Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ахиконың бақытына емес, Ахметтердің жоқтығына налы...

30.11.2016 3735

Ахиконың бақытына емес, Ахметтердің жоқтығына налыдым...

Ахиконың бақытына емес, Ахметтердің жоқтығына налыдым... - adebiportal.kz


нурислам.jpg
 Кеше 29-қараша «Бейбітшілік және келісім» сарайында Мұхтар Әуезов атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ драма театрының «Ақтастағы Ахико» атты драманың көрсетілімі болды. Қойылымда Қазақстан мемлекетінің біртұтастығын, қазақ ұлтының бауырмал халық екенін, тәуелсіздікке жету жолында не бір қиямет-қайым, зобалаң көргендігін көрсетуге тырысқан. Пьесаның авторы Мадина Омарова. Қоюшы режиссері (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) - Асхат Маемиров. Идея авторлары – (Заң ғылымдарының докторы, профессор) Нұрлан Дулатбеков және (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) Ерлан Біләл. 


 Драматургиялық көзқарас бойынша талдасақ, бұл драмалық шығарма емес, мемуарлық өмірбаян. Себебі, жан алқымға келетін жағдаяттар көріністік сипатта емес тек баяндау бағытында берілген. Мәселен, Ахиконың басынан кешкен кесапат тағдыры толық ашылмаған. Қазақтың топырағын тұғыр көріп қалып қоятын тағдыры ақталмаған. Өзіңіз ойлаңыз тұтас тарихты не бары жиырма беттік пьессаға сыйғызып жіберу мүмкін бе?!. Әлбетте жоқ. Ал, сыйғызса бұл шеберлік. Ахиконың ішкі мұңы, қоғамның қыртыс беттері, қосымша кейіпкерлердің тұлғалық даралығы, олардың да ішкі әлемі жиырма бетке қайдан сыйсын.



 Ал, жанрлық тұрғыда тарихи тұлғалар кірістірілген екен, онда бұл «драма» емес «тарихи драма» болары анық. Бірақ тарихи шындық жоқ екенін ескерсек қолдан жасалған тарих кімге керек? 



 Спектакльдегі алаштың атқа мінер, алып тұлғалары Ахмет, Мағжан сынды саңлақтарды неге жасық, шарасыз, бейшара қалде көрсеткен. Әлде бұл ЖАПОНДЫҚ Ахиконың бейнесін биіктету үшін жасалған құрбандық па? Егер, драматург сол үшін тұлғаларды аласартқан болса бізге «Ахиконың» абройы қымбат па? Әлде «АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ» ба? Бұл, қойылымдағы тарихқа жасалған бірінші қателік.



 Екінші қателік, Ахмет пен Мағжан 1937-38 жылдары атылып кетпеп пе еді? Ал, Ахико Карлагқа 1946 жылы 16 жасымда тұтқындалдым дейді. Жылдық меже бойынша да мүлдем сәйкес емес. Қанша жерден әдеби кейіпкер болғанымен, өмір шындығынан алшақтатудың қандай қажеті бар? 

Енді, жоғарыдағы Ахмет, Мағжан бейнелеріндегі жасықтыққа тоқталсақ: Ахмет келбетіндегі актер А.Асхатұлы. Шыбық тисе шыңқ етпе жылауық, қояндай қорқақ, су жүректігі басым. Әрі, бет әлпетіндегі гримінің өзі Ахметке мүлдем ұқсамайды. Бет пішініне қарасаң Ахикодан жасы кіші немесе шамалас тұрпатта. Бірақ біз білетін Ахмет алаш қайраткерлерінің ағасы еді ғой. Ахикодан 27 жас үлкендігі көрер көзге сезілмес пе еді. Тек оның Ахмет екенін оқыған өлеңдері мен анасына қалдырған қойын дәптерінен аңғарамыз. Сондай-ақ, тергеушіге Ахметтің - «Әлихандай алыптың қара төбеті атанып өлсем не арман. Молама солай жазыңдар.» - деп, сықылықтап күлетін сәттерін актер жеткізе алмады. Партнері сөздің соңын күтпей сұлатып түсірді. Серіктестік сезіну кемшін түскендей. 



Дәл сол сияқты Мағжан бейнесін бәріміздің жүрегімізде жатталып қалған ақынның өлеңінен аңғардық. «Абақтыда айдан, күннен жаңылдым...» - деп басталатын Мағжан өлеңін оқыған актердің де АҚЫН-ға сай тұрпаты, ұқсастығы, тұлғалығы жоқ. Жалынышты, бейшара күйде. Демек, аталмыш актерлердің рөліне салғырттығы, режиссердің дұрыс бағыт бермеуі, драматургтің бас кейіпкермен басы қатып басқа кейіпкерлерге ашылуына жол ашпауы. 


Әйткенмен де характерлік бейне жасай білген Ақайдың Қасені - (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) Бекжан Тұрыс пен Степан - (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) Қуандық Қыстықбайлардың болмыс, бітімі бірден көзге түсті. Абақты ішіне рухпен намыс алып келген Ақайдың Қасені тұтас ерлікті тұлғасына жиып алғандай әсер қалдырды. Ал, жауырыны күжірейген Степан - абақты ішінде көкжалдай күжірейіп кіріп келгенде көрер көзге қорқыныш ұялатқаны анық. Әйтсе де Қ.Қыстықбаев ойыны бірте-бірте бір ізділеніп бастапқы тұрпатын жоғалтып алды. Тіпті, қанжар ұстап кіретін сахнасы титтей де үрей, сәл болсын суықтық сездірмеді. Қасеннің алдында бірден сынып қалуы нанымсыздау болғаны рас. 



Ал, біреулер ойын үлгісі, дауыс иірімі бір ізді деп кінә артса да Сейфолла кейпіндегі (ҚР еңбек сіңірген қайраткері) Болат Әбділмановтың саф таза - үні, кең диапазоны «Бейбітшілік және келісім» сарайындағы көрермен қауымды бір ұшықтап алғандай әсер етті. 


Ендігі ретте басты рөлге тоқталсақ - Ахико бейнесі ашыла алмады. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дуылға Ақмолданың жан-жақты жарқырап көріне алмауына не себеп? 


Біріншіден, оқиға иірімдері енді ширатылып, түйіле бергенде автор баяндау стиліне көшіп кеткендіктен, актер тосылып қалып жатты. Десе де Дуылға бір оқиғадан екінші оқиғаға көшер алдындағы актерлік переходтарды дұрыстап жеткізе алмағандай сезілді. Айтпағым, мектепте диктант жазып отырып абзацтан басталатын сөйлем келгенде сезіп, біліп отырғанымыз сияқты белгілі бір екпін, басқаша иірім қажет еді ғой. Осы орайда актердің ойыны көпжағдайда атүсті кетіп жатты. 


Карлагтағы қасірет тартып жүрген сәтінен кейін (тағы да баяндау) - «Мені 1954 жылы рақымшылықпен босатты...» деген сәттерінде сәл болсын иірімдік өзгеріс сұранып тұрғандай. Әлде, осындай сәттерде режиссерлік жарық, музыка арқылы көмегі керек пе еді. Дегенмен, Д. Ақмолданың актерлік шеберлігіне шүбәміз жоқ, тек драматургиялық талаптардың сақталмауы танымал актердің ашылып ойнауына тұсамыс болғандай. 


Бір жапондық азаматтың қазақ жерін АТАМЕКЕН көріп, өз отанын тастап қайтып оралуы ерлік шығар. Дегенмен, бұл идеялық миссия жетер жеріне жетпеген. Ол, не үшін ЖАПОНИЯНЫ емес ҚАЗАҚСТАНДЫ таңдады? Ақтамақтай ел анасының мейірім махаббаты ма? Бірақ біз мейірім төгіп, емірене сүйіп, аялаған аналық сезімді көрмедік. Тек, естідік. Театрда естір құлақтан гөрі көрер көзге әсер мол емес пе. Яғни, осындай сахна керек еді. 


Ал, абақтыда Ахико  Ахметтердің, Сейфолла Оспанов пен Сәдуақас Жалмақановтардың жадында сақталған рухпен сусындап, солардың сөзін жинақтап, қазақтың тілін меңгеріп, бойына қазақылық ұялатқаны үшін осында қалып қойды ма? Егер, солай болса біз спектакльде көрер едік ғой. Бұл, айтылғанның бірі де жоқ. Жалғыз көргеніміз - Ахметтің қойын дәптерін қойынына қысып, өзімен алып шыққаны. Ішінде, ақынның арыз-мұңы, отты жыры мен ОТАНға деген махаббаты кестеленген шығар. Тым болмаса шұқшиып соны жаттап, жүрек түбіне сақтап жүрген сәті көрсетілуі қажет еді. Әлде, Катяға деген сезімі мен уәдесі ме? Бәлкім, солай. Себебі жоғарыдағы көріністерді көрмесекте екеуара риясыз сезімге толы сахнаны көргеніміз рас. Сонда қалай болғаны? Бұл, енді автор мен режиссерге жүктелер сын. 


Қойылым соңында Ахико қартты сахнаға шығарып, шапан жауып, жұрт болып шапалақ ұрып, қошемет танытты. Сексеннен асыпты, Катясы екеуіде зор құрметке шомылды. Менің ішімде - «Ахиконың азаттықты көрген бақытына Ахметтердің жете алмай кеткені ай!», - деген, бір мұң сайрап тұрды. Жалпы, бұл спектакльде мен АХИКОНЫҢ БАҚЫТЫНА ЕМЕС АХМЕТТЕРДІҢ ЖОҚТЫҒЫНА НАЛЫДЫМ... 


Әбділ Нұрислам







Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар