Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ерболат Қуатбек: Аңсадым сайыпқыран түркі құсты!...

15.12.2016 4024

Ерболат Қуатбек: Аңсадым сайыпқыран түркі құсты!

Ерболат Қуатбек: Аңсадым сайыпқыран түркі құсты! - adebiportal.kz

Тәуелсіздік құрдастары!

БҮРКІТ


15555666_1643112249316822_1702524050_n.jpg

Бүркіт ұшты!

Аңсадым сайыпқыран түркі құсты.

Төменде – айғыз ғалам, көкте – қанат!

Алдыңа қорқау жүрек түлкі түсті.


Самға кері!

Көргені таулы мекен, заңғар еді.

Шалынсам шырғалаңда шыңыраудан,

Соқпаңдар, ей, бүркіттер, жарға мені.


Көк тағысы!

Сарқылмай бойынан еш отқа күші.

Көкке ұшып мен де өзіңдей саят құрдым,

Келеді жердегілер соттағысы.


Сайран бар ма?!

Абылайдың түсі өңге айналғанда.

Есілді лайласа көр бақалар,

Барамын не бетіммен қайран тауға!


Саудасы бар...

Заманның маубасы бар, ауласы тар.

Не дейсің тар әлемге сыймай кетсем?

Алтайда сағым қуған қандас ұғар.


Серілік-ай!

Даланың жусанына жерік ұдай!

Қортықтың қарғыбауын алқа қылып,

Керзаман қыңсылатты сені құмай.


Бүркіт ұшты!

Аңсады шерлі тазы түркі құсты.

Мүрдесін көрсетпей ол жазым кетті,

Есіме сары қазақ түлкі түсті.


Ар тұмарым!

Еңсемді тіктеп тұрып жар қыламын:

«Жерге емес, бүркіт қонған тауға қара!»

Шап қане, Абай мінген арғымағым!


ӘЛИХАН


Азаулыда азаттықтай азанама,

Айтады екен азалы әке, азалы ана.

«Азат» сөзі азап болып естіледі,

Ал азабың Азаулыны жаза ала ма?!


Азаттықтың түп-тамыры аза ма еді?

Қуаныштың да бар-ау осы жаза, кегі?!

Азаттықтан гөрі, жаным, о, аяулым

Бұл азаға жақынырақ Қазақ елі.


Біз ойлаған жұмағымыз сол жұмақ па?

Небір гүл мен небір ағаш толды баққа.

«Мен – еркінмін» деп шабамыз мына қырдан

Ана қырға, мініп алып қоңыр атқа.


Мінсіз адам – күмәнді де, қауіптірек.

Көрмегенін білем, оның жарықты көп.

Тоқтамайды ешқашан да уақыт-жүрек,

Соққан сайын тұрам, ылғи бақыт тілеп.


Содан ба еді тұратыны жаным жылап,

Суымайды қаным бір уақ.

Бостандықта жүрген жанның «АЗАТ»-ынан

Түрмедегі жанның сөзі нанымдырақ.


Мына жақ пен ана жақты алыстырып,

Бір-бірімен салыстырып.

Содан кейін «АЗАТ» жайлы аңыз айтып,

Жүрген шақта екеуара жарыс қылып,

Үстімізден тұрған шығар ауыш күліп.


Азаттықтай азанама,

Жүрек, шіркін жаза ала ма?

Азалы аға?!


КҮБІК*


Сені о баста мысырлықтар пір тұтты,

Ғасыр еді шайқасар тек кіл мықты.

Біреулердің басым болып дәргейі,

Ал біреулер бастан кешті құлдықты.


Сен әу бастан мырсын* ба едің, күбік пе ең?

Қарап тұрмын сықпытына күдікпен.

Хас дұшпанын айбат шегіп жығатын,

Бабадан да жасық туарын біліп пе ем?


Бола алмадың арыстандай айбатты,

Туа алмадың жолбарыстай қайратты.

Амалсыздан бар мінезге малданып,

Түсірдің сен байрақты.


Сыйынып ап мысық басты әйелге,

Басын сұқты кедей елге, бай елге.

Перғауыннан пері кетпей жүргенде,

Мәликаның* ұсынғаны бал ем бе?


Түнек пенен қараңғыны жарық қып,

Көргенінді айта алмадың жарып түк.

Көрге сан мың жұмбақ сүйреп кетесің.

Жарықтық-ау, жарықтық!


Дуалдар сол міз бақпайтын дуалдар,

Бір пенде жоқ дуал үшін қуанған.

Дауыл – дауыл. Найзағай да сол жасын

Бізде ғана дүрден момын туа алған.


Сен ғана ма шайтанменен шайқасқан,

Көрінбедің тау сілемі, сай, тастан.

Аңыз сынды күй кешпейік масқара,

Либияның* қаһарынан байқа, аспан!


Естілмесе бұл өмірдің түрлі үні,

Не болар-ау пенделердің тірлігі.

Оянғанда бір қызықты көрерміз,

Пеш түбінде жатқан мысық бір күні.


11.01.2015.


Күбік* – мысықтың еркегі

Мырсын* – ұрғашысы

Либия* – үй мысықтарының арғы тегі болып саналады

Мәлика* – періште деген мағынаны білдіреді араб тілінен аударғанда



БҰЛ ЖЕРДЕ...


Бұл жерде, дәл осы нүктеде,

Оқиға болды ма күтпеген?

Бір адам мерт болып, бір адам

Мойнына күнәсін жүктеген.


Бұл жерде, дәл осы нүктеде,

Ғажайып болды ма, күтпеген?

Жігіттің жүрегі «сүйем» деп,

Арудың көздері «құп» деген.


Бұл жерде, дәл осы нүктеде,

Дау-дамай болды ма күтпеген?

Төбе би тоқтатып сөзбенен,

Ғақылия айтты ма «Ұлт» деген.


Бұл жерде, дәл осы нүктеде,

Сатқындық болды ма күтпеген?

Ақиқат ауылы алыстап,

Қулық пен қорлыққа жіктеген.


Бұл жерге, дәл осы нүктеге,

Дамыл тапты ма екен Нұқ-кеме?

Бозторғай ұшпаған заманда,

Алапат болды ғой күтпеген.


Бұл жерге дәл осы нүктеге,

Қарғыс жаудыра ма күтпеген?

Әлде алғыс айтар ма бәрі кеп?

Аяулы еді ғой жұрт деген.


Бұл жерде дәл осы нүктеде,

Арманға жетті ме, діттеген?

Мен білем: шаттықтан тұншығып,

Ол адам көз жасын сүртпеген.


Бұл жерде дәл осы нүктеде,

Бір хабар алды ма күтпеген?

Кенет Күн қаралы күйге еніп,

Адамның қайғысын ұқты екен.


Бұл жерге дәл осы нүктеге,

Қалайша ешкім көз тікпеген?

Құдірет, жоқ әлде мұң ба еді,

Бір өлең төгілді.

Күтпеп ем.


01.08.2014.


ЖАЗУ


Әлем мүлгіп кеткен күні,

Ақын қалды ұйқыдан.

Пенде салып өктемдігін,

Айырылды сыйқынан.


О, адамның тамызығы

Тұнық деген теңіз бар.

Мен қазақтың аңыз ұлы,

Болуыма негіз бар.


Жетіп жатыр үнсіздігім,

Күнін құртар күнсіздің!

Құнды деген – «құнсыз» бүгін,

Демек менде «құнсызбын».


Керуақыттай керауызбын,

Кердең емес бірақта.

Ауадан кеп жел ағыздым,

Мықты болсаң құлап қал.


Сүрінбе тек кермаралым,

Алдымнан өт, керіліп.

Жұлдыздардан белгі алармын,

Жылап тұрып, егіліп.


Жанарыммен аттандырам,

Таңымды ақтық сапарға!

Түскен кезде Хақтан құран,

Барлық ақын хат алған.


Хатқа айналды өзі-дағы,

Оқи алмады жұрт бірақ.

Табиғатты сезіп, анық

Басына алды бұлт құрап.


Бірі көшті күншығысқа,

Бірі көшті түстікке.

Амалсыздан сүлгіні ұстап,

Көлге қарғып түстік пе?


Содан бері мөлдірліктің,

Таңдайымда қос дәмі.

Қарсы келіп шөл тірлік күн,

Содан кейін қоспады.


Сондықтанда сағыныштың,

Тұтқынына айналдық.

Сарқып алып, қағып іштім,

Күрең тартқан қайран құт.


Сөгілетін бөзге айналды,

Ел мақтаған өлеңім.

Төгілетін сөзге айналды,

Ел даттаған өлеңім.


Солай жаным, солай болған

Түзден шыққан қарсылық!

Буындырып, талайды арман

Тамырға ұқсас әр сынық.


Өңім – сынық, түсім – суық,

Ал ойымда түс жайы.

Бар жасаған ісім бүлік,

Болсашы бір күшті айып.


Түсіме еніп, шақырдың сен,

Марқұм болған Айданам!

Езуіңнен ақын күлсе,

Жасамайды байбалам.


Өзіңменен аттас қызды,

Бейуақта сүйіп қап.

Зираттағы көктас бізді,

Қамайды ойға тұйықтап.


Солай жаным, солай болған

Түзден шыққан қарсылық!

Буындырып, талайды арман

Тамырға ұқсас әр сынық.


О, адамның тамызығы

Тұнық деген теңіз бар.

Мен қазақтың аңыз ұлы,

Болуыма негіз бар.


Басылмайды өктемдігі,

Түссіз бетін бояп ап.

Ақын мүлгіп кеткен күні,

Әлем шошып оянад.


16.07.2013.



ТЕПЕ-ТЕҢДІК


Өзеннің беті дірілсіз,

Мойыны қалған жұлынсыз.

Тұтқындап алып тамшыны,

Шомыласыз ба, бүгін сіз?


Өзеннің беті тақтадай,

Тақтаға сәуле жақты Абай.

Ақ қанат байлап өтіңдер,

Ғақылияны таптамай.


Өзеннің беті шыныдай,

Шытынап кетті бүгін Ай.

Қымтанып неге жатпайды,

Жылымай қойды жылымай.


Өзен мен адам кереғар,

Одан су кетер менен ар.

Онда дөңгелек тамшы бар,

Менде оны көрер өре бар.


Жүргем жоқ дауыл, жел бағып,

Әкетпес мені сең қағып.

Өзен дірілдеп кетсе егер,

Дірілсіз қалам мен дағы.


Адамды сірә ғаріп дер,

Жаңғағын оған жарып бер.

Бетіне әжім түсірмей,

Түбінен гауһар алып көр.


Қияметтердің қайымы,

Ұшатын жердің қайығы.

Өзенді оятпай өтер ем,

Жүзе алмайтыным, айыбым.


Аязға өзен көне ме?

Себеле ақ қар себеле.

Құмартып ылғи тұрады ол,

Менің ұлпадай денеме.


Ақ қардан бүгін Көк құрғап,

Шөліркеп кетті көп тұлға.

Әжімсіз өзен мені де,

Жұтып алғысы кеп тұр ма?..


01.09.2013.


ҚҰРДАС

(Саттар Ерубаевқа)


Қалың қалай, Саттар құрдас!

Сыр айтайын ақтарылмас.

Бой бермей-ақ келеді әлі,

Ана-мына жаққа бұл бас.


Жиырма үшімде өлем деудің,

Орынына өлең бергін.

Басқа түгіл өз басына,

Еш қалтқысыз сенем дер кім?


Қанмен жазған әріптермен,

Барады әне жанып, кеудем.

Өтемін бе, дүниені

Түнек сосын жарық деумен?


Сенен бұрын күндес, көрмен

Серт береді тілдеспеуге.

Өлім жайлы айтпай-ақ қой,

Өмір жайлы білместерге.


Күншілдігін күндемегін,

Үндемедім, үндемегін.

Оның күнге айналарын,

Әу бастан-ақ білген едім.


Әперем деп айды көктен,

Қанатыңды жайдың, өктем.

Өмір сені қайғылы еткен,

Өлім сені әйгілі еткен.


Кездескенше, Саттар құрдас!

Сыр айтқанмен, ақтарылмас.

Бой бермей-ақ келеді әлі,

Ана-мына жаққа бұл бас.


11.01.2015


БАЛАЛЫҚ ҒАЛАМШАРЫ


Көзіме бір көрінсең бала-ғашық

Мұқағали


Амансыңдар ма, балалар

Күн жылы шығар сендерде?

Бізде санасар сана бар,

(Соны осы біреу көрген бе?)


Мейірім толы мен білем,

Ғаламшарларында сендердің.

Жалғандай жалғыз белгімен,

Сол жақта бір кез өлгенмін.


Бұл жақта қайтып туылғам,

Сосын елесімді іздегем.

Ғаламшарларыңнан қуылған,

Қандастарыңбыз біз деген.


Қай нүктеде екенін топшылап,

Ұмтылдым талай бұзбаққа.

Сендерде де осы көп шығар,

Құмартатындар біз жаққа.


Тыңдандар, келер ақындар!

Тыңда, болашақ қылмыскер!

Бұл жақта жат қыз, жат ұл бар

Және қаптаған білгіштер.


Алапат осы мен көрген,

Табалар біреу алалар.

Тілдескім келед сендермен,

Қабылдандаршы, балалар.


Мына естігенім ән анық:

«Төрім – шыңырау, көрім – шың».

...Жоғалып кеткен балалық!

Көзіме бір сәт көрінші.


Көрін де мына мені көр,

Сенің болашақ бейнең бұл.

Көзден талай жас төгілер,

Солады сендік сүйген гүл.


Жанымның сыры тоналып,

Зарығып кеттім мүлдем, шын.

Балдан да тәтті балалық,

Сағынбай қалай жүргенсің?


Менен жауыздың несі кем?

Жандыра алмадым өшкенін.

Қарамай кетсең кешірем,

Танымай кетсем кешпегің.


Тым ұзап кеттім мен сенен,

Уақыт – қанішер, қатал-ақ.

Өмірді сағынышпен өлшеген,

Біздегі мынау – махаббат!


Асылық болар әнмін деу,

Ән деген – өмір... Көңіл ме?

Балалық шақта, бал күнде,

Уақыт болмайды, өлім де.


...Жағдайың қалай, әй бала,

Күтіп жүргенің мен шығар?

Мені енді босат, байлама

Құшақтап келіп, жаншып ал.


P.S. Кеудеде қалған нала бар,

Маған бұйырған өкім ең.

Мұнтаздай таза балалар,

Есеймеңдерші, өтінем!


27.11.2016




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар