына сауысқан кінәлі! Рахмет сізге, Поштабай!» депті хатында. Поштабай жауды жеңген батырдай әруақтана айқайлап, шын қуанғысы келді. Жоғары оқуға өз білімімен түскеннен кейінгі ең үлкен қуанышы осы болатын. Сол сәтте Поштабайдың кеудесін әлдебір мақтаныш кернеп тұрды!

– Ертең сенбі, су жаңа кәстөм-шалбар алмасам осыдан! – деді тоқмейілсіп...


АСАБА



Мұхтар хабарласты. Көптен бері ат ізін салмай кеткен еді. Енді табан астында үйге келем дейді. 

– Алмас, бауырым ассалаумағалейкум!

– Уәликімсалам, Мұқаш!

– Сағат түнгі 12-де 12 мүшесі сау адам телефон шала ма деп тұрсың ба, бауырым?

– Жоқ, Мұқа, жазу үстінде отырғанмын. Бүтін дүние түнде тумай ма өзің айтпақшы...

– Әй бәрекелді, мешайт етпедім бе?

– Жоға, оның қалай?!..

– Ендеше дайын отыр, жарты сағатта сенікінен табыламын, – деді де тұтқаны қоя салды. 


Алмас аң-таң. Не үшін іздей қалды екен деп елегізе бастады. Ескі достар болғанмен Мұхтар ақшаға қыжалат жан емес. Астында көлігі, басында баспанасы бар. Досын соңғы рет қашан көргенін есіне түсіре алмай отыр. Иә-иә, соңғы рет осыдан екі жыл бұрын Махамбеті дүниеге келгенде келіншегі екеуі мейман болып кеткен еді. Арқа-жарқа отырыс, емен-жарқын шүйіркелесіп қалған-тын. Өткенді сөз етіп, қызықтарын еске алған еді... Одан бері қанша дүние өзгерді. Өзгермеген тек Алмастың өзі және телефон нөмірі. Мұхтар да араға біраз үзіліс салып сол нөмірге хабарласып отыр. Алмас ұйқысынан біреу су бүркіп оятқандай елең етіп, Мұхтарға қайта звондады.


– Алло, Мұқаш! 

– Иә досым!

– Мен саған мекен-жайды айтпаппын ғой...

– Бұрынғы адрес емес пе?

– Қайдағы.... Одан бері неше пәтер алмастырып тастадым емес пе? Желтоқсан мен Қазыбек бидің қиылысына кел, телефон соқсаң өзім шығып қарсы алам.

– Жақсы!


Мұхтар сән-салтанатымен жүретін жайсаң жігіт. Аздап даңқойлығы да бар. Оны ешкімге білдіре бермейді. Оқығаны көп, ел алдында сүйкімі бар. Бұрындары аздап тәкаппарлау, менменшіл еді, қазір адам таңдамайтын болыпты. 

Студенттердің барлығы үйлеріне тарап, Алматы ұлын ұяға, қызын қияға жіберген қара шаңырақтай қаңырап қалғанға ұқсайды. Жоғарғы қабатта бір бөлмеге бір қора еркек тығылып ап, жазу үстіндегі адамды ойынан адастырып жіберетіндей үйді басына көтере шулайтұғын пәтер де мылқау. Алматының көпшілік армандайтын әуезді тыныштығы дәл бүгін сезіледі.


Мұхтар келемін деген соң Алмас та үйдің ішін ретке келтіріп, шашылған қағаздар мен кітаптарды жинастырды. Гүлшат осыдан бір жыл бұрын Махамбетті ертіп Алмастан біржола кеткен еді. Сол баяғы дүние тапшылығы. Содан бері Алмас түнімен қағаз бен қаламды серік етеді. Оқығаны көп, тоқығаны да жетерлік. Елдің балалары секілді байқауларға да қатыспайды, әлдебір әдеби басылымнан алатын жалақысы да жұғын болмайды. Өзі ескінің көзі санайтын бас редакторы да қаламақысын аз қояды. Жапон әдебиетін, қазақ әдебиетіндегі мистиканы, бәрін-бәрін талдап мақала жазса да көлдей эсселерімен газет бетінен түспейтін шалдардың қаламақысының жартысы да бұйырмайды. Алмастың бұл басылымнан кететін ойы да жоқ. Әдебиетке адал. Өзіне дейінгісін оқып, кейінгіге оқшау дүние қалдырсам деп ірі ойлайды. Дүниесі аз, киімі ескі, қуаты қолында емес, қаламында жүрген адамды дәл қазір ешкім ірі деп санамас-ты. 


Алып-ұшып Мұхтар да келді. Мекен-жайды тез тауып келіпті. Жайсаң, тоқмейіл. Уайымсыз көрінеді. Үстіндегі киімі, езуіндегі темекісі қымбат. Әтірінің иісі де танауға жағымды леп әкеледі. Шашын да сәндеп қайырған. Ажары әрлі, бұрынғыдан толған. Әу баста қара торы жігіт еді, адам ет жинаса бозара түседі екен ғой. Әлде ұзақ көріспегендіктен бе екен?!


Мұхтар үйге күле кіріп, айналасына мысқылдап қарағандай.

– Нағыз жазушының үйі!

– Қойш, нағыз жазушы сен емес пе?

– Жә, қойш, өз халің қалай?

– Жаман емес, көріспегелі көп болды...

– Иә, бала-шағаң қайда?

– Ауылында.

– Ееее.

Мұхтар Алмастың айрылысқанын іштей сезді, аяды ма, жоқ ескі жараның аузын ашқысы келмеді ме, әңгіме ауанын басқа жаққа бұрды.

– Не жазып жүрсің өзі?

– Құр шатпақ!

– Айтсайшы енді, қылжақтамай!

– Рас и, айтатын дәнеңесі жоқ. 

Ескі достар бір-бірін ұзақ көрмегендіктен суып қалғандай. Бұрын жатақханада таңға дейін әдебиет туралы сөз таластырушы еді. Мұхтардың ойлары, болашаққа қойған мақсаты зор болатын. Ол қазақ әдебиетіне өзгеше сөз қолданысын, жаңаша форма алып келемін деп жанын салатын. Ал, қазір... Қазір сол бір сүрлеуге түсіп ап, ауылдың айналысындағы әңгімелермен елді желіктіріп жүр. Дүркін-дүркін жазады, қолынан қаламы түскен емес. Әдеби ортада ең үздік жас жазушылардың тізімінде аты бірінші болып аталады. Алмас Мұхтардың абыройын қызғанған емес. Үнемі дамып, оқумен, зерделеумен келе жатқандықтан болар. Бәлкім өзіне бәсекелестердің қатарында Мұхтардың бой көрсетпегендігінен.


Бірер ай бұрын бас редактор Алмасқа жас жазушылардың шығармашылығын талдап жаз деп тапсырма берген еді. Сонда осы Мұхтар туралы «оның жазғандары әдебиеттің талаптарына сай емес. Классикалық әдебиеттен ауылы алыс, жұрт қолы қалт еткенде, жолда ермек үшін оқи салатын тобырлық әдебиетке жатады» деп жазып, көкте қалықтап жүрген жазушыны бір сөзбен жерге түсірген еді. Сол газеттің нөмірі әлі күнге дейін сақтаулы. Мұхтар оқымады емес, оқыды. Дәл бүгін іздеу салғаны да содан. Ішінде бір ғыжыл бар, мына тыныштық та сол әңгімеге қайта оралуды тілейтін сияқты. 

Алмас әдебиетті терең біледі, тек көркем әдебиетті оқып қана қоймай, сыни мақалаларды да үзбей қарайды. Әлгі мақалада ешкімнің жеке басына тиіспей, артық ақыл айтпай-ақ, сауатты сынымен замандастарын мақтамен бауыздаған еді. Саналы түрде емес, тапсырма солай болғандықтан тақырыпқа атүсті қарағысы келмеді. Дәл қазір Мұхтар сол тақырыпты қозғаған болса, сөзден ұтыларын білді. Сөзді қойыңызшы, Алмастың білімі, одан қалды мысы басады. Соңғы он жылда Алмастың қаншама кітап оқып, қаншама зерттеу жасап тастағанын естіп, біліп жүр. Бес жыл бірге оқыған досы дәл қазір ашылмаған аралдай. Ал, Алмас үшін Мұхтардың не оқып, не қойғаны белгілі. Себебі, университет бітіргеннен кейін оның оқуға уақыты жоқ, тек жазушы деген атағын сақтап қалу үшін қаламын тастамайды. Болашақта үлкен жазушы, қарымды қаламгер атану енді түсіне де кірмейтін секілді. Бар мақсаты өзін елге жиын-той, отырыс-жиын басқаратын асаба емес, жазушы ретінде таныстыру. 


Алмас әңгімені басқаша ұйымдастырып көрді. Бұрынғы досы келген соң жылы қабақ танытып, мейман күткендей кейіппен:

– Шәй қояйын ба? – деді.

Атышулы асабаңыз Алмасқа қоңырау шалғанда әлдебір тойды басқарып шыққан еді. Көз тоярлықтай дастарханнан келген соң құрқылтайдың ұясындай жұпыны үйден шәй ішуге зауқы соқпады. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Қалта толы ақша, астында қымбат көлік, екі баласын бала-бақшаға беріп, әйелін де үлде мен бүлдеге орап қойған. Алмас Мұхтардың дүниесіне, Мұхтар Алмастың біліміне, таным-талғамына қызыға қарайтындай. Дәл қазіргі ішкі диалогтар «кім бақытты?», «кім бай?», «кім мықты?» деген пендәуи сұрақтармен өріліп жатқанын екеуі де сезіп отыр. Алайда, бұл заманда бір адамның бойында байлық та, білім де қатар жүруі мүмкін емес. 


Екеуі дос емес, жәй ғана таныстар сияқты. Достар кез-келген тақырыпта риясыз сөйлесе береді, бұлар ондай емес. Алмас Гүлшаттың төркініне біржола кеткенін, Мұхтар жазуға адал бола алмағандығын айтуға арланып отыр. Ақша мен атаққа масайраған Мұхтардың ішінде сары ала сайтан семіріп алып, осал тұстарын қытықтап жатқандай тілі қышып, Алмасты мұқатқысы келді. Алмастың жүзі түлеп үлгерген түлен терісіндей құбыла түсіп, ішіндегі шерін тарқатқысы-ақ бар. Әй-әй-әй, тиегін ағытса төгіле түсетін әңгімені екеуі де тұсаулап отыр. Қайдағы-жайдағыны айтып, курстастарын түгендеп, өткен күннің қызықтарына тоқтала береді, тоқтала береді. Ол таусылса, негізгі әңгімеге көшер ме екен?!


Алмас Мұхтармен жарыспайтын. Тек Мұхтардың үнемі бірінші болғысы келетін әдеті қытығына тиетін. Университет қабырғасында жүргенде Алмас ұйқас құрап, бірді-екілі өлең жазғаны бар еді. Сол сәтте Мұхтар да бұрқыратып өлең жазды. «Бай болам, бақытты болам, қазы мен қартаға тойып алып жазуға кірісемін!» дейтін үнемі. Мұхтардың дәл былай сөйлеуі қайткен күнде де Асмастан бақытты боламын дегендей естілетін. 

Мұхтар сөзге шешен. Әңгімелескен адамды өзіне тез үйіріп әкетеді. Кез келген тақырыпқа әбжіл жауап береді. Сүйкімі де бар. Асаба болған соң ойын қаламға емес, тіліне салып шыңдайды. Әдемі, қызыл сөзге құмар. Мүйізі қарағайдай жазушылармен жақын дос. Мейрамханаларға апарып, саунада бірге мауқын басып қайтады. Бұрын көп жазушыны деңгейі төмен деп менсінбейтін, қазір көңілжықпастық басым. Сірә, тойда жүріп әр мейманның көңілінен шықсам дейтін келте мақсаты қанына да сіңіп кеткендей. Кейіпкерлері де сол тойда жүрген қазақтардан әрі аспайды. Достарының бәрі әнші, биші, жазушы, танымал адамдар. Реті келсе бәрінің көңілін тауып, бәріне бірдей жаққысы келеді. Кітаптан жиған бар асыл сөзді әңгімелерінен гөрі тойда көп пайдаланады екен. Оны Алмас екі жыл бұрын бір жазушының мерейтойында байқаған. Сол тойда Мұхтардың ұятқа қалғаны бар. Асабаның образына түсіп алып «Мешітке барсаң таза боп шығасың, саунаға барсаң бажа боп шығасың...» деп судыратып бастап еді, төрде отырған елге белгілі, атақ даңқы бар әнебір актер қолындағы микрофонын жұлып алып, ал кеп бір жекірсін Мұхтарға! «Осы сендер адам отыр демейсіңдер! Асаба болсаң ақысын берсе, боқысын шығармай, үстелдің үстінде кім отырғанына бір сәт мән берсеңдерш! Сволыш!» деп микрофонын қолына қайта салқын ұстатты. Сол сәтте Алмастың бойында алғаш рет Мұхтарға деген аяныш сезімі туды. Ақсақалдың жекіргеніне емес, жылтыр сөзге, құрғақ әзілге, ойын-тойға құмартып кеткен Мұхтарды аяды. 


Магистратурада оқып жүргенде Мұхтардың алғашқы кітабы шығатын болып, алғысөзін әлгі ел танитын мінезі шатақ, рушыл жазушыға жаздырмаққа үйіне барған еді. Мұхтар мақтанғысы келді ме, әйтеуір қояр да қоймай жанына Алмасты ілестіріп алды. Орта жолда Алмас шұлығының басы тесік екені есіне түсіп кейін қайтқысы келсе де, Мұхтардың қуанышын қызғанғандай болмайын деп амалсыздан үйге кірді. Маңдай шашы бурыл тартқан, қағытып сөйлейтін жазушының өзінен едәуір жас келіншегі дастарханды жайнатып қойыпты. Алмастың шұлығының тесігін ешкім байқамас та еді, шілденің шіліңгір ыстығында үш күн қатарынан тойға шығып, шұлығын ауыстыруға да уақыты болмаған Мұхтардың аяғының иісі ә дегеннен-ақ үйдің ішін алып кетті. «Мынау жеңгелерің Кәмилә!» деп таныстырған жазушының жинақы, аздап кірпияздау келіншегі алдымен екеуінің ұсқынына бір қарап, дереу көзін төмен салған еді. Қолқаны қапқан шуаштың иісі Мұхтардың аяғынан емес, шұлығы шұрқ тесік Алмастың аяғынан шығып тұр деп ойлағаны жүзінен көрінді. Мұхтар болса түк білмегендей үйді басына көтеріп, жазушы ағасымен арқа-жарқа әңгімеге көшіп кетті. Алмас дәл осы сәтте Мұхтар үшін ұятқа қалғаны бар еді. Шыққан соң «Той-той деп асыр сала бермей, бір уақ нәскиіңді ауыстырып тұрсаңшы!» деп айтуға оқталып барып өз шұлығы есіне түсіп, үнсіз қалды...


...Алмастың бір бөлмелі пәтерін Мұхтардың көзімен бір адақтап шыққанда байқағанымыз, сөре толы кітаптар екен. Фолкнер, Хемингуэй, Пруст, Достоевский... Осылай кете береді. Атын естігені бар, бірінші рет көріп тұрған авторлар да бар. Алмас малға кедей болса да, кітапқа бай екен. Кафканың «Ангелы не летают» деген кітабы шәй үстелдің үстінде жатыр. Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы» жазу үстелінде тұр. Теледидар алдында бұрын-соңды атын естімеген Лоренс Стерн деген автордың қалың кітабы тұр. Дереу қолына алып, бір шолып шықпақ болып еді, телефонына біреу қоңырау шалды. Мұхтардың телефонына дамыл жоқ екен. Үйге кірген бетте бір әнші досы хабарласып, алда болатын тойлардың жай-жапсарын талқыласқан еді. Сүт пісірім уақыттан кейін бір той йесі қоңырау шалып, бағасын келісе алмай тұтқаны қоя салды. Мұхтар қоғамға өте-мөте қажет секілді. Жазушы болғаны үшін емес, абыройлы асаба болғаны үшін. Енді міне, тағы бір өнер адамы іздеу салып жатыр.


– Муха досым, қалайсың? – деді тұтқаның ар жағындағы кісі.

– Жақсы Жәке, өзіңіз қалайсыз? – деп Мұхтар жауап қайырды.

– Бізде бәрі керемет қой! Түн ортасында мазалағаныма ренжіме, керемет бір ән туып тұр! Жалғыздықтан әбден мезі болған қыз өткенін аңсап, бұрынғы махаббатын ойлап жабығады. Мені түсіндің ғой, қысқасы?! Осыған енді керемет қып сөз жазу керек, қолың босағанда сүйкеп жерсейш бір! Керемет хит болады мынау! Сен сөз жазып берсең, мен алдағы аптада студияға барып жазып тастаймын! Бірсүгіні кездесейік, сыралатып отырып жазып тастамаймыз ба? – деген жанның қуанышты дауысы Алмасқа анық естіліп тұр. Сірә, түн ортасында шабыты оянған композитор болса керек. Мұхтар әңгіменің ұзаққа созылатынын біліп балконға шығып, көп ұзамай қайта кірді. Тез оралғанына қарағанда әннің сөзін жазып беремін деп уағдаласқан болуы тиіс. Әнге сөз жазатын ақындық өнері барынан ұялса керек, әлде сыралатайық дегенін Алмас естіп қойды ма деп қызарақтап қайта әңгімеге тартпақ болды. Ашық әңгімеге бара алмай отырған ескі достар әр нәрсенің басын шалып отыр. Айтар сөздерінің сыртқы көрінісіне қарағанда, іште шерменде болып тығылған көмескі кейпі қызықтау. Екеуі де бірін-бірі іштей жеп барады.


– Намазыңды оқып жүрсің бе? – деді Алмас Мұхтардың табанына біз сұғып алғандай.

– Ееее, оқып жүрміз ғой, бірақ бес уақыт емес...

– Ммм...

– Қазір қол тие бермейді, жолда жүресің, дәрет алатын мүмкіндік бола бермейді. Әйтеуір жұмадан қалмаймын, – дейді Мұхтар Алмастың алдында ақталғандай.

– Бір кездері жұмақтың есігіне бүгін-ертең құлып салып тастайтындай бәрің жанталаса жығылып едіңдер. Байқаймын, сол жігіттердің көбі намазды тастап кеткен сияқты, – деп Алмас миығынан бір күліп алды.

– Намазды тастағанымыз жоқ, намаз бізді тастап кетті деген дұрыс шығар. Кезінде жастық желікпен көтере алмайтын шоқпарды белімізге байлап алдық емес пе? – деп Мұхтар сөзден ұтылмаудың қарекетін жасап көрді. 

– Аман болсаң шал болғанда оқи берерсің, қазір жазу керек! – деп бір қойып қалды Алмас. Алмасты биіктетін де, аяқтан тартатын да осы мінезі. Орынсыз мақтау, көңілжықпастық жоқ. Әдебиеттің айналасындағы кәкір-шүкірлерді көзіне де ілмейді. Бұрқыратып жазып, соған елден мақтау күтетін бастығының кітабын оқып, уақытын босқа жоғалтқысы келмейді. Мінездің бәрін қойып, оқымаса да бір жылы сөз айтса, ұзамай орынбасары етіп тағайындар еді-ау. Бір-бірінің көңілін аулап, әдебиет туралы сөз қозғағандай болып, думандатып жүретін өзі құралпы бір топ жігіт те үйірден тыс жүретін саяқтар секілді Алмасты шеттетіп әлек. Сол қатарда Мұхтар да бар еді. Мұхтар тойдан ерте шыққан түндері өздерін классик санайтын сол топпен бильярд ойнап, көңіл көтеріп қайтатын. Табысы мол асаба ешқайсысын қинамай, өз қалтасынан төлейді. Қалғаны соған рахметін білдіргендей Мұхтарды көпірте мақтап, талантына тірі жан жуымайтындай асқақтатып жібереді екен. Әбден әдетке айналған. Бүгін соның бәрін жиып қойып, Алмасқа келген беті еді. 


Мұхтар орнынан ырғатыла тұрып, кәстөмінің қалтасынан темекісін алды. Көк пен қызыл түс бірде қиылысып, бірде қаз-қатар жарыса өрнектелген шілтерлі жейдесі де әртістер киетіндей ерекше екен. Екеуі балконға шықты. Қымбат қораптан бір үштік темекіні езуіне қыстырып, Алмасқа тағы бір үштігін алып берді. Алмас шылымға қызыға қарап, іштей тіленіп тұрса да, өзінің түтіні қою арзан темекісін шегем дегендей ишарат білдірді. Мұхтар сөзге кірісіп:

– Алматы түні керемет болып тұр! 

– Расымен ерекше, ауа тымырсық емес!

– Осы демалыста бір жерде отырсақ қайтеді?...

– Иәәәә, дұрыстап отырып сөйлеспегелі қанша жыл?!

– Жәә, мен ұмытып барам... Осы аптаның соңында екі тойым бар. Ақшасын алып қойған едім, әйтпесе тойды отмена қыла салуға болар еді сен үшін. 


Мұхтардың тойдан жақсы пайда табатынынан Алмас хабардар еді. Бір той басқарып берсе, Алмастың екі айдағы табысын алады. Арасында басқалар қомақты ақша ұсынса, оңай сылтау айтып бас тартатынын немесе өзінің тәрбиелеп жүрген шәкіртін жібере салатынын кейде мақтанып айтып қояды екен. Әрине, Алмаспен ондай құпияларын бөліспейді. Көбіне өзін биік ұстап, зиялы, парасатты көрінуге тырысады. Бүгін емен-жарқын әңгімелесе алмағаны да сондықтан. Алмас тым аз сөйлейді, үнемі шығармаларының желісін, әдемі детальдар мен ерекше сюжеттерді ойша пісіріп жүреді. Сұрақ қоюдан гөрі, жауап беруге бейіл. 


– Оқу бітіргенімізге де он жыл толыпты-ау?! – дейді Мұхтар.

– Маған сегіз жыл, магистр оқыдым емес пе, – деп Алмас нақтылай түсті.


Он жыл өтсе де Алмас сол баяғы қалпында, орта бойлы, ықшам денелі. Білеуленіп тұратын бұлшық еттері киімінің сыртынан байқала бермейді. Мұхтар болса үрген доптай жуан қарынды, етжеңді еркектер сияқты. Екеуі түйдей құрдас болса да, бейтаныс адамның көзімен қарағанда Мұхтар Алмастың әкесіндей көрінеді. Бұрын сымдай тартылған сымбатты жігіт еді. Алмасты көрген сайын өз-өзінен ұялып, қызыға, қызғана қарайды. Асаба, одан қалды ортаңғол жазушы деп төмендетіп жүрген Алмастың енді «сен қарындысың, мен дарындымын!» деуі ғана қалды. Егер дәл солай айтатын болса, Мұхтар Алмастың мұрнын бет қылуға бар. Дәл қазір Алмас не ойлап тұр екен а? «Бір кездері мені де той басқаруға итермелеген едің. Мен сөздің киесінен қорқамын, әр тойда қылжақтап дәм сезбей қалам ба деп, аузымнан дуа кете ме деп қорқамын. Әйтпесе, сол қу ақша маған керек демедің бе?» деп әдеттегідей өзін періште санап тұрған шығар. Мұхтар енді өз-өзімен сөйлесіп кетті. «Сорлы, Алмас-ау, әдебиетке адалмын деп өзіңді алдарқатқаннан не пайда? Сен мен құсап жаза алмаған соң, менікіндей талантың болмаған соң күрделі жазып, бір қауым елге ғана түсінікті шатпақтарыңмен мақтанып жүрсің. Сонша кітап кеміріп, көзмайыңды тауысып оқығаныңды қайтейін! Менен асырып кейіпкер берсең қанекей!» дейді өзіне өзі басу айтып. Алмас әлденені айтып, жымия қарады. Тағы да ішінен мысқылдап отырғанға ұқсайды. «Саған кейде қызыға қараймын. Отбасың түгел, пайдаң шашетектен. Айналаңдағы адамдардың тілін де оңай табасың. Сүйкімің бар, ағаларың сенің жазғандарыңды шедевр деп басып жатқан жоқ, мейрамханада тойдырып, саунада желіктіретіріп жүретін ағатайлық әрекетің ұнағандықтан. Мен байғұс бір шағын әңгіме жазу үшін бір жыл ойланамын, ал сен тойдан шыққан түні-ақ бұрқыратып жазып тастайсың. Жазғандарың керемет болса, мен сол күні-ақ сені асаба емес, жазушы дер едім. Сен асабалық та өнер дейсің, онда қазақтың бәрі өнерлі болғаны! Сенің көлдей хикаяттарың менің бір новелламның обзацына да татымайды. Жаттанды сөз, ойдан құралған сюжет, қиюы келіскен қызыл сөздер. Басқа дәнеме жоқ. Мен Хақназар туралы повесімді жазу үшін қаншама архивті ақтарып, қаншама кітапты тауысқанымды білсең ғой! Ал, сен ауылдағы әпенділеріңді түгендеп, соны да үлкен кейіпкер деп есептейсің. Менде саған деген қызғаныш бар, бірақ ол сенің көп жазатындығыңа, көп жарияланып, дүркін-дүркін кітаптар шығарғаныңа емес, осындай шимай жазып та жазушы атанып жүргеніңе!». Мұхтар Алмастың әр қылығын осылай іштей тәпсірлеп, жарылудың сәл алдында тұр. Күнде бала-шаға, той-думанның ортасында жүріп, өзі туралы ойлаудан қалыпты. Көпшіліктің алдында еркін сөйлегенмен, оңашада әлдекіммен өз әлсіздіктері жәйлі сөйлесудің қиын екенін ұқты. «Сенің күйің белгілі. Қатының баласын қолтықтап төркініне тайып тұрған соң, маған деген өшпенділігің күшейген. Гүлшат сені көбіне менен үлгі алып, мал тап, пайда тап, өзіңдей Мұхтарды қарамайсың ба деп құлағыңа құя бергеннен іштегі қызғанышың асқына түскен. Енді сол жеке басқа қатысты қызғанышыңды әдебиетпен шатастырып, өтірік мүләйімсіп отырсың. Мен таудай жазушы боламын деп үлкен арманның жетегінде жүргенде сенің жазуға деген ниетің де жоқ еді. Енді қалайша әдебиетке адал бола қалдың? Хақназар туралы повесіңді оқып шықтым, кейіпкеріңді тау тұлға қылып көрсетіпсің. Ішкі монологы мүлдем сенімсіз. Сонау артта қалған ғасырларға қиялыңмен бойламай, өзің көрген өмірді қағазға түсірмейсің бе одан да! Енді келіп мені жазушылықтан жұрдай қылғың келеді. Мені тобырлық жазушы қылып, сырттай «ол асаба ғой» деп мысқылдайтын сен кімнің шікірәсі ең?!» дейді ашуы үдей түсіп. Алмастың оған да жауабы бар, ол да ашуға беріліп, кеудесін тым жоғары қойып сөйлеп тұрғандай. «Рас, сенің тарихи шығарма жазуға өрең жетпейді. Сенің әңгімелерің ары кетсе төрт беттен аспайды. Одан асыруға шамаң да жетпейді. Ең озық деген шығармаң біздің газетке күнде келіп түсетін хаттардың деңгейінде. Табиғи тіліңді таланттың белгісі деп ұқсаң, жетіскен екенсің. Сенің сөздік қорың газеттің ең нашар журналисінен де жұтаң. Рас-рас, менің жазушы боламын деген мақсатым болған емес. Сенің әлгі өзіңмен аттас қос жазушыны әулие көріп, түнімен-күнімен армандайтын сәтің көз алдымда. Бірақ, сенікі құр арман болып қалды. Ал мен сенің сол арманыңды жүзеге асырғым келеді. Мақсатыма берікпін, уәдемде тұрамын. Осы мақсаттың жолында семьямды құрбандыққа шалдым. Өмірдің қызығы мен шыжығын, той мен думанды біржола ысырып қойдым. Сен сияқты творчествасынан аты озғандардың қатарынан емеспін!». Мұхтар іштегі ызаға толы диалогты әрі қарай жалғастыруға батылы жетпеді. Күн жаумай су болып, Алмас соқтығыспаса да ашуға берілді. Әншейінде еркін көсіліп, өктем-өктем сөйлейтін, басынан сөз асырмайтын Мұхтар мына тар бөлмеде өзін тым төмен сезінді. Қарсы алдында міз бақпай отырған досы емес, дұшпаны сияқты. Алмастың жанында асаба атанғанша, әлгі бір топ достарының арасында жазушы болғысы келді. 


– Қойййй, Алмас, мен жүрейін, бала-шағама барайын! Қолым босағанда хабарласамын. Өзің де жоғалып кетпей, амандығыңды білдіре жүр, – деп Мұхтар жылы жымиып қолын берді. Ұзақ көріспеген достар ашылып әңгімелесе алмай, дәл осылай тарқасқан еді. Мұхтар әлгінде ұсынған бір үштік қымбат темекісін балкондағы терезенің алдына қойып кетіпті. Дереу соны тұтатты да, Алмас әдеттегідей ұзақ ойдың жетегіне кетті. Бұл жолы әдебиет туралы емес, өмір туралы ойлады. Әдебиетке адал болмаған досын емес, шаңырағын шайқалтып алған өзін аяп күңіренді...


ГӘЛӨШ



Мен туған ауылдан әрі ассаңыз жолбарыстың жонындай болып Шәулімше дейтін төбе көрініп жатады. О шеті мен бұ шеті кемі екі шақырымға созылып жатыр. Сол созылған төбеден іргесін бөлек салып, молданың тақиясындай ғана Жетімтөбе бар. Осы екі төбенің ортасындағы күре жолмен Қаратаудың сілемдеріне шығып кетесіз. Шаруаға жайлы орын болғандықтан, қыстауын осында тігіп, етегіне жағалай малшылар жайғасқан.


Желге пана, елге жақын деп осы маңда үш бай отыр. Жайылымға таласып, бір-бірімен мүлдем қатыспайды. Бірінің үйіне түссең, бір-бірін жамандап жатқаны. Әңгімелерінің соңын «Қу дүние қайда апарар екен түбі бізді» деген күрсініспен аяқтайды. Сірә, бұл сөздері күнделікті пыссымыласынан кейінгі Құдайға қаратып айтқан ең жағымдысы болып сезіледі. «Иә-иә» деп өтірік мақұлдап, шәйін ішіп, етін жеп біз қайтамыз. Етекте жатқан үш байдың екеуі біздің ауылдан емес. Жырақта жатқан соң, шеттерінен әңгімешіл өздері. Бір қызықтың шетін шығарсаңыз, соны көрген сайын «тағы да айтшы» деп жабыса кетеді. Іштері пысып, күндегі тіршіліктен жалыққан деп ойлайм онысын...


Үш байдың ішінде Ибраһим дейтіні сауаты сұмдық болмаса да, ақ-қараны ажыратып, аталы сөз айта алатын, қонаққа тамағымен қоса қабағын беретін, артық кетсең орныңа қоятын, аздап қытымырлау, бірақ ешкімнің ала жібін аттамайтын естісі, ептісі әрі ірісі. Аты Ибраһим болған соң, тым майда, қортық ойламауы да тиіс сияқты көрінеді. 


Сол Ибраһимнің Әндрей дейтін жалшысы болды. Бізде оларды пәленшенің, түгеншенің зимогоры дейді. Жөнін айтсақ, Ибраһим балалары оқуға, әскерге кеткен соң жалшы қылып алдырған. Әйтпесе бұрын көшеде қаңғып жүрген бір орыстың мұжығы. Сол мұжығыңыз Ибраһимнің зимогоры болғаннан бері аяғына саптама етік киіп, киімі түзеліп, арағын қойып, ажарына әр кіре бастады. Көшеде мас болып жатқаннан іске жарап, жалшы болса да әрекет жасап жүргеніне тоқмейілсіп, үміті ояна бастады. Ол бұрын қызық үшін ішкен, кейін ішіндегі қайғысы үшін салынып кеткен екен.


Ибраһим шал қарап жатпай, өзі орысша түсінбегеніне қарамастан Әндрейге күніне қазақша он сөзден үйретіп, бір жылдың ішінде тілін сындырды. Басында бірін-бірі түсінбейтін, кейінірек Ибраһим шал орысша сөйлейтін болсаң кешкі, түскі астан ада қалдырам деп шорт кесіпті. Міне, атың кім деп сұрасаң «Андрей» деп емес, «Әндрей» деп жауап беретіні де содан. 


Ибраһим төрт түлікті түгел ұстамаса да, қой мен сиырдың басын әжептәуір арттырған. Осы етектегі үш байдың ең дәулеттісі. Әндрей сиыр бағады. Малдың басын жіберіп қойып, өткен-кеткен қазақпен қазақша сөйлесіп, орыс қой деп осқырына қараған қазақтардың мейірімін оятып, емен-жарқын әңгімеге тарта кетеді. Қазақша сөйлегенін қызықтап біз мәзбіз, біздің айналшықтап жүргенімізге ол мәз.



Бірде Ибраһим қойларын ірі қараға айналдыруды жөн санап, базардан 5 қойдың орнына бір сиыр алып қайтады. Ол сиыры табынға қосылмайтын, сәл бақылаусыз қалса, басы қайқаңдап «отанына» қарай тартатын әдеті бар екен. Бұл табынның басын жіберіп қойып, өткен-кеткенмен алты карта ойнап, әңгіме-дүкен құрып жүретін Әндрейдің жанына қатты батты. Егер сиырдан айрылсаңыз, Ибраһим тамақтан ғана айырып қоймай, жаныңызға да тыныштық бермейді. Әндрейге мына «қақпас» қара сиырға шара қолданбаса болмайды. Өзінің түсі де су жаңа галош сияқты шымқай қара. Әндрей зерек қой, соны байқап, ана сиырға «Гәлөш» деп ат қойып алды. Табыннан бөлініп, жырақтаса болды басына қорғасын байланған ұзын қамшымен әбден қуып, табынға әкеп қосқанша «Гәлөш-Гәлөш!» деп қиқулатады. Оны көрген ел аң-таң! «Гәлөші несі?» дейді сырттай бақылаған адам аузы ашыла қарап. Сиыр да әдетіне баса берді, Әндрей де ерегесіп қолынан қамшысын тастамады. Гәлөш бөлектесе болды, атқа қонуға ерінген жоқ. Табыннан ажыраса болды «Гәлөш-Гөлөш!» деп айналдыра сабайды. Бұл көрініс күніне жоқ дегенде 4-5 мәрте қайталанады. Әндрей де, сиыр да бірбеткейленіп алған. «Түбі қайсымыз жеңеміз?» деген адам мен хайуанның арасындағы өзара тартыс сияқты. 


Әрине, Әндрей мықты болып шықты. Бір жылда қазақшаны меңгеріп алған мұжыққа бір хайуан бұйым болсын ба?! Оның күн сайын, хатта сәт сайын Гәлөш деп қиқулауы бекер емес екен. Қара сиыр «қайынжұртына» қараса болды, «Әй, Гәлөш!» дейтін болды орнынан қозғалмай. Ал, Гәлөші «қап бәлем, саған дауа жоқ екен!» дегендей кейін бұрылып, табынға ілби басып қосыла кетеді екен. Әндрей соған мәз! Етігін шешіп, шұлғауын жайып, атын отқа қойып, уайымсыз жатқаны сосын. Даладағы малшының көңілін аулайтын бір себеп болса, сол Гәлөш еді. Әншейінде өзін тастап кеткен бала-шағасын ойлап, реті келсе арақтан бір стақан тартып алса ғой деп уайыммен жүретін Әндрей Гәлөш келгелі соның бәрін де ұмытты. Түстікке үйге де бармайтын болды. Жақында Ибраһимнің әскерден есерсоқ Қалмырзасы келген. Өткен-кеткенмен күн құрғатпай ішетіні бар. Ішкен соң Әндрейдің мазасын алады. Осыдан бір апта бұрын «мен келгенде неге тік тұрып сәлем бермейсің ?!» деп себепсіз соқтығысып, Әндрейдің жағасынан алған кезде Ибраһим шал ұлының жон арқасынан таспа тіліп қоя берген. Содан бері Қалмырза тәубесіне келудің орнына Әндрейге одан сайын өштесіп алды. Аузы арақпен былғанса болды, табынды іздейді. Баласының Әндрейге өштесіп жүргендігін Ибраһим шал да жақсы білетін. Біле тұра араға түсіп, өзінің тентегінен қайдағы орыстың мұжығын қорғауды ар санады. Бір айла табу керек.


Ибраһим бір күні Әндрейді бір ай қойға қойып, жайлауға жіберді. Қалмырзадан қайыр болмайтынын біліп, сиырды шалдың өзі бағып қалады. Әбден Әндрейге сеніп алғандықтан, басында өрісті қайда апаруды білмей әлек болды. Оның үстіне Әндрейдің жоқтығын пайдаланып, Гәлөштің де қайта ауруы қозып,  ескі әдетіне көшеді. Қашан да шорт кесіп, оқыс шешім қабылдайтын Ибраһим шал мұндайға көнсін бе? Әндрей жоқта бір ашудың үстінде Гәлөшті сойып тастап, жіліктеп сатып жібереді. Жаны сосын жәй тапты шатақ шалдың.  Арада бір ай өтті. Ұлынан пайда болмаған соң, Әндрейді қайта алдырып, болған жайды айтып береді. Ибраһим «Ана қарасан келгір қара сиыр табыннан бөлініп, түзге қаша бергеннен кейін алдым да, сойып тастадым» дегені сол еді, Әндрей егіліп жылай қалғаны. Сонда Ибраһим «Әке-шешеңнен безгеніңмен қоймай, бала-шағаңнан тірідей айрылғаныңмен қоймай, міскін басыңмен қайдағы хайуанға бола егілгені несі ит неме!» деп қамшымен Әндрейді осып-осып жіберіпті. Сабамауға да болар еді, бірақ соңғы бір айда не дегеніне көнбей, не айтқанына ермей қойған Қалмырзаға деген ашуын осы сұрауы жоқ Әндрейден алып отыр. Әндрей жыламағанда қайтсін, өмірінде айтқанын істейтін бір тірі жаратылыс болса, сол Гәлөш еді ғой. Енді ол да жоқ. Жайлаудан қыстаққа түссін деп хабар келгенде ең алдымен Гәлөшті көретін болдым деп қуанған еді. Ол оңашада Гәлөшпен адам секілді сөйлесетін. Бар мұңын соған шағатын. Әйелімен еріп қайда кеткені белгісіз екі ұлын сағынғанын қара сиырға ғана жасырмай жайып салатын. Әндрейдің ойынша, Гәлөш соның бәрін түсініп тыңдайтын. Тағдырдың таңы атқан сайын өткенін Гәлөшпен бірге есіне алатын. Әйтпесе, Әндрейді адам көріп, уайымына құлақ түретін, жан сырын ұғатын жер бетінде бір адам жоқ. Сол үшін Гәлөш кейде адамнан да артық болатын. Оны қанша қамшының астына алғанмен, артынан кешірім сұрайтын. Гәлөштің мөңірегенін өзіне қарап сөйледі деп ұғатын. Мөңіреген сайын соны өзінің ыңғайына қарай тәпсірлеп отырушы еді... 


Әндрей қожайынының айтқанын екі етпей, тапсырмасын мүлтіксіз орындап жүрсе де Ибраһим шал оған жалшы ретінде қараудан танған жоқ. Үлкен ұлы келінімен, немересімен жайлауда, кіші ұлының сиқы анау. Кемпірі осыдан бірнеше жыл бұрын көлденең дерттен көз жұмған. Жайлаудың оты сиырға жайылым болмаған соң ғана осы жерді паналап отыр. Сөйте тұра Әндреймен бірге отырып тамақ ішкен емес. Өзі бірінші ауқаттанып алып, тәспісін тартып отырады да қояды. Әндрейге бұрынғыдай қазақша үйретіп, сабақ алу да жайына қалған. Сол көрініс жайлаудан қойы түскенге дейін жалғасады...

Осыдан бірнеше жыл бұрын Әндрейдің өмірден озғанын ағамнан естіп білдім. Ибраһим шал азаматтық танытып, мұсылманшылық жолмен шығарып сапты. Тіпті, көзіне жас алып, шөгіп қалған көрінеді.


ҚАРА ҚОЙ



Құрбан айтқа бір күн қалды. Тұрардың құрбандыққа шалар малы жоқ. Ауылдағы Болысбайдың мыңғырған қойы, үйір-үйір жылқысы бола тұра кейде етсіз тамақ жейді. Шық берместің нақ өзі. Малын союға қимай жүргенде бір қора қойына қасқыр шауып, елу шақтысы үйелеп арам өлген. Соны бір жыл өтсе де ұмытпайды. Жақында Жұбаныш дейтін аңшының қақпанына арлан түсіп, тірідей үйіне әкелгені бар. Жұбаныш оны қалай қолға түсіргенін көзімізге елестете отырып, әуезелеп айтады. Бәріміз ұйып тыңдап тұрмыз.


– Қақпанды қалың қамыстың арасына орнатып, жас етті тастап кеттім. Ертесіне барсам, осы бөжек жатыр. Дереу үйге барып, әйеліме жаман күпәйкемнің оң жақ жеңіне тағы да бір қарыстай жалғаттым. Керек-жарағымды алып, күпәйкемді киіп қайта барсам, бөжек сол орнынан тапжылмапты. Аяғын біраз шайнап тастаған.


– Күпәйкеңе неге жалғаттың? – деді біреу.

– Оны қоя тұр, сосын айтам... Жанына жақындауға батылым жібермей ұзақ тұрдым. Көзіне тура қарау мүмкін емес. Сұсты, адамнан да ақылдырақ көрінеді.

– Қойыңызшы, не айтып кеттіңіз?!

– Түу, тұра тұрш енді, айтып алайын! Сосын оң қолыма таяқ ұстап, ақырын жақындай бердім. Денем мұздап сала берді. «Рэкс, Рэкс!» деп қоям сасқаннан. Бөжек тырп етпей жатыр, бірақ атылуға дайын тұрғанын іш сезеді. Қолымдағы таяқты көтергенім сол ед, арс етіп атыла кетті. Тура жеңімнің жалғанған жеріне жағы қарысып қалды, – деді де Жұбаныш бәріміздің көзімізге бір қарап шықты. «Содан кейін не болды?» деген сұрақты күтіп іркіліп қалды. Ешкім үндеген жоқ. Үнсіздікті қайта бұзып:

– Естеріңде болсын, бөжек ешқашан бір тістеген жерінен айрылмайды. Жағы қарысады да қалады. Күпәйкеме жең жалғағаным да сондықтан.

– Сосын не болды?

– Сосын сол қолыма шоқпарды алып, қақ тұмсығынан ұрып, жағын ағашқа таңып, сыммен мықтап байлап тастадым. Міне, арбаға артып, үйге әкелген бетім осы! – деп әңгімесін аяқтап, арланға қарап «Рэкс, Рэкс!» деді де қойды.

Біз жақта қасқырды ешқашан атымен атамайды. Жұбаныштың біресе бөжек, біресе Рэкс деуі де содан.


Жұбаныш арлан алыпты дегенді естіп, Болысбай да алып-ұшып барыпты. Тар құрсауда жағы буылып жатқан арланға ұзақ қарап отырып, «Құс әкеңнің, құс әкеңнің!» деп қолындағы таяғымен сабап, көзіне жас алып қалған деседі. Оны да кейінірек Жұбаныш майын тамызып айтып берді.


Сол Болысбайыңыз қорасы малға толы болса да құрбандық шалуды білмейді. Арагідік елдің сөзі сүйегіне батқанда ғана мұсылманшылдығы оянатын. Өзі ауылдың ең жасы үлкен ақсақалы. Отырыс-жиындарда, өлген-тойдың бәрінде бас ұстайтынның бірі осы кісі. Сөзге шорқақ, жөнді бата да бере алмайды. Жұбаныш қылжақтап «Болысбай әлі күнге әріп танымайды, өткенде газетті керісінше ұстап ап «Жер төңкеріліп кеткендей мына мәшиненің бәрі аударылып жатқаны нес?!» депті шімірікпей. Енді біз сол кісіге Құран оқытып, бата сұрап жүрміз. Ол Құлқуалланың өзін дұрыс оқи алмайды. Байқасаңдар, үнемі даусын шығармай оқиды. Нанбасаңдар анықтап қарап отырыңдар! Әй сол санау біле ме екен өзі?...» деп біраз ішек-сілемізді қатырды.


«Еееее, есіме түсті. Ол пақырың оқу білмесе де, санау біледі. Кеше ғана қара қойым жоқ деп жер-жаһанға жария қылып жүрген. Іздемеген жері жоқ, соған қарағанда қойы қоңды болуы керек. Бөжек тисе біреуін ғана азық қылмайды. Жайпайды ол бәрін. Ызначит қорасына ұры түскен. Әй, бірақ Болысбай аман болса, қойының сүйегін таппайынша жаны жәй таппайды... Сол шынымен де санау біле ме екен, әлде қойларын түріне, түсіне қарай ажырата ма екен? Бәтшағардың жады мықты ғой, бергенін өлсе де ұмытпайды!» деп тағы бір сыбап алды. Жұбаныш Болысбай туралы көп қылжақтағанмен, жайсаң, жайдарлы кісі. Әкесі Болысбаймен түйдей құрдас адам болған. Ертеректе қайтыс болып кеткен. Сол кісінің көзі тірісінде құрдасы туралы айтқан әжуаларын енді өзі дамытып, әрі нақышына келтіріп айтады.


...Тұрардың қой түгіл қорасы да жоқ. Әйтсе де, үйінде ет үзілмейді. Ауылдағы атақты ұры. Ешкім көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң Тұрардың ұры екендігін ешкім бетіне басып айта алмайды. Азын-аулақ малы барларға тиіспейді, ауқатты, әсіресе Болысбай секілді не сатуға, не союға қимайтын Шықберместерді шыр айналдырады. Ұры болса да, ауылдағы сыйлы кісілердің қатарынан болатыны да содан. Түр-әлпетіне қарап, ешкім оны ұры деп ойламайды. Пәленбай жыл мектепте сабақ берген зиялы адам секілді. Сөздері де бейпіл, бейберекет емес.


Кеше ғана құрбандыққа шалар қой жоқ деп қаймығып отырған Тұрар айт намазынан шығып, сонда жиналған жамағатты түскі асқа үйіне шақырып кетті. Бір амалын тапқан көрінеді. Түйе сояр ма екен, бие сояр ма екен. Жоқ, бие де, түйе де емес, астық сақтайтын ескі сарайдың ішінен сүйреп қара қойды алып шықты. Мынаны Болысбай көрсе, менікі деп тұра ұмтылушы еді. Тезірек сойып тастамаса болмас. Оны әккі Тұрар да жақсы біледі, сарайдың артындағы қуысқа бауыздап, дем арада терісін іреп тастады. Ізін ала терісін де сатып жіберді. Сонымен құрбандық шалынды. Тек Тұрардың шаңырағы ғана емес, шамасы жеткеннің бәрі шалды. Болысбай тағы да қалыс қалды. «Құрбандыққа шалам деп әкелген қара қойым қолды болды» деп ақталыпты ел алдында. «Шаламын десе қойы жетеді, олай шала бүлінбей-ақ қойсыншы» депті Жұбаныштың әйелі мұны естігенде.


Түске Тұрардың үйіне ауылдың шал-шауқаны, кемпір-сампыры түгел жиналды. Ең жасы үлкені Болысбай. Үлкен ас келгенше шәйдан ұрттап, әр нәрсенің басын шалып әңгіме қылды. Шариғат та айтылды. Болысбай төрде отыр. Тұрар қонақтар келген соң байыз таппай, арлы-берлі мазасызданып жүр. «Қазір үлкен ас та келіп қалады, сәл шыдаңыздар!» дейді біреу оны асықтырғандай. Сол-ақ екен, табақтар тартыла бастады. Қойдың басы әдеттегідей Болысбайдың дәл алдына барды. Алабөтен ой жоқ, бәрі де жарасымды отыр. Сол сәтте Болысбайдың көзі алдындағы қойдың басына түсті. Бас үйітілген, бірақ құлағындағы ені қалып қойыпты. Оң құлағының артынан тілік, сол құлағының алдынан ойық. Дәл өзі! Кеше ұрланған қара қой осы. Дегбірі қашып, айналасына алақ-жұлақ қарайды.


– Бөке, бәрі дұрыс па? – деді Алтынбай ақсақал Болысбайдың мазасыздығына қарап.

– Әй, Тұрар-ау, мынау менің қойым ғой! – деді Болысбай.


Болысбайдың қойы ұрланғанын ауылдағының бәрі біледі, бірақ әзілдеп отыр екен деп мән берген ешкім болмады. Тұрар да сыр алдырмайын деп, әзіл-шыны аралас «Кешегі ұрланған қойыңыз осы деймісіз? Өз бидайыңызды өзіңізге қуырып беретін Тұрар ініңіз ақымақ деп пе едіңіз?» деп қалжыңдап еді, Болысбайдың өңі өзгеріп:

– Әй, Тұрар, былшылдама, мынаның құлағындағы енді қарасайш, тілік пен ойық. Мұндай ен ауыл түгіл ауданда ешкімде жоқ. Мен сенімен сосын асықпай сөйлесемін! – деді бұл жолы расымен ашуға мініп. Тұрардың дегбірі қашып, аузына сөз түспей, басын сипаған күйінше қалды. Болысбай болса Алтынбайдың «бір ашуыңызды беріңіз енді» дегеніне де құлақ аспай, алдындағы табаққа қолын сала бастады. Еттің иісі бұрқырап, танауды жарып барады. Көптен бері ет жемеген, қасқырға жем боп, ұрыға жем боп жүрісі мынау.


Барлығы Болысбайға бір, Тұрарға бір қарап, табаққа қол салар-салмасын білмей дағдарып қалды. Сол кезде жұлмалап ет жеп отқан Болысбай жөнге келіп «Жануар семіз екен, өзіме бұйырмағанын қарашы» дегенде сілтідей тынған тыныштық ду ете күлкіге ұласты. Еңк-еңк етіп жылағалы тұрған Тұрардың әйелі де кеңк-кеңк етіп күле кеткенін өзі ұқпай қалды. Жұбаныш та қарап отырмай, «Үлкені өзіңіз, қойдың басына Құран оқып, батаңызды беріңіз мына шаңыраққа» деп тағы бір желпінтіп тастады. Абырой болғанда Тұрардың құрбандығы даумен емес, қылжақпен тарқады. Есесіне, Тұрардың ұры екендігін ауыл «ресми» түрде мойындатты.


«Мешкей деген жақсы ат емес». Десе де, ұры дегенге де құлағы үйренді. Ара-тұра «Қалайша құлағындағы енді байқамағанмын а?!» деп өзін-өзі жекіп қоятыны бар.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар