Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
А.Жанарбек: 91-де алғаш оралған біз едік (Қ.Мәдени...

15.12.2016 2594

А.Жанарбек: 91-де алғаш оралған біз едік (Қ.Мәдениетпен сұхбат).

А.Жанарбек: 91-де алғаш оралған біз едік (Қ.Мәдениетпен сұхбат). - adebiportal.kz


15554954_1176562495743123_1151640531_n.jpg


Қазақ еліне 1991 жылы шеттен алғаш оралған қазақтың бірі, Қазір Солтүстік Қазақстан обылысы Ақжар ауданы Талшық селосының тұрғыны Мәдениет Қалымұлымен Тәуелсіздік қарсаңында арнайы сұхбатымызды ұсынамыз.


- Қазақ еліне алғаш қоныс аударған ағайынның бірі екенсіз. Осы жайлы әңгімелеп беріңізші?


- Социализм тұсында Монғолия елінде кәсіби бағыт-бағдар беретін училищелер көп еді. Орта мектепті бітірісімен осындай училищелердің бірінен механизаторлықты оқып бітіріп, Ресейдің Баян-Өлгийде орналасқан геологиялық барлау мекемеде жұмыс жасап жүрген кезім. Жалақымыз жергілікті қызметкерлерден 2 есе жоғары.


Бір күні көшеде ел шулап жүр: «Қазақстанға жастар кеткелі жатыр!», - дейді. Елең ете түстім, екі елдің еңбек шартымен Семейдің ет комбинатына үш айлық мерзіммен жұмысшы алуға тізімдеп жатыр екен. Мен де барып тізімделіп алдым.


Шын керек, «Қазақстанға жұмыс күшін неге апарады?», - деген сұрақ та бәрімізді іштей мазалайды. «Қазақстанға жұмыс істетеміз» деп алдап апарып, 1937 жылғы Монғолиядағы «эсэргүү» (тап жаулары) қырғыны сияқты алып барып атып тастамасын!», - деген суық өсек ере жүрді. Біреулері: «СССР құлап, қоғам ашық есік болып жатыр», - деп дұрыс болжам айтса, енді бірі: «Ойбай 1986 жылы қазақ жастарын қырып тастапты, сондықтан жастардың келуін билік өзі қолдап отыр екен», - деген де қауесет желдей есті. Қауесет пен ақиқаттың шын-өтірігін айрып білер ешкім жоқ өздері айтып өздері бас қатырды. Мен «не болса да тәуекел, барам!», - деп кесіп айттым.



Сонымен 1991 жылы наурыздың он жетісінде өз еркімен тізімделген жетпіс үш жас Баян-Өлгийден Монғолия астанасы Ұланбатырға ұшақпен жеттік. Бұл жерде 3 күн ішінде құжаттарымызды жөндеп берді оған Ұланбатырдағы іскер қазақтар белсенділік көрсетті. «Сендер жақсы жұмыс жасаңдар, егер келіссөз реті болып жатса, біз де көшіп барамыз», - деген әңгімелер айтылды.



Байқаймын, Баян-Өлгийдегі көп қазақтың ортасынан жырақ, Ұланбатыр төңірегінде мекендейтін қазақтардың ұлтжандылығы бірден білінеді екен. Қазақстанға аттанатын күн де жетті. Ұланбатырдан пойызға отырып Бурятияның астанасы Улан-Удэні басып өтіп, Новосибирскіге жеттік. Новосибрскіден пойыз ауыстырып мініп, барлығы жеті күн пойызбен жүріп Семейге келіп жеттік. Келген күннің ертеңінде-ақ тиісті жұмысымызды бастап кеттік. Атқаратын ісіміз – комбинат цехында ет консервілеу.


- Сіздерді жергілікті қазақтар қалай қарсы алды?


- «Монғолиядан жұмыс күші келеді» дегенде басында бәрі бізді монғолдар екен деп ойлапты. Біздің қазақ екенімізді тек басшылар ғана біледі екен. Біздің қазақ екенімізді неге ашып айтпайтынын сол кезде түсіне алмадық. Апталық демалыс сайын бізді жақын маңдағы қазақ ауылдарына апарып таныстырып: «міне шеттегі ағайынымыз іздеп келді», - деп ерекше ілтипатпен таныстыратын, арты кішігірім той-думанға айналып та кететін-ді.


Аз уақытта біз туралы әңгіменің елге жайылғаны сондай, «шеттен оралған қазақтарға амандасамыз» деп көрші облыстардан Семейге келген қазақтар келіп хал-ахуалымызды сұрап, танысып кететіндер де болды. Олардың көбі: «Қазақсың ба?», - деп сұрайды. «Иә, қазақпын», - десек: «Қазақша білесің бе?» - деп сұрайды. Қазақпен қазақша жөн сұрасу осылай басталып кететін-ді (күлді).


- Осы кезде сіз театр өнерпазы болып ел аралап өнер көрсеткен деп естідік Бұл қалай болған еді?



- 1991 жылы сәуірде «Жастық» ойын-сауық театрының көркемдік жетекшісі Исатаев (атын ұмыттым) театрға Монғолиядан келген қазақтардан ілестіру жайлы ұсыныс жасап байқау өткізді. Байқауға қатысқан үш қазақтан мені таңдады. Мақсатымыз – ақын Олжас Сүлейменовтың Семей полигоны қасіреті жайлы шығармасын қойылым қылып ойнап, барлық өлкеге көрсету, осы қойылым арқылы полигонның зардап-қасіретіне елдің көзін жеткізіп, халықтың наразылығын тудыру еді. Барған жерімізде халық ерекше ықыласпен қарсы алады. Осы пьесаны қойып, Семейдің көптеген ауылдарын аралап шықтық. Маған қатты әсер берген – Абай бабамыз туған өлке Жидебайда болып Абайдің ізі қалған даланы аралап өнер көрсетуіміз – менің өмірімде ұмытылмастай әсер қалдырған еді. Ал полигонның ошағы болған Абыралы, Саржалдағы атом жарылысынан зардап шеккен жандардың қасіретті жүздерін көргенімді әлі күнге ұмыта алмай жүрмін.



- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемді елең еткізген батыл жарлығымен қазақ жеріндегі атом сынағы ошағын жабылуына өз үніңізді қосып, халықтың сынаққа қарсы наразылығын тудыруға ат салысқан екенсіз ғой. Осы пьесаны қою барсында кеңестік биліктен қорыққан жоқсыздар ма? Ол кезде шолақ белсенділердің екпіні әлі басылмаған кез еді ғой?


- Шынымды айтайын, жанымыз мұрынымыз ұшында жүрді. Біздің пьесамызды көрген кейбір ағайын: «Әй байқаңдар, жағымпаздар сендер жайлы жоғарыға арыз жазып жіберсе, сендердің жаман машиналарыңды жару үшін жалғыз кнопка жетеді!», - деп кекете сөйлегендер болды. Ал жетекшіміз бізге көп жайтты тәптіштеп айтып, жігерлендіруден жалыққан емес. Қазақтың ежелгі тарихынан, Ресей империясының отарлық айуандық саясаты жайлы кең көлемде айтып, түсіндіріп беретін-ді.


Бұл жолғы нағыз атом жарылысы болған жерлерде болдық. Денесіне не бір кесепат жұқтырған өз қандастарымызды көргенде, сол күні таң атқанша дөңбекшіп шыққаным есімде. Содан бері 25 жыл өтсе де ауысатын қоғам, күйрейтін империяны сезіп алдын ала бәрін болжап айтатын сол ағаның сөздері күні бүгін санамнан кеткен емес. Көп өтпей іле-шала Қазақ елі егемендік алды. Тұңғыш Елбасымыз Нұрағаңның алғашқы Жарлығымен осы Семейдегі қасіретті ядролық бомба орталығы жабылысымен мен Нұрсұлтан Назарбаевтың халықты соңынан ертіп алға қадам жасай алатынына нық сендім. Уақыт өткен сайын Елбасының өркениетке нық басқан әр қадамы көз алдымда өтіп жатты ғой.


- Қандай мағынадағы мәтіндер айтушы едіңіздер?


15571204_1176572205742152_2142390168_n.jpg


- «Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қирап-күйреп, іске алғысыз бүлініп уланып бітті. Ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған хиросималық бомбаға тең сынақтар жасалды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз. Уайымсыз отырып, су ішу, өмірге нәресте әкелу мүмкін емес болып барады. Жеріміздегі ядролық қаруды тоқтату үшін, өз үйімізде бейбітшілік пен тыныштық орнату үшін, өз құқықтарымыз үшін күресу мақсатында біз сіздерге келдік. Сіздерді қарсылыққа шақырамыз, барлығымыз үн қосып: «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп мәлімдейік ағайын деп айтып, көрінісімізді бастайтын едік. Алғаш айтқанда ел үнсіз тыңдайтын. 2-3 рет барғанда атып тұрып, қол соғып мәтінді бірге айтатындар шыға бастады.


- Өнер демекші сахна өнеріне қайдан бейім болып жүрсіз?


- Мен – Монғолия қазақтарының ішінде өнерімен танымал, атақты «көп қалақша ауылы» аталған домбырашы әулеттің ұрпағымын ғой. Әкемнің бауырлары – күйші Қалым, әнші-сазгер Ақыби, Қапан, Жәлелхан, Аралхандар Монғолия қазақтарының өнер әлемінде өз қолтаңбасын қалдырған жандар еді.Сондықтан менің домбырамен ән айтуым – қанға сіңген өнер десем болатын шығар. Домбырамен ән айтып, халық күйлерін шалқытып шертетін жастық шақтың дәуренді кезеңі еді ғой.


- Сонымен осылай жүргенде келісім-шарттың үш айы бітті, содан қайтіңіздер?


- Екі ел аралық келіскен үш айымыз бітті. Енді елге қайту керек еді. Бірақ жергілікті қазақ басшылар «сендер арыз жазыңдар, тағы үш айға созу жайлы өтінішті біз жоғарыға жеткізейік» деп аузымызға сөз салып берді. Біз де солай арыз жазып, қол қойдық. Тағы үш айға жұмыстайтын болдық.


Содан көп кешікпей ұлы оқиғалар сабақтасты. Бір күні бірге жұмыстайтын Семейдің жергілікті қазағы: «Монғолия қазақтары бала-шағасын алып көшіп келіп жатыр», - деп естігенін айтып келді. Біз таң атқанша сол хабарды «жуып», ән айтып, билеп шықтық. «Бұл – бастамасы. Екі ел келіссе, біз де арт жағымызды көшіріп келіп алуымыз керек», - тіпті: «Енді келісім-шарттың қажеті жоқ, елге кетпейміз, еліміз осы – қаламыз!», - деп шуылдадық.


Шынында солай болды да. Бір күні Семейдің Саржалынан маған хат келіпті. Хатты қарасам – Монғолияда қалған әйелім Жырғаудың жазуы: «Екі баламды алып Семейге көшіп келдік. Саржал аулына бөлді. Мал бағыңдар деп бір қора қой берді, тез жет», - деп жазыпты.


Мұндағы шаруамды бітірдім де, отбасымды іздеп Саржалға тартым. Хаттағы мекенжай бойынша оларды тауып алдым. «Ел көшеміз деп дүрлігу басталған соң, қайындарға ілесіп келіп алдық», - деп жымиып қояды.



Өзімнен кейінгі екі бауырым Құрмет пен Нығмет ере кепті. Әкемнің кенже бауыры – әнші-сазгер Қапан ағай да көшіп кепті. Бәрімізге бір-бір қора қой берді. Монғолияда бағып көрмеген қойды Қазақстанда бағатын болдық. Жастар жағы бірер айда қойшылыққа әжептәуір үйреніп алдық. Қапан ағамыз қанша тырысқанымен, малға ебі жоқ екен. Күн аралатып малдары шетінен шығын болып жатты. «Шөпті аз берсем аштан өледі, көп берсем іші томпайып күпті болып өледі, енді не қыл дейді», - деп шыр-пыр болып жүргені. Солай бірер жыл өткенде кеңшардың барлық мүлкін жекеменшіке айналдыра бастады. Малды айдап әкетті. Қорамыз елдікі болды. Содан амал жоқ, басқа жұмыс қарастыру керек болды. Қапан ағаның толық музыкалық білімі бар екені екені ескеріліп, Саржал аулындағы музыка мектебінен жұмыс берілді. Басқамыз жан сақтау керек, жұмыс іздеп жан-жаққа шашырадық.


- Атажұртта экономикалық құлдыраудың ең шегіне жеткен кез еді ғой. Содан қайда бардыңыздар? Ол жердің жағдайы қалай екен?


- Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы Талшық селосына келдім. Егін шаруашылығы жақсы дамыған жер екен. Бидай сақтау орталығында механизатор-жұмысшысы болып орналастым. Бұл өңірде қазақтан басқа ұлт та көп, тіл де көбінесе орысша. Үйде, көшеде бәрі бәрінде орыс тілді. Семейден азын-аулақ үйренген орысшаммен мұнда қиналмадым. Толық сөйлей алмасам да айтқандарын түсіне алатын едім. Осы жай менің бұл жаққа тез қалыптасуыма әсер етті.


Қай заманда ұлтық рухтың артуы да тығырықа тірелуі де сол өңірдің тұлғаларына байланысты ғой. Совхоз бастығы Қалым Кадесұлы жер атауларын қазақы қалпына келтіруге ат салысты. Мұсылманшылығымызды жөндеді, тіпті мұсылманның қабіріне дейін бөліп жер алып беруі – халық көңілен шығып, жан-жақтан ел ағылды. Қазір жер атаулары қазақыланды, өз қара көздеріміздің саны артты. Тіл қазақылана бастады. Сол кезде «қайдағы республика, қайдағы егемендік» деп бізді «мал»-деп кекетіп жүретіндер енді өздері жанталасып қазақ тілін үйрене бастады. Басқа ұлттардың кейбірі «болашақ қазақ тілінде» деп балаларын қазақ мектепке бере бастады. Міне, бұның бәрін өз көзіммен көріп, бастан кешіргеніме бақыттымын.


- Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.


15571218_1176553369077369_1006977245_n.jpg

- 1964 жылы Баян-Өлгий тудым. 1987 жылы 2-айда үйлендім. Нұрлан, Гүлайымдар Баян-Өлгийде туылғанымен, бал балалық шағы Атамекенде өсті. Ұлымыз Нұрлан туылғанда Монғолиядағы халық саны 2 миллионға жетіп, баламыз «2 миллионыншы бала» атанып, үкіметтен арнайы сыйланған едік. Сол Нұрлан әскери борышын Алматының Ұзынағашында өтеп оралды. Қазір жаттықтырушы-ұстаз мамандығы бойынша Ақжар ауданында жұмыс жасап жүр. Ал қазақ еліне оралған соң дүниеге келген балаларымның есімі – Айкерім, Айнұр, Нұрасыл.


Бірге келген бауырым Құрмет Астанда мекендеуші еді. Үй салам деп қос өкпеден суық өткізіп, биыл қайтыс болды. Бауырымның арманы – 25 жылдықта бітіріп, Тәуелсіздік таңын жаңа үйде тойлату еді. «Қазақ елім, жерім» деп келу қолдан келгенмен, өлімді тоқта алмайсың ғой. Өмір бар жерде өлім бар, бәрі де Алланың қолында.






- Кезінде Семейге бірге көшіп келіп мал баққан туыстарыңыздың жағдайы қалай?


15515938_1176613342404705_822063713_o.jpg

- Қазақ елінің 10 жылдық мерейтойында Семейдің Саржал аулына арнайы бардым. Қапан ағамыз ауылдағы музыка мектебінде ұлттық оркестр құрған екен, 10 жылдық мерейтойдың концертін өзі дирижер болып өткізді. Шат-шадыман, ұлан-асыр той болды. Сол кезде бір ағаның:


- Қапан елге оралғанда мал бақтырғанымыз ұят болды. Сол кезде кадрлерді іріктеу саясаты дұрыс жолға қойылмағанның кесірі еді - деп еді. Қапан ағамыз Саржал ауылының символы, әнұранын жазыпты. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін айтып шырқайды екен. Қапан ағам өмірден өткен, қабірі Саржалда. Артында қалған ұрпағы да осы ауылда өсіп-өніп жатыр. «Қапан ағамның авторлық әндері жеке кітап болып шықса екен» деп армандаймын. Саржалдықтар бір реті келгенде қолға алар деп үміттенем.


Ағайға кезікеңдер кезінде: «Өнер адамысыз. Алматы, Астанаға қарай көшсеңізші, не қып отырсыз!», - десе, - «Көшіріп әкелген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлынан ұят болады, патшаның бұйрығына қарсы келу – Аллаға қарсы шығумен бірдей», - деп ауыздарына құм құйған екен. Туған жерінде сахна майталманы болып жарқырап жүрген ағай Қазақ еліне келгенде «тағдырым солай болды», - деп Саржалынан ешқайда кетпеді, қозғалмады. Баз-біреулердей жайлы жер іздеп көше бермеді, сахнасын аңсаған кездерінде налып, ренжімеді, табиғатында қарапайым еді. Ағаның еңбегі елеусіз қалмасы анық.


- Қазір өзіңіз не шаруамен айналысасыз?


- 1991 жылы наурызда Атамекенге оралғалы алты ай ет комбинатында істедім, екі жыл Семейдің Сарыжал аулында мал бақтым. Сонғы 24 жыл осы Солтүстік Қазақстаннан қозғалғам жоқ, механизатормын. Бірде жұмыс кезінде трактордың ана-мынасын көтеріп қалам деп ауыртып алған белді елемей жұмыстай бердік. Міне бара-бара белден шойырылып, асқынып соңғы үш жылдан бері ІІІ топтағы мүгедек атанған жағдайым бар.


- Соңғы түйін сізден болсын...


- Қазақ елінің 25 жылдық тарихының ыстық-суығын осы өлкеде өткізіп келемін. Елдің бас қаласы Алматыдан Астанаға ауыстырылды. Бәрі менің көз алдымда болды. Күн сайын қанатын кеңге жайып жайнап жатқан Астанамызды көруге жиі-жиі арнайы келіп кетемін.


Міне – менің бақытым, міне – менің қуанышым, міне – менің аңсағаным. Алла қуанышымызды ұзағынан сүйсіндірсін! Шетте өскен біздерді елге жиған Елбасымыз аман болсын! Әлемге шашыраған қазақтың жері көп болғанымен, қазақтың қарашаңырағы біреу-ақ! Ол – Ұлы Қазақ елі. Шеттегі әлі келіп үлгермеген ағайынның арман-мақсатын, хал-ахуалын бәрін сезіп-біліп отырмын, бәрінің арқа сүйері – Қазақ елі... Тәуелсіздік – мен сенімен біргемін.!!!


Әңгімелескен Жанарбек Ақыби

2016 жыл 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар