Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Әдебиет порталы» жылдың үздік деп таныған шығарма...

«Әдебиет порталы» жылдың үздік деп таныған шығармалары

31.12.2025

7602

«Әдебиет порталы» жылдың үздік деп таныған шығармалары - adebiportal.kz

 Бабатанымда «Айдан аман, жылдан есен» деген қария сөз бар. Мұны  еске алып отырғанымыз мінекей, бір жылда түгесіліп босағамыздан жылыстап барады. Өткен жылға өкпе жоқ...

Біз (редакция) осы бір жылдың бедерінде порталымызда жарық көрген ең таңдаулы деген дүниелерді объективті түрде анықтап, оны қайыра оқырман қаперіне салуды жөн деген ұйғарымға келдік. 

Ақын, Қасым Аманжоловтың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды...» деп басталатын әйгілі толғауы бар. Ақынның айтқаны рас. 

Біз порталымызда жарық көрген жақсы дүниелерді өзіміз жарқыратып көрсетпесек, оны басқа біреудің білуі де, шын нарқына жетуі де еш мүмкін  емес. Сонымен әдебиеттің бес саласы бойынша жылдың үздік  деп танылған шығарма авторларын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Жылдың үздік прозасы

«Әдебиет порталы» жыл бойы әдеби шығармаларды жариялап отырды, соның ішінде прозаға да көп орын берілді. Көптеген әңгіменің ішінен үздіктерін таңдау оңай емес (ескерте кетейік, мемлекеттік сыйлық иегерлері немесе әлдеқашан өз бағаларын алған жазушылардың прозасын бұл тізімге қоспадық), дегенмен, ерекшелігі бар, оқып болғаннан кейін де ойыңда қалатын бірнеше дүниені ұсынамыз.

 Үздік деп таныған «Британ мысығы» - бұл  кәдімгі күнделікті кездесетін оқиға емес, бұнда эмиграция, соғыс пен қауіптен қашқан адамдардың тағдыры бар, қоғам мен жеке адам арасынан мағына іздеуді, сезінуді, түсінуді  қажет ететін интеллектуалдық әңгіме. Кейіпкерлердің өмірі күрделі. Украинадағы соғыстан қашып келген Кристина мен қызының аяулы адамдарын жоғалтқан қайғысы, бейбіт күннен үміті, мысыққа естелік ретінде қарауынан бұнда  адам тіршілігінің мәні мен өмірге деген көзқарасы көрінеді. Асылбек Ықсан оқырманға бәрін бірден түсіндіруге тырыспайды, керісінше, өз бетінше  түйсінуіне мүмкіндік береді. Шығармада мысықтың болуы неге маңызды? Өзінің сегіз марғауын емізбей өлтіріп алып, жетім қалған бес марғауды бауырына басқан Британ мысығы  жай мысық емес, тағдырлар мен сезімдердің символы сияқты.  Бұл әңгіме классикалық прозаға ұқсамайды, философиялық эссе мен проза араласқан ерекше стиль дер едік.

Ділдәр Мамырбаеваның фантастикалық әңгімесінің идеясы, роботтың әділетке деген көзқарасы оқырманды бей-жай қалдырмайды, бұл балаларға арналған шығарма болса да, ересектің өзін соңына дейін ұстап отырады. Өте иланымды. Самал Зікірияқызының басты кейіпкердің ішкі күйі, жалғыздығы, өмірдің мәнін іздеуі, өзімен күресі көрінетін «Айна»  атты философиялық, символикалық әңгімесінде айнадағы елес кім?  Бұл әйелдің өзінің әлсіз, бұлыңғыр эмоцияларының бейнесі деп ойласаңыз да, айнаның мистикалық қасиеті айқындала береді. Яғни айна бұл жерде екі әлемді байланыстыратын портал іспетті. Сондай-ақ, Сағындық Рахымжанның жылқы туралы әңгімесі, Асхат Өмірбаевтың, Мақсат Тәжмұраттың әңгімелерінің де оқырманға әсері мол. 

Асылбек Ықсан «Британ мысығы»; 

Ділдәр Мамырбаева «Мұғалім-Робот-Шұғыла»; 

Самал Зікірияқызы «Айна»; 

Асхат Өмірбаев «Теңіз толқынындағы тағдырлар»; 

Сағындық Рахымжан «Василек»;

Мақсат Тәжмұрат «Жаңа жыл кешінде»;

Жылдың үздік әдеби мақалалары

Қазақтың жақында ғана дүниеден озған дарынды ұлдарының бірі, эстет, эссеист қаламгер Мақсат Тәж-Мұраттың қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылар прозасы туралы көлемді мақаласы.

Күлгін проза немесе әдебиетіміздегі әйелдер шығармашылығы туралы толғам (әдеби мақала екі бөлімнен тұрады)

НАРҚЫЗЫЛ (Он орам).

Екі бөлімнен тұратын әдеби бұл мақалада алаштанушы ғалым, Тұрсын Жұртпайдың дүниеден өткен досы, ақын Несіпбек Айұлы туралы айтылады.

Жылдың үздік әдеби аудармалары

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, танымал аудармашы Кенжебай Ахметовтың тәржімасы.

Нагиб Махфуз. ҚАНДЫҚОЛ (Мысыр жазушысы)

Белгілі журналист, Меңдолла Шамұратовтың аудармасы

Дзюнъитиро Танидзаки. Кішкентай мемлекет

Белгілі ақын, Қарлығаш Қабайдың түрік әдебиетіндегі  «гарип» ағымының белді өкілдерінің бірі,  ақын Орхан Вели Каныктың мақаласы жайында.

«Біртүрлілік» ағымы жайлы бірер сөз…

Жылдың үздік балалар әдебиеті

Қазір балалар әдебиетін тұрақты жазып жүрген қаламгерлердің қатары тым көп емес. Дегенмен алдағы жылы осы жанрды тұрақты жариялауға айрықша назар аударып отырмыз. Ал биылғы ең үздік деген үш шығарманы назарларыңызға қайта ұсынайық.   

1. Нұрбек Нұржанұлы. «Тылсым аралы»

2. Құралай Омар. «Қисық шәугім»

3. Қуат Адис. «Бағдаршам»

Жылдың үздік поэзиясы

Биылғы жылы «Әдебиет порталы» негізінен жастар мен көрінбей жүрген ақындардың өлеңдерін жариялауға ұмтылды. Біршама жақсы топтамалар мен жаңа есімдер де шықты. Мәселен, әскери салада жүрсе де әдебиеттен алыстамаған ақын Әбубәкір Смайыловтың «Өзімді өзім тордағы құсқа балап...» топтамасын ерекше атап өту керек. Оқырман ретінде өзіміз де тұшынып оқыдық. 

Сондай-ақ әдебиетте жоғалып бара жатқан жанрдың бірін қайта жаңғыртқандай болған Дәулет Жадырасынның «Эпиграммаларын» да оқырман жылы қабылдады. 

Еркебұлан Тіленіш есімді жас талаптың поэзияға деген ішкі даярлығымен аяқ алысын көріп, кәдімгідей қуанып қалдық. Еркебұлан бар болғаны 10 сыныптың оқушысы екен. «Әдебиет порталы» жас ақынға сәт-сапар тілеп, жырларын жариялады. 

Сонымен қатар Ерлан Жүніс, Айзада Рахымжанова, Хамит Есаман, Қуаныш Жазай, Биболат Сәтжан, Нұртас Тұрғанбекұлы, Мехреддин Өтегенов, Шапағат Әбдірұлы, Арайлы Жақсылық, Еламан Қабділәшім, Сандуғаш Серікқызы, Дәурен Тілеухан, сынды біршама талантты ақындардың топтамаларын оқырманға ұсындық. Осылардың арасында жас ақын Шапағат Әбдірұлының өлеңдері аз уақыттың ішінде сайттағы қаралым жағынан көш бастады.

«Әдебиет порталының» редакциясы осы жарияланған өлеңдер арасынан үздік деп танығаны Сандуғаш Серікқызының топтамасы болды. Сандуғаштың өлеңдері – қазіргі қазақ поэзиясындағы ішкі үннің, кішкентай кеңістіктің және әйелдік тәжірибенің көркем күнделігі іспетті. Оның жырларында айқай жоқ, бірақ үнсіздік өте анық сөйлейді. Ол әділет, сенім, махаббат, уақыт, иман секілді үлкен тақырыптарды кішкентай деталь арқылы да аша алады. Мәселен, кір себет, тоңазытқыш, үтік, шай секілді күнделікті тұрмыстық заттардың өзі семиотикалық жүк арқалап, психологиялық метафораға айналады. Сандуғаш – тұрмыстың ішінен философия тапқан, сезімді артық әшекейсіз жеткізетін ақын. Оның поэзиясы бүгінгі оқырманға жақын болатындығы да сондықтан болса керек.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan