Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Амангелді Кеңшілікұлы. «Гогольдың өлімі»...

21.08.2015 3234

Амангелді Кеңшілікұлы. «Гогольдың өлімі»

Амангелді Кеңшілікұлы. «Гогольдың өлімі» - adebiportal.kz

 

 


Орыс қоғамы және сайтан

 


 

Орыс жазушыларының ішінде сайтан тақырыбына алғаш рет Гоголь қатты назар аударды. Адамның сайтанға айналуы көзді ашып-жұмғанша екенін байқаған жазушы - өз шығармаларында бұл тақырыптың астарына терең үңіліп, жан-жақты зерттеп, барлық қырынан ашуға тырысты. Бір сөзінде Гогольдің өзі «сайтанды ақымақ қылып шығару - бүкіл шығармашылығы мен өмірінің өзегіне айналғанын» мойындапты. Жұрттың бәрі сайтанмен тіл табысуға тырысып жатқан өліра мезгілде, Гоголь онымен айқасқа түсті.

Гоголь мен сайтанның күресі, орыс аңызындағы батыр Иванның мәңгі өлмейтін Кощеймен шайқасын еске түсіреді. Қауіпті, әрі қорқынышты болса да, жазушы бұл тақырыпқа бір емес, бірнеше рет барды. Құдайдан да сескенбейтін сайтанды әшкерелегісі келген жазушы жан тыныштығынан айырылып, бақытсыздыққа ұшырады.


Жекелеген пенделердің ғана емес, сайтанның қылбұрауы мойнына ілінген соң ар-ұяттан безген, иманнан айырылған бүкіл қоғам оның етегінен ұстап, айтқанына көніп, айдағанына еріп, жетегінде кетіп бара жатқанын – орыс әдебиетінде тұңғыш сезінген жазушы Гоголь болды.

Жүрегіне қадалған бір кесек мұз еріп кеткенде, қар ханшайымының (Снежная королева) патшалығында жүргенін түсініп, шошып оянған Ганс Христиан Андерсен ертегісінің кейіпкері Кай секілді, ызғарлы қоғамның сайтани болмысының сықпытын таныған Гогольдің тұла бойы түршігіп, жан-дүниесі мұздап қоя берді. Сайтанға тым жақындап барып, оның жүзіне үңілген Гогольдің санасын үрей биледі.

Масқара! Сайтан деп шошып жүргеніміз, бүкіл адамзат баласы секілді тіпті, өзімізден аумайтын пенде болып шықты.


Қайтпек керек! Санасын сайтан жаулап алған қоғамда бұл азаптан құтылудың екі-ақ жолы бар-тұғын. Сайтанның айтқанына көнесің немесе оның құрығынан құтылу үшін өзіңді өлімге қиясың. Гоголь бұл екі жолдан бас тартып, сайтанмен күресуге бел буды. Сайтанның табиғатын зерттеген Гоголь бұрын-соңды ешкім байқамаған қорқынышты дүниелерді көрді.

Сұмдық-ай! Жер бетінде екі дүниенің дәнекершісі болып Құдай да, Пайғамбар да емес, аспаннан түскен төрт киелі кітаптағы қағидаларды қате түсінген, адам кейпіне енген сайтан жүр. Сайтан! Адамның бәрімен тіл табысып алған мұндай ауыр жағдайда сайтанның берік қамалын бұзу мүмкін емес еді. Адамдық сананы жаулап алған сайтан, ендігі уақытта Құдайлық санаға жол іздей бастапты. Ең қорқыныштысы сайтанның азғыруымен істелінетін зұлымдықтардың бәрі де біз ойлап жүрген үлкен дүниелерде емес, өзіміз күнде жасап жүрген, көзге көрінбейтін кішкентай ғана пендешілікте жатады екен.


Кішкентай пендешілігің үшін билікке сатылу; лауазымы жоғары шенеуніктерге жағыну; ар-ұятты ұмыту; өтірік айту.. сияқты сайтан белгілеп берген шеңбердегі заңдылықтардың бәрі де – «адами» тіршіліктегі өмір сүрудің қалыпты жағдайына айналыпты. Бойы да, ойы да қортық сайтан жер бетінде жүрген пенделердің кішкентай жүрегіне ұялап, өз орнын тауып үлгіріпті. Сайтанның көмегі арқасында кішкентай пенделер биліктегі үлкен орындарға нық сеніммен жайғасыпты. Сайтан қолдаған соң санасында сәулесі жоқ, кішкентай пенделер үшін үлкен өнерге даңғыл жол ашылыпты.

Жазушының «Вий» атты әңгімесіндегі философ Хома Брут пен сайтанның арасындағы азапты арпалыс - азғындықтың жолына түскен қоғамға қарсы шыққан, Гогольдің жан-дүниесіндегі мазасыздыққа көбірек ұқсайды. Шіркеудің ішіне кіріп алып, жын-ойнақ салған сайтандардан қалай құтыларын білмеген философ Хома Брут секілді, Гоголь өмірінің ақыры да үрей құшағында өтті. Кейін тарихта жазушының “Вий” әңгімесінің кейіпкері, халықты қан жылатқан сайтан Ленин, сайтан Сталин.. бейнесінде қайталанды. Сайтан ғасырлар бойы адамзат баласының санасын улап, жан дүниесін темір торға қамап, уысынан шығармай ұстап келеді. Миллиондаған адамның өзен болып аққан қаны мен көз жасы да сайтанның айызын қандырар емес.


Егер де Ресей халқы Гогольдің шығармаларынан тағылым алса, тарих доңғалағы басқаша жүріп, бәлкім кейінгі ғасырдағы тағдыры өзгеше болар ма еді? Кім білсін. Бірақ сана-сезімін сайтан иектеген орыс халқы Гогольдің аузымен айтылған, алғашқы ащы шындықты мойындағысы келген жоқ.

Сондықтан да, заманның қайда бет алып бара жатқан бағытының ащы шындығын суреттеген Гогольдің «Өлі жандары» мен «Ревизоры» орыс қоғамының үлкен наразылығын туғызды. Өйткені сайтанның шылауына шырмалған қоғамда нағыз суретшінің емес, үлкен өнердің атынан сөйлеуге мүмкіншілік алған, кішкентай адамдардың дәурені жүріп тұрады. Тобырлық деңгейге түсіп кеткен, сол замандағы қоғамның бетке ұстар зиялы қауымы «Өлі жандарды» жазғаны үшін Гогольді түтіп жеп қоя жаздады. Осы уақытқа шейін тобырдың арасынан анда-санда естілген сайтанның күбір-сыбыры, енді айқайға ұласты.


Гоголь шынымен қорқа бастады. Сайтанның айқайы күн өткен сайын неғұрлым ащырақ шықты. Гоголь сайтанға үлкен қауіп туғызғандықтан, жазушыны өлтіруден басқа оның амалы қалмады. Санасына сайтан ұялағанын сезбей қалған пенделер, оның ыңғайына жығылып, енді жазушыны өлтіруге шындап кірісті.

- Гогольға жазуға тиым салдырту керек, өйткені оның шығармаларынан Лаврушка қызметшінің сасық иісі шығады, - депті Владимир Панаев деген бір сыншы.

- Мен сұлулықты сүйемін, ал, сіз сомдаған сорақы картиналар жиіркеніш сезімін туғызады, - деп көсемсіпті Сенковский деген екіншісі.

Гогольдің «Өлі жандарындағы» үлкен трагедияны шынайы түсінген және ондағы көрсетілген шындықты мойындаған бір-ақ адам болды. Ол – Пушкин еді. Әлі сиясы кеуіп үлгірмеген «Өлі жандар» поэмасын жазушы ең алдымен Пушкинге оқып бергенде, ұлы ақынның жүзі түнеріп кетіпті.

- Құдайым-ай! Шындығында да біз осындай сорлы халық па едік? - деп ұзақ уақыт бойы Пушкин өзіне-өзі келе алмай қапаланыпты. Неге екенін білмеймін, маған ылғи да Пушкиннің мына бір өлеңі мен Гогольдің «Өлі жандарының» арасында мәңгі айрылмайтын рухани байланыс бар секілді болып көрінеді де тұрады:


Молчи, бессмысленный народ.

Поденщик раб нужды забот.

Несносен мне твой ропот дерзкий.

Ты червь земли, не сын небес.

 

Алайда тобырлық деңгейге төмендеген «Руский вестник», «Северная пчела» сынды сол уақыттағы беделі зор әдеби басылымдардағы сыншылар шығарманы түсінуді былай қойғанда, Гогольдің «Өлі жандарына» қарғыс жаудырды. Бір сөзбен айтқанда, өзінің шынайы болмысын көруден қорқып, ащы дауысы шыққан сайтани қоғам жазушыдан теріс айналды. Жо, жо, жоқ, керісінше Гоголь сайтанға айналған қоғамға лағынет айтты. Сайтанның дауысының бұлайша ащы шығуының өз себебі бар еді. Дүние жаратылғаннан бері әлемге өз әмірін жүргізіп келген сайтанға тарихта тұңғыш рет Гоголь ойсырата соққы берді. Бұл тым еркінсіп кеткен сайтанды әшкерелеген, әдебиет майданындағы адамзат баласының алғашқы жеңісі еді. Дәл сол уақытта мұны түсінуге қоғамның санасы әлі пісіліп жетілген жоқ еді. Гогольдің бұл жеңісі кейіннен оның өліміне себепші болды.

 

 


Гогольдің өлі жандары


 

 

Орыс әдебиетінің тарихын қайталап оқыған сайын, ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың ақын-жазушыларының ішінде бәрінен бұрын Гогольдің аянышты тағдыры менің жан-дүниемді қатты күйзелтеді. Әрине, қыршын кеткен Пушкин мен Лермонтов тағдырлары да жан-дүниеңізді қайғы теңізіне батыратыны рас. Дегенмен осы екі ұлы ақын, сол дуэльге бармай-ақ, бойларына Құдай дарытқан таланттарын соңына шейін сарқа пайдаланса, орыс әдебиеті бүгінгі көтерілген биігінен де тым алысқа шырқап кетер ме еді деп ойлайсың. Шіркін-ай, сол уақытта осы екі ұлы ақынның тағдырын басқаша шешуге дәнекерші бола алатын тірі жан қалай табылмады деп кейде жүрегің қан жылайды. Мен орыс халқының батырлық туралы мұндай ұғымын қабылдай алмаймын.


Қалай десек те Пушкин мен Лермонтовтың тағдырлары өз қолдарында болды. Гогольдің тағдырын - қоғам шешті. Байқасаңыз, орыс халқы Пушкин мен Лермонтовтың өлімін асқақтата жырлаумен келеді. Тіпті, триумфқа айналдырып жіберді. Орыстың кез-келген әдебиеттанушысы Пушкин мен Лермонтовтың қазасын жыр қылып айтып беруге әзір. Гогольдің өлімі туралы жұмған ауыздарын ашқысы келмейді. Себебі, Пушкин мен Лермоновтың өлімі - орыс рухының биіктігінің, ал Гогольдің өлімі - орыс рухының төмендігінің, тіпті, рухсыздығының көрінісі. Гогольдің шындығы – орыс қоғамы үшін әлі күнге шейін қорқынышты.


Сайтанмен ауыз жаласқан орыс рухсыздығының көрінісі әсіресе, Гогольдің «Өлі жандары» мен «Ревизорында» барлық қырынан ашылды. Гогольдің тырнақалды туындыларындағы суреттелген шын сайтандар, азып-тозған қоғамдағы адамның сайтанының қасында түк емес екен. Заманның өзі туғызған сайтандары Чичиков пен Хлестаков қоғамның надандығын жеке басының есебі үшін керемет пайдалана біледі. Олар үшін өтірік айту, біреудің есебін жеу, ар-ұяттан безу – тіршілік үшін күресудің белгісі. Олар ғана емес, бүкіл халық осы ұстанымдарды өмір сүруінің негізгі тірегі етіп, сайтан соққан тас қамалдарына бекініп алыпты.


Сайтанның мың-миллион рет құбыла алатындығы, әсіресе Гогольдің «Ревизорында» бояуы қанық, айшығы анық етіп суреттеледі. Хлестаковтың өтірік айту шеберлігінің қасында тіпті, кейбір шын сайтандарыңның өзі жіп есе алмайды. Билікке жағыну үшін өтірік айтудың дертіне шалдыққан қоғамды жөнге салу Құдайдың иелігінен де кетіп қалыпты. Ең сорақысы қоғам өзінің айтып отырған өтірігіне жан-тәнімен шын сене бастапты. Хлестаковтың өтірікті соншама шебер ойластыра білетіндігі сізді еш таң қалдырмайды. Себебі бүкіл қоғам осы өтіріктің арқасында күнін көріп отыр. Өтірік таным. Өтірік мораль. Өтірік өмір. Өтірік саясат.


Өтірік болмысын мойындағысы келмеген орыс қоғамы - жазушының «Ревизор» шығармасының төңірегінде түрлі дау-дамайлар ұйымдастырды, Гогольді қоғамнан аластатудың жолдары іздестірілді. Жазушыға араша түсе алатын тірі жан табылмады. Өйткені өнерге төрелік етіп отырғандар қара тобырдың арасынан шыққан, құлдық санадан арыла алмағандар еді. Олардан құтылу үшін, амалсыздан Гоголь шет елге кетуге мәжбүр болды. Он үш жыл бойы шет елде жүру Гогольдің жанына ауыр тиді. Жазушыны шет елге жіберіп, енді оны жеңдік деп ойлаған, санасына сайтан ұялаған орыс қоғамы тағы да қателесті. Шет елде жүріп Гоголь қоғамның сайтани дүниетанымын одан бетер әшкерелеген өмірлік мақсатының темірқазығы болып табылатын “Өлі жандар” поэмасының бірінші кітабын жазды.


Ұмытпасаңыз, Гогольдің «Өлі жандар» поэмасы жазушының   екі орыс мұжығының бейнесін суреттеуінен басталады. Чичиковтың күймесінің доңғалағына көзі түскен мұжықтардың біреуі:

- Қарашы, қандай доңғалақ ойлап тапқан. Қалай ойлайсың, бұл доңғалақ Мәскеуге шейін жете ала ма?, - дейді.

- Жетеді, -дейді екіншісі.

- Ал, Қазанға шейін ше?

- Жоқ, Қазанға шейін жете алмайды.

 

«Өлі жандардың» басында келтірілген осы эпизодты оқығанда екі орыс мұжығының қылығына еріксіз күлесіз. Шығарманы соңына шейін оқып шыққанда осы кішкентай эпизод сізге басқаша ой салады. Сіз сайтанның алдындағы әлсіз сәтіңізде осы екі орыс мұжығының ойлау қабілетінен де мың есе төмендеп кететін, өзіңіздің надан бейнеңізді айнымай танисыз. Сайтан салтанат құрған қоғамда саналы ойдың өмір сүруінің мүмкін еместігін түсінесіз. Кішкентай пендешілігіміздің алдында әлсіздік танытқан сәттерімізде бәріміз де, Чичиков, Собокевич, Манилов, Плюшкин секілді адамның сайтанына айналады екенбіз.


Біздің пікірімізбен келісу немесе келіспеу өз еркіңізде. Алайда жазушының осы бір тұста Ресейде өмір сүріп жатқан орыстардың православиелік және мұсылмандардың ислам дінінің арасына салғастыру жүргізіп кеткенін аңғару қиын емес.

Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Күйменің үстінде отырған Чичиков –символдық тұрғыдан алғанда сайтанның бейнесі. Оның қай жерге шейін бара алатындығын талқылап отырған екі орыс мұжығы шынайы тазалық үшін дауласып жатқан – христиан және ислам дінінің көрінісі. Күйменің үстіндегі сайтан орыстардың астанасы Мәскеуде емін-еркін сайран сала береді. Себебі христиан әлемінің адамды тәрбиелеудегі діңгегі босап, ол дүниеде сайтан ойына келгенін істеп, емін-еркін өмір сүріп жүр. Бірақ осы сайтан сол Ресейдегі татарлардың жері Қазанға бара алмайды. Себебі мұсылман әлеміндегі ислам дінінің діңгегі темірдей берік болғандықтан, сайтан ол дүниенің маңайына да жолай алмайды. Исламда сайтанның жолына түскен адам кешірілмейді. Жазаға тартылады.


Сайтан тақырыбы ХІХ ғасырға шейін де әлем әдебиетінде талай зерттелгенімен, тек, Гоголь ғана әлемдегі ұлы жазушылардың ешқайсысы да байқамаған қорқынышты жаңалықты ашты. Сайтан біз ойлап жүргендей аса үлкен құбыжық емес, бақа-шаян секілді құп-құрттай ғана бәлекет болып шықты. Сайтанның біздің көзімізге дәу айдаһардай көрінетін себебі, өзіміз тым ұсақталып кетіппіз.

 

 


Достармен сырласу


 

 

Сайтанның қайда жүретіндігін іздеген жазушылардың бәрі үлкен тақырыптарға көз тіксе, Гоголь микраскопты алып, адамның кішірейіп кеткен жан әлеміне үңілді. Және сайтанның мәңгі мекенін сол кішкентай әлемнің төрінде сайрандап жүрген жерінен тапты Сайтанның табиғатына үңілген сайын жазушы оның неше тұрлі сұмдық қылмыстарын ашты.

Шынына баққанда бұл көзсіз ерлік еді. Шындықты бұлай айту өзіңді тірідей тозақтың отына салумен пара-пар болатын. Бірақ оны айтпай, үндемей қалса Гоголь –Гоголь бола мА? Осылайша жазушының сайтанның ең қауіпті шындығын әшкерелеген «Достармен сырласу» (Переписка с друзьями) атты еңбегі дүниеге келді.


Бұл жолы Гоголь сайтанның ең қасиетті дүниесінің ойран-ботқасын шығарды. Енді ол христиан діні туралы орыс қоғамы түсінігінің қате екенін ашына жазды. Құдайым-ай, тіпті айтуға аузың бармайды. Осы уақытқа шейін орыс қоғамының Құдай деп танып жүргені сайтанның сандырағы екен. Бейнелеп айтсақ, Гоголь сайтанның ең қасиетті ордасына шабуыл жасады. Жұрттың бәрі дүниенің имансызданып бара жатқаны үшін патша мен орыс шіркеуін жабылып айыптаса, Гоголь барлық кінараттың тірі өлікке айналған халықтың өзінде екендігін көрді. Батысшылдардың бәрі де орыс шіркеуін жамандап, «зеңбіректен» атқылағанда, Гоголь ғана сол оққа қарсы өзінің үлкен жүрегін тосты.


 - Шіркеу біздің сөзімізде емес, өзіміздің ішімізде жану керек. Олар біздің шіркеудің өміршең емес екендігін айтады. – Олардыкі өтірік, өйткені шіркеу біздің өміріміз: бірақ олар бұл өтірікті логикалық жағынан дұрыс жасады: біздің шіркеуіміз емес- біз өлікпіз: біздің түрімізге қарап олар осындай қорытындыға келді, - деп, күйзелді Гоголь. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 6- шы том, 212 бет)

Адам Құдайды шын жүрегімен сүймейінше зұлымдықтың мәңгі жалғаса беретіндігінің сырына Гоголь осы кітабындағы «Қасиетті мереке» (Светлое Воскресенье) атты шығармасында терең бойлады. Орыс қоғамының өз Құдайын танудағы қателігін алғаш көрген Гоголь ол шындықтан аттап кете алмады. Шығарманың желісін тарқатып айтатын болсақ, орыстардың жылына бір рет тойланатын қасиетті діни мерекесі бар. Жазушы осы мерекенің барлық қасиетінен айырылған, әйтеуір бір тойлау үшін аталып өтетін мейрамға айналып бара жатқандығына күйінді. Құдайға құр босқа өтірік табынғаннан гөрі, оны шын жүрекпен сүюдің мың есе маңыздырақ екендігін өз заманында Гоголь ғана түсінді. Құдайтануда ғұлама Достоевский мен Толстой да қателесті. Гоголь ғана қателескен жоқ. Әр адамның жүрегінде ұялаған кішкентай Құдайы өліп қалған заманда ұлы Жаратушының өзі де бақытсыздыққа душар болады. Біз Құдайды шын сүйгендіктен емес, сайтан сықылды одан қорыққандықтан ғана өтірік табынады екенбіз.


-Ғайса пайғамбарымызды үйімізге кіргізіп алудың орнына, біз оны далаға.., ауруханаларға қуып жібердік, - деп, қапаланды Гоголь.

Тәні емес, жаны есікке қысылған сайтан енді ышқына шыңғырды. Жо, жо, жоқ. Гогольді бұлай тайраңдатып қоюға болмайды. Қашанғы басымызға шығара береміз? Оны өлтіру керек! Өлтіру! Гогольді өлтіру үшін орыс қоғамының «ауыр артиллериясы» осылайша іске қосылды.

Бір жарым ғасырдан аса уақыт өтсе де «кейде ит болып үріп, кейде түлкіше құйрығын бұлғаңдататын» (сыншының өз сөзі) Белинский жарықтықтың «Гогольге хатын» қайта-қайта оқыған сайын, жазушыны емес, сыншыны аяймын. Гоголь өмірінің соңына шейін Құдай белгілеп берген ізгілікті сара жолдан тайған жоқ, Белинский өмір бойы адасып өтті. Және өзі жалғыз адасқан жоқ, сөзіне сеніп, соңынан ергендердің бәрін адастырды. Қара түнек заманда Гоголь ғана Құдайға апаратын ізгілікті таза жолды таңдай білді.


Гогольдің ізбасарлары Достоевский, Тургенев, Толстой, Булгаковтар адамзат баласының санасын әлі талай мыңдаған жылдар бойы суаратын мәңгілік дүниелер қалдырды. Белинскийдің соңынан ергендердің құмға сіңген судай іздері де қалған жоқ. Егер мықты болса орыс әдебиетінің көтерілген биік шыңына Белинскийдің ізбасарларының қалдырып кеткен сын мұрасы неге жете алмады? Өйткені орыс әдебиетінің сыны Белинскийдан емес, Гогольдің «Достармен сырласу» атты еңбегінен басталуы тиіс еді. Не деген сандырақ? деп айыптай көрмеңіз. Кешіріңіз, бұл менің сөзім емес. Ең бірінші рет осы сөз, орыс әдебиетінің қарапайым ғана жанашырларының бірі Пушкиннің досы Плетнев ақсақалдың аузынан абайсызда шығып кетіпті. Бұл сөзді айтқаны үшін ол мазаққа ұшырады. Жұрттың бәрі оны «ескі телпек» деп келемеж қылып, артын ашып күлді. Кейде жаны жанатта болғыр Плетнев марқұмның аузына осы сөзді Құдай салды ма деп ойлайсың.


Белинский бастаған, Добролюбов қостаған орыстың ғұлама сыншылары әдебиетте әлеуметтік ой, биік мораль жатуы керек деп ойлап, оңбай қателесті. Гоголь олай ойлаған жоқ. Әдебиет дегеніміз - адам жанының қасиетті шіркеуі, оған кім-көрінгенді кіргізе берсе, ат-қораға айналады. Сіңірген еңбегі мен көрген қорлығына бола, оның төріне есекті апарып қоюға болмайды. Жұрттың көбі іштерінен булығып айта алмай жүрген шындық, Гогольдің кіршіксіз таза пәк жүрегінен ақтарыла салды. Мәссаған! Байқайсыздар ма, енді Гоголь анау-мынау емес, сол уақыттары поэзияның пайғамбары саналып жүрген – Ломоносовты сынап салды.


 - Қаталырақ қарасақ, Ломоносов деген кім соншама? Өнер мен білім қуып келгендердің бірі ғана. Ақындардың қатарына ол байқаусызда қосылып кетті, - дегенді, беті еш шімірікпестен, соншалық сенімді түрде батыл айтты. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 6- шы том, 334 ші бет)

 

 

 


Жалғыздық сені қайтейін?


 

 

Бір жарым ғасырдан астам уақыт өтсе де жазушының «Орыс поэзиясының табиғаты мен ерекшелігі неде?» атты сын мақаласындағы мәңгі ескірмейтін шындықтардың, сондайлық бір математикалық дәлдікпен, жеріне жеткізе айтылғандығына қайран қаламын. Ал, ол уақытта мұны айту аузынан жалын шашып тұрған айдаһардың аузына түкіргенмен пара-пара көзсіз батырлық-тұғын. Қате болса да, қасиетті санап жүрген өзінің танымына шабуыл жасаған Гогольді орыс қоғамы қалай кешірсін. Кешірмеді де.


- Мүмкін сіз ауру шығарасыз, сондықтан сізге емделу керек шығар. Қамшының насихатшысы, көргенсіздіктің уағызшысы, білімсіздік пен қараңғылықтың жақтаушысы, татар әдет-ғұрпының мадақтаушысы –Сіз не істеп отырсыз? Аяғыңыздың астына қараңызшы; сіз жардың қасында тұрсыз ғой, - деді Белинский Гогольге жазған хатында. (В.Г.Белинский. Пушкин. Лермонтов. Гоголь туралы мақалалар. Мәскеу. Просвешение баспасы. 1983 жыл. 229 шы бет).


О, жалған-ай, бұл өзін мәдениетті санайтын Белинскийдің аузынан шығатын сөз бе еді, тәйірі?! Осының алдында ғана сыншының аузын ашып, көзін жұмып –Гогольдің “Өлі жандарын” жер-көкке сиғызбай мақтағаны қайда? Сыншының аяқ астынан қапелімде өзгеріп шыға келгеніне қайран қаласың. Енді Гоголь шынымен жалғыз қалды.

Белинскийге берген жауабында Гоголь сыншының шын мәнісіндегі білімсіздігін тап басады. Шығарманы оқымай жатып, әркімнің айтқандарын қайталап жүрген сыншының, бұрын-соңды ешкім байқамаған түлкі табиғатының осал жерінен тырп еткізбей, ұстап алады.

- Осының бәрі де адам сенетін жағдай ма? Түсініксіз жағдайда қалған мен өзіме және өзімнің кітабыма түк қатысы жоқ айыптаулардан қорғануға тиіспін. Сіз менің кітабымды жүз рет оқыдым деп жазыпсыз, алайда сіздің сөздеріңізден ол кітапты бір рет те оқымағандығыңыз аңғарылады, - деді Гоголь - сыншыға берген жауабында. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 7- ші том, 360 шы бет)


Бірақ Гогольдің шаужайына жармасқан жалғыз ғана Белинский ме? Егер батысшыл Белинский Гогольдің христиан дінінің тазалығы туралы жазғандарын «сайтанның ілімі» деп айыптаса, славянофил Аксаков та одан алыс кетпеді. Гогольдің «Достармен сырласу» атты кітабы шықпай жатып ол - Сіз өте аянышты және дөрекі қателестіңіз. Сіз мүлде адастыңыз, өз-өзіңізге қайшы келіп, аспан мен адамға қызмет етуді ойлай жүріп, Құдай мен адамды қорлап жатырсыз, - деп данышпан Гогольге ақыл үйретіп хат жазды. Әшейінде бастары қосылмайтын батысшылдар мен славянофильдер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай Гогольге қарсы ызғарлы айыптауларды қарша боратты. Орыс сыншыларының жөнсіз айыптаулары жанына қатты батқан, қара тобырдан арашалауды сұраған Гогольдің дауысы енді аянышты, әрі жалынышты шықты.


 - Кітабымның төңірегінде пайда болған дау-дамайлар мен түсінбестіктер маған өте ауыр тиді, өйткені мен өзімнің еңбегім адамдардың арасына жік салады деп емес, керісінше оларды татуластырады деп ойлағанмын. Менің жаным маған таққан жалған айыптаулардың бәрінен де қатты шаршады, әсіресе әлгіндегі кейбір айыптаулар маған қатты соққы боп тигені соншама, мен Құдайдан оны ешкімнің де басына бермеуін тілер едім, -деп қорғануға көшті, байғұс Гоголь. (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 6- шы том, 454 ші бет)


Өмірінің соңында жазған Гогольдың «Жазушының жан азасы» (Авторская исповедь) еңбегін оқыған сайын өмір дегеніміздің адам мен сайтанның арпалысы екендігіне көзім жете түскендей болады. Сол сайтанды жеңу –халықтың ар-ұятының өлшеміне ғана байланысты. Адамды жаратқан Құдайда ешқандай жазық жоқ. Бар бәле, Құдай салып берген сара жолды танығысы келмегендіктен, пендешілікке салынып, оның өсиетін бұрмалап, басқаша түсіндіріп жүрген, санасын сайтан билеген тобырдың арасынан шыққан надандарын хан көтеріп, жұртқа шын жүрегімен жаны ашитын ақындарын тозаққа салып қоятын – тірі өлікке айналған халықтың өзінде. Дүниенің жарға құлап кетпеуі алдымен Құдайға, сосын халықтың ар-ұятына ғана тіреліп тұр. Өз замандастарының ішінде осы шындыққа жалғыздықтың зарын тартқан ең бірінші Гогольдің көзі жетті.

 

 


 

Сайтанның тұзағына ілінген Гоголь


 

 

Кейде ойлаймын. Жаратушыны бар ынтасымен шынайы сүйген Гоголь неге осындай аянышты тағдырды басынан кешті? Жазушының бақытты өмір сүруге толық қақысы бар еді ғой. Жаны әбден күйзелген Гоголь өмірінің соңында мынандай мағынадағы хат жазуға мәжбүр болды: «Ештеңе жайлы айтқым келмейді. Әлемдегі бүкіл қызықтың бәрі суретшінің бөлмесінде жасалып жатқан дүниелердің бәрінен де төмен екендігі соншама, ештеңеге де қарағым келмейді. Бұл әлем мен үшін жаратылмаған секілді» (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 7- ші том, 353- ші бет)


Бұл жазушының суретші Александр Андреевич Ивановқа жазған соңғы хаты. Хатты оқыған сайын, жалаңаш тәніме біреу мұздай су құйып жібергендей тұла-бойым түршігеді. Тәңірім- ай деймін сол кезде, бұл - Жаратушыны жан-тәнімен сүйген құлы Гогольдің аузынан шығуға тиіс сөз бе еді! Халқына қалдырған соңғы өсиетінде «Өлі емес, тірі жан болыңдар. Мына әлемде Ғайса Пайғамбар көрсеткен есіктен басқа есік жоқ» дегенді айтқан Гоголь емес пе?


Шын мәнісінде Гоголь қаны бұзылған заманының тәнінен үзіліп түскен бір түйір таза тамшы еді ғой. Өз Отанын да дәл Гоголь сияқты ешкім беріле сүйе алған жоқ. Менің ойымша өз халқының келешегі үшін шынымен жаны ашитын жазушы халқын әлдеқалай мақтап емес, Гоголь сияқты ашына сүю керек, ашына. Халықтың жақсы жағын айту ешқайда қашпайды, қайта, керісінше халқының бойындағы келеңсіздіктерді күйіне, ызалана жазу керек. Халықты ынты-шынтымен сүю дегеніміз –оның құлы болу емес, қайта сол құлдықтан құтқаруға талпыну. Қара тобырдың арасынан белсеніп шығатын бір-екі сүмелектен қорқып үндемей қалу адамның азаматтығына нұқсан ғана емес, ол - халыққа жасаған сатқындығың. Халықтың арқасынан өтірік қағып қойып, желінін қақтап, оны сауын сиырдай сауу – барып тұрған опасыздық.


Бәріміз де мектепте оқыған Гогольдің «Тарас Бульбасы» есіңізде шығар. Егер есіңізде болса шығарманың соңында жаудан қашып жүрген Тарас өзінің темекі шегетін трубкасын түсіріп алады ғой, бірақ оны дұшпанның жерінде қалдырмаймын деп жүріп, ақыр аяғында жау қолына түседі. Моральдық тұрғыдан қарасақ осындай ауыр жағдайда Тарас Бульбаның бір кішкентай трубкаға бола қайтып барып, жаудың қолына түсуі – қылмыс. Құдайлық тұрғыдан қарасақ бұл қылығының арғы жағында мінез, ер-жігіттің бойына Құдай дарытқан қас батырлық жатыр. Отанын шын сүйетін, проваславиалы мінез рухымен тәрбиеленген Тарас Бульбаның көзіне, трубкасын жаудың жерінде қалдырып кетудің өзі сатқындық болып көрініп тұр. Отанына жасаған сатқындығы үшін екі ұлының біреуін өз қолымен өлтірген, туған жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен бір ұлын жаулардың қалай азаптап өлтіргенін өз көзімен көрген Тарас Бульбаның басқаша жасауы мүмкін емес-ті. Отанға жасалатын сатқындықтың, үлкені, кішісі болмайды. Сатқындықтың бір-ақ аты бар. Ол –азғындық.


Әсіресе шығарманың соңында жаулар Тарас Бульбаны ұстап алып, ағашқа байлап, тірідей отқа өртегенде, жаны алқымының ұшына келген ол «не сайтандар, алдыңдар ма… Уақыты келгенде сендер шын мәнісіндегі орыстың провославиелік дінінің не екендігін танитын боласыңдар» деп, дұшпандарына сес көрсете айғайлайды.

Тарас Бульбаның бұл сөздері шындығына келгенде жазушының -өмірлік ұстанымы болатын. Адамды мына дүниеде ұстап тұрған бір-ақ нәрсе бар. Ол –Құдайға деген сенім. Сол сенім жоғалған күні адам адамшылығынан айырылып, хайуанның кебін киеді.


Десе де өзінің сеніміне өмір-бойы берік болған Гогольдің жаны неге, неліктен тым құрыса бір сәтке болса да байыз таппады? Оның себебі – біз өмір сүріп жатқан дүниенің санасын сайтан билеп алған еді. Гоголь адам санасындағы әлі бұзылмаған жалғыз таза талшық еді. Сол себептен де сайтани қоғамда Гогольдің жаны тірідей тозаққа түсіп, санада қалған бір ғана таза талшықты былғау үшін, сайтанның неше түрлі айла-амалдары іске қосылды. Солардың ең сорақысы және үрейлісі - жазушының ақыл-есі ауысқан деген қаңқу сөздердің таратылуы болатын. Қоғамның ойдан шығарып, жазушыға таққан осы бір өтірік диагнозы Гогольге ауыр соққы болып тиде де, оның жан-дүниесін желқайықтай шайқап жіберді.


Қоғам өздері ойлап тапқан өтірікті ақыр аяғында оп-оңай шындыққа айналдырып, аяғына мінгізді де жіберді. Басқасын былай қойғанда, білімді, данышпан деп жүрген Белинскийдің өзі өрекпіп осы сөзді айтып тұрса, қолдан жасаған өтірікке қалған жұртты сендірту онша қиынға түспеді. Шынайы болмысын танудан өлердей қорыққан орыс қоғамы бұл өтірікке қуана-қуана қосылды. Енді Гогольдің өзі де өмір сүргісі келмеді. Егер ақыл-есінен ауысқан қоғам, сау адамға «жынды» деген диагноз қойса, одан кейін өмір сүрудің қандай мағынасы бар? Құдайшылығыңызды айтыңызшы, қандай?


 -Бәрі де, көзімше маған жынды деп айтып, ақыл-есі ауысқан адамдардың түрлі дәрі-дәрмектерін ұсына бастады. Ал, осы кеңесті беріп жүрген ақылды адамдардың бәрінің де бір ауыздан менің кітабымда ешқандай жаңалық жоқ, бәрі жалған деуі мені онан сайын қайғының теңізіне батырды. Бұл адамдардың маған жасаған ең ауыр қатігездігі. Мен қателесуім мүмкін, бәлкім адасқан да шығармын, адамның бәрі жалған болғандықтан олардың түсінігіне сәйкес өтірік айтқан шығармын: бірақ менің жүрегім мен жанымнан ақтарылып түскен дүниелердің бәрін де жалған деу –қатігездік, –деп жазды ол, өмірінің соңында.

 

 

 


Қайран Гоголь


 

 

Тәні емес, жаны ыстық табада шыжғырған, мына жалған тіршіліктен түңілген Гоголь енді өлуге бел буды. Бұл Гогольдің өміріндегі ең үлкен қателігі болатын. Қара тобырдың айтқанына өкпелеп, өлгісі келген Гоголь осылайша сайтанның тұзағына ілінді. Өмірінің соңында жазушы шын Құдайды сүйген азаттығынан айрылып, Матвей әкейдің айтқанынан шыға алмай қалды. Сайтан осылайша Гогольдің азаттықты сүйетін жанына ноқтасын салды. Рухсыз жандарды еркіндікте ұстайтын сайтан рухы мықтыларды, қанша ышқынса да рақым ойлап жібермейді. Рухсыздар қайырған малдай сайтанға өздері қайтып оралады. Өз замандастарының ішінде Құдайға ең алғаш адамның көзімен қараған Гоголь мұны қалай түсінбеді екен. Өз дегеніне жеткен сайтан, сәбидің кіршіксіз жүрегіндей Гогольдің таза жанын қылқындыруға кірісті. Осылайша не істерін білмей жаны қысылған Гоголь ауыр қылмысқа барып, 1852 жылы граф А. П. Толстойдың үйінде Матвей әкейдің азғыруымен өзінің «Өлі жандар» поэмасының екінші кітабын отқа жағып жіберді.


Қайран, Гоголь! Жаным-ау, не істеп қойдың сен, не істеп қойдың! «Өлі жандар» отқа өртеніп кетпегенде мүмкін әлемнің әдебиеті бұдан да биік шыңға көтерілер ме еді? Сайтанның бүкіл шындығын көріп, одан шошынған адамзат баласы басқа жолға түсер ме еді? Мүмкін, орыс империясы басқа елдерге тырнағын батырмай, ғасырдың басында сыпырылып кеткен халқымыздың шын мағынасындағы зиялыларының тағдыры сайтанның бір оғына байланып кетпей, аман қалар ма еді? Құдайды шын жүрегімен сүюді үйренген мұсылман мен христиан әлемі бір-біріне дәл бүгінгідей өшпендікпен қарамай, қайта дос-бауыр секілді өмір сүрер ме еді? Әрине, мұның бәрі енді қайтып орындалмайтын - менің мәңгілік арманым. Мүмкін «Өлі жандар» поэмасының екінші кітабын отқа жағу арқылы Гоголь, менің қиялымдағы, орындалуы ықтимал ұлы арманымның жібін үзіп жіберген шығар.


Гоголь туралы жазған әлемнің әдебиеттанушылары жазушының осы мінезін әлі күнге шейін моральдың көзімен, адам мен қоғамның арасындағы түсінбестік ретінде көрсетуге тырысып, оны ақтап алғысы келеді. Әрине мұның артында бір ізгілікті мақсат та жатқан шығар. Бірақ, мен бұған келіспеймін. Гогольды мұндай жолмен ақтап алуға болмайды. Ғайса пайғамбарды шын жүрегімен сүйген Гогольдің рухы да менің ойымша адамзат баласының өзін бұлайша ақтап алғысы келгенімен келіспес.


Мойындауымыз керек, «Өлі жандар» поэмасының екінші кітабын өртеп жіберу арқылы, не істерін білмеген Гоголь тұңғыш рет Құдайдың жолынан адасып қалды. Жазушының бойына мұндай дарын Құдайдан берілді. Өнер - адамның жеке меншігі емес. Өнер -халықтың игілігі де емес. Кейде халықтың игілігі үшін кәкір-шүкір де жарай береді. Кейде қара тобырдың арасынан шыққан шолақ белсенділер - өнер ақынның немесе жазушының отбасына нәпақа кіргізетін дүние болғандықтан, солардың қазынасы деп те былжырайды. Өнер ең алдымен - Құдайдың қазынасы. Алланың назары түскен адамның бойына ғана өнер дариды. Құдайдың қазынасының бағасын білетін халық үшін ғана – өркениеттің ізгілікті қақпасы ашылады. Себебі өркениет –Құдайдың алтын сарайы. Құдайдың қазынасының бағасын білмейтін халық- Ұлы жаратушының жолынан адасып, бақытсыздыққа ұшырайды. «Ақынның жүрегі - Алланың қазынасы» дегенді Мұхаммед –Пайғамбар бекер айтпаған. Өнер адамзат баласына тарту еткен Құдайдың ең асыл сыйы. Халықтың арасынан шыққан қара тобырға өкпелеп, Құдайдың қазынасын отқа тастауға қалайша Гогольдің қолы барды екен?. Қалайша?


Жазушының өмірінің соңындағы жан азабына үңілсеңіз «Өлі жандарын» отқа жағу арқылы, абайсызда сайтанның тұзағына ілініп қалғанын, Гогольдің өзінің де сезінгенін аңғарасыз. «Өлі жандардың» екінші кітабын өз қолымен отқа жағып жібергеннен кейін Гоголь түк нәр татпай, ешкіммен сөйлеспей, бүк түсіп жатып алыпты. Жазушыға зорлап тамақ ішкізбек те болған, денесіне неше түрлі суық бақа-шаяндарды салып өтірік емдемек те болған. Жазушының жанына тыныштық беруін сұраған жалынышты өтінішіне ешкім де құлақ аспаған.

Қоғам Гогольдің өлімін тіледі. Сағат түнгі он бір кезінде Гогольдың жаны ышқынып, айғайлап сұраған ең соңғы өтініші «Маған баспалдақ беріңіздерші. Мен жоғары шыққым келеді» болыпты.


Замандастарының айтуынша, ұлы жазушының қатарынан бірнеше күндер бойы летаргиялық ұйқыға кетіп қалатын ұстама ауруы бар екен. Өмірінің соңында жазушының осы ауруы қайталанған. Санасын сайтан иектеген қоғам Гогольды өлді деп танып, летаргиялық ұйқыдан оянып кетпей тұрғанда, тезірек, қара жердің қойнына тапсыруға асықты. Осылай боларын алдын-ала сезген Гоголь халықтың арасынан бір тірі жан табылатындығына үміттеніп, 1845 жылы мынандай өтініш жазып кетіпті. Бұл Гогольды қоғам әлі жынды деп жариялай қоймаған, өлерінен алты жыл бұрын жазған өтініші-тын.


«Есімнен танбай және ақылымнан адаспай тұрған кезімде, соңғы өтінішімді ертерек жазып кетуді жөн санадым. Мүрдем иістене бастамайынша, менің тәнімді жер қойнына тапсырмаңыздар. Мұны естеріңізге салып отырған себебім, ауруым ұстағанда өмірлік белгілерім жоғалып, жүрегім мен тамырымның тоқтап қалған кездері болған». (Н.В.Гоголь. Толық томдық шығармалар жинағы. Мәскеу. Көркем әдебиет баспасы. 6- ші том, 187- ші бет)

Гоголь Данилов шіркеуінің жанына жерленеді. Жо, жо, жоқ. Бұлай айтуым күна, шығар. Орыс қоғамы ар-ұятының айнасы болған, өмірінің соңына шейін Христиан дініне адал қызмет еткен, Құдайды өтірік емес шын жүрегімен сүюді үйреткісі келген пайғамбарын тірідей көмді.


Гогольдің өлімі елдің арасында түрлі әңгімелер туғызды. Жер қойнына тапсырайын деп жатқанда, табыттың ішінде жатып жазушының ауыр күрсінгенін естігендер де болыпты. Бірақ ар-ұятын тезірек көмгісі келген, санасына сайтан ұялағандардың ішінде бір тірі жан табылмапты. Әрине, бұл сол кездер үшін шындығына қоғамның әлі толық көзі жете алмаған, ел арасында жүрген қаңқу сөздер ғана еді.

Бірақ бұл шындықтың беті күндердің-күнінде бәрібір ашылуы керек-тін. Елдің арасында айтылып жүрген түрлі әңгімелердің шын -өтірігін тексерудің мүмкіншілігі 1931 жылы туды. Себебі сол жылы жазушының сүйегін Новодевичье зиратына қайта жерлеу туралы ұйғарым жасалынады.

Құдай сақтасын! Мына сұмдықты қараңыз! Гогольдің сүйегіне көртергеу (эксгумация) жасау барысында кебінінің жыртылып, табытының тырналып тасталынғандығы және марқұмның бүк түсіп жатқандығы анықталады.


Неге екенін білмеймін, Ресейдің санасындағы сайтаны тағы оянып, қайтадан өктемдігін жүргізгісі келіп жатқан мына аласапыран заманда, мұсылман бола тұрсам да, аспаннан түскен төрт киелі кітаптағы Құдайдың өсиетін дұрыс түсінген, Ибрагим, Ғайса, Мұса.. Мұххамед пайғамбарлар секілді - Жаратушыны жүрегімен сүю арқылы адамзат баласын табыстыруды мұрат еткеніне бола азап кешкен Гогольды о дүниеге тірідей жіберген орыс халқы үшін кешірім сұрап, православиелік шіркеуге барып бір шырақ жаққым келіп кетеді. Бәлкім менің ең сүйікті жазушымның аруағы - шын ниетпен жағылатын сол бір шырақтың жануын күтіп, мазасызданып жатқан шығар. Сол шырақты жаққаным үшін мейірімі мол Алла Тағала бір тілегімді орындаса, мына қатігез әлемде не істерін білмей жалғызсыраған, өзімнің кішкентай ұлтымның келешегі үшін – Ресей секілді айдаһар елдердің санасын, қайтадан сайтан тұмандандырмауын сұрар едім.


Жаның жаннатта, нұрың пейіште шалқысын, Николай Василиұлы!. Мен де сен сияқты, түптің-түбінде мына жалған тіршілікте мейірімділіктің жеңетіндігіне сенемін. Себебі адам баласы жарық әлемге келгенде - ең алдымен оның жанына Алланың нұры шашыраған.

Оқырманнан кешірім өтініп, ең алдымен орыс жазушысы болғаннан кейін, өз уақытында орыс қоғамының үлкен қылмыс жасағандығы туралы ащы шындықты ең біріншілердің бірі болып суреттеген ақын Андрей Вознесенскийдің «Похороны Гоголя Николая Василича» атты өлеңін, жазушының аруағы разы болсын деп, өзінің төл тілінде толық бергенді жөн санадым.


Вы живога несли по стране!

Гоголь был в летаргическом сне.

Гоголь думал в гробу на спине:

Как доносится дождь через крышу,

отпеванье неясное слышу,

понимаю, что это меня.

 

Вы вокруг меня встали в кольцо,

наблюдая, с какою кручиной

погружается нос мой в лицо,

точно лезвие в нож перочинный.

 

Разве я некрофил? Это вы!

Любят похороны витии,

поминают, когда мертвы

забывая, пока живые.

 

Плоть худую и грешный мой дух

под прощальные плачи волшебные

заколачиваете в сундук,

отправляя назад, до востребования».

 

Летаргическая Нева,

летаргическая немота –

позабыть, как звучат слова.

 

ІІ

 

«Поднимите мне веки, соотечественники мои,

в летаргическом веке

пробудитесь от галиматьи.

Поднимите мне веки!

Разбуди меня, люд молодой,

мои книги читавший под партой,

потрудитесь понять, что со мной.

Нет, отходят попарно!

Под Уфой затекает спина,

под Одессой мой разум смеркается.

Вот одна подошла, поняла..

Нет-сморкается!

Вместо смеха открылся кошмар.

Мною сделанное – минимально.

Мне впивается в шею комар,

он один понимает.

Грешный дух мой бронирован в плоть,

безучастную как каменья.

Помоги мне подняться, господь,

чтоб упасть пред тобой на колени».

 

Летаргическая благодать,

летаргический балаган –

спать, спать, спать…

 

«Я вскрывал, пролетая, гроба

в предрассветную пору,

как из складчатого гриба,

из крылатки рассеивал споры.

 

Ждаль в хрустальных гробах, как в стручках,

Оробелых царевен горошины.

Что достигнуто? Я в дураках.

Жизнь такая короткая!

 

Жизнь сквозь поры несется в верхи,

с той же скоростью из стакана

испаряются пузырки

недопитого мною нарзана».

 

Как торжественно страшно лежать,

как беспомощно знать и желать,

что стоит недопитый стакан!

 

ІІІ

 

Из-под фрака украла исподнее.

Дует в щель. Но в нее не просунуться.

Что там муки господние

перед тем, как в могиле проснуться!»

Крик подземный глубин не потрясь.

Двое выпили на могиле.

Любять похороны, дивясь,

детвора и чиновничий класс,

как вы любите слушать рассказ,

как Гоголья хоронили.

 

Вскроите гроб и застыньте в снегу.

Гоголь, скорчась, лежит на боку.

Вросший ноготь подкладку прорвал сапогу.


adebiportal.kz




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар